Қайта өрлеу философиясы батыста ХІV ғасырдың екінші жартысы мен ХVІ ғасырдың арасын қамтиды. Яғни Орта ғасыр мен Жаңа дәуірдің арасындағы қысқа кезең. «Ренессанс» деген француз сөзінің мағынасы — жандандыру, жаңғырту легенді білдіреді. Қазақстан қазір ренессанстық кезеңді бастан кешіп жатыр: дініміз, мәдениетіміз жаңғыртылып жатыр, тарихымызды қайта қарап, салт-дәстүрімізді түгендеп жатырмыз. Әр аймақта да, әр елде де осындай жаңғыртулар болып тұрады.

XVI ғасырда жаңа буржуазиялық қоғамдық қатынастар қалыптаса бастады, жаратылыстану ғылымдарының: физиканың, математиканың, астрономияның дамуымен байланысты тәжірибеге негізделген білім өріс алды. Бұл кезеңнің Қайта өрлеу деп аталуының мәнісі орта ғасырды қоғамдағы тоқырау кезеңі деп танып, енді Жаңа дәуірде антика мәдениетінің озық дәстүрлерін жандандыруға баса көңіл бөлінгенін аңғартады. Мыңжылдық орта ғасырдан алар үлгілер шамалы, неде болса мәдениет қарыштап дамыған антика заманына үміт арту керек болды. Н. Макиавелли айтқандай, «өліп қалған нәрселерді қайта тірілту керек болды. Атап айтқанда: 1) философияның негізгі объекті деп адамды тану; 2) діннің орнына философияның беделін көтеру; 3) философияның діннен гөрі ғылыммен, өнермен байланысын нығайту; 4) философияға қайтадан еркін сұхбатты енгізу.

Қайта өрлеу философиясы алдына қойған мақсаттарды абыроймен орындады. Жаңа заманға жақсы әзірлік жасады. Батыс өркениетінің қарыштап дамуына жол ашты. Қайта өрлеу дәуірінің тарихи маңызы осында. Екі ғасырдың аумағындай қысқа кезеңде – Қайта өрлеу дәуірінде мәдениеттің барлық салаларында оңды өзгерістер, төңкерістер орын алды.

1. Бұл дәуірде діннің ықпалы азайып, философияның, ғылымның беделі күшейді. Философия діннің, Шіркеудің қыспағынан босанып, қайтадан өзінің төл ісімен айналыса бастады; Құдайға табынудан (теоцентризмнен) ауытқып, адамға қарай бет бұрды. Қайта өрлеу дәуірі философиясының айшықты белгісі – антропоцентризм: философиялық ойлаудың басты нысанасы – адам, адамның өмірі, оның ішкі дүниесі. Орта ғасырда Құдайдың құлы деп танылған адам енді еркін, тәуелсіз, дербес күшке – өнердің, ақылойдың, ғылымның, саясаттың қозғаушы күшіне айналды.

2. Аристотельден, Птоломейден бері үстемдік құрып келген геоцентристік көзқарастың орнына Н. Коперник ұсынған гелиоцентристік көзқарас дүниеге келді (гр. helios – күн). Бұл адамзат санасындағы айтулы төңкеріс болды.

3. Неміс ойшылы, Германиядағы реформацияның жетекшісі Мартин Лютер (1483-1546 ж.ж.) ғасырлар бойы қалыптасқан Рим шіркеуінің, папаның, католицизмнің үстемдігіне қарсы шығып, христиан дінінің жаңа тармағын – протестантизмді құрды (лат. protestans – қарсылық білдіру, келіспеу).

Лютер ұсынған Реформация идеясы батыл идея болатын: католик дінін реформалау, жаңа дәуір талабына бейімдеу.

Енді Қайта өрлеу дәуірі алға тартқан негізгі идеяларды атап өтейік. Кейін бұл идеялардың қалай жүзеге асқанына Қайта өрлеу философиясының өкілдерінің іліміне сипаттама бергенде кеңірек тоқталамыз. Ең алдымен антропоцентризм ұстанымынан туған гуманизм идеясы: адам – дүниедегі ең жоғарғы құндылық. Адам қалай ойнауға да көнетін қуыршақ емес; адам қалай айдауға да көнетін жануар емес. Адам – өнерпаз, жасампаз, белсенді тұлға. Ол өз тағдырын өзі жасай алады. Тап осы Қайта өрлеу дәуірінде адамзат тарихында алғаш рет адам сапасына мән берілді, дара тұлғаға (личность, индивидуальность) сұраныс туды. Философияға жаңа ұғымдар енді: индивид – кез келген адам, көптің бірі; индивидуалдық – ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас ерекше адам; тұлға (личность) – өз ойы, пікірі бар, өзін-өзі таныған, өзін-өзі жасайтын, дүниеден өз орнын тапқан адам. Тұлға өзін субъект, Мен деп біледі. Қайта өрлеу дәуірінде «Da se» – «Мен өзім» деген ұғым болды: «өзім білем», «өзім шешем», «өзім істеймін», «өзім жауаптымын». Бәрі адамның өзіне байланысты. Жаңа капиталистік қоғам жанжақты жетілген, білімді, маман, іскер, батыл адамдарды керек етті. Тұлғаның жай адамдардан (индивидтерден) басты айырмашылығы – өз ісі үшін, өз өмірі үшін өзінің жауапкершілігін сезіну. «Мен болмасам, кім менің тағдырымды шешеді?!» – міне, оның өмірлік ұстанымы. Ренессанс дәуірі жөнінде Ф. Энгельс: «алыптарды керек етіп, алыптарды тудырған заман» – деген болатын. Мәселе жанжақты жетілген адамдар жөніндегі арман, қиял, утопия жөнінде емес; жаңа капиталистік заманның мұндай идеяны алға тартқанында таңқаларлық ештеңе жоқ. Капитализм – жеке тұлғалар заманы. Таңданарлық жайт – сол кезде ХV-ХVІ ғасырларда сондай адамдардың өмірде болғаны. Сол кезде бірнеше тілді білетін, бірнеше өнер, ғылым саласын меңгерген, өзін әр салада (теорияда, практикада, ел басқару ісінде, саясатта) көрсете алатын адамдар болды. Микеланджело (1475-1564 ж.ж.) – итальян суретшісі, мүсінші, бізге екі жүздей өлеңі жеткен ақын, ойшыл. Франческо Петрарка (1304-1374 ж.ж.) – итальян ақыны, прозаик, ғалым, Цицерон мен Платонды пір тұтқан, жете білген философ. Мартин Лютер – діни ойшыл, Таураттың, Інжілдің білгірі, филолог, тарихшы, ақын, сөздің ғана емес, іс-қимылдың адамы, реформатор. Альберт Дюрер (1471-1528 ж.ж.) – неміс суретшісі, мүсінші, сәулетші, ғалым-эстет. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Кейбір алыптарға кейін кеңірек тоқталамыз. Жан-жақтылық, тиянақтылық тек қана өнер адамдарына, философтарға ғана тән емес, қарапайым шаруалар да өнерден құр алақан қалмаған: мал баққан, егін еккен, үй тұрғызған, киім тіккен, арбасын да өздері жасап, өздерін-өздері емдеген.

Қайта өрлеу дәуірі ұсынып негіздеген тағы бір идея – пантеизм (гр. pan – бәрі + theos – Құдай): Құдайды табиғатпен теңдестіріп және табиғатты Құдай еркінің жүзеге асуы деп есептейтін діни философиялық көзқарас. ХV-ХVІ ғасырларда Құдайдан бас тарту оңай болған жоқ. Бірақ сонымен бірге дүниені, дүниедегі құбылыстарды Құдай арқылы түсіндіру де қиын еді. Сондықтан гуманистердің ойлап тапқан амалы осы пантеизм болды: Құдайды мойындау, бірақ оны табиғаттан тыс тұрған, табиғатты сырттан анықтайтын құдірет емес, табиғаттың, адамның бойындағы тылсым күш ретінде тану.

Тағы бір атап өтетін жайт: Орта ғасыр философиясы, әсіресе, схоластика арабтар арқылы Аристотельге көбірек ден қойса, Аристотель ілімінен нәр алса, қайта өрлеу дәуірінде гуманистер Платонға көбірек көңіл бөлді, Платоннан сабақ алуға тырысты. Мұның себебін мен былай түсіндірер едім: Платон идеяны, идеалды, рухани үлгіні, творчестволық жасампаздықты дәріптеді. Аристотель ғылым мен философияны нақты болмыспен, бар нәрселермен шектеп қойды.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, — Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *