Қазақ халқы бала тəрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Баланың ана құрсағында пайда болуына, оның өмірге келуіне, оның алғашқы қадамына, алғаш атқа отыруына, алғаш жолға шығуына арналған жеке-жеке əдет-ғұрпымыз, жол-жоралғымыз бар. Халқымыз сонымен қатар бала тəрбиесіндегі ананың ролін өте жоғары бағалаған. Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге əкеледі. Ана адамды адам етіп тəрбиелейді. Ол адамда өзінің ана тілінде сөйлетеді. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тəрбиелеу ананың жəне барша қауымның міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Яғни қыз бала тəрбиесіне тек қана анасы ғана жауапты емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отыр. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу – халқымыздың игі дəстүрлерінің бірі.

Ал, қазіргі заманда бала тəрбиесіне тек қана ана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, кітаптар мен кинолар, барлар мен дискотекалар жан-жақтан əсер етіп, оны тəрбиелеуде. Бұл тəрбиенің жағымды жақтары да, жағымсыз жақтары да толып жатыр. Ата-аналары күнұзақ жұмыста, бала тəрбиесіне бөлінетін уақыт күннен-күнге азайып барады. Сондықтан қыздарымыз өзімен-өзі қалып бара жатқан жайы бар. Қыз баланың табиғатында өзіне түсініксіз көптеген сұрақтар бар. Ол сұрақтарды кімнен сұрарын білмейді де, көптеген қателіктерге ұрынады. Оның үстіне қазіргі ғасыр дерті болып саналатын зиянды əдеттер – темекі шегу, арақ-шарап ішу, есірткі заттарды пайдалану, жезөкшелік, осылардың нəтижесі болып табылатын ЖИТС (СПИД) ауруы көбейіп келеді. Сондай жаман əдеттердің шырмауына түскен қаршадай қаракөздеріміздің санының күннен-күнге көбейе түсуі – ата-аналарды, ұстаздарды, тəрбиешілерді қатты ойландыруда.

Мектеп жасындағы қыз балалар тəрбиесін негізінен үш кезеңге бөлуге болады. Бастауыш сыныптар кезеңіндегі тəрбиенің мақсаты тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйрете отырып, баланың көп білуге құштарлығын арттыру, кітап оқу мəдениетін дамыту. Бесінші-сегізінші сыныптар аралығында алғашқы кезеңдегі тəрбие түрлері ары қарай дамытыла түседі. Бұл тұста жас ерекшелігіне қарай, қыз бала анасынан ешнəрсе бүкпейді. Болған нəрсенің бəрін анасына айтып келеді. Сол шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып, қыз баланың келешегіне ең керекті нəзіктік, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру – басты борыш.Сонда бүл сипаттар келешекте жарасымды жар, аяулы ана, қоғамымыздың белсенді мүшесі болатын қыз баланың бойынан əр қашан нұр болып төгіледі.

Үшінші кезең тоғызыншы-он бірінші сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтағы тəрбие алдыңғы кезеңдермен тығыз байланысты. Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан əрбір қыз балаға ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, асыл жан, нəзік ару шығары сөзсіз.

Қорыта айтқанда, қазіргі таңда қыз бала тəрбиесі қоғамымыздың рухани өміріндегі өзекті мəселеге айналып отыр. Бұл мəселенің бірнеше маңызды саласы бар. Біріншіден, отбасындағы қыз бала тəрбиесі. Əрине, бұл ата-ананың өз баласын тəрбиелей алу қабілетіне, олардың рухани жəне білім деңгейіне байланысты. Екіншіден, орта мектептегі жəне басқа да орта орнындағы қыз бала тəрбиесінің дұрыс жолға қойылуы. Бұл мəселенің дұрыс шешілуі тиісті оқу орындарындағы тəрбие жұмысының дұрыс жоспарлануы жəне тиімді түрде іске асырылуына байланысты. Үшіншіден, қыз бала тəрбиесіне қатысты мəселелерге байланысты қоғам тарапынан қойылатын талаптардың бұқаралық ақпарат құралдары: теледидар, радио жəне кино арқылы, газет пен журнал беттерінде оң нəтижеге бағытталған жəне жүйелі түрде көрініс табуы. Қарастырылып отырған мəселенің үш қырының да бір арнаға бағытталуы арқасында ғана біз бұл салада оң нəтижеге қол жеткізе аламыз.