Автомобильмен жолаушылар тасымалдаудың даму тарихы бұдан бірнеше ғасыр бұрын басталған. Ол жануарлар күшімен қозғалысқа келетін дөңгелекті арбаларды жетілдіру жолымен жасалған өздігінен қозғалатын экипаждар құрастыру идеясынан бастау алады.

ХVII ғасырда жануарлардың жәрдемінсіз қозғалатын арбалар ойлап табылып, олардың тәжірибелік нұсқалары құрастырылды. Келешектегі автомобиль конструкциясын жасауға орыс механиктері де зор үлес қосты. 1741 жылы Леонтий Шамшуренков «өздігінен жүретін арба» жасауды ұсынды. 1752 жылдың қараша айының бірінші жұлдызында Петерборда өткізілген сынақ төрт дөңгелекті «өздігінен жүретін арбаның» қолданысқа жарамды екенін көрсетті. Бұл «өздігінен жүретін арба» қазіргі суда жүзетін велосипед сияқты, басқыштар арқылы екі адамның аяқ күшімен қозғалысқа келтірілді. Арба екі жолаушыны сағатына 15 шақырымға дейінгі жылдамдықпен тасымалдауға арналған болатын.

Кулибин құрастырған «өздігінен дөңгелейтін арба» шамамен 1880 жылдарда дүниеге келді. Бұл – үш дөңгелекті шасси болып, оның алдыңғы жағында жолаушыға арналған бір орын, ал артқы жағында басқыштар арқылы арбаны қозғалысқа келтіруші адам үшін бір орын болды. Арбаның жылдамдығы сағатына 20 шақырымға дейін жетті. Кулибиннің арбасында болашақ автомобильдің көптеген тораптарының прототиптері бар еді. Дегенмен механикалық қозғалтқыштың болмауы «өздігінен жүретін арба» мен «өздігінен дөңгелейтін арбалардың» дамуын тежеді.

Бумен жүретін қозғалтқыш ойлап табылғаннан кейін бумен жүретін кареталар мен омнибустар құрастырыла бастады. Бірінші бумен жүретін үш дөңгелекті автомобильді 1769 жылы француз инженері Николя Жозеф Кюньо құрастырды. Автомобиль дегеніміз (гректің «аутос» – өзім және латынның mobiles – «қозғалушы» деген сөздерінен келіп шыққан) – механикалық қозғалтқышпен жарақталған адамдар мен жүктерді тасымалдауға арналған рельссіз дөңгелекті машина. Ол көлемі өте үлкен, қозғалысқа икемсіз болып, 3-4 км/сағ жылдамдықпен ғана қозғалды. Паромобиль қазанындағы судың барлығы буланып біткенше ғана жүретін, ол 15 минуттан аспайтын еді. Техникалық тұрғыдан жетілмегендігінен, пайдалы әсер коэффициентінің төмендігінен, асфальт жолдардың болмауынан және жолаушылар үшін онша ыңғайлы болмағандығынан бу автомобильдері кең қолданыс таппады.

ХIХ ғасырдың аяғында электр энергиясымен қозғалысқа келетін автомобильдер жасауға талпыныстар болды. Энергия көзі ретінде аккумуляторлық батареялардан пайдаланылды, бірақ олардың массасы үлкен әрі сыйымдылығы аз болғандықтан, қолданысқа жарамды көлік құралы шықпады.

Сұйық немесе газ тәрізді отынмен жүретін қозғалтқыш құрастыруға көптеген ұмтылыстар жасалды. 1876 жылы неміс өнертапқышы, механик Николаус Отто неміс инженері Э.Лангенмен біргелікте француз инженері А. Боде Роша идеясын пайдаланып, төрт тактілі қозғалтқыш құрастырды. 1885- 1886 жылдары Германияда Готлиб Даймлер үш дөңгелекті автомобильге бензинмен жүретін қозғалтқыш орнатты. Бұл – қазіргі автомобильдердің прототипі болған ең алғашқы автомобиль еді. Сонымен, тұңғыш автомобиль 1885 жылы жасап шығарылған. Оны ойлап табу бақыты бірден Готлиб Даймлер және Карл Бенц деген екі неміс инженеріне тиісті болды. Екі өнертапқыш та бір-бірінен хабарсыз «өздігінен жүретін арба» ойлап тауып, жасап шығарды және екеуі де оған патент алды.

Пневматикалық шиналардың пайда болуы (1880 ж.) автомобильдердің кеңінен таралуына басты себептердің бірі болды. Қазір автомобильдің бесігі ретінде бірер мемлекетті атап көрсету қиын. Оның пайда болуы, одан әрі дамуы және таралуы интернациональдық сипатқа ие. Неміс Готлиб Даймлер мен Карл Бенц, француз Луи Пакар мен Эмиль Левассор, орыс Евгений Яковлев пен Петр Фрезе, ағылшын Фредерик Лачестер мен Джон Найт, америкалық Френк Дюке мен Генри Форд, италиялық Энрике Бернарди мен Аристид Фоччьолли құрастырған автомобильдің ең алғашқы нұсқалары әлемнің барлық елдерінде кейінгі шыққан көптеген автомобильдердің прототиптері болып қалды. Бірінші дүние жүзілік соғыс жылдары автомобильдің жолаушыларды тасымалдауда қолданыс өрісі кеңейген кезең болды (жарақаттанғандарды тасымалдау, штаб қызметі және т. б.). Іштен жанатын қозғалтқышы бар бастапқы автобустар жүк автомобильдерінің агрегаттары мен шассиінен құрастырылды. 1920 жылдан бастап жолаушылар тасымалына қойылатын талаптарды ескеретін автобустар пайда бола бастады.

Қалалық жолаушы тасымалдау көлігінің даму кезеңдері

Қалалық жолаушы тасымалдау көлігінің дамуын төмендегі бес кезеңге бөлуге болады: – ат күшімен тарту кезеңі; – бу машинасымен тарту кезеңі; – электр қуатымен тарту кезеңі; – автомобильдендіру кезеңі; – жолаушы тасымалын басқаруда ақпараттық жүйелер қолданылатын қазіргі кезең.

1. Ат күшімен тарту кезеңі ХVII ғасырдың соңғы ширегінде басталып, ХIХ ғасырдың ортасына дейін жалғасты (Нью-Йорк, Петербор, Мәскеу). 2. Бу машинасымен тарту кезеңі 1863 жылы Лондонда құрылған жердің астындағы тоннелмен жүретін темір жол көлігінің пайда болуымен басталды. Бу машинасының тарту күшімен жүретін бұл көлік түрі Metropolitan Rail-Way (астаналық темір жол) деп аталды. Метро көше жолдарының жүктелуін азайту үшін жасалды. 3. Электр қуатымен тарту кезеңі электр қозғалтқышын және электр қуатын алыс қашықтыққа жеткізу әдісін ойлап тапқаннан кейін басталды. Ресейдегі алғашқы трамвай 1892 жылы Киевте, одан кейін 1894 жылы Қазанда, 1896 жылы Төменгі Новгородта, 1899 жылы Мәскеуде іске қосылды. 1882 жылы Германияда Берлин-Шпандау линиясында алғашқы троллейбус іске қосылып, сынап көрілді. Мәскеуде бірінші троллейбус 1933 жылы пайда болды. 4. Автомобильдендіру кезеңі, яғни іштен жанатын қозғалтқышпен жүретін автомобиль көлігінің пайда болу кезеңі, 1920 жылдардан басталды. Бірақ оның даму қарқыны АҚШ-тан басқа елдерде өте төмен болды. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін 1950 жылдарда автомобильдендіру көптеген елдерде қарқынды дами бастады. 5. Қазіргі кезеңдегі қалалық жолаушы тасымалдауды басқаруда ақпараттық жүйелерді қолдану қажеттігі туып отыр. Өйткені қалалар жоғары қарқынмен өсуде, көшеде жылжымалы құрамның саны күрт артуда, жаңа маршруттар жасақтау және т. б. мәселер туындауда. Осының нәтижесінде шұғыл шешім қабылдау үшін есепке алынатын және талданатын ақпараттардың көлемі айтарлықтай артуда. Бұл ақпараттар көлемін арнайы бағдарламалар мен компьютер жәрдемінде ғана өңдеуге болады. Компьютерлік технологиясыз қалалық жолаушы тасымалдаудың одан әрі дамуы мүмкін емес.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Имандосов А.Т., Семернин А.Н. Көлік құралдарымен жолаушы тасымалдау негіздері. Оқу құралы. – Алматы: «Отан», 2016. – 171 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *