Ценуроз (айналма, тентек, миқұрт) — қой шаруашылығында елеулі зиян келтіретін, өте кең тараған ауру. Айналманы тудыратын құрттың жетілген сатысы иттің, кейде қасқырдың, қорқау қасқырдың жəне түлкінің ащы ішегін, ал көпіршік ларвоциста кезі қойдың, сирегірек ешкінің, бұзаудың, кейбір тақ тұяқтылардың орталық жүйке жүйесі ұлпаларын (миында жəне жұлынында) мекендейді. Ценуроз шаруашылыққа айтарлықтай экономикалық шығын келтіреді, ол қойдың жалпылай өлімінен, ауру малдарды лажсыз союдан құралады, ауру қойлардың ұшалары өте арық болады, олар техникалық утильдеуге жіберіледі.

Қоздырушысы. Көпіршігі (Coenurus cerebralis) – іші түссіз сұйыққа толы, диаметрі 10 см-ге дейін, домалақ немесе сопақ, мөлшері өсу сатысына, орналасқан жеріне жəне жануардың түріне байланысты болады. Ішкі жағынан бүртік секілді нүктедей жүзден артық сколекстері байқалады. Мида 2-3 ценур кездеседі, олардың үлкендігі кейде тауық жұмыртқасындай болады. Имаго – Multiceps multiceps – ұзындығы 1 м-ге дейін барады, денесі 200-250 бунақтардан құралған, оның орташа ені 5 мм. Аралық иелері – қой, ешкі, ірі қара, сирегірек шошқа, жылқы жəне т.б.

Қоздырушының биологиясы. Дефинитивті иесінің ішегін мекендейтін жүздеген мультицепстің əрбір пісіп-жетілген буылтығында мыңдаған жұмыртқалар болады. Күн сайын ондаған бунақтар құрт денесінен үзіліп нəжіспен сыртқы ортаға шығып отырады. Бунақтар жауын-шашын, жел-су ықпалымен ыдырайды да, ал олардан ажыраған жұмыртқалар өсімдікке, суға түсіп, мал өрісіне тарайды. Малға айналма дерті гельминт жұмыртқасымен былғанған шөп, су арқылы жұғады. Құрт жұмыртқасы мал асқазанына түсісімен сыртқы қабықтарынан айырылады, одан босап шыққан онкосфера ішекті тесіп өтіп, қан тамырларына енеді, қан арқылы миға немесе жұлынға орналасып, 3 ай ішінде ценурға, яғни тентек көпіршігіне айналады. Ит, қасқыр, түлкі өлген немесе сойылған ценурозбен ауырған қойдың басын жеу кеміру арқылы зақымданады. Иттің ішегіне түскен балаңқұрт орта есеппен 40-50 күнде жыныстық сатысына жетіліп, иттің организмінде мультицепстер 6-8 ай тіршілік етеді.

Індеттік деректер. Ценуроз Қазақстанның қой өсіретін барлық шаруашылықтарында кездеседі. Айналмамен көбінесе бір жасқа дейінгі қозылар аурады. Ал екі жастан асқан қой бұл дертке сирек шалдығады. Малдың ценуроздан өлімі жылдың барлық айларында тіркеледі. Цестодалардың жұмыртқасы сыртқы ортаның əсерлеріне өте төзімді.

Патогенезі. Ценуроз қоздырушысының мал денесіне тигізер ықпалы балаңқұрт ащы ішек қабаттарын тесіп өткенінен-ақ байқалады. Ценур орналасқан жер зақымданып қабынады. Біртіндеп өсіп жетілген көпіршік түзіліп, ол орталық жүйке жүйесінің қызметін бұза бастайды. Бұл гельминтоз өте зардапты дерт.

Иммунитет. Ценурозда малдың жасына қарай иммунитет қалыптасып, жекеленген иммунитет байқалады, жергілікті мал бұл ауруға төзімді болып келеді.

Аурудың белгілері. Ценуроз қоздырушысы балаң құрттардың орналасқан санына жəне оның ми бөлшегінен орын тепкеніне байланысты. Сондықтанда кейбір клиникалық көріністеріне қарап-ақ мидың, немесе жұлынның қайсысының тұстарына орналасқанын ажыратуға мүмкіншілік туады. Ауру сырт белгілеріне қарай 4 сатыға бөлінеді.

Бірінші сатысы алты қармақты ұрықтың малдың ішегінен миына ауысу кезеңі. Қой үркеді, шошынады, оқыс қимылдар танытады. Көзінің шыршық қабықшалары қызарады. Кейбір кезде аурудың бірінші белгілері байқалғаннан кейін 4-5 күнде қой өліп қалады. Екінші сатысы жануар зақымданғаннан кейін 17-29 күн өткен соң басталады. Мал аз жусап, күйісті шала қайтарады, денесі дірілдейді, тісін қайрайды, елеңдеп, жоқтан өзгеден үркіп, дүрлігіп, кейде жатқан орнынан атып тұрып, құлақтарын қайшылап, шошынған қалып танытады. Бұл кезең 2-7 күнге созылады. Үшінші сатысы немесе екінші жасырын кезеңіндегі малдың күйі кəдімгідей жақсарады, аталған клиникалық белгілер өзінен-өзі жойылып, білінбей кетеді. Миқұрттың бұл сатысы 2-8 айға созылады. Төртінші сатысында ценуроздың ерекше айқын белгілері анықтала түседі. Ауру асқынған кезде қойдың жүріп келе жатып мелшие қалу, бағытсыз жүріп кетуі, отардан бөліне қашу, кілт тоқтап артқа шегіну, оқтын-оқтын тұра қалып басын бір жағына қисайту, көбіне бағытын жоғалтып, бір орнында айнала беру сияқты белгілері байқалады. Міне осындай белгілеріне қарай халық бұл дертті айналма, тентек деп атайды. Егер ценур жұлында өссе, малдың жүрісі өзгеріп тəлтіректейді, ақырында артқы екі аяғын баса алмай, шойырылып жатып қалады, өте арықтап, күйі қатты қашады. Негізінде ценурозға шалдыққан малдың барлығы өлімге ұшырайды немесе амалсыз сойылады.

Диагноз. Малдың тірі кезінде ценурозды клиникалық белгілеріне қарап, офтальмоскопия жəне аллергиялық тəсілдер арқылы анықтауға болады. Қойдың бас сүйегін тексереді, себебі ол көпіршіктің қысымымен жұқарады. Ми қорабын осы тұстан саусақпен сипап, басып немесе арнайы перкуссиялық балғамен сүйектің үстінен тықылдату керек; балғаның дыбысы күңгірт естіледі, жануар қатты ауырсынады. Ірі қара жəне қой ценурозына тері ішіне аллергиялық сынама (ҚазҒЗВИ) жəне ценурозға қарсы вакцина (М.С. Сабаншиев, ҚазҰАУ) шығарылған.

Емі. Айналманы хирургиялық тəсілмен, яғни малдың басына операция жасау арқылы ғана емдейді. Бұл əдіс аурудың сырт белгілерінің төртінші сатысы кезінде, яғни құрттың мейлінше үлкейген шағында қолданылады. Сақтандыру шаралары басқа ларвальды тениоздардағы сияқты болады. Тениоздармен күресу шаралары. Тениоздармен күресу принципі қоздырушылардың биологиялық тізбегін үзуде болып табылады жəне олар мына жағдайларға бағытталған: 1. Ларвальды цестадоздармен ауыл шаруашылығы малының зақымдануын болдырмауға бағытталған шаралар: — иесіз, қаңғыбас иттермен күресу, оларды ұстау барлық тұрғылықты мекендерде жүргізілуі тиіс; — иттерді ұстау тəртібі: əрбір ауданда, жергілікті жағдайды ескере отырып, шаруашылықтың жəне жеке тұлғалардың иттерді ұстау тəртібін реттейтін нақты жоспар жасалынады; шаруашылыққа пайдалы барлық иттер есепке алынады, оларға төлқұжат жəне арнайы нөмірленген белгі беріледі, сонымен қатар арнаулы карточка жасалынады, оған жүргізілген дегельминтизация туралы деректер жазылады; — қой жəне сиыр өсіретін шаруашылықтарда 1-2 итті қалдырады немесе шаруашылық жағдайы жақсы болса ит ұстаудың қажеттілігі де жоқ, олардан арылғаны жөн. Шаруашылық басшылары иттерді тағамдармен жəне иттер жануарлардың астауларынан азықтанбас үшін, оларды жеке ыдыстармен қамтамасыз етеді; — шаруашылыққа жаңа иттер, оларға дегельминтизация жүргізілгеннен кейін жəне ветеринариялық рұқсат берілгеннен кейін əкелінеді, ветеринариялық қызметтің рұқсатынсыз иттерді бір отардан екінші отарға ауыстыруға болмайды; — жеке азаматтардың қарауындағы иттерді, шаруашылық фермаларының аумағына, мал сойылатын орындарға, базарларға, жем сақталатын орындарға жəне жануарларға азықтар дайындалатын орындарға жіберуге қатаң түрде тиым салынады; — эхинококоздан таза емес аудандардың, облыстардың, аймақтардың шаруашылықтарындағы пайдалы, соның ішінде азықтарды қорғайтын жəне тұрғындарға қарасты иттерді (аң аулайтындарды да), əрбір 3 ай сайын диагностикалық дегельминтизациялап отыру тиіс; нəжістерінде эхинококкоздың құрттары табылған жағдайда, оларды жекелейді жəне дегельминтизация жүргізеді.

2. Иттерді дегельминтизациялау жоспарлы түрде жүргізіледі жəне шаруашылықтағы барлық иттер қамтылуы тиіс, өйткені дегельминтизацияланбай қалып қашқан бір иттің өзі, инвазияның таралуына себепкер болады. Қазіргі кезде иттерді дегельминтизациялауға, тиімділігі əр түрлі көптеген антигельминтиктер ұсынылған. Ареколин – ареко зəйтүн ағашының (пальманың) дəнінен алынатын алколоид. Ареколинннің бромды сутегісі қолданылады. Ол иіссіз, өте майда, шиыршықты ұнтақ, суда жақсы ериді, емдік əсері күшті. Бұл дəріні итке 12-14 сағат ашықтырып, əр кг салмағына 0,004-0,005 г есебінде береді. Препаратты шəй қасықпен тура көмекейіне күшпен салады немесе нан болюсімен болмаса етке қосып жегізеді. Феликсан – бұл дəріні иттің салмағына қарай: 15 кг-ға 0,4 г/кг, ал 15 кг-нан асса 0,2-0,3 г/кг береді. Дəріні берер алдында оны өте жұқа қағазға орап нанға немесе қамырға қосып болюс жасайды. Дəріленген итті 5-6 сағаттан кейін тамақтандырады. Осы аралықта оның ішінен таспа құрттар түсіп қалады. Сульфенді əр итке аштық мерзімін сақтамай 100 мг/кг есебінде азықққа араластырып береді, емделген иттерден құрт 12-24 сағатта бөлініп шығады. Аминоакрихинді 0,2 г/кг мөлшерінде екі дүркін береді. Оған қосымша іш жүргізгіш дəрі тағайындалады, емдеу аралығы 10 күн. Иттерді дəрілер алдында азықтандырмау керек. Цестодалар 3-5 сағаттан соң бөліне бастайды. Фенесалды (девермин, верлитил, цестоцид т.т.) ит салмағының əр кг-на 0,3 кг (300 мг) есебінен таңертеңгілікте аз ғана азыққа қосып береді (салмағы 10 кг-нан аспайтын итке 5 г, салмағы 15-30 кг итке 10 г, ал салмағы 30 кг-нан асатынына 15 г). Празиквантел (дронцид) — жаңа антигельминтик, таблетка түрінде өндіріледі. Дəріні əр итке 0,005 г/кг (5 мг) мөлшерінде азыққа қосып немесе таблетканы күштеп жұтқызады.

Дəріленген иттер үш мəрте нəжіс шығарғанша байлаулы тұрады, ал бақылау жүргізуге шамасы келмесе, оларды 12-14 сағат бойы босатпайды. Иттерден шыққан құрттарды нəжісімен қоса бір орынға жинап өртеп, көміп тастайды.

3. Ценурозды болдырмау үшін, мал отарын тексеруден өткізіп, миқұрттың клиникалық белгілері байқалған малдар сойылады. Сойылған немесе өлген малдың басын итке жегізбеу керек. Етке арнап сойылатын мал қасапханада ветеринардың бақылауымен арнаулы жабдықталған жерде бауыздалады да мұқият тексеруден өтеді. Эхинококк беріштерімен зақымданған өкпе-бауыр, жылауығы бар шарбы-шажырқай, миқұрты бар бас, көпіршіктерге толы басқа мүшелер итке мүлдем берілмейді, оларды өртеп жібереді. Өлекселерді, залалданған ағзаларды бір жерге жинап, арнайы пеште өртеп жібереді немесе Бекккери шұңқырына тастайды. Кейде өлген малды ет-сүйек үгіндісін жасайтын зауыттарға апарып тапсырады. Аңшылар, құсбегілер, асыранды аңдарды күтушілер, тері өндірушілер сақтық шараларын қатаң түрде орындап отыруы керек.

Авторлық сілтеме:
Ахметсадықов Н.Н, Омарбекова У.Ж., Хусаинов Д.М. Ветеринария негіздері (оқу құралы): — Алматы, «Агроуниверситет» баспасы, 2010. –338 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *