Экзистенциализм философиясы — латынның existentia – тіршілік деген сөзінен шыққан. Дербес философиялық ағым – тағы бір «изм»-ретінде экзистенциализм ХІХ ғасырдың екінші жартысында, әсіресе, ХХ ғасырдың басында Ресейде (Достоевский, Толстой, Шестов, Бердяев), Германияда (Хайдеггер, Ясперс, Бубер), екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін Францияда (Сартр, Марсель, Мерло-Понти, Камю, С. де Бовуар) пайда болған. Ал адам өмірі, өмірдің мәні, жұмбақтығы, ауыртпалығы, өлшемділігі, жалғандығы жөнінде философия Батыста да, Шығыста да, біздерде де өзінің бүкіл тарихында толғанумен келеді.

Экзистенциализм өзінің ішінде жіктерге бөлінеді: діни және атеистік экзистенциализм; ғылымға, теорияға, ақылға сүйенетін және сезімге, интуицияға, жүрекке, көңіл күйіне көбірек жүгінетін экзистенциализм. Қазіргі экзистенциалистер өздеріне жол салған жетекші ойшылдар ретінде Паскальді, Кьеркегорды, испан философы Мигель де Унамуноны, Ницшені және Достоевскийді жиі атайды.

Экзистенциализм ағымының басты ерекшеліктеріне тоқталайық. Бұл бағыт философияны адам тақырыбына, адамның нақты тіршілігіне қарай бұрмақ болды. Жатсыну заманында, адамдардың арасында көре алмаушылық, бәсекелестік, аяқтан шалу, жеке бастың қамын ойлау өріс алған қоғамда адам қалай өмір сүреді, неге ұмтылады, неге сенеді, неден түңіледі, неден қорқады, өзін-өзі қалай ақтайды, адамдардың арасында ол неге өзін жалғыз сезінеді, мұндай заманда адам өмірдің мәнін қалай түсінеді – міне, экзистенциалистер алға тартқан, қарастырған мәселелер осылар. Экзистенциалистер, қайталап айтайық, бұл мәселелерді шығармаларына арқау еткенде дәстүрлі философиялық ойлау тәсілдерінен – ақылдан, теориядан, категориялар жүйесінен гөрі сезімге, нанымға, интуицияға, эмоцияға, көркем әдебиет тәсілдеріне көбірек сүйенеді. Экзистенциалистердің ішінде жазушылар, драматургтер, суреткерлер көбірек. Ж.П. Сартр, А. Камю – Нобель сыйлығын әдебиет саласынан алғандар.

Экзистенциалистер көбіне көп қиналған, күйзелген, сенделген, алданған, адасқан, сүрінген, түңілген адамдардың көңіл күйін, дүниеге, заманға, қоғамға, айналасындағы адамдарға қарым-қатынасын суреттейді. Экзистенциалистердің кейіпкерлері бақыт, табыс, жетістік, қуаныш сәттерін бастан кешпейтін сияқты. Оптимизм олар үшін құр елес, жалған көзқарас. Экзистенциалистер өз шығармаларында қысылтаяң, жеме-жемге тап болған жағдайды суреттейді; олар мұны «шекаралық жадай» деп атайды: болу ма – болмау ма, өмір ме – өлім бе, жөн бе – жөнсіз бе, үміт пе – елес пе… Олардың шығармаларының аттары осындай жайды паш етеді: «Оба» («Чума»), «Лоқсу» («Тошнота»), «Бөтен» («Постороний»), «Болмыс және ештеңе» (жоғарыда айтқанымыздай, болу ма, болмау ма деген дилемма), «Рух күйзелісі» («Упадок духа»), «Абсурд и самоубийство», «Есуас адам», «Өлімге ұмтылыс», «Үрей және қалтырау» тағысын тағылар.

Экзистенциалистердің шығармаларын оқу қиын, бас ауруын табасың. Бірақ олар көтерген мәселелер бәріміздің басымызда бар, болған, өмірде кездесетін жайлар. «Басқа бермесін» – деп ондай мәселелерге көзді жұмып қарауға болар. Бірақ шындықтан қайда қашып құтыласың.

Экзистенциалистердің пайымдауынша, дүние, болмыс, тіршілік ақылға сыймайды және түсінуге, түсіндіруге келмейді. Дүние, дүниедегі нәрселер – адамға жат. Ештеңені адам – менікі, мен қалаған нәрсе – деп айта алмайды. Дүниеде достықтан, татулықтан гөрі дұшпандық, немқұрайдылық басым. Ал бұл – адам табиғатына қайшы нәрсе. Адам қайтіп, қай кезде бұзылып үлгерген? Адам баласының тарихы осы күйде, осы бағытта жүре берсе, адамды, адамзатты болашақта тек күйреу ғана күтіп тұр. Бұлай өмір жалғаса бермеу керек, бұған тосқауыл қою керек. Міне, экзистенциализм философиясының түпкі мақсаты – осы.

Дүниеден, өмірден түңілген адам амалсыздан мұндай болмысты талақ еткісі келеді, «бүйтіп өмір сүргенше, сүрмей-ақ қояйын» деген ойға келеді. Кейбір экзистенциалистер өмірден адамның еркімен кетуі жөнінде жазады. Экзистенциалистер материалдық, заттық дүниені жалған деп танып, осы дүниеде өмір сүруді, еңбек етуді, табысқа жетуді, көпшіліктің күнделікті кәсібін – құр әурешілік деп есептейді. Мұндай дүниеде, Ницше айтып кеткендей, Құдай жоқ, Құдайға үміт артудың қажеті жоқ.

Экзистенциализм философиясының негізгі нысанасы, ұғымы – экзистенция. Адамның шекаралық, қиын-қыстау жағдай қалтқұлт етіп тірексіз, тиянақсыз, үмітсіз өмір сүруі. Экзистенция адам өмірінің шектеулі және кездейсоқ қадамдарға толы екендігін көрсетеді. Біреу салып берген, өзін ақтаған, түсіп алып, ойланбай жүре беретін сара жол жоқ. Өмір жолы – үнемі тосын жағдай, проблема. Экзистенция мәндік ұғым емес, онда алдын ала анықталған, күмән туғызбайтын ештеңе жоқ. Керісінше, экзистенция – тек мүмкіндік.

Адам баласының басқа дүниелерден айырмашылығы – ол кім болғысы келсе, сол бола алады. Барлық мүмкіндіктің жүзеге асуы оның өзіне байланысты. Ешкім оның кім боларын, қандай боларын сырттан анықтап бере алмайды.

Осыған орай, экзистенциализм философияда барабарлық, сәйкестілік (идентичность) деген қазір әр салада, әр түрлі жағдайда жиі қолданылатын күрделі мәселені алғаш алға тартты. Адам өзіне-өзі ерте ме, кеш пе: кіммін мен? деген сұрақ қояды. Әркім, экзистенциализм тұрғысынан, өзінің кім екенін, өзінің адам атына сәйкестігін, сөйтіп, өзіне-өзі сай екенін өзі анықтауға ерікті. Адам өмірінің алдын ала анықталып, жазылып қойған жоспары жоқ. Бізге кім екенімізді, қандай болатынымызды көрсетіп тұрған ешқандай үлгі жоқ. Адамның еркіндігі және жауапкершілігі оның өзін қалай және қандай етіп жасай алатынында.

Кьеркегордың ізімен қазіргі экзистенциализм философияны Гегельден бөлек, Гегель іліміне қарама-қарсы бағытта дамытпақ болды, яғни жалпыға емес, жалқыға; сыртқы дүниеге, абсолютке емес, ішкі дүниеге, адамға тәуелді, адаммен байланысты дүниеге назар аудару.

Экзистенциализмдегі өзекті мәселелердің бірі – еркіндік жөнінде. Адам өмірі, болмысы жөнінде сөз болғасын, өзінен-өзі түсінікті, еркіндік мәселесі қозғалады. Экзистенциализм үшін еркіндік, дәлірек айтсақ, проблема емес: ол ашық мәселе. Адам еркін болуға тиіс, еркін болмайтын амалы жоқ. Еркіндік адам деген ұғымның түп тамырындағы қажетті шарт.

Экзистенциализм өкілдері Спинозадан, Гегельден келе жатқан еркіндіктің қажеттілікпен диалектикалық байланысын паш ететін «еркіндік – танылған қажеттілік» деген анықтаманы қабылдамайды. Еркіндікті бұлай түсінуге мүлдем қарсы болады. Қажеттілік аясындағы еркіндік – еркіндік емес. Қажеттіліктің қажеттігін, қажеттілікпен, яғни қоғамның, басқа адамдардың мүдделерімен санасу керектігін түсінгеннен, қажеттілікке, заңдылыққа сай әрекет жасағаннан еркіндік шықпайды, тек шарасыздық шығады. Еркіндік адамнан тыс дүниенің анықтамасы емес, тек адамға байланысты еркіндік жөнінде әңгіме етуге болады.

Экзистенциализм еркіндікті қажеттіліктен емес, экзистенциядан шығармақ болады. Еркіндікті қажет ететін, еркіндікті туғызатын жағдай жоғарыда суреттелген «шекаралық жадай». Адам­ның ойының, іс-әрекетінің еркін болуы оның қандай талғам жасағанынан көрінеді. Паскаль өзінің ғалымдық парызынан құтыла алатынын, яғни еркіндігін ғылымнан бас тартып, монастырға кетіп, дін және философия жолына түсуімен көрсетті. Мартин Лютер өзінің Рим Шіркеуі, Папа алдында еркіндігін протестанттық реформация қозғалысын бастауымен, оны шіркеуден аластау туралы Папа жіберген булланы (бұйрықты) мыңдаған адамдар жиналған топтың алдында жыртып, отқа тастауымен дәлелдеді. Сартр еркіндікке құмарлығын Францияны фашистер басып алғанда Қарсылық қозғалысына қатысып, немістерге қарсы ашық күреске шыққанда көрсетті. Сартрдың ойынша, адам ерікті, өйткені ол өзін-өзі жоспарлайды, жасайды, өз тағдырын өзі таңдап алады, бұл үшін ол ешкімнің рұқсатын керек етпейді.

Адамның мәндік анықтамасы – субъективтілік, субъект болып қалыптасу, субъект екендігін паш ету; ешкімге де, ештеңеге де тәуелді болмау. Бірақ бұл қасиет нақты қоғам өмірінде адамның өзіне ғана байланысты нәрсе емес: қалады – субъект болды, қаламады – субъект болған жоқ. Қоғам өмірі адамға ондай еркіндікті бере қоятын дәрежеде емес. Сондықтан адамдар өздерін ыңғайсыз жағдайда сезінеді, өзіне-өзі келе алмағандай күйде болады. Марсель, Ясперс сияқты экзистенциалистер мұндай жағдайда адамның дінге, Құдайға жүгініп, солардың көмегімен өзін еркіндікте сезінуге тырысатынын шығармаларында тілге тиек етеді.

Экзистенциализм еркіндікті адамның маңдайына жазылған пешене, ол алып жүруге тиісті ауыр жүк, жауапкершілік ретінде бейнелейді. Көпшілікке мұндай жауапкершіліктің қажеті жоқ болуы мүмкін. Сондықтан өмірде еркіндіктен бас тартатын, еркіндіктен қашатын жайлар да кездеседі. Экзистенциалистер мұндай мәселеге де назар аударады. Олар еркіндік ұғымын тұлға ұғымымен біртұтас түрде байланыстырады. Еркіндікті мойынсұнбайтын, бұған ұмытылмайтын адам тұлға, субъект емес. Тұлға дәрежесіне көтеріле алмаған адам еркіндік жөнінде ойламайды, басқалардай күн кеше беруді қалайды. Экзистенциалистер адам басына туатын мұндай жағдайды адамның өзінен-өзі бас тартуы деп есептейді. Хайдеггер ілімінде мұндай адам «man» деген ұғыммен бейнеленеді. Мағынасы «көптің бірі», «адам баласы», нақты тұрпаты, орны, рөлі жоқ адам. Аты бар да, заты жоқ бірдеме. Мұндай адам, әрине, өзінде емес. Мұндай адамдар ортасын Маркс «жатсыну» деп атаса (бәрі бәріне жат), Бердяев – «объектіге айналғандар дүниесі» деп атайды («мир объективации»). Мұндай ортаның белгілері: жекені, дараны жалпының, көпшіліктің билеуі, жалпының, көптің құрамында дараның, тұлғаның көрінбеуі, жалпыға сіңіп кетуі (бәрі біріне-бірі ұқсас, ешкімді айырып ала алмайсың; бәрі бір ұйымға – комсомолға, партияға кіреді, бірдей көзқараста болады, бірдей оқиды, бірдей киінеді, т.б.). Көпке сіңгісі келмеген, өзіндік ойы, түсінігі, ұстанымы бар адам көптің ортасында жүрсе де жалғыз болады, өзін жалғыз сезінеді. Экзистенциализм ілімінде жалғыздық проблемасы жиі-жиі сөз болады.

Сартр да, Камю де дәстүрлі дін мен мораль қолдайтын адамдардың қарым-қатынастарында шынайылық, табиғилық азайып, керісінше, немқұрайдылық, жасандылық, жалғандық, көз бояушылық басымырақ болып бара жатқанын ашына жазады. Мұндай жасандылық белең алған кезде махаббат та, достық та, туысқандық та күшін жояды. Экзистенциалистер адамдар арасында мұндай жасанды қатынастар дүниесіне наразылық білдіру, қарсы шығу кездесетін жағдайларды оң қадам деп құптап, шығармаларына арқау етеді. Камюдің бір шығармасы жасанды дүниеге қарсы бүлік шығарған адамдар жөнінде жазылған: «Бүлікші адам» («Бунтующий человек»). Әңгіме әсте де әлеуметтік төңкеріс жөнінде емес, экзистенциалистер революцияны қостаудан аулақ.

Адамдар, Марсельдің пікірінше, бірімен-бірі тіл таба алмай, біріне-бірі жат болып, өздерін тек заттық дүниеде (вещный мир) ғана өзінде сезінеді: «менің үйім», «менің машинам», «менің ісім», «менің фирмам», т.б. Заттар дүниесінде адам да заттар қатарында болады, затқа айналады (овеществляется). Адамды заттарына, яғни байлығына, дәулетіне қарап бағалау кездеседі: «мына адам миллион доллар тұрады», демек, ол – күшті, ол – ақылды, ол – әдемі. Марсель заттық болмысты сынап, оның орнына тұлғалық болмысты уағыздайды (личностное бытие).

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *