Сонымен, қазіргі батыстық философиялық ойлаудың негізгі бағыттары, тәсілдері, өзекті идеялары ХІХ ғасырдың екінші жартысында анықталып қалған екен. Шопенгауэр, Кьеркегор, Ницше еуропалық классикалық философияның жеткен шегін, қайшылықтарын, дағдарысын негізінде дұрыс айыра біледі, негізгі ұстындарын, түсініктерін сынады, қайта қарау керек деген тұжырымға келді және осы идеяны жүзеге асыра бастады. Философияның мәні мен функциялары жаңаша анықталды. Жаңа, классикалық емес философия ғылым, ақыл, құндылық, прогресс сияқты ұғымдарға сын көзімен қарап, бұлар жөніндегі пікірді өзгертті. Мысалы, философияны ақыл-ойға арқа сүйейтін, сыртқы дүниенің, танымның заңдарын зерттейтін, дүниені танып, түсіндіріп қана қоймай, оны өзгертуге тырысатын ғылым деп танудың жеткіліксіздігін, уақыт талабына сай келмейтінін ашып берді. Ғылымның да, танымның да, ақылдың да шегі бар болып шықты.

Жаңа философия классикалық философия алға тартқан абстрактілі, жалпылама ұғымдардың (материя, субстанция, рух, табиғат, қоғам, прогресс, т.б.) орнына адамға қатысты, жекені, дараны, нақты реалдықты, қазіргіні бейнелейтін ұғымдар (индивидуалдық, тұлға, өмір, өлім, көңіл, тіршілік, ерік, жігер, үрей, жалғыздық, күнә, т.б.) ұсынды. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда бой көтерген рационализмнен бас тартып, философия иррационализмге ойысты. Логика мен методологияның орнына әдебиетте, діни түсінікте орын алатын интуицияға сенім артылды. Жеке мүдделерді ортақ мүддеге бағындыруды көздейтін ағартушылық моральға жаңа философия жеке адамның еркіндігін, құқықтары мен абыройын алға тартқан көзқарасты қарсы қойды.

ХХ ғасырдағы философиялық ойлау саласындағы әр алуан ағымдарды екі негізгі бағытқа жіктеуге болады: бірі – ғылыми теориялардың ғылымнан қашық концепциялардан айырмашылығын қарастыратын позитивистік (жаңа – кейінгі позитивистік) мектептер (позитивизм – лат. positivus – оң, орысша: положительный – ХІХ-ХХ ғасырлардағы батыс философиясындағы арнаулы ғылымдардың рөлін дәріптеп, философияның рөлін жоққа шығаруға тырысатын ағым), екіншісі – адам өмірінің мәнін, құндылығын, дүниедегі адамның орнын анықтаумен шұғылданатын гуманитарлық-антропологиялық бағыт.

Логикалық позитивизм (М. Шлик, Б. Рассел, Р. Карнап, т.б.) және лингвистикалық философия (Л. Витгенштейн) адам ойлауын «бүркемеленген мәнсіздіктен» арылтуға және адамдарды таза, нақты, тиімді ойлауға үйретуге айтарлықтай көңіл бөлді. Позитивистер философияға жаңа тәсілді – қалыптасқан қағидалардың дұрыстығына күмән тудырмайтын деректер және эмпириялық тексеру арқылы анықтауға мүмкіндік беретін верификация (лат. verus – шындық және facio – істеймін) тәсілін ұсынды. Бірақ философиялық қағидаларды деректер арқылы, эмпириялық жолмен тексеру мүмкін болмады.

ХХ ғасырдың танымал философы ағылшындық К.Попперден (1902-1994 ж.ж.) кейінгі позитивизм (постпозитивизм) бастау алады. Ол верификация тәсілінен бас тартып, оны ақиқат жолы ретінде тануға болмайтынын көрсетті. Ғылыми теория тек қана деректерге, тәжірибеге сүйене алмайды. Бұл жолмен біз философиядан ғана емес, көптеген физикалық, биологиялық теориялардан да теріс деп бас тартуға мәжбүр боламыз. Мысалы, Эйнштейннің салыстырмалы теориясын тәжірибеде сынай алмайсың. Ғылым мен ғылымға жатпайтын теорияларды тексеру үшін Поппер верификациядан басқа фальсификация – жоққа шығару тәсілін ұсынды (лат. falsus – теріс және facio …). Бұл тәсілге сүйеніп, ғылымға қатысы бар кез келген тұжырымды жоққа шығаруға болады. Ғылыми танымның дамуы батыл болжамдарды ұсынып, оны жоққа шығару арқылы жүзеге асады. Ешбір деректер мен оқиғалар жоққа шығара алмайтын теория догма болып табылады, яғни ғылымға жатпайды. Ғылым философиясы, Поппердің пікірінше, білімнің мызғымас негізін, іргетасын іздеп әуре болмауы керек; оның міндеті ғылыми білімнің өсуін қамтамасыз ету.

Поппер ХХ ғасырдың екінші жартысында әлеуметтік ғылымдардың дамуына мол үлес қосты. Ол Маркстің теориясын «историцизм» деп атайды және тұтас қоғамның болашағын болжап білу мүмкін емес деп есептейді. Ол қоғам дамуының объективтік заңдарын жоққа шығарады. Өмірде бәрі теориядағыдай болып шықпайды. Әр елдің өзіндік ерекшеліктері бар. Қытай қоғамының дамуы АҚШ-тың дамуындай болуы міндетті емес. Дүниені революциялық жолмен бірден өзгертуге тырысатын «утопиялық рационализмге» Поппер өзінің әлеуметтік проблемаларды біртіндеп және ретімен шешуді көздейтін «сыни рационализм» деген концепциясын қарсы қойды. ХХ ғасырдың екінші жартысында, ХХІ ғасырдың басында қоғам дамуы шынында да революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен – реформалар арқылы жүзеге асуда.

ХХ ғасырдың аяқ кезінде өрістеп дами бастаған ғылым философиясы жаңа іргелі теориялармен, бағдарламалармен толықты. Олардың қатарына: Т. Кунның «Ғылыми революциялардың құрылымын», И. Лакатостың «ғылыми-зерттеу бағдарламаларын», М. Поланидың «көмескі білімін», К. Поппердің «ғылыми жаңалықтардың логикасын» жатқызуға болады. Сөйтіп, ХХ-ғасырдың екінші жартысында ғылым философиясы философияның дербес саласына айналды.

Байырғы философиялық проблема – адам өмірінің мәні мен мазмұны – ХХ ғасырда тағы да алға шықты. Бірінші дүниежүзілік соғыс қоғам, адам, болашақ, зерде жөніндегі оптимистік ағарту идеологиясының күйреуіне әкеліп соқтырды. Өмірдің ойдағыдай ағымына және Құдайдың рақымшылығына сенімін де, үмітін де жоғалтқан адамның өмір жөнінде түңілуі, «бүйтіп өмір сүру керек пе, жоқ па?» деген сұрақтың тууы жаңа философиялық бағыттардың, атап айтқанда, өмір философиясының және экзистенциализмнің пайда болуына себеп болды. Бұлар алға тартқан мәселелер: өмір, тіршілік (экзистенция), адамның нақты болмысы, еркіндік, талғам, жатсыну, жауапкершілік, т.б.

М. Шелер негізін қалаған философиялық антропологияның өкілдері адам мәні, адам табиғаты туралы ойланып толғанды. Барлық философиялық мәселелер адамнан басталып, адаммен аяқталатынын баса көрсетті.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және соғыстан кейін діни философия бас көтерді; оның өкілдері адамдардың күшке, басқыншылыққа (агрессия), соғыстар мен төңкерістерге бастайтын идеологияға наразылығын дөп басып дәл бейнеледі. Кейбір діни оқымыстылар дәстүрлі теологияны адамның көкейкесті сұраныстарымен ұштастырып, дінді адамдарға жақындатуға әрекет жасады.

Еуропада тоталитарлық тәртіп орнап, ұлттық араздықтың, нәсілшілдіктің, антисемитизмнің жалпы психозы етек жая бастаған шақта жалғыздықтың үрейі адамды таптарға, бұқараға қосылуға, топ ішіне жасырынуға, күшті мемлекеттік машинаның тетігіне айналуға мәжбүр етті. Адамдар дербес тұлға ретінде емес, көппен болып, көппен бірге әрекет жасауды қалады, жауапкершіліктен қашты. Бейсаналықтың етек жаюын, адамның өзінің қайталанбас тұрпатын жоғалтып алу қаупін, кісінің азып-тозуының қорқынышын сезген философтар, психологтар және психиатрлар З. Фрейдтің адамның мінез-құлқындағы, іс-қимылындағы бейсаналықтың рөлі жөніндегі ілімін жандандырып, ілгері дамытты. Америкалық философ Э. Фромның еңбектері негізінде жаңафрейдизм деген ағым қалыптасып, адам болмысының, тіршілігінің қайшылықтарын қарастырды: адам өмірін құрудың патриархалдық және матриархалдық процестері, авторитарлық және гуманитарлық сана, адам характерінің қанаушылық және көнбістік түрлері, адамдардың іс-қимылының иемденушілік және болмыстық тәсілдері (Фромның «Иемдену және болу» – «Иметь или быть» деген белгілі шығармасы бар), адамның экстистенциалдық және тарихи тіршілігі, тұлғаның даму процесіндегі екі түрлі жол: теріс «бірдеңеден еркіндік» («свобода от») және оң «бірдеңеге еркіндік» («свобода для») т.б. Фромм өз шығармаларында адамның еркіндікті қаламауының, «еркіндіктен қашуының» себептерін қарастырады және адам еріксіз жағдайда адам болып өмір сүре алмайтынын, басыбайлы құлдық заманы артта қалғандығын, адамның еркіндікке бет бұруы заңдылық екенін ашып көрсетеді.

ХХ ғасырда гуманитарлық ғылымдар жедел қарқынмен дамып, жаңа проблемалармен, таным тәсілдерімен толысты. Лингвистикада, әдебиеттануда, тарихта, этнографияда, өнертануда, психологияда, әлеуметтануда Маркстің еңбектерімен қатар М. Вебердің, О. Шпенглердің, У. Ростоудың, Р. Аронның, т.б. зерттеулері нұсқау болды. Қоғамдық ғылымдарға құрылымдық-функционалдық зерттеу тәсілі ене бастады. Қоғамның дамуымен бірге нақты өмір сүруіне назар аударылды (анализ развития и функционирования общества).

Француз оқымыстысы, философ-этнолог, құрылымдық антропология концепциясын жасаған Клод Леви-Стросс (1908-2009 ж.ж.) қауымдық қоғамдағы туысқандық, некелік жүйелердің, дәстүр, салттар мен әдет-ғұрыптардың, аңыздардың құрылымын ұзақ жылдар бойы зерттеді. Ертедегі және қазіргі, тағы және өркениетті қоғамдарға ортақ құрылымдық формаларды зерттеу арқылы Леви-Стросс қоғамға тән «жалпы заңдылықтарды» ашты, сөйтіп, структурализмнің негізін қалады.

Тағы бір француз философы, мәдениет тарихшысы Мишель Фуко (1926-1984 ж.ж.) «білім археологиясын» қарастырды, яғни өркениеттің, мәдениеттің, ғылымның тарихын зеттеуде құрылымдық тәсілді ұтымды пайдаланды. Француз философы, жаңамарксизм бағытының белді өкілі Луи Альтюссер (1918-1990 ж.ж.) структурализмді марксизммен байланыстырып, маркстік методологияны құрылымдық тәсілмен толықтырмақ болды.

Батыс философиясының ХХ ғасырдың екінші жартысындағы танымал бағыттарының бірі герменевтика болды. Бұл бағыттың философияға қосқан қомақты үлесі философияға түсінік проблемасын негізгі проблемалардың бірі ретінде енгізгені. Мәдениет, философия, дін, әдебиет мұраларын бағалауда және пайдалануда классикалық мәтіндерді (текстерді) жете, нақты түсіне білудің маңызын атап көрсетті. Классикалық философияда, герменевтика өкілдерінің пікірінше, логикаға, гносеологияға, методологияға баса көңіл бөлініп, солардың түпкі нысанасы болып табылатын (түсінбегесін ойлап неге керек, түсінбегесін танымнан не пайда, түсінікке бастамайтын тәсілден не қайыр, т.б.) түсініктің назардан тыс қалуы ақылға сыймайды. Түсінікке мән бермеудің салдарынан философия ойлаумен, зердемен, ұғымдармен ғана шектеліп, сезімге, эмоцияға, көңілге, жүрекке, интуицияға, қиялға мән бермейді. Классикалық туындыларды оқумен, білумен іс бітпейді, оларды түсіну керек; тарихты танумен іс бітпейді, тарихты түсініп, одан сабақ алу керек. Адамдардың қарым-қатынасында, мәдениеттер сұхбатында түсінік шешуші рөл атқарады. Герменевтика түсінудің жолдарын, тәсілдерін, тәжірибесін ашып берді.

Герменевтиканың негізін қалағандар неміс философтары Ф. Шлейермахер (1768-1834 ж.ж.), В. Дильтей (1833-1911 ж.ж.), М. Хайдеггер, т.б. Дей тұрғанмен, философиялық герменевтиканың проблемаларын мейлінше толық, терең және мазмұнды түрде өз шығармаларында («Ақиқат және әдіс», «Философия және герменевтика», «ХХ ғасырдың философиялық негіздері», «Тіл және түсінік», «Түсініктің шеңберінде», т.б.) баяндап берген Ханс Георг Гадамер (1900-2002 ж.ж.) болды. Адам өміріндегі түсініктің ерекше рөлін сипаттай отырып, Гадамер оны дүниені танитын, әрекет жасайтын, бағалайтын адамның өмір сүру тәсілі деп көрсетеді. Дүниені рухани тұрғыдан игеруде теориялық таным жеткіліксіз болады, сонымен бірге өмір тәжірбиесі, тарих тәжірибесі, өнер тәжірибесі ескерілуі керек. «Мәтіндерді түсіну және түсіндіру – бұл ғылымның ғана міндеті емес, сонымен бірге айқын түрде бүкіл адамзат тәжірибесінің жиынтығына қатысты». (Гадамер Х.-Г. Истина и метод: Основы философской герменевтики. – М.: Прогресс, 1988, С.38). Мұндай тәжірибе түсінік арқылы жинақталады. Қазіргі замандағы батыс философиясының классигі М. Хайдеггердің пікірінше, түсінігімен адам «қай жерде де өз үйінде бола алады».

ХХ ғасырдың аяқ кезінде аты шығып, әлемге танымал болған француз философы, структурализмнің соңғы кезеңінің өкілі Жак Деррида (1930 ж.) құрылымдық талдауға, психоанализге, семантикаға арқа сүйей отырып, философиядағы жаңа сөз, жаңа тәсіл, жаңа леп деп танылған деконструкция деген ұғымды негіздеді. Деррида Ницшенің, Фрейдтің рухани мұрасын жалғастыра отырып, дәстүрлі философияны («метафизиканы») сынаудың жаңа жолдарын көрсетпек болады. Метафизиканы сынау ХІХ, ХХ ғасырлардағы бүкіл батыс ойлау машығын сынау болып табылады. Бірақ бұл сын сырттан емес, іштен, деконструкцияның көмегімен сынау: мәтіндерді оқып, талдай отырып, оларға тән ішкі қайшылықтарды ашу. Сонда мәтіндердің мазмұны өзінен-өзі іштей ашылады. Мәтін, сөйтіп, сыналады және жаңа мағынаға ие болып қайта құрылады. Ж. Дерриданың «Грамматология туралы» деген еңбегінен үзінділер аударған философ және мәдениеттанушы Ә. Қодар орынды атап көрсетеді: «Егер Дерриданың ойлау тәсіліне келсек, ол деконструкция деп аталады. Оның өзгешелігі егер модернизм кезеңінде сын дәстүрді құлату, жою, күйрету құралы болса, деконструкция сынаса да, сын объектісін жоюға тырыспайды. Керісінше, оның бүге-шегесіне жетіп, қайта тірілтуге бейім» (Батыс философиясының антологиясы. – Алматы, 2002, 451 б.). Структуралистер, мысалы М. Фуко, қазіргі замандағы әлеуметтік құбылыстарды қарастырғанда дискурс деген ұғымды, тәсілді (франц. discour – сөз) пайдаланудың тиімділігін көрсетті. М. Фуконың жұмыстарында дискурс сөз бен істің жүйесін әлеуметтік тұрғыда ұйымдастырудың жолдарын анықтайды. Сөз бірдеңе жөнінде айтып қана қоймайды, оны түсіндіреді, сөйтіп, өзінің түпкі негіздері мен себептерін ашады. Кейбір нәрселерді, ақыл-ой арқылы түсіну қиын, мысалы ессіздікті (безумие), өлімді, т.б. Дискурстық тұрғыдан олардың өздерін «сөйлетіп» қою керек: ессіздік өзі жөнінде өз тілінде айтсын.

Қазіргі батыс философиясында классикалық философиядағыдай философиядағы негізгі бағыттардың (идеализм мен материализм) қарама-қарсылығына баса көңіл бөлінбейді. Себебі материализм мен идеализмді анықтайтын ойлаудың болмысқа, материяның санаға қатынасы туралы мәселе қазіргі батыс философиясында мәнін жойды деуге болады. Батыс философиясынан біз қазір материализм мен идеализмнен гөрі реализмді, шындықты бетке ұстайтын ниетті айқын байқаймыз. Біз көпке дейін философия басқа да қоғамдық сана формалары: мораль, дін, саясат, идеология, т.б. сияқты белгілі бір қоғамдық күштердің, таптардың мүддесін көздейді деп ойлап келдік. Қазіргі Батыс философиясында бұл дәстүр де күшін жойды. Қазіргі философия Батыста да, бізде де жеке адамдардың, тұлғаның болмысына көңіл бөліп, соларды мазалаған мәселелерге жауап іздеуде.

Батыс философиясына жалпы шолу жасай отырып, біз бұл еңбегімізде ондағы барлық мектептерге, ағымдарға, классиктерге тоқталып жатуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Кітаптың көлемі бұған мүмкіндік бермеді. Бұл арада да біз философияның (айталық, Батыс философиясының) тағылымына, сабақтарына, тәлім-тәрбиелік үлгілеріне, даналыққа, түсінікке назар аударуды жөн көрдік.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *