Инвестициялық іс-әрекет – мемлекеттік реттеудің негізгі бағыттары:

  • Инвестициялық іс-әрекетті құқықтық жолмен реттеу. Инвестициялық іс-әрекеттің негізгі жақтарын реттейтін құқықтық нормалар мен актілердің көптеген топтары қалыптасқан. Соның ішінде шетелдік инвестиция бойынша салық салу, инвестициялық ресурстарды орналастыру, даму бюджеті, инвестициялық бағдарламалардың қатысушылары арасындағы өзара қатынастар бойынша және т.б. Оларда инвестициялық іс-әрекетпен байланысты меншік құқықтары, шарттарды орындау кепілдіктері, инвесторлардың құқықтарын қорғаудың құқықтық негіздері және басқа да маңызды мәселелер айқын анықталған.
  • Экономикадағы инвестициялық ахуалдың тиімділігі мен тартымдылығын анықтайтын инвестициялык институттарды қалыптастыру. Институттар — инвестициялық ортаны қалыптастыратындардың барлығын қамтиды. Яғни, инвестициялық іс-әрекет жағдайларын жасайтын ережелердің жиынтығы, қатысушылар құқықтары мен міндеттері қарастырылатын келісімшарттар, инвесторлар мен сыртқы әлем арасындағы ақпараттармен танысу және айырбас жасауды қамтамасыз ететін ақпараттық база. Басқаша айтқанда инвестициялық институттар инвесторларға қызмет көрсетуге, олардың іс-әрекеттері үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыруға арналған.
  • Мемлекеттік инвестициялық стратегияны дайындау және оны жүзеге асыру үшін мемлекеттік барлық реттеу жүйесін сәйкестендіру. Онда инвестициялық саясаттың қысқа, орта және ұзақ мерзімді мақсаттары көрсетілуі қажет. Қолда бар барлық ұлттық инвестициялық ресурстарды жұмылдыру мен шетелдік капиталды тартуға бағытталған іс-шаралар кешені анықталуы тиіс. Мемлекеттің бюджет, салық, несие, ақша, сыртқы экономикалық саясаттың барлық құралдары қойылған міндеттерді шешуге бағытталуы қажет.

Осыған орай инвестициялық саясаттың басты міндетті ұзақ мерзімді инвестициялар мен шетелдік капиталды тартудың экономикалық жағдайларын құру болып табылады. Қаражаттарды осындай негізде жұмылдыру экономикадағы құрылымдық, технологиялық қайта құруды қарқынды жүргізуге және инвестициялау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Инвестициялық іс-әрекет инвестициялық ахуалды қалыптастырумеи тығыз байланысты, яғни экономиканың институционалдық жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде инвестициялық қаражаттарды аса тиімді пайдалану мен қоғамның өндіргіш күштерін ғылыми-техникалық жаңарту үшін алғы шарттарды қалыптастыруға арналған.

Инвестициялық ахуал — елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының саяси, экономикалық, қаржылық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық-басқарушылық, институционалдық және басқа да факторлары ықпал ететін инвестициялық сала жағдайының жалпылама сипаты.

Кез келген шаруашылық жүйенің инвестициялык ахуалына өсу тән және ол үнемі өзгерісте болады. Әсіресе бұл ТМД елдерінің жағдайынан көрінеді.

Бұл елдер инвестициялық іс-әрекетті реттеудің аса тиімді нысандарын іздеу үстінде.

Инвестициялау жоғары табыс пен жоғары тәуекелмен жалғасатын болғандықтан, инвестициялық ахуал, біріншіден, елдің инвестициялық әлеуетін, екіншіден, инвестициялық тәуекелін анықтайды. Инвестициялық әлеует пен инвестицялық тәуекел көптеген элементтерден тұрады. Мысалы, инвестициялық әлеует жеке әлеуеттердің мөлшері  ретінде анықталады. Соның ішінде:

  • ресурстық-шикізаттық, минералдық-шикізаттық табиғи байлық қорлармен қамтамасыз етілуімен сипатталады;
  • жұмыстық-еңбек ресурстары мен олардың білім-біліктілік деңгейінен тұрады;
  • өндірістік-экономиканың негізгі салалары мен салаларындағы іс-әрекеттің макроэкономикалық нәтижелерімен анықталады;
  • инновациялық-ғылыми деңгейді, ҒТП жетістіктерін сипаттайды;
  • инфрақұрылымдық, көлік-коммуникациялық сала мен инвестициялық институттар жағдайымен байланысты;
  • қаржылық-бюджет кірістері, кәсіпорын пайдасы, халық табыстары туралы мәлімет береді;
  • тұтынушылық-халықтың сатып алу қабілетінен көрінеді.

Салық және инвестиция бойынша Халықаралық орталык жүргізген сауалнама нәтижесінде инвестициялау туралы шешімге ықпал ететін тартымды факторлардың ішінен шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанның табиғи-ресурстық әлеуеті маңызды екендігі анықталған. Бірақта, инвестициялық әлеуетті құраушылардың барлығы бірдей жоғары деңгейде деп айтуға болмайды. Сондықтан ҚР инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында олардың түрлерін қолдау және арттыруда мемлекет жан-жақты әрекет етеді.

Инвестициялық тәуекел — экономикалық іс-әрекет жағдайларының кездейсоқ өзгерістерімен және қолайсыз жағдайлармен байланысты алынатын пайда, мүлік, ақшалай каражаттардың болжанбаған шығындардың пайда болу қаупі. Оның негізгі құраушылары ретінде тәуекелдердің келесідей түрлерін көрсетуге болады:

  • экономикалық;
  • қаржылық;
  • саяси;
  • әлеуметтік;
  • қылмыстық;
  • заң шығарушылық;
  • экологиялық.

Бұл тәуекелдерді төмендету – инвестициялық ахуалды жақсартудың басты бағыттарының бірі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *