Қазақстанға тәуелсiз мемлекет болу бағыты оңай келген жоқ. Жетпiс жылдан астам өмiр сүрген Кеңес Одағының күйреуi ауыр салдарларға толы болды. КСРО өмiрiндегi дағдарыстық құбылыстардың барлығы оның құрамында болған халықтарға мұра болып қалды. КСРО-ның дағдарысқа ұшырап, құлау үрдiсiнiң өте жылдам жүруiнiң себептерi көп. Әлемдегi ең күштi, ең қуатты әскери держава 4-5 жылда ыдырап кеттi. Қазақстанды егемендiкке жеткiзген Кеңес империясының күйреу себептерi неден болғанын бiлу маңызды. Себебi, бұл құбылыстың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени себептерi тереңде. Алдымен социалистік теорияның жасанды, қате теория болғанын айтқан жөн. Қате теориялық қағидалар негiзiнде дұрыс дамтылмай, әдiлеттi қоғам орнатуға болмайтын едi. Экономикалық теориядағы қателiктер негiзiне байланысты Кеңес Одағында шығынды экономика қалыптасты. Адамдардың материалдық-экономикалық жеке мүдделерi мемлекеттік этатистiк мүдделерге қайшы келдi. Ортақ экономика мен ортақ байлықтың нақты жаны ашитын иесi болған жоқ. Ортақ байлықтар мен ресурстар бей-берекет жұмсалды. Тиiмдiлiкке, үнемдiлiк пен сапаға негiзделген Батыстың капиталистік экономикасы социалистік экономиканы шаңына iлестiрмей кеттi. Социализмнiң Кеңес Одағындағы моделi экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік-этникалық тұрғыдан да өзiн ақтаған жоқ. Қоғамдық өмiрдiң негiзi түгел дерлiк терең дағдарысқа ұшырады. Кеңес халықтары КСРО-ның адам мен халықтар келешегiн қамтамасыз ете алмайтындығын түсiндi. Одақтың терең экономикалық дағдарысы халықтың моральдық- психологиялық дағдарысына ұласты. Кеңес Одағындағы социализм деформацияланған, мүлдем бұрмаланған қоғам екендiгiн халықтар бiлдi және осындай қоғамнан құтылуға ұмтылды. «Халық бақыты» ұранымен жасалған социалистік идея өзiн ақтаған жоқ.

Кеңес Одағы көп ұлтты мемлекет едi. Алайда елде дұрыс, әдiлеттi ұлт саясаты болған жоқ. Ұлттық өмiрдiң даму заңдылықтары схематизмге бағындырылды. Одақта барлық халықтар үшiн түрi — ұлттық, мазмұны — социалистік мәдениет және орыс тiлi ресми насихатталды. Елдегi 130-дан астам iрi және ұсақ халықтардың тарих аренасынан жойылуы және жойылып кету үрдiсi басталды. Кеңес халықтарының басқарушы КОКП-ның (Кеңес Одағы Коммунистiк партиясы) ұлт саясатына наразылығы туды. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерiлiсi, Вильнюстегi, Бакудегi, Тбилисидегi антикоммунистiк көтерiлiстер Кеңес Одағының шаңырағын шайқалтты. Себебi, ешбiр халықтың коммунизм идеясы үшiн құрып кеткiсi келген жоқ. Кеңес Одағы оның құрамындағы халықтардың бостандық пен егемендiкке ұмтылысынан құлады.

Кеңес Одағының жетекшi партиясы болған КОКП тек ұлт саясатында ғана емес экономикалық саясатта да, басқару жүйесiн ұйымдастыруда да, келешектi болжауда да қателiкке ұшырады. Сапаға емес санға негiзделген шығынды экономика қалыптасты. Ғылымды, адам қабiлетiн, технологияны дамыту орнына Кеңес Одағында табиғат ресурстары аяусыз қаналды. Қазiргi экологиялық дағдарыс себептерi де осыған байланысты. Саяси жүйеде әмiршiл- әкiмшiл басқару үстемдiк құрды. Барлық мәселелердi бiр орталықтан -Мәскеуден шешуге ұмтылыс жергiлiктi жерлердiң мүмкiндiгiн шектедi. Коммунистiк партия өмiр шындығына сәйкес келмейтiн коммунистiк қоғам құру, дамыған социализм, социализмдi жетiлдiру деген жалған идеялармен, ұрандармен халықты алдап, утопиялық санамен өмiр сүрдi. Социализмдi жалғандық пен жасандылық құртты.

Социалистік даму кезеңi қазақ этносына өте ауыр қайғы-қасiрет әкелдi. Коммунистiк элита ұлан-байтақ жерi бар қазақ ұлтын репрессиялау, ассимиляциялау, мәңгүрттендiру арқылы жою мақсатын ұстанды. Қазақстан жерi Ресейдiң меншiгiне айналуының патшалық билiк жүргiзген саясатын большевиктiк билiк iстерi жасырын жалғастырды. Қазақ ұлтының шаруашылық ұйымдастыру тәжiрибесiн меңгерген әлеуметтік топтары — байлар мен ауқатты шаруалар құртылып жiберiлдi. Халықтың ұлттық менталитетi, қоғамдық-саяси санасы оған жат, жалған таптық, бөлiнушiлiк идеологиясымен ауыстырылды. Жұрт жалған идеология мен жасанды құндылықтарға бiртiндеп сене бастады. Қарапайым халық коммунистiк идеологияның қолшоқпарына айналып, 70 жыл iшiнде ұлттық санадан, тарихи дәстүрден, ұлтжандылықтан алшақтады. Қазақ ұлтының 3 ұрпағының санасы мен дүниетанымы деформацияға ұшырады. Осы рухани трагедияның кесiрiн қазақ ұлты әлi күнге дейiн сезiнуде.

Байлар, ауқаттылар және қазақтың бiлiмдар, iскер, патриот азаматтары атылды. Зорлықпен ұжымдастыру саясаты салдарынан 1931-1933 жылдардағы аштық елдi қырып салды. Азамат соғысы кезiндегi қырғын, Ұлы Отан соғысындағы жойқын опат, оның алдындағы ашаршылық апаты 1916 жылы 6 млн. адам болған қазақ халқының 4 миллионын жойып жiбердi. 30 жылдай мерзiмде социалистік революция мен социалистік тәжiрибе қазақ ұлтының 1/3-iн қырды. Адамзат тарихында мұндай қасiреттi бастан кешiрген халықтар кемде-кем.

Этноцидтiк қыру саясаты 1960-1980-жылдары жаппай — орыстандыру саясатына ұласты. Коммунистiк идеологияның — бiр тiл мен бiр мәдениет‖ ұраны қазақ ұлтының мәдени-рухани ассимиляциялануын тереңдете түстi. Ана тiлi мен төл мәдениетiнен безiнген, тiптен оны менсiнбейтiн орыстық шовинистiк идеологияға бас ұрып, маргиналданған қазақ элитасы мен интеллигенциясы қалыптасты. Олар өзiнiң төл ұлттық құндылықтары мен мүдделерiнен безiнiп, орыстық, империялық құндылықтар мен мүдделер позициясына көштi. Маргиналданған элита қазақ халқының болашағы жоқ деп есептедi. Қазақтың төл мемлекеттiлiгi құрылған шақта осы топ мүшелерi өздерiнiң сан жылдар бойы санасына сiңген орыстандыру саясатынан құтыла алмады. Егемендiк алған соң отарсыздандыру саясатының жүргiзiлмегендiгi, коммунистiк доктриналарға қарсы белсендi үгiт- насихат болмауы, ұлттық тiл мен мәдениеттiң дағдарыстан шықпауы Қазақстанның саяси элитасының дүниетанымы мен әрекетiндегi осындай қайшылықтарға байланысты.

Ақпараттағы, тiлдегi, дәстүрлер мен дiлдегi орыстану тәуелсiздiк алғаннан кейiн де тоқтамауы елдiң саяси дамуына, демократиялық реформалануына өзiнiң әсерiн тигiзбей қойған жоқ. Бiрiншiден, Қазақстан көп мәселеде Ресейдiң империялық саясатына тәуелдiлiктен шыға алмады. Соның кесiрiнен экономикалық реформалар мен iрi экономикалық-финанстық және инвестициялық жобалар Ресей мемлекетiнiң мүдделерiн есепке алып отырды. Екiншiден, саяси дүниетаным мен саяси реформалар Ресейдiң саяси-әкiмшілік жүйесiне өте ұқсас болды. Парламентаризм, сот билiгi, билiк тармақтарының нақты бөлiнуi, жергiлiктi билiк құзырының нығайтылуы сияқты демократиялық қоғам негiздерi нашар дамыды. Вертикальды президенттiк басқаруға негiзделген атқарушы билiк екi елде де мықты. Демек, Ресейдегi сияқты Қазақстанда да авторитарлық саяси жүйе мен атқарушы билiктiң басымдылығы сақталды.

Әрине Қазақстанда Батыстың дамыған демократиясы мен саяси жүйесiн қысқа мерзiмде жасау мүмкiн емес. Қазақстанның басқарушы элитасында саяси реформалар жасаудың, тәуелсiз мемлекеттi басқарудың тәжiрибесi мүлдем болған жоқ. Қазақ элитасы саяси бай тарихы бар, тәжiрибелi орыстық басқарушы элитаға ерiксiз жалтақтады. Бұрынғы метрополиядан үйренгiсi келдi. Қазақтың орыс тiлдi элитасы Ресеймен бiрiгуге, одақтасуға, тiптен оған бодан болуға құштарлық көрсетiп келедi. Қазақстанның саяси элитасында ұлттық сiлкiнiс, ұлттық патриотизм жетiспедi. Кеңес Одағы құлағаннан кейiн саяси билiктi иемденген этноэлита ұлттық мақсат мүдделер деңгейiнен шыға алмады. Тәуелсiздiктiң 1991-1995 жылдардағы алғашқы кезеңдерi тым терең дағдарыста болуының себебi де осында.

Қазақ ұлты тәуелсiздiктi ғасырлар бойы аңсады. Үш ғасырға жуық Ресей империясының бодандығында болу қазақ халқын бiртiндеп құру табалдырығына әкелдi. Бодандық жалғаса берген жағдайда қазақ этносы ұлттық белгiлерiнен айрылып, ассимиляцияланған тобырға айналатыны сөзсiз болатын. Оның кең байтақ, табиғи байлықтарға толы жерi басқа халықтың иелiгiне айналған болар едi. Қазақ ұлтының осындай ауыр қасiретке ұшырамауы үшiн ең алдымен тәуелсiз мемлекет құру ауадай қажет едi. Егемендi мемлекет құру iсi саяси тәуелсiздiк алудан басталды. Қазақ халқының саяси тәуелсiздiк алуына ХХ ғасырдың 80- жылдарында Кеңес Одағының терең дағдарысқа ұшырауы қолайлы жағдай туғызды. Сол кезеңдегi тарихи-саяси ахуалды пайдаланып, Қазақ КСР-iнiң ұлтжанды өкiлдерi және сол кезеңдегi республика басшылығы Қазақстанды қақтығыссыз, бейбiт жолмен Кеңес Одағы құрамынан шығарып, егемендi мемлекет етудiң жолдарын қарастыра бастады.

Ол үшiн бiрiншi кезекте, Қазақ КСР-iн тәуелсiз жеке мемлекет ретiнде жариялау қажет болатын. Қазақ КСР-iнiң бұрынғы сөз жүзiндегi, жасанды саяси статусын толыққанды саяси тәуелсiз мемлекет статусына айналдыру мiндетiн шешу жеке мемлекет болуға жол ашатын едi. Республика басшылығы сол кезеңде ерекше сабырлық пен салқынқандылық танытты. Себебi, елдiң этнодемографиялық ахуалы тым күрделi болатын. 1991 жылы қазақтар ел халқының 41%-ын құрап, 6,8 млн.-ға жетсе, орыстар тұрғындардың 37%-ын құрап 6,2 млн. болды. Украиндықтарды, беларусьтер мен немiстердi қосқанда славян-христиан тектестер Қазақстан халқының тең жарымнан астамын құрайтын. Әсiресе, солтүстік және шығыс аймақтарда қазақтар аз едi. Мұндай жағдайда Қазақстанның тәуелсiздiгiн жариялауды аса сақтықпен, елдегi түрлi халықтардың саяси көңiл-күйiн есепке ала отырып, iске асыру өзiн ақтады. Елде этникалық теке тiрес, қайшылықтар болған жоқ. Қазақстан халқы республиканың жеке тәуелсiз мемлекетке айналуы саяси ахуалдың объективтi себептерiнен туған тарихи қажеттiлiк екендiгiн дұрыс түсiндi. Қазақстан басшылығы елдегi саяси тұрақтылық пен этникалық татулықты сақтай отыра егемендiкке келдi.

Кеңес Одағы әлемдiк социализм тiрегi ретiнде әлемдiк империализммен үнемi күресу жағдайында өмiр сүрдi. Жанталаса қарулану ел байлығының қомақты бөлшегiн жұтып отырды. Ел байлығы жасампаздыққа, адамды тәрбиелеуге емес қайтарымсыз қорғаныс пен соғысқа дайындыққа жұмсалды. Миллиардтаған қаржы Ауғанстандағы, Вьетнамдағы, Таяу Шығыстағы, т.б. соғыстарға жiберiлдi. Одақ экономикасы капиталистік елдермен жарыста осы шығындарды көтере алмай дағдарысқа ұшырады. Одақтың әскери-өнеркәсiп кешені Батыстан технологиялық жарыста да ұтылды. Компартия Батыспен соғыс құралдарын өндiруде жарысқа түсем деп бейбiт өндiрiс салаларын дамытуға мұршасы келмедi. Ғылыми технологиялық инновация және сапалық дамуда Кеңес Одағы Батыстан мүлдем артта қалып, дағдарысқа ұшырады.

Кеңес Одағы КОКП-ның қате стратегиялық таңдаулары кесiрiнен адамзаттық ортақ өркениеттiң дамуының сара жолынан шығып қалды. Жасанды социализм Кеңес Одағын толық дағдарысқа ұшыратты. Осындай түбегейлi себептердiң нәтижесiнде Кеңес Одағы құлап, оның құрамындағы 15 одақтас республикалар жеке-жеке тәуелсiз мемлекеттерге айналды. Шовинистiк, ұлы державалық саясатқа негiзделген мемлекет тарих аренасынан алыстады. Бұл iстi 1991 жылы 8 желтоқсанда Ресей Федерациясы, Беларусь және Украина басшылары заңдастырды. Олар Минск қаласында бас қосып, 1922 жылы қабылданған КСРО-ны құру туралы келiсiмшарт күшiн жойғандығын мәлiмдедi. Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) құрылғаны жарияланды.

Славян республикалары құрған ТМД-ға Кеңес Одағына екiншi дүниежүзілік соғыс нәтижесiнде қосылған Латвия, Литва, Эстония республикалары қосылудан бас тартты. 80-жылдардағы ұлттық қозғалыстардан кейiн бұл халықтар Кеңес Одағының және социалистік жүйенiң дағдарысқа ұшырап, күйреуiне психологиялық дайындықпен келдi. Славян республикалары ТМД құрып, Орта Азия мен Закавказье республикаларын шет қалдыруды көздегенiмен, соңғылары ТМД-ға өз ерiктерiмен қосылуды қалады. Себебi, тәуелсiздiктi нығайту үшiн Кеңес Одағы құрамынан өркениеттi әдiстермен, дау-дамайсыз шығу керек болды. ТМД-ның құрылуын дұрыс пайдаланбағандықтан ұтылып қалатынын бiлген Қазақстанның басшылығы Алматы қаласында 1991 жылы ―Алматы декларациясын‖ қабылдауға қол жеткiздi. Сол жылы 20 желтоқсанда ТМД төңiрегiндегi өзектi мәселелердi талқылау үшiн Алматыға Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей Федерациясы, Тәжiкстан, Түрiкменстан басшылары жиналып, 21 желтоқсанда сағат 17-де қорытынды құжаттарға қол қойды. ―Алматы декларациясы‖ бойынша ТМД-ға 11 мемлекет құрылтайшы болды. Грузия ТМД-ға тек 1993 жылы ғана кiрдi. Бас кезiнде олар тек бақылаушы ретiнде қатысты. ТМД бұрынғы республикалардағы шекаралық мәселелердi шешу үшiн КСРО-дан қалған қарыздарды бөлiп төлеп, экономикалық қарым- қатынастардың үзiлуi салдарын әлсiрету үшiн керек болды.

―Алматы декларациясы‖ ТМД-ның құрылып, КСРО-ның өмiрiн аяқтаған шешушi құжат болды. Бұған дейiнгi 8 желтоқсанда қол қойылған ―ТМД-ның құрылуы туралы келiсiм‖, ―ТМД-ны құру туралы келiсiм хаттамасы‖ сияқты құжаттармен бiрге ―Алматы декларациясы‖ ТМД-ның iргетасын қалады.

ТМД-ның мықты, ұйымдастырушы ұжым бола алмағаны анық. Бiрақ бұл ұйым өзiне жүктелген қызметтердi жаман-жақсы орындап шықты. ТМД үйлестiру шеңберiнде бұрынғы республикалардағы көптеген даулы мәселелердi ушықтырмай шеше алды. Ең бастысы бұрынғы Одақ мүшелерiнiң көпшiлiгiнде нарықтық экономика негiзiн бiрге қалап, тоталитарлық саяси жүйеден өркениеттi елдерге тән демократиялық саяси жүйеге өтудiң кешендi реформалары басталды. Құқықтық мемлекет құру iсiне демократиялық принциптердi және жалпыадамзаттық құндылықтарды басшылыққа алатын конституцияларды қабылдауға негiз болды. 1991-2006 жылдар аралығын Қазақстанның тоталитарлық этатистiк социализмнен демократиялық өркениеттi қоғамға қарай жылжуының транзиттi кезеңi деп бағалауға болады. Қазақстан Президентi Н.Ә. Назарбаев елдiң саяси жүйесiнiң реформалану үрдiсiне баға бере келе, елдiң егемендiк жағдайда дамуын 4 кезеңге бөлдi. Бiрiншi кезең 1991-1995 жылдар. Тәуелсiздiктiң жариялануынан бастап, 1995 жылғы Конституция қабылданғанға дейiнгi даму кезеңi. Бiрiншi кезең Қазақстанның әлеуметтік- экономикалық өмiрiндегi терең дағдарыспен сипатталады. Ел осы кезеңде дезинтеграциялық процестердiң ауыр салдарымен күрестi, Қазақстанның егемен мемлекеттiлiгiнiң iргетасы қаланды. Демократиялық саяси жүйенiң де негiзгi элементтерiн жасау шаралары жүрдi. Бiр партиялық жүйенi көп партиялық жүйе алмастырды. Саяси плюрализм коммунистiк идеологияны ығыстырды. Осы кезеңде Қазақстан басшылығы ―алдымен экономика, одан кейiн саясат‖ принципiн ұран еттi. Себебi, Қазақстан халқының материалдық әл-ауқаты өте нашарланған болатын. Мысалы, халықтың жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiм көлемi 1989 жылғы 2200 доллардан, 1994 жылы 400 АҚШ долларына дейiн төмендеген болатын. Халықтың кедейленген топтары 60%-ға жеттi. Сондықтан дағдарысқа қарсы батыл реформаторлық шаралар керек болды. Саяси жүйе экономикалық дағдарысты жеңу үшiн вертикальды президенттiк басқаруға сүйендi. Президенттiк күштi билiк Қазақстанды экономикалық және саяси аласапыраннан шығаруда шешушi рөл атқарды.

Экономикалық және әлеуметтік дағдарыстың белең алу жағдайында 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өзiнiң мемлекеттік егемендiгiн жариялады. Әлемнiң саяси картасында тағы бiр тәуелсiз ел пайда болды. 1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасының атауы арнайы заңмен Қазақстан Республикасы болып өзгертiлген болатын. 16 желтоқсанда қабылданған ―Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы‖ Конституциялық Заңында елдiң саяси жүйесiн түбегейлi өзгертудiң негiзгi принциптерi белгiлендi. Заңның 1-бабында ―Қазақстан Республикасы — тәуелсiз, демократиялық және құқықтық мемлекет‖, — деп жарияланды (3).

Аталмыш заңның 18-бабы ел конституциясының негiзiне айналды. Тәуелсiз Қазақстанның жаңа саяси жүйесiн жасаудың қиын да күрделi үрдiсi басталды. Iшкi және сыртқы саяси бағыттар конституция мен заңдар негiзiнде анықталатын болды. Жеке партияның, саяси топтың мақсаты мемлекеттiң саяси жүйесiне таңылмайтын жаңа саяси ахуал қалыптасты. Осыған сүйенген саяси жүйенiң демократиялық эволюциялануы реформалар арқылы iске асырыла бастады. Демократияның заңдық алаңда өрiстеуi, саяси реформалардың заңды талаптармен iске асырылуы қолға алынды.

―Ел басқа мемлекеттермен өзара қатынасын халықаралық құқық принциптерi бойынша құрады,-делiндi. Сонымен бiрге мемлекеттiң бүкiл территориясында ел конституциясы мен заңдары, сондай-ақ ол таныған халықаралық құқықтық нормалары қолданылады‖, -деп жарияланды (4).

Заңнан Қазақстан дамыған, өркениеттi мемлекеттердiң саяси жүйелерi үлгiлерiне бетбұрыс жасағанын байқаймыз. Өркениеттi елдерде қалыптасқан, саяси сыннан өткен демократиялық құндылықтарға Қазақстан да ден қойды. Тәуелсiздiк алысымен елдiң ресми билiгi демократиялық, құқықтық мемлекет орнату саясатын жүзеге асыра бастады. Қазақстанның саяси жүйесi өркениеттi мемлекеттер таныған халықаралық құқық нормаларымен қоса елдiң iшкi саяси, әлеуметтік және этникалық ерекшелiктерiн есепке алып отыруды мақсат тұтты. Қазақстанда билiктiң қайнар көзi халық екендiгi танылды. Мемлекет, билiк субъектiлерi тек жалпыхалықтық мүдделерге қызмет iстеуге тиiстi болды. Социлистік қоғамдағы мемлеттік мүдде ендi халықтық мүддеге бағындырылды. Халық мемлекетке емес, мемлекет халыққа қызмет ететiн саяси жүйенi қалыптастыру саяси реформалардың негiзгi басымдылығына айналды.

Саяси реформалар Қазақстанда экономикалық реформалардың алдына түсiп кетпегендiгiн ескерткен жөн. Кеңес Одағының құрсауынан шығу кезiндегi экономикалық дағдарыстың, саяси реформалардың қарқынына шешушi ықпал жасағандығы анық. Саяси тәуелсiздiк алуды толыққанды экономика тәуелсiздiкке ұластырғанда ғана Қазақстанның болашағы сенiмдi болатын. Сондықтан Қазақстанда экономикалық, базистiк өзгерiстер бiрiншi кезекте iске асты. Оның ортақ социалистік, жоспарлы экономикадан өзiн-өзi реттейтiн нарықтық экономика жасаудан басталғаны белгiлi. Қазақстан экономикалық қиыншылықтарды жеңе бастасымен саяси өмiрдi жаңарту iсiне, саяси реформаларға батыл қадам бастады. Экономикалық және саяси жаңартудың кейде қос қабат жүруi де болды.

Қазақстанның тәуелсiздiк алуы саяси жүйенi өзгерту шараларынан басталды. Кеңес Одағының құрамдас бөлшегi ретiнде Қазақстанда қалыптасқан социалистік әмiршiл-әкiмшiл саяси жүйе күйретiлiп оның орнына өркениеттi елдерге тән демократиялық, құқықтық саяси жүйе жасау iсi бiрден және батыл түрде басталып кеттi. Қазақстанның либералдық бағыттағы саяси жүйеге бетбұрыс жасау үрдiсi Кеңес Одағы күйремей түрып-ақ басталған болатын. Ескi саяси жүйенi тарату, демократиялық саяси жүйеге бетбұрыс жасау iсi 1990 жылы 25 қазанда қабылданған ―Қазақ ССР-iнiң мемлекеттiк егемендiгi туралы декларациядан‖ бастау алды.

Егемендiк туралы декларация Қазақстанды өз тағдырына өзi ие, iшкi және сыртқы саясатын өзi айқындайтын, бiртұтас бөлiнбейтiн шекарасы бар тәуелсiз мемлекет ретiнде жариялады. Декларацияда Қазақстан халқы мемлекеттiң иесi және саяси билiктiң негiзi болады,-деген принцип жарияланды. Демек, саяси жүйенiң ел халқының өзектi мүдделерiне қызмет етуi таңдалды. Билiктiң халық алдында есебi мен жауапкершiлiгiнiң саяси негiзi қаланды. Саяси жүйенiң барлық сегменттерiнiң заңдарға бағынып қызмет жасау қажеттiлiгi атап көрсетiлдi.

Қазақстанның саяси жүйесi билiктiң бөлiну принципiне нақты түрде бағындырылды. ―Мемлекеттік егемендiк туралы Декларацияда‖ Қазақстан тарихында алғаш рет ең жоғары лауазымды мемлекет билiк иесi ретiнде президент билiгi енгiзiлдi. Жоғарғы әкiмшілік-атқару билiгi президентке берiлiп, заң шығарушы билiк сол кездегi Қазақ КСР-i Жоғары Кеңесiне жүктелдi. Конституция мен заңдарды қатардағы азаматтардан бастап, жоғарғы лауазымды қызметтерге дейiн қатаң орындауын сот билiгi қадағалайтын болды. Декларацияда алғаш рет Қазақстан заңдарының ел аумағында Кеңес Одағының заңдарынан басымдылығы жарияланып, Қазақстан шын мәнiндегi халықаралық саясат субъектiсiне айналдырылды. Декларациядағы түбегейлi саяси өзгерiстер ел экономикасының нарықтық қатынастарға, бетбұрыс жасауымен қатарлас жүретiн үрдiстер ретiнде бағаланды. Елде тұңғыш рет меншiк түрлерiнiң әр алуандылығы бекiтiлiп, оның елдiң әлеуметтік құрылысының әр алуандылығына әкелетiндiгi жоспарланды. Әлеуметтік әр алуандылық саяси плюрализмге әкелетiндiгiн әлемдiк саяси тәжiрибе дәлелдеген болатын.

―Қазақ ССР-iнiң мемлекеттiк егемендiгi туралы Декларация‖ Кеңес Одағының өмiр сүруi жағдайында жарияланғанымен Қазақстанның саяси тәуелсiздiгiне жол ашқан маңызды құжат болды. Бұл құжат саяси сферадағы көптеген тағдырлық мәселелердi ел халқының түбегейлi мүдделерiне сәйкес Қазақстанның өзiнiң шешушi құқығын белгiлеп бердi. Қазақстан өзiнiң ұлттық байлықтарына өзi ие, iшкi және сыртқы саясатын өз мақсаттары мен құндылықтарына сәйкес анықтайтын егемендi мемлекет болуға бетбұрыс жасады.

Осы құжаттан бастап Қазақстанда постсоциалистік және посттоталитарлық трансформациялану кезеңi басталды. Бұл кезеңдi транзиттi қоғам немесе өтпелi дәуiр деп те атайды. Осы өтпелi кезеңнiң бiрiншi сатысы 1991-1995 жылдарды қамтыды. Оны — Қазақ ССР-iнiң мемлекеттiк егемендiгi туралы декларациядан‖ бастап, 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының өмiрге келуiмен шектеуге болады. Өтпелi кезеңнiң екiншi сатысын 1995 жылдан бастап, 2000 жылмен шектеуге болады. Бұл кезеңде Қазақстан посткоммунистiк дағдарыстан толық шығып, дамудың даңғыл жолына түсе алды. Қазақстандағы саяси жүйе де осы он жыл аралығында қалыптасты. 2000 жылдан бастап, Қазақстанның саяси жүйесiнiң жетiлу, жаңа сапалық белгiлерге ие болуының үшiншi кезеңде дамуы деп бағаладық. Он жыл мерзiмде Қазақстанның саяси жүйесi де бүкiл Қазақстан қоғамымен бiрге өтпелi кезеңнен өттi.

Қазiргi төртiншi кезеңдi Қазақстан Республикасының өркениеттi мемлекет құру кезеңi ретiнде бағалауға болады. Саяси жүйенi реформалау мақсаты — демократиялық, әлеуметтік және құқықтық мемлекет құру. Сондықтан елде саяси модернизация үрдiсi әлi бәсеңдеген жоқ. Саяси жүйенiң негiзгi институттарының қызметiн демократияландыру мiндеттерi шешуде. Ондағы мақсат елдегi билiктiң негiзгi тармақтары арасындағы билiк бөлiнiсiн және өзара бақылау мен тепе-теңдiктi қамтамасыз ету. Саяси реформалар президент, парламент, сот билiктерiнiң ұйымдық-құқықтық негiздерiн ғана анықтап қоймай, атқарушы үкiмет билiгiнiң жергiлiктi атқарушы және өзiн-өзi басқару органдары билiгiнiң, саяси партиялар мен саяси қозғалыcтар қызметтерiнiң негiзгi бағыттарын, принциптерiн және заңдық нормаларын анықтап берудi де мақсат еттi. Саяси реформалар үрдiсi елдегi саяси институттар қызметтерi толыққанды сапаға ие болып, тұрақтанғанша жүргiзiле бермек. Мемлекеттiң саяси жүйесi өзгерген экономикалық iргетасқа, қоғамдық қатынастарға толық сәйкес болғанда ғана реформалар түбегейлi өзгерiстердi талап етпейтiн жағдайға келедi. Олай болуы саяси жүйенiң өркениеттiлiк және демократиялық сипатқа келуi деп бағаланады.

Қазақстан Республикасындағы саяси жүйенiң дамуына елеулi ықпал жасаған құжат елдiң 1993 жылы қабылдаған тұңғыш Конституциясы болды. Шын мәнiнде елдегi толыққанды саяси транзиттi бiрiншi конституция бастап бердi. Бiрақ әмiршiл-әкiмшiл жүйеден жаңа ғана босанып шыққан Қазақстан қоғамы мен халқы демократия принциптерiн толық қабылдауға дайын емес болатын. Ел халқының саяси санасы да, саяси мәдениетi де социалистік қоғам талаптары мен дәстүрлерiнен арылмаған едi. Әсiресе, басқарушы элита социалистік қоғамдағы әмiршiл-әкiмшiл тәртiп әдiстерiнен құтыла алған жоқ. Сондықтан транзиттi қоғамның бас кезiнде қабылданған 1993 жылғы конституцияда белгiленген парламенттiк-президенттiк басқару жүйесi өзiн ақтамады. Парламентаризм дәстүрi тым мардымсыз болып, елде билiксiздiк етек ала бастады. Парламент қабылдаған заңдардың орындалуы тым нашар халде қалды. Билiкте нақты iстер емес толассыз тартыстар, сөз жарыстары орын алды. Орта билiктiң аймақтарға ықпалы нашарлады. Қабылданған шешiмдердiң орындалмауы көрiнiс бердi. Экономиканы және әлеуметтік саланың дамуында берекесiздiк сипаттар күшейе түстi. Кеңес Одағы күйрегеннен кейiнгi елдегi iрi өнеркәсiп орындарының бiрiнен кейiн бiрi жұмысын тоқтатуы елде жұмыссыздық пен кедейшiлiк мәселесiн бiрiншi кезекке шығарды. 1994 жылы дағдарыс шегiне жеттi. Ел халқының 85%-ы кедейшiлiктiң төмен деңгейiне түстi. Сол жылы Қазақстан халқының 250 мыңнан астамы таяу және алыс шет елдерге кетуге мәжбүр болды. Елде өрши түскен демографиялық дағдарыс басталды.

Өтпелi кезеңнiң осындай терең дағдарыстары мен қайшылықтарынан парламенттiк билiк шығара алмайтындығы анық болды. Экономикадағы берекесiздiк жағдайды ретке келтiру үшiн күштi вертикалды атқарушы билiктi нығайту қажеттiгi туды. Осындай жағдайда елдегi заңдық кеңiстiкке түбегейлi өзгерiстер мен тәртiп әкелетiн жаңа конституцияны жасау iсi қолға алынды. Қазақстан Республикасының екінші конституциясының негiзгi принциптерi мен идеяларын елбасы Нұрсұлтан Назарбаев анықтап бердi. Жаңа конституцияның негiзгi мақсаты — елдiң саяси жүйесiнде вертикальды президенттiк билiктi нығайту. 1995 жылғы конституция елдi парламеттiк-президенттiк республикадан президенттiк республикаға айналдырды. Елде түбегейлi саяси реформалар үрдiсi басталды.

Саяси реформалардың мақсаты — Қазақстанның деңгейiн өркениеттi мемлекеттер деңгейiне көтеру. Ол үшiн әлем халықтарының озық саяси, экономикалық және құқықтық үлгiлерiн Қазақстан жағдайына сәйкестендiрiп алу керек болды. Бiрiншi кезекте, дамыған мемлекеттердiң демократиялық құндылықтарын қабылдау мiндетi тұрды. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының маңызды халықарлық құжаттарында негiзделген саяси және демократиялық құндылықтар мен принциптер Қазақстан қоғамының дамуын анықтайтын Конституциясында көрiнiс тапты. Екiншi конституцияның ерекшелiгi оның президенттiк билiктi күшейте отыра, елде демократиялық қоғам негiздерiн қалауында болды. Елдегi саяси реформалардың мән-мағынасы осы стратегиялық мақсатқа бағындырылды. Ол мақсат конституцияның 1-бабында — Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретiнде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы-адам және оның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары‖,- деп айқындалды.

Конституция елдегi қоғамдық қатынастарды азаматтардың, халықтардың еркiндiгi, теңдiгi және өзара татулығы принципiнде топтастырды. 130-дан астам ұлыстар мен диаспоралар өкiлдерi қазақ ұлтымен тең жағдайда ел заңдарына бағынып, өмiр сүруге тиiс болды. Саяси реформалардың келесi өзектi мiндетi билiк институттарын ел халқына есептi және жауапты ету. Осы мiндет конституцияда ―мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы — халық‖ деген қағидалық принциппен бекiтiлдi. Саяси реформалардың түйiндi мәнiн конституция халықтың әлеуметтік, этникалық, материалдық және моральдық мүдделерiн қорғайтын, нарықтық экономиканың әлеуметтік бағытын қамтамасыз ететiн мемлекет билiк институттарын құру деп белгiледi. Мемлекет билiк үшiн емес, халық үшiн қызмет ететiн саяси жүйенi қалыптастырудың күрделi де эволюция үрдiсi басталды.

Саяси реформалардың түбегейлi мақсаты — елдегi билiктiң үш тармағының: атқарушы, заң шығарушы, сот билiктерiнiң толыққанды жұмыс жасауын қамтамасыз ету. Алайда дамудың бастапқы кезеңiнде демократиялық билiкке тән бұл сапаны iске асыру мүмкiн болмады. Себебi, транзиттi қоғамда атқарушы билiктiң басым болуы экономиканы тез арада қалпына келтiру, шикiзат көздерiне иелiк жасау, халықтың әлеуметтік, этникалық, материалдық және моральдық мүдделерiн тиiмдi қорғау үшiн қажет болды. Бұл мiндеттi вертикальды президенттiк билiк ойдағыдай бастады.

Қоғамның саяси жүйесiнiң жетiлуi және жаңа шындықтарға сай қызмет жасауы адам құқықтары мен бостандықтарының да ойдағыдай қорғалуына қатысты. Өркениеттi, демократиялық елдерде бұл мәселе ең маңызды саяси құндылық ретiнде бiрiншi кезекте тұрады. Саяси жүйе адамның меншiгiн, бостандықтарын, дамуын қамтамасыз етiп отырады. 1948 жылы БҰҰ қабылдаған — Адам құқықтарының жалпыға ортақ Декларациясында‖ барлық нәсiлдер мен халықтардың саяси теңдiгi адамдардың теңдiгiне негiзделiп жарияланады. Мемлекеттiк билiктiң мiндетi осы құжатта негiзделген — әрбiр адамның өмiр сүруге, бостандыққа және жеке басының қауiпсiздiгiне құқы бар екендiгiн қамтамасыз ету. Сонымен қатар саяси жүйе ―барлық адамдар заң алдында тең, оларды алаламай, заңмен тең дәрежеде қорғайды, — деп көрсетiлген.

Мемлекеттiң саяси жүйесiне қойылатын әлемдiк өркениет талаптарына сай саяси реформалар жасауды Қазақстанның басқарушы элитасы басты мақсат етiп қойды. Тәуелсiздiк алғаннан кейiн Қазақстан мемлекетi реформалар арқылы эволюциялық даму жолына түстi. Саяси жүйе әлемдiк демократия стандарттарына қарай батыл қадамдар жасай бастады. Бiрақ тәуелсiз ел болған соң ел саяси жүйедегi елеулi кемшiлiктер мен қайшылықтарды сезiне бастады. Әсiресе, билiктiң елдегi ахуалға басшылық жасауға, реттеп отыруға қабiлетсiздiгi байқалды. Өтпелi кезеңде елде қылмыскерлiктiң барлық түрлерi өрши түстi. Әлеуметтік әдiлетсiздiк, байлық пен кедейлiктiң алшақтауы асқынды. Елдiң экономикалық дамуы шет ел инвесторларына тәуелдi бола түстi. Мемлекеттiң басқару органдарында ұйымдасқан жемқорлық, коррупция күшейдi. Көптеген аймақтарда экологиялық ахуал шиеленiсiп кеттi. Елдегi оппозициялық күштер аталған объективтi қайшылықтар мен қиыншылықтарды желеу етiп, басқарушы элитаға қарсы шабуылдарын үдете түстi. Соның нәтижесiнде Қазақстанда саяси қатынастар шиеленiсiп, 90-жылдардың бас кезiнде экономикалық дағдарыстың саяси дағдарысқа ұласу қаупi туды.

Саяси жүйе қызметiндегi елеулi олқылықтар басқарушы элита өкiлдерi мен қатардағы азаматтардың заңдарды бұзуға немесе орындамауға жол бергендiгi. Осының нәтижесiнде қабылданған шешiмдер мен заңдардың орындалмауы орын алды. Екiншi қайшылық Қазақстанда Батыс мемлекеттерiнiң саяси жүйелерiнiң тәжiрибесiн қайталауға ұмтылудан туды. Батыс стандарттарын Қазақстанға жасанды көшiруге болмайтын. Себебi, елдегi саяси жүйенi Қазақстан қоғамының саяси тәжiрибесi мен саяси дүниетанымының тамырларын ескерiп қана жасауға болатын едi. Кеңестiк дәуiрде қазақ этносының саяси мәдениетi мен дүниетанымына елеулi нұқсан келдi. 70 жылға жуық елдiң саяси жүйесi өзiнiң этникалық тамырынан кетiп социалистік, әмiршiл- әкiмшiл жүйенiң құрамдас бөлшегiне айналды. Қазақ этносы өзiнiң саяси-танымдық кеңiстiгiнен мүлдем қол үзiп кете жаздады. Егемендi Қазақстанның саяси жүйесi жаңа жағдайда титулды қазақ этносының саяси дәстүрлерi мен тәжiрибесiн мiндеттi түрде есепке алуы керек болды. Ұлттық мұраттар саяси либерализммен толыққан құқықтық кеңiстiкте Қазақстанның түбегейлi жаңа саяси жүйесiнiң қалыптасу үрдiсi басталды. Бұл құбылыстың елде либералдық конституция қабылданғанға дейiн басталғанын атап өту жөн. Саяси жаңарудың бастапқы жылдарында елде саяси, әлеуметтік-экономикалық және сот-құқықтық реформалардың негiзiн қалаған көптеген заңдар мен жарлықтар қабылданды. Бұл үрдiс Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасы атауын өзгерту туралы 1991 жылғы 10 желтоқсандағы заңнан басталды. Осы заң бойынша елiмiз Қазақстан Республикасы деген атауды иелендi.

Ел атауы өзгертiлгеннен кейiн ғана ―Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Конституциялық Заңы қабылданды.

Аталмыш заңда ―Қазақстан Республикасы-тәуелсiз, демократиялық және құқықтық мемлекет, — деп жарияланды. Ел басқа мемлекеттермен өзара қатынасын халықаралық құқық принциптерi бойынша құрады, — делiндi. Сонымен бiрге мемлекеттiң бүкiл территориясында ел конституциясы мен заңдары, сондай-ақ ел таныған халықаралық құқық нормалары қолданылады,-деп жарияланды.

Конституциялық заңның осы бабынан тәуелсiздiк алған мезеттiң өзiнде-ақ Қазақстанның ресми билiгi демократиялық саяси жүйенi таңдағанын көремiз. Қоғамдық қатынастардың барлық салалары заңдармен реттелетiн болды. Мемлекеттің билiктiң қайнар көзi халықтың мүддесiн қорғайтын заңдар екендiгi айшықталды. Саяси реформалар Қазақстанда заңның диктатурасын орнатуды шешушi мақсат деп бiлдi.

1991-2010 жылдар аралығында Қазақстанда 1600-ден астам заңдар, заң күші бар Жарлықтар қабылданып ел өмірінің негізгі салалары түгел дерлік заңмен реттелетін ахуал қалыптасты. Отандық заңдық кеңістік қоғамдық қатынастардың демократиялануы, экономикалық және саяси реформалардың жедел жүруіне жол ашты.

Авторлық сілтеме:
Борбасов С. М. — саяси ғылымдарының докторы, профессор. Қазіргі саяси процестер (саясаттанудан көмекші оқу құралы). — Алматы: ҚазҰАУ. 2010

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *