Қоғамның даму тынысын ашуға көмектесетін тиімді саясат жүргізген мемлекеттер өркениет жолымен ойдағыдай дамуда. Сондықтан мемлекеттің қазіргі міндеттері мен стратегиялық алдағы міндеттерін анықтайтын және сол міндеттерді орындауға қоғам қуатын жұмылдыратын тиімді саясат маңызы арта түседі. Тиімді саясат аса көп қаржыны қажет етпейтін билік құрушы элитаның интеллектуалдық мүмкіндігіне, кәсіптік дайындығына, қоғамдық позициясына, саяси мәдениеті мен әлеуметтік ниетіне байланысты қалыптасатын субъективті фактор. Демек, мемлекеттегі тиімді саясаттың қоғамдық өмірдің барлық салаларына дұрыс ықпал жасай алуы билік құрушы элитаның біліміне, біліктілігіне және отаншылдығына қатысты. Басқарушы элита мемлекет мүддесін, ел қамын терең ойласа, ол үшін аянбай еңбек етсе тиімді саясат қоғамды өрге тартатын қуатты күшке айналады. Тиімді саясатты жасаудың және оны іске асырудың маңызы арта беретіндігі осыған байланысты.

Тиімді саясат қоғамның саяси жүйесінің қатысуымен жән саяси элитаның тікелей басшылығымен жасалады. Саяси сфераның қызметі мен тіршілігінің мазмұнын саясат анықтайды. Саясат бүкіл саяси жүйені қозғалысқа келтіретін рухани күшке айналады. Саяси сфераның мемлекеттік мүдделерден ауытқымауы, ел халқының көкейтесті мақсаттары мен әл-ауқатын көтеруге қызмет етуі тиімді саясаттың нәтижесі екендігі ақиқат.

Қоғамды қозғалысқа келтіретін әлеуметтік құбылыс ретінде саясат табиғаты өте күрделі. Ол қоғамдық организммен санқырлы байланыста. Саясат пен қоғамдық өмірдің түрлі салалары өзара тәуелді. Олардың ара қатынасы көп жағдайда көзге көрінбейтін латентті жағдайда жүріп жатады. Саясаттанушылар мен саяси элита саясаттың күрделі табиғатын танып білу арқылы ғана оны тиімді пайдалана алады. Саясатты орнымен, болып жатқан процестерге сәйкес пайдалана білу мемлекет алдына қойған міндеттерді дер кезінде шешуге мүмкіндік туғызып, қажетті табыстарға қол жеткізеді. Әлемдік саяси тәжірибе дәлелдегендей күшті, тиімді саясат табыс пен өркендеудің қайнар көзі болып қала береді. Ал, қате саясат зорлықшыл немесе жасанды. Ол қоғам мүдделеріне сәйкес болмағандықтан әлсіз. Себебі, сол мемлекет халқы осындай жалған, жасанды саясатты қолдауға, оны іске асыру үшін күресуге мүдделі емес. Әсіресе, авторитарлық, диктаторлық мемлекеттерде ел халқы ресми саясатқа амалсыздан, шарасыз өтірік қолдау көрсетеді. Шын мәнінде бұндай саясатқа танымы мен ниеті қарсы. Сондықтан, қате, зорлықшыл саясат қоғам мен мемлекет дамуына бөгет болуымен зиянды. Жасанды, жалған саясаттың мемлекеттің күйреуіне әкелетіндігіне тарих үнемі куә болуда. Осының соңғы дәлелінің бірі Кеңес Одағының дағдарысқа ұшырап ыдырауы. Кеңес Одағының күйреуінің ең басты себебі — оны басқарған Коммунистік партияның 70-ші 80-ші жылдарда тиімді, күшті саясат жасай алмауы. Социалистік қоғамды дамытып, өркендету саясаты болып жатқан шындықтардан алшақ кетті. Ол замана талаптарына, Кеңес халықтарының мақсат-мүдделеріне жауап бере алған жоқ. Кеңес халықтары әлемдік өркениет көшінен артта қалғанын түсініп Компартия саясатын қолдаудан бас тартты.

Ал, өркениетті елдер болса адам интеллектісін, ғылымды, ақпаратты, техникалық өркениетті, демократия мен мәдениетті дамыту арқылы зор табыстарға қол жеткізуде. Дамыған елдер экономикасы сол елдегі барлық тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуда. Өркениетті елдер жетістіктері мемлекеттік басқарушы, реттеуші және ұйымдастырушы саясаттың дұрыстығына байланысты. Әрине, әлемдегі 280-дай мемлекеттің барлығы ғылыми негізделген, өз елін өрлеуге бастайтын саясатты жасауды іске асыруды дұрыс деп біледі. Көпшілік елдер тиімді, күшті саясат жасауға ұмтылады. Бірақ әлемдік саяси кеңістікте барлық елдер бірдей тиімді саясат жасай алған емес. Себебі, әр елдің табиғаты бөлек, өмір салты бөлек, өзіне тән күрделі ерекшеліктері жеткілікті. Бір елдегі саясат екінші елдің топырағына көшпейді, толық қайталанбайды. Саясаттың құпиясы мен қалтарысы көп, күрделі құбылыс екендігін осыдан байқауға болады. Саясат жалпы адамзаттық құбылыс бола отырып, әр елде әртүрлі қырынан көрінеді. Саясаттың ортақ заңдылықтары әр мемлекеттің ерекшеліктеріне тән өзгерісте көрінеді, қызмет жасайды. Мысалы, экономикалық, әлеуметтік, этникалық, экологиялық, аграрлық саясат бағыттары барлық мемлекеттерге тән. Бірақ олардың іске асуы, әдіс-тәсілдері, қаржыландырылуы, маңыздылығы әр елдің ерекшеліктеріне сәйкес. Сол себепті бір елдің саяси тәжірибесін екінші елге жасанды түрде көшіруге болмайды. Басқа елдердің озық тәжірибесін пайдаланғанда оны сараптап, сол елдің ерекшеліктерін мұқият ескере отыра пайдалану қажет. Бұлай болуы қоғамдық саясаттың барлық салаларына қатысты. Жалпы адамзаттық дамуға тән ортақ саяси заңдылықтар мен құбылыстар әр елде әр түрлі қырларынан көрініп сол елдерге тән ерекшеліктермен толығып, өзгеріп отырады. Саяси процестердің күрделі табиғаты оның осындай өзгермелі, құпия және жалпылық сапасына да байланысты.

Саясатты зерттеу саясаттың көп қырлы, көп қабатты және көп жақты болуымен қиын. Қоғамдық шындық қаншама күрделі болса, саяси шындық та соншама күрделі. Саяси шындықты тану, зерттеу арқылы бүкіл қоғамдық шындыққа ықпал етуге қабілетті саясат жасауға мүмкіндік береді. Қоғамды өзгертуге, жақсартуға шамасы жетерлік саясатты нағыз тиімді, нағыз күшті саясат деп бағалауға тұрады.

Адамзат саясаттан өзге мемлекеттік істерді басқарудың оңтайлы құралы мен жолын тапқан жоқ. Ол билікті іске асырудың негізгі әдісі болып қала беруде. Саясат мемлекеттің біртұтастығын сақтап, оның шаруашылығын, мәдениетін, әлеуметтік дамуын басқарады, бағыттайды. Күшті, тиімді мемлекеттік саясат жұмыс істеп тұрған елдерде саяси-әлеуметтік, этникалық қайшылықтар дер кезінде шешімін табады. Саяси шешімдер арқылы конфликтогенді яғни табиғаты қайшылықты құбылыстарға тосқауылдар қою мүмкін болады.

Саясат тиімділігінің маңызды белгісінің бірі оның мемлекет халқын тағдырлық міндеттер төңірегінде топтастыруы. Қазақстан Республикасының мақсаты демократиялық, өркениетті қоғам орнату. Мемлекеттік саясат осы стратегиялық міндетті шешудің қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтитын шараларын белгілеуі және іске асыруы қажет. Мемлекеттік саясаттың маңызды қасиеті көп жағдайда ол халықты өз соңынан ерте алуға қабілеттілігінде. Адамдардың мүдделі топтары мемлекеттік саясатты өз қызметінде басшылыққа алып, өз еріктерімен іске асыруға ұмтылып отырады. Осымен қатар билік институттары да мемлекеттік саясатты басшылыққа ала отыра жүйелі қызмет жасайды. Билік институттары мен мүдделі топтардың қызметі арқасында ел халқының біртұтас әлеуметтік-саяси күшке айналуы, мемлекеттік ортақ мақсаттарды орындауға мүдделі болуы зор рухани, саяси құндылық болып табылады. Халқы ортақ мақсаттарды орындауға жұмылмаған мемлекетте береке-бірлік болмайды. Бұл істі шешуде мемлекеттік саяси идеологияның алатын орны күшті. Мемлекет азаматтарының мақсат бірлігін, ниет бірлігін және іс-қимыл бірлігін саяси идеология жасайды. Стратегиялық саяси міндеттерді шешудің тиімді болуына мемлекеттік саяси идеологияның әсері күшті.

Ішкі саясаттың құрамдас бөлшегі ретінде идеология халықты топтастырушы, жинақтаушы және ұйытушы идеяларды, ұрандарды және көзқарастарды насихаттайды. Идеология мен саясат ара қатынасы туралы біз өз пікірімізде негіздеп айтқанбыз (қараңыз: Қазақ әдебиеті. 2002ж. 10 мамыр) Саясаттың маңызды міндеттерінің бірі-рухани сферада, мәдениетте, ақпаратта және білім саласында халықтың бірлігін, татулығын және тұтастығын нығайтуға көмектесетін шараларды іске асыру. Өзекті стратегиялық міндеттер мен қазіргі шешілуге тиісті міндеттерді білмеген, түсінбеген және оларды шешудің әдіс-тәсілдерін үйренбеген халқы бар мемлекет табысқа жеткен емес. Халықты ел алдындағы тағдырлық міндеттерді шешуге үйрететін және жұмылдыратын саясат қана тиімді саясат.

Тиімді саясаттың негізгі белгілерінің барлығы Қазақстан Республикасы үшін маңызды. Елдің басқарушы төбе тобының мемлекеттік саясатының тиімділігіне Қазақстанның жетістіктері тәуелді. Әрине, бірінші кезекте экономикалық саясаттың, шаруашылықты басқарудың, шикізат көздері мен қуат ресурстарын тиімді пайдалану саясатының тұратыны ақиқат. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қазақстанның постсоциалистік кезеңдегі терең экономикалық дағдарыстан шыға алғандығы қуантады. Сонымен бірге, ел экономикасының нарықтық қатынастарға трансформациялануы халықтың барлық топтары үшін қатаң сын болды. 1991-1996 жылдар арасында барлық экономикалық көрсеткіштер теріс болды. Мысалы, халықтың ақшалай кірісі осы жылдарда бес есе төмендеді/1/. Осы мерзім ішінде өнеркәсіп өнімдерін өндіру деңгейі 33 пайызға төмендеді. Дағдарыс салдарынан жұмыссыздар саны күрт өсті. Ресми деректердің өзінде жұмыссыздардың 70 мыңнан 282 мыңға артқаны көрсетіледі/2/. Ал нақты өмірде жұмыссыздардың саны бұдан еселеп артық болғаны шындық. Қазақстандағы кәсіпорындардың басым көпшілігі нарықтық экономикадан өз орындарын таба алмай жабылды. Ауыл шаруашылығында жаңа еңбекті ұйымдастыру болмай жатып колхоз, совхоздар таратылды. Табыс табу көзінен айрылған қазақстандықтардың 70 пайызға жуығы кедейленіп, қайыршыланып қалды. Осының барлығы ғылыми негізделмеген, тиімсіз экономикалық саясат салдарларынан болғанын мойындағанымыз жөн. Этатистік немесе, мемлекетшіл мүддедегі экономикалық саясаттың нарықтық қатынастарға адекватты, сайма-сай экономикалық саясатқа ұласуы үлкен қиындықтар жағдайында жүрді. Бұл қиындықтарды экономикалық, саяси құрылыстардың ауысуы жағдайындағы, өтпелі кезеңнің табиғи қиындықтары деп есептейміз. Социалистік қоғамнан бас тарту, нарықтық қоғам орнату құбылыстары міндетті түрде белгілі мерзімде экономикалық дағдарысты бастан өткеруді қалайтын шығар деген пікірдеміз. Дағдарыс қоғамнан одан құтылудың түрлі кешенді шараларын қарастыруды талап ететіндігі даусыз. Дағдарыс тереңдей берсе, ол бүкіл қоғамды ауруға шалдықтыратыны даусыз. Күшті, тиімді саясат экономикалық қарсылық, әлеуметтік дағдарыстар мен қайшылықтарды алдын – ала ауыздықтай алады. Қоғамның тұрақты дамуы өздігінен болатын стихиялы құбылыс емес. Тұрақты дамудағы елде билеуші топ тиімді саясатты жасап және іске асырып отыру деген сөз.

Дағдарыстың орын алуы елдегі қайшылықтармен қордаланған мәселелерді шешуге қабілетті мемлекеттік саясаттың болмауына байланысты. Сондықтан қандай елде болмасын дұрыс, ғылыми негізделген, қоғамның даму талаптарына жауап беретін саясат жүргізу үнемі маңызды, үнемі күн тәртібінде. Дағдарысты жеңе білетін экономика және әлеуметтік сфера ғана бәсекелестікке қабілетті елді жасайды. Қандай мемлекеттің болмасын әлемдік бәсекелестікке қабілеттілігін оның тиімді саясат жүргізе алуына тәуелді.

Сондықтан, Қазақстанның билік институттарының алдында ел шаруашылығының барлық салаларын қамтыған экономикалық дағдарысты ауыздықтау міндеті тұрды. Ол үшін ең алдымен тиімді экономикалық саясат бағыттарын белгілеп алу керек болды. Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысынан бастап, үкімет экономиканы дағдарыстан шығарудың нақты механизмдерін іске қоса алды. Бұл саясаттың негізгі бағыты-ел экономикасына шетел инвестицияларын тарту. Шетел инвесторлары қаржысын пайдалану арқылы жаңа шикізат көздерін игеру, өнеркәсіп орындарын іске қосу, өңдеуші өнеркәсіпті жандандыру сияқты түбегейлі шараларды жүзеге асыру мүмкін болды. 1991-2001 жылдар аралығында дамыған елдер Қазақстан экономикасына салған инвестициялар көлемі 13 миллиард долларды құраған/3/. Инвестициялық тартымдылығы жағынан Қазақстан әлемдегі мемлекеттердің алғашқы ондығына кіріп отыр. Мысалы, 2002 жылы өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 1,6 триллион теңгені құрап, 2001 жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға өсті. Негізгі қорларға тартылған инвестициялар 671 миллиард теңгені құрап, 8 пайызға өсті /4/. Бұл нәтижелер нарықтық механизмдер іске қосылғанының нақты көрсеткіштері болып табылады. 1999 жылдан бастап, ел экономикасының әр жылдағы даму көлемі орта есеппен 11 пайыздан артып отыр. Соңғы үш жылда жиынтық ішкі өнім (ЖІӨ) 35,5 пайызға өссе, өнеркәсіп өнімінің өсуі 42,9 пайызды, ауыл шаруашылығының өсімі 50 пайызды құраған/5/. Осының нәтижесінде қазақстандықтардың материалдық әл-ауқаты біршама жақсарды. Кейбір мәліметтер бойынша әр тұрғынға келетін орташа табыс 2002 жылы Қазақстанда 1430 доллар болса, Тәжікстанда 215 доллар, Қырғызстанда, 300, Түркіменстанда 280, Өзбекстанда 500 доллар болған/6/. Бұл деректер қазақстандықтардың әл ауқаты орташа дамыған елдер деңгейіне жақын екендігін көрсетеді. Қазақстандағы орташа табыстың жан басына шаққанда 1500 доллар болғандығын оппозиция өкілдері де растап отыр /7/. Бірақ, оппозиция өкілдері Қазақстандағы жағдайды Орта Азиядағы басқа елдермен салыстырғылары келмейді. Тіптен, орташа дамыған ірі мемлекеттер Индияда жан басына жиынтық өнім 1610 доллар, Қытайда 2800 доллар Ресейде 2700 доллар, Пакістанда 2300 доллар екендігін /8/ есептесек, жаңадан экономикалық жүйесін қалыптастырып жатқан, өтпелі кезеңдегі ел Қазақстан үшін 1500 доллар жан басына өнім өндірілуі тіптен нашар көрсеткіш емес.

2002-2010 жылдарда Қазақстан экономикасы дұрыс жүргізілген экономикалық және қаржылық саясат нәтижесінде екі мәрте болған әлемдік дағдарыстарға төтеп бере алды. Елдің даму қуаты әлсіреген жоқ. Елдің ІЖӨ 2-еседен артық өсіп, жан басына шаққандағы орташа табыс 7000 АҚШ долларына жетті. Осы маңызды көрсеткіш бойынша Қазақстан орта дамыған елдер қатарына қосылды /9/.

Сондықтан соңғы 5 жылдағы экономикалық саясат көрсеткіш- терін тиімді саясат нәтижесі деп бағалаған жөн. Әрине, экономика- лық саясаттың тиімділігін арттыру мүмкіндіктері өте мол. Бірінші кезекте ел өнеркәсібінің шикізаттық сипатынан құтылу міндеті тұр. Мысалы, мұнай, газ, металл өндіру ел өндірісінің 70 пайызын құрайды. Ал, осы өнімдер экспорттың 90 пайызын қамтиды/9/. Экономиканың бұлай біржақты дамуы қауіпті. Шикізатты сатумен ұзақ уақыт экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қиын. Елдің келешегіне керек шикізат жер қойнауында қалуы керек. Болашақ ұрпақты ойламасақ Қазақстан Республикасының егеменді мемлекет болып қалуы мүмкін емес. Сондықтан тиімді экономикалық саясат елдің әлемдік шаруашылық, рынок бөлінісінен өз орнын табуға көмектесуі керек. Қазақстан шикізат шығаруды шектеп, оның орнына елдің қорларына зиянын тигізбейтін дайын тауарлар, астық, ет, тері, жүн т.б. өнімдерді экспортқа шығаруды жолға қоюы пайдалы. Бұл істе Қазақстан өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы қандай өнімдерімен әлемдік бәсекелестікке төтеп бере алатындығын нақтылап алғанымыз абзал. Қытай, Индия, Пәкістан, Ресей сияқты алып елдер Қазақстан өнімдері үшін тіптен кең, таусылмайтын рынок аймақтары болып табылады. Мәселе, осы мемлекеттерге стратегиялық маңызы бар шикізатты емес дайын өнімдері сатуға келіп тіреледі. Тиімді экономикалық саясат аталған міндеттерді шешуге билік институттарын бағыттайды және экономика мен сыртқы сауданы осылай ұйымдастыра алады. Билік институттарының тиімді экономикалық саясат жүргізуі нәтижесінде ел экономикасы үнемі модернизацияланып, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатының жақсаруына қол жетеді.

Әрине, Қазақстанда бұл ретте шешілмей жатқан мәселелер көп. Оның бірі орта және шағын бизнестің әлі де болса нашар дамуы. Нарықтық қатынастар тірегі болып табылатын орта әлеуметтік тап әлі де қалыптаса қойған жоқ. Қазір елімізде жеке бизнес жалпы ішкі өнімнің 75 пайыздан астамын өндіргенімен бұл өнім негізінен шикізат шығаратын ірі өнеркәсіп салаларының үлесіне тиіп отыр. Сондықтан нарықтық өркендеуде табысқа жету үшін орта және шағын бизнесті өркендетудің тиімді саясатын іске асыру қажет. Ол үшін жеке бизнестің дамуына бөгет болатын артық салықты, шенеуліктердің зорлығын жойып, қолайлы заңдық негіздер қалау міндет.

Экономиканың шикізаттық сипатын алдағы аз мерзімде жеңу қиын. Алайда, осы бар шикізатты әлемдік рынокта дұрыстап, елге пайда әкелетін бағамен сату ұйымдастырылмаған. Қазақстан түсті металдың көптеген түрлерін өндіруден әлемдегі лидер. Өкінішке орай сирек кездесетін түсті металдарды сату әлемдік бағалар деңгейінде болмағандықтан Қазақстан жүздеген миллион доллардан айрылып қалуда. Сыртқы сауданы ұйымдастыратын билік институттары сыртқы сауданың тиімді саясатын жасай алмай отыр. Соның кесірінен зор резервтердің пайдаланылуы нашар. Шикізат сатушы елден дайын тауарларды сатушы елге айналу экономикалық саясаттың негізгі мақсаты болып қалады. Экспорттан түскен пайданы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын жаңа деңгейде жасақтауға, модернизациялауға жұмсамайынша өркендеу болмайтындығын түсінетін мезгіл жетті.

Қазақстан жағдайында тиімді экономикалық саясаттың мақсаты ауыл шаруашылығын өркендету болмақ. Елдің жаңару стратегиясының жүзеге асуы ауылға байланысты екендігі даусыз. Жекелеген Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент сияқты мегаполистер ел шаруашылығына қорған бола алмайды. Экологиялық қауіпсіздік, азық-түліктік қауіпсіздік, жеңіл өнеркәсіп дамуы секілді тағдырлық міндеттер ауыл шаруашылығын өркендетпей шешілмейді. Сондықтан экономикалық саясатта ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсарту, оларды сақтау және өңдеу жолдарын қарастыру және іске асыру маңызды. Ауыл өнімінің сапасын жақсарту арқылы ғана біздің ел көршілес ірі мемлекеттердің рыногын игере алады. Ол үшін сапалы ет, астық, қант пен күріш өнімдерін өндіруді жолға қою керек. Мал тұқымын асылдандыру, астық өнімдері мен түрлі дақылдарды селекциялау жұмыстары ғалым кадрлерді, қаржыны, материалдық базаны және уақытты талап етеді. 2002-2005 жылдардың ауыл жылдары болуы жеткіліксіз. Ауыл өндірісі мемлекеттік стратегиялық басымдылыққа толық айналғанда ғана тиімді экономикалық саясат іске асты деуге болады. Жердің нағыз қожасы Қазақстан Республикасының ғана азаматтары болуы елдің егемендігін сақтайды. Шетел азаматтарына қазақ жерінің жеке меншікке сатылуы елдің мемлекеттік қауіпсіздігіне үлкен зиян екеніне сенімдіміз. Геосаяси, этнодемографиялық ахуал қазақ жерін шетелдіктерге сатуға болмайтындығын көрсетіп отыр. Ұлан-ғайыр бос кеңістікті бөтен ел азаматтары меншіктенсе жуық келешектің өзінде Қазақстан территориясының тұтастығының ыдырауы қаупі бар. Әсіресе шекаралық аудандарда жердің шетел азаматтарына сатылуы үлкен қауіп. Сондықтан бүгінгі билік иелері кең байтақ қазақ жері алдымен қазақ ұлтының, одан соң барлық қазақстандықтардың меншігі екендігін еске қатты ұстауға міндетті.

«Жерсіз ел көгермейді»- деген ақиқаттық қағиданы ұмытуға болмайды. Басқарушы элита саясатының тиімділігі тек жерді игеруді ғана емес, оған ие болуды да ұйымдастыруға қабілеттілігіне байланысты. Сондықтан жерді нарықтық қатынастарға қосудың ұлттық стратегиялық мүдделерге қарсы келмейтін жолдарын қарастыру керек. Қазақ жерінің біртұтастығын сақтай отыра онда өркениетті ауыл шаруашылығын ұйымдастыру, аграрлық саясаттың негізгі басымдылығы деп есептейміз. Осы стратегиялық міндетті орындаудың түрлі айла-әрекетін іске асыру билік институттарының өзекті міндеті болып отыр.

Демек, экономикалық сферадағы саясаттың тиімділігі Қазақстан өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын қазіргі заманғы әлемдік еңбек бөлінісі мен өнім сапасы талаптарына жауап беретін деңгейде ұйымдастыруға байланысты. Тиімді экономикалық саясат нәтижесі ретінде халықтың материалдық әл-ауқаты мен әлеуметтік мәселелерінің бүгінгі өмір талаптарына сәйкес шешілуі болмақ. Тиімді экономикалық саясат өркениетті экономиканы жасайды. Өркениетті экономика азаматтардың өз қабілетіне қарай сан түрлі еңбекке араласуын қамтамасыз етеді. Ондай мемлекетте кедейлік пен жұмыссыздық белгілі бір шектен шықпайды, халықтың өмір сүруіне қауіп төндірмейді.

Тиімді экономикалық саясат тиімді әлеуметтік саясатты іске асырудың тірегі. Қазақстан қоғамы да осы заңдылық шеңберінен шықпайды. Халықтың мүдделеріне жауап беретін әлеуметтік саясат жасау, жүргізу оңай емес. Социализмдегі теңгерушіліктен құтылдық. Елдегі нарық қоғамында өнімді еңбек еткен адамның әлеуметтік тұтыныстары шешілетіндей ахуал жасалуы қажет. Онсыз толыққанды нарық қатынастары болмайды. Адам еңбек әрекетіне қарай жалақы алуға тиісті.

Мүгедектер, қариялар, оқушы жастардан басқалардың еңбек етуіне жағдай жасалған болса, бүкіл халықтың әлеуметтік мәселелері шешілген болар еді. Бұлай болуы әлеуметтік және этникалық қайшылықтарды шешуге көмектеседі. Әрине, ешуақытта барлық қоғам мүшелерінің өміріне толық жақсы жағдай жасалған қоғам болмайды. Оған ұмтылу елеске ұмтылу, утопия болар еді. Бірақ, қоғам мүшелерінің басым көпшілігінің дұрыс өмірін ұйымдастыруға әбден болады. Тиімді саясат елдегі әлеуметтік қатынастарды реттеп, әрбір әлеуметтік топтың өзіне тән төл сапаларын іске асыруына жағдай жасайды.

Себебі, елдегі әрбір әлеуметтік топтың өзіне тән орны, функциялары және шешетін мәселелері болады. Тиімді саясат қоғамдағы әрбір әлеуметтік топтың осы функцияларын орындауына жағдай жасауы керек. Бизнестік топтар, мысалы өндірісте, финанс жүйесі, саудада, қызмет көрсетуде іскерлік әрекеттері арқылы түрлі өнімдер мен қызметтер көрсетумен пайда табады. Осы мақсатта ол көптеген адамдарды ұйымдастырып, қызмет береді. Олар төлейтін салықтан мемлекет бюджеті жасалып, әлеуметтік әлсіз топтарға қызмет көрсетіледі. Фермерлердің әлеуметтік тобы болса ауылдағы орта таптың негізін қалап, ауыл шаруашылығы экономикасын ұйымдастырудағы және дамытудағы шешуші күш болуы қажет. Жалдамалы жұмысшылар мен жалдамалы қызметкерлердің әлеуметтік тобының іскерлер мен капиталистер тобымен қарым- қатынасы нақты заңдық нормалармен белгіленуге тиісті. Демек, қоғамның әлеуметтік құрылымының әрбір элементінің ойдағыдай қызмет атқаруы бүкіл қоғамдық жүйенің дұрыс тыныс алуының, қозғалып дамуының кепілі. Әрбір қоғам мүшесі белгілі бір әлеуметтік топ ішінде өмір сүретіндіктен сол топтың өзіне тән қимылдарына қабілетті болуы адамның дұрыс өмір сүруін қамтамасыз етіп отырады. Жеке адам мүдделерін, әлеуметтік топ мүдделері мен мемлекет мүдделерін ұштастыра білген әлеуметтік саясатты шын мәніндегі тиімді әлеуметтік саясат деп бағалауға болады. Мұндай саясат әрбір әлеуметтік топтың қоғамдағы пайдалы қызметін ұйымдастыра отыра, әрбір адамның пайдалы қызмет етуіне жағдай жасайды. Ұйымдасқан саяси әрекет адам факторының қоғамдағы рөлін арттырады. Жеке адамның біліми, кәсіптік және адамгершілік қасиеттері мен сапаларына ерекше көңіл бөлетін біліми-тәрбиелік саясатты тиімді жүргізе білген елдердің табыстары тіптен қомақты. АҚШ, Жапония, Германия сияқты мемлекеттерде адам факторы шешуші өндірістік факторға айналуы осы елдердегі адам сапаларын жетілдіруге бағытталған саясаттың нәтижесі.

Қазақстан мемлекеті алдында тиімді әлеуметтік саясаттың барлық бағыттарын нығайта түсу міндеті тұр. Бұл саясаттың күре тамыры адам мәселесі, әрбір қазақстандықтың дұрыс өмір сүруіне жағдай жасау. Адам сапаларын: білімін, кәсіптік мамандығын, денсаулығын және адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуге зер салмаған қоғамда келешек болмайды. Сондықтан Қазақстандағы әлеуметтік саясат тиімділігі адам сапаларымен өлшенуі керек. Бұл жерде әлеуметтік қатынастарды дамытуда тәрбие жұмысы мен мемлекеттік идеологияның рөлі күшті. Қазақстандағы ресми идеология адамгершілік идеологиясы болуы шарт. Адамды сүю негізінде ұлтты сүюді және елді сүюді тәрбиелейтін қазақстандық патриотизм қалыптасады.

Рухани салада мемлекет адамды адамгершілікке тәрбиелеуді негізгі басымдылық деп есептеуге міндетті. Себебі, адам дұрысталмай қоғам дұрысталмайды. Ал, мемлекеттік адамгершілік идеологиясы осы мақсатты шешуге көмектеседі. Бірін-бірі ақша үшін сатуды, байлық үшін қыруды, талқандауды уағыздайтын эгоистік, зорлықшыл Батыстық бұқаралық мәдениет орнына гуманистік этномәдени және жалпы адамзаттық ізгілік үлгілерін әкелмей жас ұрпақты адамгершілік қасиеттерге иліктіре алмаймыз.

Батысшылдар өкінішке орай демократия мен плюралистік қоғам орнату ұрандарын басшылыққа алып, бұқаралық мәдениеттің «арзан» түрлеріне тыйым салу шараларына қарсы. Олардың пікірінше кім қандай теле, радио бағдарламаларды көргісі келеді, нені оқығысы келеді соған құқылы. Бұл құқықты шектеу адам құқын шектеу болмақ. Осы саяси ұстаным арқылы «жалпыадамдық құқықтарды» желеу етіп үстем державалар мен әлемдік трансұлттық күштер этномәдениеттерді талқандауда, олардың адамгершілік потенциалын нығайтуға бөгет жасауда. Қауіптісі бұл құбылыстың негізгі тірегі әлемдік басшылыққа ұмтылып отырған АҚШ-мен әлемдік трансұлттық корпорациялар. Олар үшін әлем халықтарының бір мәдениетті пайдаланатын, ұқсас дүниетанымды- ғы, ұқсас шаруашылығы бар, ұлттық құндылықтарды керек етпейтін бейұлттық тобырға айналғаны пайдалы. Сонда АҚШ-қа және әлем байлықтарына ие болып отырған трансұлттық корпорацияларға әлем халықтарын бағындыру, табиғат ресурстарын сору оңай болады. Әлемдік осындай әзәзіл саясаттың жетегінде кетсек Қазақстан тәуелсіздігі де, ұлт арманы да тәрк болары даусыз.

Демек, тиімді саясат Қазақстан мемлекетінің ғаламдану үрдістеріне дұрыс қосылуын қамтамасыз ететін саясат. Жаһандану (глобализация) жағдайында этникалық құндылықтар — тілді, этномәдениетті әлсірету, мемлекеттік егемендікті әлсірету ешқандай жақсылық әпермейді. Жаһандану үрдістерін ғылыми- техникалық прогресті, жаңа технологияны, өндірісті ұйымдастыруды, өнім сапасын жақсартуды, ғылыми ақпаратты қабылдауды, космосты игеруді, экологиялық мәселелерді, денсаулықты жақсарту мәселелерін шешуді жетілдіру сияқты маңызды салаларда табыспен пайдалануға болады. Жаһандану үрдістері екі жақты үрдістер. Оның пайдалы жағы ақпараттық ортақ кеңістік болуы арқасында көптеген жанды мәселелерді жылдам шешуге мүмкіндік туады. Өнеркәсіп өндірісін, экономиканы басқаруды, ғылым жетістіктерін пайдалануды унификациялау шаруашылықты дамытуды біршама оңайлатады. Ортақ шаруашылық, ортақ ақпараттық кеңістік жағдайында әлемдік соғыс пен бейбітшілік, экологиялық және техногендік дағдарыс, кедейлік пен аурулар, терроризм т.б. мәселелерді бірігіп шешу жеңілдейді. Бұл үрдістер тұрғысынан жаһандануға ену саясатын ынталандыру пайдалы. Әлемдік үрдіс ретінде жаһанданудан тыс қалу, оған қосылмау мүмкін емес.

Ашық демократиялық мемлекет жасауға ұмтылған Қазақстан жаһандану үрдістеріне кіріп те кетті. Бірақ жаһандану үрдістерінің ғаламдық билікке ұмтылатын державаларға тиімді екенін ұмытуға болмайды. Ал Қазақстан сияқты халқының саны аз мемлекеттер үшін бұл қауіпті. «Қайнаған қазанға» түскен қазақ халқымен бірге ел тәуелсіздігі де жұтылып кетілуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін нығайтатын кешенді стратегиялық саясатты дәйекті жүргізіп отыру міндет. Мемлекеттілікті нығайту арқылы ұлттық құндылықтарымызды нығайта аламыз. Сол себепті, Қазақстан Президентінің ел шекарасын, экономикалық тәуелсіздігін, халықаралық беделін күшейтуге бағытталған саясатын халық болып қуаттау парыз. Әлемдік жаһандану жағдайында жеке мемлекеттік билікті нығайту және оны ғаламдану үрдістерімен үндестіру саясатын нағыз тиімді саясат деп бағалауға болады. Осы саясатты мақсатты түрде жолға қою арқылы әлемдік жаһандану жағдайында мемлекеттілігімізді және ұлттығымызды сақтай аламыз.

Саясат-әлемдік құбылыс. Сондықтан саясатты жетік меңгеріп, оны мемлекетті нығайтуға пайдалана білу үлкен өнер. Дұрыс дамуды жолға қоятын саясат ел мен жер байлығынан қаржыны қажет етпейді. Ол қоғамды дамытушы интеллектуалдық субьективті факторға негізделеді. Адам білімі, кәсіптік біліктілігі, жаңашылдығы, өнері мен дүниетанымы оның саяси әрекеттері арқылы материалданып, қоғамды өзгертуші факторға айналады. Демек, тиімді саясатты іске асырушы адам факторы екен. Саясаттың тиімділігін арттыру үшін саяси элитаның тәрбиесіне ерекше назар керек. Білім беру жүйесінің сапасы, ақпараттық кеңістіктің мазмұндылығы, қоғамдағы пікірлер мен көзқарастар бостандығы демократия принциптерінің баяндылығына ғана әкелмейді. Толыққанды демократия тиімді саясатты жасайтын жаңашыл саяси элита кадрлерін тәрбиелеуге көмектеседі.

Универсалды демократия принциптері жаһандану үрдістерінің тарала түсуіне, мемлекеттердің саяси жүйелерінің унификациялануына итермелейді. Бұл әлі зерттелмеген құбылыс. Оның жағымды және жағымсыз салдарларын талдау алдағы міндет. Осылай бола тұра демократиялық, ашық қоғам құру жағдайында елдің түпкілікті мақсаттарын орындауға жұмылдыратын бірден-бір рухани күш тиімді саясат.

Өкінішке орай жаһандану үрдістерінің өте қауіпті әлемдік құбылыстарды тарату сапасы бар. Ол халықаралық терроризм, наркобизнес, трафик, халықаралық мафиялық топтар, діни экстремизм т.б. құбылыстар. Мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін күшті, тиімді саясат жаһандану үрдістерінің осы қауіпті жақтарына тосқауыл бола алады.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осы әлемдік үрдістерді терең түсінген және осы әлемдік талаптарға жауап бере алатын дәрежедегі саясаткер болуы ел халқы үшін зор игілік екендігін ашық айту парыз. Президент еңбектерінде ішкі, сыртқы және әлемдік саясат тиімділігі мәселелеріне ерекше назар аударылады. Тиімді саясаттың жолдары нақтыланады. Ел басшының ойларын бөлісе отыра мына мәселеге назар аудару қажет деп ойлаймыз.

Республикада кейбір саяси күштер жаһандану және демократияға бетбұрыс жасау себептерін желеу етіп, ұлттық және мемлекеттік мүдделерді аяқ асты етуді мақсат тұтады. Олар ел халқын этникалық келбеті жоқ тобыр етуді көздейді. Олай болса Қазақстанды трансұлттық корпорациялар мен әлемдік державалардың құзырында ұстау оңай. Ұлттық санасы оянған, мемлекеттілігі тастүйін елді ешкім қолжаулық ете алмайды. Сондықтан әлемдік бірігуді, әлемдік мәселелер басымдылықтарын желеу еткен топтар теледидардан, баспасөзден ұлттық мәні жоқ, Қазақстан халықтарына пайдасыз, ел халқының бірігуіне және және өзара татулығына қатысы жоқ мәдениет үлгілерін насихаттауда. Осыдан келер ұрпақтың ұлттық, елдік мүдделер үшін күрескерлік қабілетіне зиян келуде. Ортақ мемлекеттік мүдделерді түсінбейтін тобырдың қолындағы байлығын иемдену, табиғатын талан-таражға салу оңай. Нағыз тиімді мемлекеттік саясат қана осы құбылысқа тойтарыс бере алады. Трансұлттық бизнестің мүддесін Қазақстанның мемлекеттік мүдделерімен ұштастыра білетін саясат тиімді.

Саясат тиімділігінің маңызды белгісі оның мемлекет халқын тағдырлық міндеттер төңірегінде топтастыру қабілеті. Ол үшін мемлекет өз халқын біртұтас әлеуметтік күш ретінде тәрбиелеуі қажет. Халықтың стратегиялық саяси міндеттерді шешу жолында тастүйін болып топтасуы оның замана талаптарына төтеп беру қабілетін жасайды. Ортақ мақсаттар мен құндылықтарды орындауға жұмылмаған халықта келешек болмайды. Қазақстандағы ішкі саясат ең алдымен полиэтникалық қазақстандықтарды топтастырушы жинақтаушы және ұйытушы саясат болуы тиіс. Әсіресе рухани сферада, ақпарат пен идеологияда халықтың бірлігін, өзара түсіністігі мен татулығын, ел тұтастығын қамтамасыз ету маңызды. Аралық өркениет жағдайында өмір сүріп отырған Қазақстан үшін бұл мәселе тіптен маңызды.

Тиімді саясат қоғамды өтпелі кезеңнен толыққанды өркениетке көтеріп, жеткізетін саясат. Қазақстан өркениетті ел болса екен деген арман әрбір қазакстандықтың жүрегінде. Осы істе ең керегі елдің етек-жеңін жинап отыратын, оны үнемі алдағы негізгі мақсатқа жетелейтін, ел өмірінің барлық салаларын басқара білетін билік жүйесінің болуы. Күшті билік қана тиімді саясат жүргізе алады. Ал, күшті биліктің тек тоталитарлық билік болуы міндетті емес екені тағы да белгілі.

Бүгінгі саяси элитаның табысы ретінде оның біртұтас вертикалды билік жүйесін құра алуын айтуға болады. Елдегі саяси жүйенің тиімді саясаты нәтижесінде тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы биліксіздік дер кезінде тоқтатылды. Хаос пен анархияға жол берілген жоқ. Елдің быт-шытын шығаратын билікке таласу құбылыс болмады. Вертикалды билікке негізделген саяси жүйе сатылап, елді демократияландыру реформаларын жоғарыдан бастады. Сөз бостандығы, көппартиялық жүйе, парламентаризм, сайлау, т.б. сияқты демократия элементтері қалыптасу үстінде. Биліктен түрлі себептермен кеткен саяси элита өкілдері Қазақстанда оппозициялық қозғалыс негізін салуда. Өкініштісі елде билік пен оппозицияның қарым-қатынасын анықтайтын тиімді саясат жасалған жоқ. Осы құбылыстардан елдегі вертикалды президенттік билікті тоталитарлық билік жүйесіне жібермейтін демократияландыру үрдістері қабаттаса жүріп жатқандығын байқаймыз.

Ел болашағы баянды болу үшін билік бөлінісін тереңдететін, толыққанды демократияны қалыптастыратын саяси реформаларды жылдамдату қажет. Саясат тиімділігі өркениетті экономика мен өркениетті әлеуметтік-саяси қарым-қатынастар жасалуымен айқындалса керек. Бірақ, бұл міндет бірер жылда шешілмейтін шаруа. Ол үшін демократиялық эволюция болуы шарт. Тиімді демократияландыру саясаты халықтың өркениетті қоғамға тән саяси мәдениеті мен саяси санасы қалыптасқан жағдайда ғана түпкілікті нәтижесін беретіндігін әлемдік саяси тәжірибе дәлелдеп отыр. Демократия егілген дәнді дақыл сияқты бір жазда өнімін бермейді. Демократия жеміс ағашы сияқты жылдар бойы өсіп барып қана жемісін береді.

Демек, тиімді саясат мемлекет халқының басым көпшілігінің мақсат-талаптарына жауап беретін, қоғамның негізгі сфераларының ұдайы дамуына және жаңаруына жағдай жасайтын, елдің мемлекеттік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпалы бар, ішкі және сыртқы байланыстарды ойдағыдай жүргізетін саясат деп айтуға болады.

Айтылған ойлар саясат тиімділігіне қол жеткізу өте күрделі мәселе екендігін көрсетеді. Тиімді саясат қоғамды алға сүйрейтін қуатты субъективті факторға айналады. Қазақстан саяси басшылығы елді батыстық үстемшіл қоғамның жемі болуға тосқауыл болатын саясат жүргізе алса ғана саясат тиімді. Ондай саясат әлемдік өзгерістер мен талаптарға жауап бере алады. Қоғамдағы негізгі салалардың даму тыныстарын аша отырып, тиімді саясат мемлекеттің түпкілікті мақсаттарына қол жеткізеді.

Авторлық сілтеме:
Борбасов С. М. — саяси ғылымдарының докторы, профессор. Қазіргі саяси процестер (саясаттанудан көмекші оқу құралы). — Алматы: ҚазҰАУ. 2010

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *