Иоганн Готлиб Фихте — классикалық неміс философиясының өкілі. Ол да кеңес дәуірінде философияда, ғылымда лайықты бағасын ала алмай, Гегельдің тасасында қалып қойды. Немістің классикалық философиясы жөнінде жазған «Людвиг Фейербах және немістің классикалық философиясының ақыры» деген арнаулы еңбегінде Ф. Энгельс Фихтенің есімін атамайды, тек Гегельмен және Фейербахпен шектеледі.

Фихте ымырашылдықты, компромисс дегенді білмейтін, алдына қойған мақсатына қалай еткенде де жетуге тырысатын батыл, өжет, іс-қимылдың адамы болған. Оның өз философиясының негізі ретінде іс-әрекетті (деятельность) алуы тегін емес. Фанатизмнен де құр алақан емес. Шеллингпен, Гегельмен бірге Фихте де Ұлы француз революциясын қызу қолдайды. Сондай шешуші әрекетке шамасы келмейтін туған халқын кінәлайды; бір кезде ол тіпті француз азаматы болуға әрекет жасайды. Сөйтіп, революция жемістерін қолына қару алып, қорғамақ та болады.

Фихтені нағыз идеолог ретінде тануға болады. Ол өз сөзіне, пікіріне кімді болса да сендіре де, көндіре де алады. Виндельбандтың айтуынша, онда әулиеліктің нышаны болған. Фихтемен айтысуға замандастарының батылы жетпеген. Өзімен келіспеген адамды қас жауындай көріп, онымен қарым-қатынасты мүлдем үзуге бар. Бір замандасы оны Мұхаммед пайғамбарға ұқсатады: Мұхаммедтің заманы болса, Фихте өз ілімін қылыштың ұшымен енгізер еді дейді.

Фихтенің бас игені, пір тұтқаны бір нәрсе – ақиқат. Ақиқатқа жан-тәнімен аянбай қызмет етті. «Мен – ақиқаттың өкілімін, мен оған қызметке тұрдым, мен ол үшін бәрін істеуге әзірмін – тер төгуге де, азап шегуге де», – деп жазады (Фихте И.Г., Шопенгауэр А. Немецкая классическая философия. Т.2. – М.: Изд-во ЭКСМОПресс, 2000. – С.55).

Фихте де, Кант сияқты, төменгі дәрежедегі әлеуметтік топтан шыққан, әкесі тігінші болған. Бірақ ерекше зеректігімен бір бай барон – Мильтицтің көзіне түсіп, оған ұнап, оның көмегімен мектепте, кейін Иена және Лейпциг университеттерінде тиянақты білім алуға мүмкіндік алады. Теология факультетін бітіргенімен діни қызметкер – пастор болмайды. Университет бітіргеннен кейін көп жылдар әр түрлі ауқатты жанұяларда бала оқыту ісімен айналысады. Тек 1810 жылы Берлин университетінің профессоры және сайланған ректоры болады. Төрт жылдан кейін сүзек ауруынан қайтыс болады.

Жиырма сегіз жасында Канттың «Таза зердеге сынымен» танысып, қатты ұнатады, қайта-қайта оқып, өзін философиялық мектептен қайта өткендей көреді. «Міне, менің алдымда ақиқат, – дейді ол. – Мен Канттың ізгі ниетті моралын қабылдадым. Енді өзімнен тыс өмір сүретін сыртқы нәрселермен айналысқанша, өзіме көбірек көңіл бөлетін боламын» (Қара: Гулыга А.В. Немецкая классическая философия. – М.: Рольф, 2001. С.136-137).

Іле-шала 1791 жылы Канттың өзімен танысып, тілдесу үшін Кенигсбергке барады. Алғашқыда Кант жас философты салқын қабылдайды, ашылып әңгімелеспейді. Бірақ қайсар Фихте бұған мойымайды, қалай еткенде де өзіне Канттың назарын аударуды мақсат көреді. Қонақүйге жатып алып, бір айдың ішінде дін философиясына арналған көлемді еңбек жазып, жасырын атпен бастырып шығарады: «Опыт критики любого откровения». Кітап Кант ілімі тұрғысынан жазылады. Фихте Құдайды «өзіндік затқа» теңейді. Құдайды ғылыми жолмен немесе тәжірибе арқылы танып білу мүмкін емес. Бірақ Құдай – реалдық. Олай болса, Құдайға тек сенуге болады. Оқушы қауым кітапты жылы қабылдайды және бірауыздан кітаптың авторы – Кант деген пікірде болады. Канттан осындай еңбекті көпшілік көптен күтуде еді. Кант енді амалсыздан кітапты оқып, авторын – Фихтені жұртшылыққа таныстыруға мәжбүр болады.

Фихте ұстазын мейлінше дәріптеумен болады; Кантты Иисусқа және Мартин Лютерге теңейді. Ғалым әрі ойшыл ретінде Фихте алайда Кант ілімін қабылдаумен шектеліп қалмайды. Ол өзінің философиялық ілімін құруға тырысады. Бұл үшін ол Кант ілімін сыни тұрғыдан талдап, өз ілімінің одан айырмашылығын көрсетуі қажет болды. Фихтенің пікірінше, Кант идеалист ретінде дәйексіздік танытады. Субъект пен объектінің қарым-қатынасында анықтаушы рөлді Кант орынды түрде субъектіге береді: субъект теориялық тұрғыдан да, практикалық жолмен де объект өз қалауынша өзгертеді, өңдейді дейді. Сөйте тұра, дейді Фихте, Кант сыртқы дүниенің, материяның объективтік реалдық екенін мойындайды және оны субъектіден тәуелсіз өмір сүреді деп есептейді. Демек, Кант ілімінде объективтік реалдылық және объект бірдей болмай тұр. Кант материяны объективтік реалдылық ретінде мойындайды, бірақ оны белгісіз, танымайтын «өзіндік затқа», яғни Х-ке теңейді. Материя бар, – дейді Кант, бірақ біз оның не екенін, қандай екенін білмейміз. Кант жиі-жиі «өзіндік зат» дегенді алға тарта береді, бірақ оған нақты анықтама бермейді. Сонда «өзіндік зат» Кант ілімінде қандай рөл атқарады? Осыған Фихте үлкен күмән келтіреді. «Өзіндік затсыз» да философиялық жүйе өмір сүре алады. Бір сөзбен, Фихте «өзіндік зат» дегенді мәнсіз, белгісіз ұғым деп лақтырып тастайды.

Кант, – дейді Фихте, субъектің, танымның, ойлаудың белсенділігін ашып көрсетті. Бірақ олардың белсенділігін тек құбылыстар әлемін танумен шектеп қояды.

Канттың ізімен, бірақ Канттан өзгеше құрылған өзінің философиялық жүйесін «Ғылым жөніндегі ілім» деп атайды («Наукоучение»). Философия, Фихтенің ойынша, «барлық ғылымдардың ғылымы», олардың теориялық және методологиялық негізі болуы керек. Мұндай философия әлі құрылған жоқ. Бұл идеяларын Фихте «Ғылым жөніндегі ілім ұғымы» және «Ғылым жөніндегі жалпы ілімнің негіздері» (1794 ж.) деген еңбектерінде баяндайды. Бұл жұмыстарда сонымен бірге классикалық неміс философиясындағы субъективтік-идеалистік бағыттың іргесі қаланады.

Философиялық жүйе дәйекті негізделген бір принциптен бастау алуы керек. Бұл принципті анықтау үшін философияның мәнін, мақсатын ашып алу керек. Фихте негіздемек болған философия, оның ойынша, еркіндік философиясы болуы керек. Неден ол сонда еркін бола алады? Француздар адамды сыртқы (саяси, діни) бұғаулардан азат етті. Немістер жағдайында радикалдық төңкерістерге негіз жоқ. Фихте адам санасын сыртқы дүниенің ықпалынан босатпақ болады. Нақтырақ айтқанда, сананы өз алдына өмір сүріп, белгісіз жолмен санаға әсер ететін «өзіндік заттан» азат ету керек. Еркіндік адам баласына өздігінен келмейді. Еркіндікті белсенді әрекет арқылы жеңіп алу керек. Сөйтіп, Фихте философиясының бастапқы принципі – белгілі бір утилитарлық мақсатты көздемейтін іс-қимыл («дело-действие»). Келесі қадам осы іс-қимылдың субъектісін анықтау. Бұл – өзіне-өзі тең, бас әріппен жазылатын «Мен». «Мен» нақты адам, тұлға емес, жалпы руханилықтың символы. Дүниедегі табиғи емес, жасанды заттардың бәрі «Менді» паш етеді, «Мен» арқылы пайда болған.

Еркіндік ұғымы, Фихтенің ойынша, осы «Меннің» қалыптасуын көрсетеді. «Мен» деген ұғыммен «еркіндік» деген ұғым бірін-бірі ашады, бірінсіз-бірі мәнін жояды.

Адам, әрине, өзін-өзі біледі, өзін ешкіммен шатастырмайды. Дей тұрғанмен көптеген адамдар өздерін «Мен» ретінде, нақты іс-қимылдың субъектісі ретінде білмейді, сезбейді. Адамдар тіпті «Мен» болғысы келмейді, мұндай жауапкершіліктен қашады.

Іс-қимыл жүзеге асу үшін субъектінің болуы жеткіліксіз, сонымен бірге оған қарсы тұрған, онымен қарым-қатынас жасайтын объект те болуы керек: Ғылым жөніндегі ілімнің келесі басты принципі «Мен – емес» (не-Я). «Менге кейбір Мен-емес сөзсіз қарсы тұрады», – деп жазады Фихте. Сөйтіп, Фихте философияға терістеу ұғымын енгізеді. Тезиспен («Мен» мен) бірге оны терістейтін антитезис («Мен-емес») пайда болады.

«Ғылым жөніндегі ілімде» Фихте философияның дәстүрлі мәселелерін «Мен» және «Мен-еместің» қарым-қатынасы аясында қарастырады. Фихтенің «Мені» жеке дара индивид емес, абсолюттік субъект, субъект ұғымының иегері. «Мен» өзінің жайын, мүмкіндігін, қызметін жақсы біледі. Фихте шығармаларында: «Өзіңді-өзің таны!», «Өзің жөнінде ойла!», «Өз ақылыңмен жүр!», «Арлы бол!» деген сияқты үндеулер жиі ұшырасады.

Мен-емес – субъекті қоршаған, субъектіге қатысы бар, субъектінің арқасында пайда болған нәрселердің бәрі: мәдениет, мемлекет, құқық жүйелері, заттар және адамдар дүниесі. «Мен-емес» Кант іліміндегі «өзіндік зат» емес, материя немесе мылқау табиғат емес. Өз шығармасында Фихте «Мен-еместі» Меннің, субъектінің творчестволық іс-қимылынан шығармақ болды. Бірақ бүкіл дүниені аясына сыйғызатын субъект қандай болуы мүмкін? Тек абсолюттік субъект болуы мүмкін.

Фихтенің «Адамның өмірлік мұраты» («О назначении человека») деген құнды пікірлерге толы еңбегі бар. Тағы бір еңбегі «Адамның абыройы туралы» деп аталады. Әр адамның дүниеде өз орны бар. Адам дүниеде кездейсоқ пайда болған, кездейсоқ өмір сүретін құбылыс емес. Бірақ дүниеден өзіне лайық орын табу – адамның өзіне байланысты. «Кім болсам да, мен өзімді өзім жасағым келеді», – дейді Фихте (Фихте И.Г., Шопенгауэр А. Немецкая классическая философия… Т.2 С.101). Оның өмірлік мұраты – осы. Әр адам осы жөнінде ойланып, әрекет жасауы керек.

Фихте адам жөнінде өте жоғары пікірде болды. Адам – жасампаз, адам – субъект, адам – тұлға, т.б. «Адамның дүниеге келген сәті – оның алғаш рет өзі жөнінде «Мен» деуі». Бірақ адам, өкінішке орай, жоғарыда айтқанымыздай, өзін субъект деп есептемейді, өзін тұлға ретінде сезінбейді. Кант «адам болу үшін адам қандай болуы керек?» – деген сұрақ қойған болатын. Фихте оны жалғастыра отырып: «субъект болу үшін адам қандай болуы керек?» – деген сұрақ қояды. Бұл үшін, Фихтенің ойынша, адам 1) өзін-өзі тануы керек; 2) өзін-өзі табуы керек, яғни дүниеден өзіне лайық орнын табуы керек; 3) өзін-өзі жүзеге асыруы керек. Мұнсыз адам объект болып қалады, басқаға құрал болады. Адамға кейде субъект болғаннан гөрі объект болған тиімді сияқты көрінеді.

«Адамның қоғамдағы мұраты жөніндегі» дәрісінде Фихте адамның абыройы және еркіндігі деген мәселеге баса назар аударады. «Біз әлі өзіміздің еркіндігімізді сезетін және бағалайтын дәрежеге жеткен жоқпыз», – дейді Фихте. Өзін басқалардың әміршісімін деп есептейтін адамның өзі – құл. «Егер де ол шын мәнісінде ондай болмаса да, оның жаны құлдыққа бейім; ол өзінен күшті, өзін құл ете алатын кез келген адамның алдында құрдай жорғалауға әзір тұрады. Тек айналасындағы адамдардың бәрін ерікті қылғысы келетін және ерікті ете алатын адам ғана ерікті» (Фихте И.Г., Шопенгауэр А. Немецкая классическая философия… Т.2, С.32).

Фихтенің өмірлік ұстанымын, көзқарасын түсіну үшін оның сол кезде орын алып, зиялыларды қатты толғантқан тарихи оқиға – Ұлы француз революциясы жөніндегі пікірін білу керек. Бұл оқиға жөнінде Фихте екі батыл және терең мағыналы жұмыс жазады: біреуі – «Еуропа әміршілерінен олар осы кезге дейін таптап келген ойлау еркіндігін талап ету», екіншісі – «Жұртшылықтың француз революциясы туралы пікірін түзету жөніндегі очерктер» деп аталады.

Фихтенің ойынша, қай халықтың да кертартпа қоғамдық құрылысты революциялық жолмен өзгертуге құқы бар. Француз революциясы, – дейді Фихте, – бүкіл адамзат үшін сабақ болып табылады. Бұл – адамның құқықтары мен абыройы деген тақырыптағы бай суреттеме. Революцияның түпкі мақсаты – адамға дамып жетілуге жол ашатын еркіндік әперу. Революцияны бағалауда, Фихтенің ойынша, біз екі сұраққа тиянақты жауап табуымыз керек: 1) революцияның заңдылығы және 2) оның ақылға сыйымдылығы. Мәселе, байқағанымыздай, революцияның моральдық және дүниетанымдық сипаты жөнінде болып отыр.

Революцияның заңды болатын себебі, – дейді Фихте, барлық қоғамдық құрылыс түбі ескіреді, жаңа заман талабына сай келмейді. Мұндай шешуші қадамды бастарда адамдар революцияның жүзеге асатын уақыты жеткен-жетпегенін ескеруі керек. Революцияны жүзеге асыратын – адамдар. Ал олардың әзірлігі қандай? Революция жеңіске жетсе, оның арты не болады? Арты насырға шауып, былыққа айналып кетпей ме? «Адамдар парасатты және әділетті болып жетілмейінше, олардың бақытты болуға тырысқан әрекетінен ештеңе шықпайды, – дейді Фихте: – Адамдар бір зұлымдық зынданынан босанып шығып, қираған шынжырдың кесегімен өздерін өздері құртады» (қара: Гулыга А.В. Немецкая классическая философия… М., 2001, С.138). Еркіндік, Фихтенің пікірінше, мәдениеттілікті керек етеді.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, — Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *