Кадрлық саясат әлеуметтік басқарудың барлық түрлері мен нысандарының басты бағыты болып табылады, себебі адамсыз ешкандай саясатты жұргізуге мүмкін емес. Бұл жерде адам потенциалы дамуының жалпыұлттық стратегиясы және оны мемлекеттік әсер ету (тікелей және жанама) құралдарымен қамтамасыз ету туралы сөз қозғалып отыр.

Мемлекеттік кадрлық саясатты, арине тек жиынтық кадрлық потенциал дамуының жалпыұлттық страгиясы ретінде ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік саясаттың даму бағыты ретінде қарастыру қажет. Кадрлық саясат экономикалық, әлеуметтік, әскери, мәдениет, білім беру, ақпараттық, құқықтық, экологиялық, жастар, ішкі саясатпен қатар теңқұқықты орын алады. Мемлекеттік кадрлық саясатты мемлекеттің басқа да саяси салалық бағыттарымен салыстырмай оның мазмұнын, бағытын, кезеңін, басымдықтарын анықтау қиын болады. Сондай ақ саясаттың басқа да бағыттары кадрлық саясаттың әсерісіз өз жұмыстарын тиімді жүзеге асыра алмайды. Мемлекеттік кадрлық саясат кадрлармен үйлесімдік және перспективалық жұмыстардың барлық жүйесін қамтиды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік кадрлық саясаты негізінде әрбір мемлекеттік органда, мамлекеттік және жеке кәсіпорындарда басқару органдарының өзіне сай мақсаттары мен міндеттері және негізгі функцияларына сәйкес нақты өзіндік кадрлық саясаты жасалады. Ол аппарат (әкімшілік), оның құрылымы мен персонал арқылы жүргізіледі. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 1997 жылғы «Барлық қазақстандықтардың өсіпөркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» Жолдауындағы Қазақстан Республикасының 2030 жылға даму Стратегиясының жариялануы мемлекетті нақты қойылған мақсаттар мен міндеттерге сай реформалауға нық бағыттады [1]. «Қазақстан — 2030» стратегиясының ұзақ мерзімді «Негізгі міндеттермен ғана шектелетін кәсіпқой мемлекет» басымдығында Елбасы: «… Қазақстанда нарықтық экономика үшін оңтайлы болатын мемлекеттік қызмет пен басқару құрылымының осы заманғы тиімді жүйесін жасау, басым мақсаттарды іске асыруға қабілетті үкімет құру; ұлттық мүдделердің сақшысы бола алатын мемлекет қалыптастыру» міндетін қойды. Қазақстан Республикасының Президентінің Жолдауында көрсетілгендей жаңа кадр саясатын жүргізу, жаңа басқару тобын құру, мемлекеттік органдарды еліміздің бүгіні мен болашағына қызмет жасайтын кадрлар мен қамтамасыз етуді талап етеді [2].

Кез-келген мемлекеттің даму тарихын зерделеу арқылы оның бәсекеге барынша қабілетті болып қалыптасуы мен жалпы әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуын қамтамасыз ету тікелей кәсіби білікті мамандарға және оңтайлы жүргізілген кадрлық саясатқа байланысты екенін көруге болады. Осы ретте, біздің елімізде де мемлекеттік кадр саясатының мән-маңызы жоғары, өзектілігі өте ерекше. Соңғы жылдарға дейін белгілі себептермен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік кадр саясаты мәселесі арнайы тақырып ретінде қарастырылмады. Осы себепті кадр саясатының проблемалары мен жетілдіру жолдарына байланысты еңбектердегі тақырыпқа қатысты айтылған қандай да болмасын ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдарды саралап, жаңа деректер негізінде кешенді түрде талдап қарастыру қажеттігі туады.

Мәселенің зерттелу дәрежесі. Осы зерттеудің негізінде мемлекеттік кадр саясаты мәселелері бойынша шетелдік мен ТМД елдерінің ғалымдарының, яғни Н.Мэннинг, Н.Парисон, Е.В. Охотский, Е.И.Лукьяненко, А.И.Турчинов, В.Л.Абрамов, В.Р.Веснин, А.Г.Уткин, Л.Н.Иванова-Щвец, А.А.Корсакова, С.Л.Тарасова жұмыстары салынған. Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесі және кадрлық саясат мәселелерін зерттеу бойынша ғылыми бағыттар А.Байменов, М.Б.Мұхамедов, Б.Сырымбетұлы, С.Дүйсенбекова, Ж.У.Қыдыралина, М.С.Нұртазин Х.Н.Сансызбаеваның жұмыстарында берілген. Дегенмен, зерттеліп отырған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару жүйесіндегі кадрлық саясаттың салмақты үлесі бар екенін деректер негізінде ашып көрсету күрделі зерттеулерді қажет етеді [3].

Зерттеу жұмысының мақсаты. Диссертациялық зерттеудің басты мақсаты — Қазақстанның қоғамдық-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріндегі жүргізіліп отырған мемлекеттік кадр саясатының мазмұны мен маңызын жаңа көзқарастар тұрғысында талдай отырып, оның жұмыс істеу тәсілдерін ашып көрсету. Осыған байланысты зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылып отыр: — мемлекеттік қызметті ұйымдастыруда кадр саясатын жүзеге асырудың теориялық негіздерін зерттеу; — мемлекеттік кадрлық саясаттың жүзеге асырылу жағдайын талдау; — мемлекеттік кадрлық саясаттың құқықтық қамтамасыз етілу ерекшеліктері; — Қазақстан Республикасында мемлекеттік кадрлық саясаттың мәселелері және жетілдіру бағыттарын ұсыну.