«Классикалық неміс философиясы» деген атауды алғаш қолданған неміс философы К. Маркстің серігі — Ф. Энгельс болды. Оның «Людвиг Фейербах және классикалық неміс философиясының ақыры» (1888 ж.) деген белгілі еңбегі бар.

«Классикалық» деген анықтаманың мәні оқушыларға таныс болуы керек: үлгілі, жан-жақты жетілген, биік деңгейге көтерілген, философияның барлық салаларын тұтас дамытқан философия деген мағынада. Бұл — бүкіл әлем философиясына оңды ықпал еткен өнегелі мектеп.

Әңгіме немістің жекелеген философтары (Кант, Гегель сияқты) жөнінде ғана болып отырған жоқ. Мұндай классиктер философия тарихында оларға дейін де, олардан кейін де болған. Әңгіме ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы тұтас неміс философиясы жөнінде болып отыр. Тап осы философияны нағыз философиялық классика деп тануға болады.

Классикалық неміс философиясы ойлау, таным, рух, табиғат, тарих проблемаларын терең зерттеді; жалпы даму заңдарын ашып, диалектиканы даму жөніндегі жан-жақты және дәйекті ілімге айналдырды; философиялық методтар мен категориялар жүйесін, таным, ойлау, рух жөніндегі ілімдерді құрды. Сөйтіп, Кант, Гегель және басқалары философияны ғылым, логика, методология, гносеология, диалектика ретінде дамытты. Ғылым дәрежесіне жеткен философияның мүмкіндіктерін ашып берді.

Немістер философиялық білімді қалай болса солай жинақталған бытыраңқы білім емес, тиянақты жүйе ретінде қарастырды және негіздеді. Философиялық жүйе неміс философтарының әрқайсысында да бар. Кез келген философтарда философиялық жүйе болмағаны белгілі. Орыс философы М. Бахтиннің мына пікірін жиі келтіріп жүрміз: «Нағыз философтар, — деп еді ол, — әрине, Германияда. Ресейде, мысалы, ойшылдар ғана болған» деген. Тауып айтылған пікір. Канттай, Гегельдей философтар басқа дәуірлерде, басқа халықтарда болған жоқ.

Классикалық неміс философиясы жалпы алғанда — идеалистік философия және мұнда идеализмнің екі түрі де дамып жетілген. Субъективтік идеализм ретінде Кант пен Фихтенің, ал объективтік идеализм ретінде Шеллинг пен Гегель ілімдерін қарастыруға болады. Сонымен, классикалық неміс философиясы — классикалық идеалистік философия.

Алайда классикалық неміс философиясы идеализм шеңберінде қалып қоймай, Фейербах ілімінде материализмге жол ашты. Кейінірек Фейербахтың ықпалымен Маркс пен Энгельстің дәйекті материалистік ілімі қалыптасты.

Классикалық неміс философиясының елеулі жетістігі диалектиканы теория, метод және философиялық көзқарас ретінде жан-жақты дамытқаны. Бұрын айтқанымыздай, диалектикасыз философия шынайы, өткір, сыншыл, пәрменді ғылым бола алмайды. Немістер диалектиканы теориялық тұрғыда негіздеп қоймай, таным процесінде шебер қолдана білді, жүзеге асырды. Диалектиканы дамыта отырып, Кант, Фихте, Гегель метафизикалық ойлау тәсілінің тайыздығын, сыңаржақтылығын көрсетіп, бұл көзқарасқа қатты соққы берді.

Неміс философтары философия мен ғылым үшін маңызы өте зор таным мен ойлаудың белсенділігі идеясын ұсынып, іс жүзінде оны негіздеп берді. Неміс философтары (Кант, Фихте, Гегель) тарихты тұтас процесс деп танып, тарихтың идеалистік философиялық түсінігін жасады. Классикалық неміс философиясы ХХ ғасырда бүкіләлемдік мәдениетке, ғылымға және философияға, миллиардтаған адамның санасына зор ықпал еткен маркстік философияның теориялық негізі болды.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, — Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *