Қазіргі заман мəдениетін біз көбінде медиамəдениетпен байланыстыратынымыз заңды. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдары қазіргі заман адамын да, оның мəдениетін де құрастырады. Концепциялар туралы айтпас бұрын жалпы бұқаралық мəдениет ұғымының ғылыми айналымда болсын, БАҚ-та болсын орнығып үлгергеніне қарамастан, кейбір таласты тұстары бар екендігі жайлы мамандардың барлықтары бірдей көзқараста еместігін де айта кетуіміз керек. Мысалы, еліміздегі танымал мəдениеттанушылардың бірі, профессор С. Темірбеков бұқаралық мəдениет пен сауықтық мəдениет деген ұғымдар арқылы аражікті ашып көрсету керектігі туралы ойларын өз басым қолдаймын.

Расында, біздің тілімізде бұқара ұғымын жағымсыз коннотациямен, жоғарыдан төмен қараған пысқырмаушылық эмоциясымен байланыстыра қарауға болмайды. Бұқара – көпшілік, халық. Қалайша аузымыз барып көпшілікке күл шашпақпыз?! Халықтық мəдениет, бұқара мəдениеті қашанда болған əрі бола береді де емес пе?!

Осы халықтық мəдениет пен тобырлық немесе мазмұны жағынан алғандағы сауықтық мəдениеттің айырмашылығына көз тастар болсақ, онда, біріншіден, халықтық мəдениетті халықтың өзі əрі өзіне арнап жасайтындығын байқаймыз. Демек, жасаушы да пайдаланушы да, əрекеттің субъекті де, объекті де біреу – халықтың өзі. Ал тобырлық сауықтық мəдениет үлгілерін біреулер көпшілік халықтың тек қана бір бөлігі үшін – қарабайыр тобыр үшін арнайы даярлайды, сөйтіп, тобырды өзінің тəжірибе объектісіне айналдырады.

Бұқаралық мəдениет деп атап жүргеніміздің орнын əлеуметі тұрғысынан тобырлық, ал мазмұны тұрғысынан сауықтық мəдениет алады деп түсінгенмен, ғылыми қолданыстағы терминді пайдаланбасқа тағы да болмайды. Тобыр мəдениеті, біле-білгенге, американдық саясаттың ақпараттық, экономикалық бөлігі емес пе?! Олай демей не дерсің, егер Бзежинскийдің айтуы бойынша, американдық теледидар бағдарламалары мен киноөнімдері əлемдік нарықтың төрттен үш бөлігін алып тұрған болса? Осыдан тобырлық сауық мəдениетін бет-бейнесіз дегеніміз жөнсіз бе деп күманданасың. Тобыр мəдениетінің бетін «тырнап» қалсаң астынан ақсиған ақ тістерге толы жиылмас езу иелерін көргендей боласың.

Сонымен, халықтық өнер – халықтың өзін-өзі танытуының табиғи жолы, ал тобырлық немесе сауықтық мəдениет деп қазіргі БАҚ-тың кеңейе күрделенуіне сай туындаған тұлғасыз, бет-бейнесіз қарабайыр көпшілікті, БАҚ арқылы сананы жаулап алуды, сөйтіп онымен манипуляциялауды, яғни өз дегеніне көндіруді көздеген мəдени құбылысты атауға болады. Сондықтан жөні – бұқаралық мəдениет деп атап жүргеніміздің орнын əлеуметі тұрғысынан тобырлық, ал мазмұны тұрғысынан сауықтық мəдениет алады деп айту болғанымен де, ғылыми қолданыстағы терминді пайдаланбасқа тағы да болмайды.

Халықтық өнер халықтың өзін-өзі танытуының табиғи жолы болғандықтан, ол өзін өндіру барысында индустриалды техникаға тəуелсіздік танытпайды. Ал тобыр үшін даярланған «өнер» үлгілері сол қоғамды басқарушы элитаның билеуші стратегиясына, түп мақсатына сай неғұрлым көпшілікті қамтуы тиіс болғандықтан ертелі-кеш «ызыңдайтын» БАҚ-ты, жарнаманы, «промоушн», «пиар»-ды (PR) жəне тағы да сол секілді адам санасын жаулау жолдарының көрнекі түрлерін қажет етеді.

Екіншіден, халық өнерінің мазмұны мен формасы сол халықтың əдет-ғұрпы, салт-дəстүрі, діні мен ділінің ерекшеліктерін танытады. Ал тобыр мəдениеті – ұлтсыз, өзіндік түр-тұрпатсыз, бет-бейнесіз космополиттік рухтағы бұдан əрі дүбара бірдеңе. Олай болмай қайтсін, себебі тобыр мəдениеті жалпы адамзаттық бет-бейне алмақ кейіппен – Парижде де, Нью-Иоркта да, Токиода да, Пекинде де, Мəскеуде де, Алматыда да, Мехикода да… түсінікті болмақ тілекпен – тым жасанды бейнелер туындатуға мəжбүр болады емес пе?! Мысалы, жер шарының қай түкпірінде болмасын Кока-кола ішіп, Макдональдстың бутербродын жеп, «Сникерс» шоколадынан «қуаттанып», Голливуд түсірген «қиял-ғажайып» фильмдеріндегі арманөмірмен алданып, поп-корнды қытырлатып қойып, түкпен шаруасы болмай, ішкен-жегеніне разы жанды адам ішіндегі ең жасандысы деп айтпасқа тағы болмайды. Постиндустриалды қоғамның білікті маманы Д.Беллдың айтуы бойынша: «Адамзат тарихында тұңғыш рет кезінде гректер ойкумена деп атаған біртұтас қауымдастық құрылды, немесе, М. Маклюэннің «жаһандық ауыл» деп аталатын əлемі дүниеге келді» (Д. Белл. Грядущее постиндустриальное общество: Предисловие к русскому изданию. 1999 г. М., 1999. 21 б.).

Массмедианың қазіргі адамның өмірлік əлемін қалыптастыруға əсер етуі тұрғысынан алғанда зерттеушілер арасында болсын, баспасөздің өзінде болсын қызылкеңірдек дау-дамайлы пікірталастар жетіп артылады. Үйреншікті баспасөзбен қатар телефон, радио, кино, теледидар «медиаға» қатысты дүниелер болып табылады.

Медиа, немесе басқашалап айтқанда, бұқаралық қарымқатынас құралдары дегеніміз түрлі хабар-ошарды көпшілікке арнайы техникалық құралдар арқылы ашық əрі жария түрде жеткізу үшін құрылған мекемелер. Бұқаралық қатынас құралдары бұқаралық ақпарат құралдары ұғымынан мағынасы тұрғысынан кең ұғым. Себебі бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) көбінде теледидар мен мерзімді баспасөз ретінде қарастырылады. Ал көпшілік санада БАҚ-ты журналистикамен теңдестіретін түсініктің те барлығын айта кетуге тиістіміз.

Бұқаралық ақпарат құралдары қазіргі өркениетті елдердің бəрінде де үлкен саяси күш болып саналады. Бүгінгі таңда журналистикаға «төртінші билік» ретінде қарап, оның алдына нақты бір ел ішінде болсын, жалпы алғанда, халықаралық қатынастар арасында болсын үлкен жаңа міндеттер қойылады. «Төртінші билік» терминін XVII ғасырда ағылшын философы Э. Бэрн енгізген болатын. Ол бұл туралы ағылшын парламентінде сөйлеген сөзінде былай деп айтқан еді: «…Міне осында рухани, аристократиялық жəне қоғамдық билік өкілдері отыр, ал журналистер бұл – «төртінші билік». Олар қоғамның мүддесіне қызмет ету үшін жаралған».

Əлемдік медиакеңістіктегі жағдай алдын ала болжауға келмейтіндігімен, технологиялық инновацияларды енгізудің шапшаңдығымен, алыстан басқару мүмкіншілігінің болуымен, мультимедиялығымен, интерактивтілігімен ерекшеленеді. ХХІ ғасырда электронды медианың басым болып бара жатқандығын да атап өтпеуге болмайды. Осы теледидарлық дəуірдің негізгі белгілеріне көрерменге шексіз таңдау мүмкіншілігін беретін спутниктік жəне кабелді телевидениенің кең таралуы жатады. Нəтижесінде бір бағдарламаны байыпты, басынан аяғына дейін қараудың орнына арналарды қайт-қайта өзгертумен əбігерленгендік пайда болады. Ақпараттық тасқын ұғымын енгізген Р.Вильямс болды. Ж. Бодрийяр «Коммуникация экстазы» деген жұмысында теледидар туралы айрықша мəдени форма деп жазады.

Экрандық əлемдегі өмір біздің психикалық əлеміміздің қиялдарының жүзеге асуы болып табылады. Сондықтан да теледидардағы оқиға көрермен мен оның арасындағы қандай да бір ғайып (виртуалды əлемде) шындықта жүзеге асады. БАҚ туындататын жаңа құбылыстарға мыналарды жатқызуға болады: — «Кітап мəдениетін» ығыстырушы визуалды түрлер мен жанрлардың кең жайылуы. Теледидар мен компьютер оқуға деген қызығушылықты төмендетіп қана қоймай, адамның сенсорлық мүмкіншіліктерінің шегімен шектелетін қабылдаудың жаңа түрін туғызады. Визуалды бейне басылған мəтінге қарағанда сана асты деңгейінде белсенді əрекет етеді. — бұқаралық қатынас құралдары қоғамдық сананың «бірігіп өсу» əсерін береді. Егер осыдан 10-20 жыл бұрын мəдениет пен БАҚ-тың теңдес паритеттігі туралы, олардың іс-əрекетін қоғамның бақылау мүмкіншілігі туралы əңгіме жүргізуге болатын болса, қазіргі таңда ондай əңгімелер сенімсіз болып табылады. Басқаша айтқанда, метафора ретіндегі төртінші билік түрінен БАҚ шындығында нақты күшке айналды. — Əлеуметтік-мəдени бірегей ұқсастық (идентификация) кризисі.

Жалпылама коммуникациялардың жаһандық жүйесі мəдени айырмашылықтарды жоққа шығарудың мықты факторы болып табылады. Олардың басқыншылығына жауап ретінде ХХ ғ. жəне одан кешірек ХХІ ғ. бірегейлікке (ұлттық, діни, əлеуметтік-топтық, тұлғалық) деген сұраныс пайда болды. Бүгінгі таңда бұл мəселе барлық елді алаңдатуда. Қазіргі зерттеушілер өз шығармаларында бұқаралық мəдениеттің пайда болуының уақытын түрліше көрсетеді. Кейбіреулер ол, тіпті, ежелгі өркениеттерде де болған деп пайымдайды. Бірақ, бəлкім бұқаралық мəдениет урбанизация, көпшілік сауаттылықты қалыптастырған жалпы ортақ білім беру ісімен жəне масс-медианың қалыптасуымен байланысты сипатталатын қазіргі өркениеттің жемісі деп есептеген жөн сияқты. Оған дейінгі бұқаралық мəдениет мүлдем басқа қасиеттерімен ерекшеленеді.

ХХ ғасырдың басына дейін бірінен-бірі анық ажыратылған элиталық жəне халықтық мəдениет болған. Білім мен тəрбие алу мүмкіндіктері бар тектілер, ақсүйектер қалалықтардың арасында кең таралды. Екіншісі – сауатсыз, бірақ дəстүрлерді сақтап келген, қарапайым адамдар қалыптастырған қарабайыр мəдениет. Бұқаралық мəдениет туралы айтпас бұрын соның дүниеге келуіне негіз болған «бұқаралық қоғам» феноменіне тоқталып өткен абзал. Ол құбылысты терең зерттеген Эдуард Шилздің «Бұқаралық қоғам жəне оның мəдениеті» деген еңбегінің кейбір ой түзілімдеріне назар аударайық. Автордың сараптауы бойынша, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін негізгі-негізгі деген батыс елдерінде «бұқаралық қоғам» деген атау нық орнықты. Бұқаралық қоғам жаһандану процестерімен тығыз байланысты. Қазір, жаһандану заманында өмірдің əлеуметтік-саяси, мəдени жəне рухани салаларының бəрінде де адамзат өзінің əр алуан тіршілігін бастан кешіп отыр. Интеграцияның осынау іс жүзінде тежеуге көнбейтін, ерік бермес процесі, мəні бойынша жазмыштық сипат алып отыр.

Бұқаралық қоғам – бұл азаматтық қоғам. Мемлекет бұл жағдайда өзі өзін басқаратын азаматтық коғамға өзінің көптеген функцияларын береді. Бірақ адамзат өзінің ұйымдасу формаларының ешқайсысында абсолютті келісімге жете алмай отыр. Бұқаралық қоғамның иерархиялық жəне бюрократиялық құрылымдары дара тұлғаның құқықтарын шектеудің жаңа формаларын дүниеге əкелді. Қазіргі қоғамда адам өзін базардағы сатушы ретінде де, тауар ретінде де қабылдағандықтан оның өзін-өзі бағалауы өзінен тыс жағдайларға бағынышты. Егер ол өзін сатып үлгеріп қалса – құны бар, ал өйтпесе – құнынан айырылған болады. Бұқаралық қоғамның тағы бір ерекшелігі оның жазу мəдениетінен экрандық өркениетке өту заңдылықтарымен байланыстылығында. Интернет жүйесімен тұтастырылған бұқаралық мəдениет ұлттық мемлекеттік шектен шығып, əмбебап жалпыадамзаттық сипатқа ие бола бастады. Алайда, бұқаралық мəдениет ішкі қайшылықтарға толы. Мəдени құндылықтарды конвейерлік тəсілмен өндіру олардың тұлғалық шығармашылық мазмұнын кемітіп, адамдық жатсынудың жаңа формаларын қалыптастырады. Тек пайданы көздеу үшін бұқаралық мəдениет үлгілерін үлестіру, дəстүрлі мəдениетке жат əсіре сексуалдылықты, зорлық-зомбылықты, нəпсіқұмарлықты, арсыздықты, руханисыздықты дəріптеуге əкеп соғады.

Бұқаралық мəдениет: — қоғамдық пікірдің «сұранысына» қажетті күнделікті оқиғалар легін тізбектейтін, халыққа ақпарат беру сылтауымен өз мақсаттарын алға қоятын, бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) арқылы азаматтардың санасында билеуші элита мүдделеріне сай манипуляциялар жүргізетін жəне бұқаралық саяси қозғалыстарды қалыптастыратын ұлттық немесе мемлекеттік идеология мен насихат жүйесінің болуынан; — «бұқара адамына» өзін ғылымға, саясатқа, мемлекеттік өмірге жəне т.б. қатыстымын деп сезінуге мүмкіндік беретін, бұқаралық сана қабаттарына арнайы зерттеу жəне соған сай ғылыми дайындықты қажет ететін күрделі құбылыстарды, «халықтық» тілге «аударып» енгізетін, бұқаралық əлеуметтік мифологияның болуынан; — балаларды əлеуметтендіруге қажетті стандартты қылық дағдыларын тəрбиелейтін, оқушыларды ғылым мен білім негіздерімен үйлесімді таныстыратын бұқаралық жалпылай білім беруші мектептің болуынан; — түрлі əлеуметтік игіліктерді шексіз тұтыну процесін тіршілік мəні мен мақсатына айналдыратын қатардағы тұтынушының сұранысын басқаратын, беделді мүдделер мен мұқтаждықтар, өмір салты мен сапасының стандарттарын қалыптастыратын жарнама мен сəн индустриясының болуынан; — тəндік имидж индустриясы: бұқаралық спорт пен дене шынықтыру қозғалысы, аэробика, культуризм, косметология жəне т.б. болуынан; — демалыс, тынығу индустриясы: детектив, бульвар əдебиеті, триллерлер, кич, оперетта, поп-музыка, шоу-индустрия, туризм жəне т.б. болуынан тұрады. Мəдениетаралық қарым-қатынастар жүйесінде мəдениет өнімдерін тарату барған сайын маңызды рөл атқарып келеді.

Бүгін біз ақпарат таратудың жылдамдығына əсер ететін жаңа инновациялық тəсілдер, каналдар мен технологиялардың күрт өзгеріп кеткен техногендік өркениетте өмір сүріп отырмыз. Осы жаңа шындықтың туындатқан бұқара адамы (Ортега-и-Гассет) – бұқаралық мəдениеттің стандартталған, унификацияланған өнімі. Баспа станогы өзіндік дүниетанымға сүйенген өзіндік көзқарасы бар көрерменді, oқырманды дүниеге əкелсе, электрондық техника бет-бейнесіз жалпы көпшілікті (массаны) тудырды. Əлемде «жаһандық жаулап алу» (Маклюэн) орын алып отыр дей аламыз. Электрондық құралдардың пайда болуы əлеуметтікмəдени тəжірибені, адамдық қарым-қатынастар формаларын жəне т.б. тарату тəсілдері туралы дəстүрлі көптеген түсініктерді өзгертеді. Қоғам тек элиталық мəдениетпен шектеле алмайды жəне сондықтан бұқаралық мəдениет өзінің түп тамырларын ұжымдық бейсаналықтың архетиптеріне жайып үлгерді, сөйтіп, қазіргі неомифологияны туындатты. Сонымен, бұқаралық мəдениет – мəдениеттің қазіргі кезеңіндегі көпфункционалды, объективті құбылысы.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Құлсариева А.Т. Қазіргі заман мəдениеті: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 123 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *