Азаматтық-құқықтық шарттар әртүрлі негіздер бойынша жіктеледі. Шарттарды түрлерге ажырату белгілерінің ішінде дәстүрлісі де және жаңасы да бар. Дәстүрлі белгілерінің қатарына тараптардың саны, нысаны, шарттың экономикалық мазмұны, шарттық құқықтар мен міндеттердің пайда болу кезі деген белгілер жатқызылады.

Ең алдмен, барлық шарттар өзінің заңдық бағыттылығына қарай, соңғы (негізгі) және алдын ала жасалатын шарттар болып бөлінеді.

Соңғы (негізгі) шарт материалдық құндылықтардың көшуімен байланысты, тараптарда құқықтар мен міндеттерді тікелей туындатады, яғни: тауарды беру, жұмыс жасау, қызмет көрсету,ақша төлеу және т.б.

Алдын ала жасалатын шарт – бұл тараптардың соңғы шартты болашақта жасайтындығы туралы келісімі. Осы алдын ала жасалатын шарттан материалдық құндылықтардың көшуімен байланысты құқықтар мен міндеттер туындамайды. Ол тараптарда болашқта шарт жасасу міндетін туындатады және әрбір тарапта бір-бірінен негізгі  шарт жасасуды талап ету құқығын туындатады. Алдын ала жасалатын шарт заңды күшке ие болады, онда көзделген құқықтар мен міндеттер мемлекет күшіне сүйенеді. Ол келесі жағдайда көрініс табады. Алдын ала шарт жасасқан бір тараптың негізгі шартты жасасудан жалтарғаны екінші тарапқа шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы талаппен сотқа жүгіну құқығын береді, сонымен қатар соңғы, негізгі шартты уақытылы жасамағаны салдарынан келтірілген барлық шығындардың орнын толтыру туралы талаппен жүгінуге мүмкіндік береді. Алдын ала жасалатын шарт осындай заңды салдар туындату үшін, алдын ала жасалатын шартта негізгі шарттың мәнін, сондай-ақ басқа да елеулі жағдайларын белгілеуге мүмкіндік беретін ережелер болуға тиіс. Мерзімі туралы ереже шарттың елеулі ережесі болып табылмайды. Егер негізгі, соңғы шартты жасасу мерзімі туралы ереже белгіленбесе, онда ол алдын ала жасалған шартты жасалмаған деп тануға негіз болмайды. Мұндай жағдайда олар көздеген шарт алдын ала жасалған кезден бастап бір жыл ішінде жасалуға тиіс.

Алдын ала жасалатын шартты ниеттер туралы хаттамадан немесе ниеттер туралы келісімнен ажырату қажет. Ниеттер туралы келісімде тек тараптардың болашақта шарттық қатынастарға түсу тілектері ғана көзделеді, яғни олар өз тілектерін білдіреді және ол келісімде көрініс табады. Бірақ ниеттер туралы хаттаманың тараптары бір-бірінің алдында ешқандай заңды міндеттеме атқармайды. Олар болашақта шарт жасасу туралы өз тілек ниеттерін білдіреді, бірақ өздеріне ешқандай заңды міндеттеме алмайды, сондықтан ниеттер туралы хаттаманың бірде-бір қатысушысы қандай да бір шартты жасасу туралы сот арқылы  заңды талаптана алмайды.

Бір жақты және өзара шарттар ажыратылады. Олар шарт қатысушыларының арасында құқықтар мен міндеттердің бөлінуіне қатысты  ажыратылады.

Бір жақты шарт бойынша бір тарапта тек құқықтар туындаса, ал екінші тарапта тек міндеттер қалыптасады. Мысалы, заем шарты бойынша заем берушіде ақша сомасын қайтаруды талап ету құқығы ғана туындайды, оған ешқандай міндет жүктелмейді. Ал заемшыға белігіленген мерзімде қарызға алынған ақша сомасын қайтару міндеті жүктеледі, ол заем берушіге қатысты ешқандай құқықтарға иеленбейді. Мұндай шарттар сирек болса да кездеседі. Көпшілік шарттар өзаралық сипатқа ие. Мұндай шарттарда әр тарапта құқықтар мен қатар міндеттер де болады. Мысалы, сатып алу-сату шарты. Сатушыда сатып алушыдан сату сомасын төлеуді талап ету құқығы бар, ал сатушыда сатып алушының меншігіне сатылған затты беру міндеті жатыр. Сондай-ақ сатып алушыда сатушыдан сатылған затты меншігіне беруді талап ету құқығы бар, бірақ онда сату бағасын төлеу міндеті жатыр.

Барлық шарттар олардың қатысушыларының пайдасына жасалатын шарттарға және үшінші жақтың пайдасына жасалатын шарттарға бөлінеді. Олар жасалған шарттың орындалуын кімнің талап етуіне қатысты ажыратылады. Тәжірибеде кездесетін көпшілік шарттар, бұл оларды жасайтын тұлғалардың пайдасына жасалатын шарттар. Азаматтық айналымның қатысушылары шарттық қатынасқа ең алдымен өз мүдделері үшін, яғни шарттың орындалуын талап етуге құқылы болу үшін түсетіндігі әрине қалыпты жағдай.

Алайда, азаматтық заңнамамен үшінші жақтың пайдасына жасалатын шарттарға да жол беріледі және шарттың жасалуына қатыспаған осы үшінші тұлға шарттың орындалуын талап ету құқығына ие болады. Яғни, тараптар несие берушіге емес, шартта көрсетілген немесе көрсетілмеген және борышкердің міндеттемені өзінің пайдасына орындауды талап етуге құқығы бар үшінші жаққа борышкер орындап беруге міндетті деп көрсеткен шарт үшінші жақтың пайдасына жасалған шарт болып танылады.

Шарттар ақылы және ақысыз деп бөлінеді. Олар материалдық құндылықтардың ауысу сипатына байланысты ажыратылады. Шарт бойынша тарап өз міндеттемелерін орындағаны үшін ақы алуы немесе бір-біріне бір нәрсе беруі керек болса, бұл ақылы шарт болып табылады. Мысалы, сатып алу-сату шарты. Сатушы сатылған затты сатып алушыға береді және сол арқылы қарсы мүліктік ұсыныс тудырады, яғни сатып алушы оған ақша береді. Әрекет етуші заңнаманың күшіне сай ақылы сипатқа көптеген шарттар ие. Алайда, азаматтық заңнама, сонымен қатар, ақысыз шарттар жасасауды да қарастырады.

Бір тарап екінші тарапқа одан ақы алмай немесе ешнәрсе бермей бір нәрсені ұсынуды міндетіне алған шарттар ақысыз шарттар қатарына жатқызылады. Ең көп тараған ақысыз шарт-сыйға тарту шарты, онда сыйға тартушы сыйға алушының меншігіне қандай да бір затты береді, ал сыйға алушы оған қарсы ешқандай мүліктік ұсыныс жасамайды.

Барлық шарттар жасалу негіздемесіне қарай ерікті және міндетті болып бөлінеді.

Ерікті шарттар толығымен тараптардың қалауымен жасалады. Әрбір тарап сол шартты жасау немесе жасамау мәселесін өздері шешеді. Ол шарт еркіндігі қағидасынан бастау алады. Көпшілік шарттар – бұл ерікті шарттар. Ешкімде екінші тарапты шарт жасасуға мәжбүрлей алмайды, яғни шарт жасасу міндеті көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүрлеуге жол берілмейді.

Міндетті шарттар – бұл ең болмаса, бір тарапқа міндетті болып табылатын шарттар. Мысалы, алдын ала шарт жасасу тараптарды соңғы, негізгі шартты жасасуға міндеттейді. Мұндай жағдайда соңғы шарт міндетті шарт рөлінде танылады.

Міндетті шарттардың қатарына жария шарты жатқызылады. Коммерциялық ұйыммен жасалған және өз қызметінің сипатына қарай оған өтінішпен келетін әркімге қатысты жүзеге асырылатын тауарларды сату, жұмыстарды атқару немесе қызмет көрсету жөніндегі оның міндеттемелерін белгілейтін шарт жария шарт деп танылады. Мысалы, бөлшек сауда, көпшілік пайдаланатын көлікпен тасымалдау, байланыс қызметін көрсету, энергиямен қамтамасыз ету және т.б. Жария шартының әрекет етуі экономикалық тұрғыда әлсіздеп танылған тұтынушы атты тарапты қорғау қажеттілігімен негізделеді. Осы орайда, азамат-тұтынушы үлкен сауда фирмасымен шарттық қатынасқа түсу барысында экономика тұрғысынан тараптардың тең емес екендігі айдан анық.

Жасасу әдісіне байланысты шарттар өзара келісілген шарттар және қосылу шарттары болып бөлінеді.

Өзара келісілген шарттар – бұл ережелері осы шарттың барлық тараптарымен белгіленетін шарттар. Ондай шарттар өте көп.

Қосылу шарттары – бұл ережелері тек бір тараппен белгіленетін және екінші тарап бұл шартты басқа тараппен белгіленген ережелерге қосылу сияқты бір ғана әдіспен жасалатын шарттар. Бұл шартты жасасудың басқа әдістері жоқ. Бұл ережелер қандай да бір формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда анықталады.

Ережелерді өзара белгілеу мүмкін болмаған жағдайда қосылу шарттары аса қажетті болып табылады. Мысалы, әуе тасымалдауы кезінде. Егер әуе компаниясының әрбір жолаушысы тасымалдау ережесін белгілейтін болса, онда көпшілік тасымалдау мүмкін болмай қалады. Сондықтан әуе компаниясы өзі тасымалдауды жүзеге асыра алатын ережелерді таңдайды, ал жолаушы осы ережелерге қосылады.

Сонымен қатар, АК шарттың аралас деген түрінде қарастырады. Тараптардың заңдарда көзделген түрлі элементтері бар жасасқан шарты, аралас шарт деп танылады. Мысалы, сатып алу-сату мен мердігерліктің, тасымалдау мен сақтандырудың, тапсырма мен мүлікті сенімгерлікпен басқарудың элементтерінің болуы. Ең көп тараған аралас шарттың бірі үлестік құрылысқа ивестициялық контракт болып табылады.

Шарттарды пәні бойынша жіктеу ең кең ауқымды болып табылады. Бұл жіктеу заң әдебиеттерінде кеңінен талқыланған. Аталмыш белгі бойынша шарттар төрт сыныпқа бөлінеді, оның үшеуі қазіргі таңда дәстүрліге айналған, ал төртіншісі кейінгі он жылдықта қарқынды түрде қалыптасуда. Бірінші сынып –мүлікті меншікке, өзгеде заттық құқыққа (шаруашлық жүргізу құқығына, оралымды басқару құқығына) немесе пайдалануға беру шарттары. Бұл сынып ерте римдік терминологиясында «даре» («dare») деп аталады.

Оның құрамына сатып алу-сату шарттары, оның ішінде бөлшектеп сатып алу-сату шарты, тауар жеткізілімі шарты, келісім-шарт жасасу, энергиямен жабдықтау және кәсіпорынды сату шарттары, сонымен қатар, айырбас, сыйға тарту, рента және өмір бойы асырауда ұстау, мүлік жалдау, прокат (лизинг, көлік құралын экипажымен жалдау, үйлер мен ғимараттарды жалдау, кәсіпорынды жалдау шарттары қоса), тұрғын үйді жалдау және мүлікті тегін пайдалану шарттары кіреді.

Екінші сынып жұмыс атқару туралы шарттарды қамтиды және «фацере» («facere») деп аталады. Бұл сыныппен мердігерлік шарты (оның ішінде тұрмыстық мердігерілік және құрылыс мердігерлігінің шарты), жобалау және іздестіру жұмыстарына мердігерлік шарты, мемлекеттік қажеттіліктер үшін мердігерлік жұмыстарды орындауға мемлекеттік контрактілер қамтылады.

Үшінші сынып қызмет көрсету бойынша шарттар немесе «престаре» («praestare») деп аталады және ол шарттардың басты айырмашылығы, оларды орындау барысында жаңа зат жасалмайды, ал жолаушыларды, жүктер мен теңдеме жүкті тасымалдау бойынша (тасымалдау шарттары), заем және несие беру бойынша (заем және несиелік шарттары, тауарлық және коммерциялық несиелер қоса), ақшалай талапты беріп қаржыландыру бойынша («факторинг»), банктік қызмет көрсету бойынша (банктік шот және банк салымы шарты), қолма қол емес есеп айырысу бойынша, сақтау, жеке және мүліктік, мүлікті сенімгерлікен басқару, ақысыз медициналық, аудиторлық, кеңестік, ақпараттық, туристік және т.б. қызметтер көрсету бойынша көптеген және пайдалы іс-әрекеттер орындалады.

Төртінші сыныпқа интеллектуалдық шығармашылық қызметінің нәтижелеріне айрықша құқықтарды пайдалану туралы шарттар және ноу-хау кіреді, олардың қатарына: ғылыми-зерттеу, тәжірибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды орындау туралы шарттары- ҒЗЖ және ТКЖ, айрықша және айырқша емес құқықтарды беру туралы авторлық шарттар, авторлық тапсырма шарттары, сабақтас құқық объектілерін пайдаланушыларымен шарттар, ҚР Патенттік ведомствасында тіркелетін патент беру және патентпен қорғалатын өнертабыс, пайдалы модельді және өнеркәсіптік үлгіні пайдалану құқығына айрықша, айрықша емес, ашық, мәжбүрлі лицензия және сублицензия беру туралы шарттар, тауар белгілері мен фирмалық атауды беру туралы немесе тауар белгісін пайдалану құқығына лицензиялық шарттар, соның ішінде коммерциялық концессияя шарты – «франчайзинг» шарты бойынша пайдалану шарты, қызметтік және коммерциялық құпияны, сонымен қатар өзге де қорғалмайтын жасырын ақпаратты (ноу-хау) беру шарттары кіреді.

Шарттық міндеттемелердің жекелеген түрлері туралы азаматтық құқықтың көптеген нормалары кәсіпкерлік және кәсіпкерлік емес қызмет аясынада қолданылады. Осыған қоса, осы нормалардың кейбіреуі кәсіпкерлердің арасындағы немесе олардың қатысуындағы тек шарттық қатынастарды ғана реттейді. Мысалы, бөлшектеп сатып алу-сату шартында сатушы болып тек қана тауарларды бөлшектеп сату бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлға ғана бола алады (АК 445-б.). Тауар жеткізілімі шартында екі тарапта тәртіп бойынша кәсіпкер болуы тиіс. Аталмыш шарт бойынша кәсіпкер болып табылатын сатушы – тауар беруші сатып алушыға өзі өндіретін немесе сатып алатын тарауларды кәсіпкерлік қызметке немесе жеке өзіне, отбасына, үй ішіне және сол сияқты өзге де пайдалануға байланысты емес өзге мақсаттарға пайдалану үшін келісілген мерзімде немесе мерзімдерде беруге міндеттенеді (АК 458-б.).

Пайдаланылған әдебиеттер:
А. С. Киздарбекова, Г. Б. Асетова
Кәсіпкерлік құқық: Оқулық. Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2011.- 281 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *