«Инвестиция» түсініктемесі латын сөзінен (investre) аударғанда болашаққа немесе алдағы уақыттағы мерзімге салынатын ақша құралдарын жұмсау (салу) деген мағынаны білдіреді.

Инвестиция – қосымша табыс әкелетін және болашақта қоғам қажеттіліктерін қанағаттандыратын қолда бар кез келген құралдар жиынтығы. Әртүрлі экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін ақша құралдарын және басқа да капиталдар түрлерін қолдану және олардың өсуі инвестициялау деп аталады. Ал жұмсалатын құралдар инвестиция түсініктемесін құрайды.

Инвестициялау үрдісі кез келген экономикада жүзеге асырылатын экономикалық қатынастар. Бұл қатынастар ақша ресурстарын қайта бөлуде, оларды керек ететін субъектілер үшін және оларға иелік ететін субъектілер арасында жүргізіледі.

Инвестиция экономикалық жүйеде жиі қолданылатын категория болғандықтан, экономикалық секторда микро- және макро- деңгейінде қарастырылады. Бірақ экономикалық ғылымда зерттеушілер тарапынан әлі де болсын инвестицияның теориялық және практикалық қажеттілігін анықтайтын бұл категорияға байланысты нақты анықтама ұсынғаны жоқ. Инвестицияны қолданатын және экономикалық секторға енгізетін субъектілердің қатарына мемлекет, фирмалар және үй шаруашылығы жатқызылады.

«Инвестиция» ұғымының мәнін ашпастан бұрын экономикалық ғылымда қолданылатын инвестицияға байланысты анықтамаларға тоқталайық.

  1. Инвестиция – пайда табу және әлеуметтік ықпал ету үшін кәсіпкерлік объект қызметтеріне және басқа да қызметтерге жұмсалатын зияткерлік құндылықтар, мүліктік құқықтар, ақшалай құралдар, банктік пайлар, акциялар, бағалы қағаздар, технология жиынтығы.
  2. Инвестиция – халық шаруашылығының әр түрлі салаларындағы кәсіпорындар үшін салынатын ұзақ мерзімге капиталдың (мемлекет ішіндегі және шет елдердегі) жұмсалуы.
  3. Инвестиция – пайда табу мақсатында мемлекет ішіндегі және шет елдердегі салаларға жұмсалатын мемлекеттік және жеке меншік капиталдың ұзақ мерзімге салынуы.
  4. Инвестиция – экономикалық және әлеуметтік ықпалды қанағаттандыруда, сонымен қатар пайда табуда қарастырылатын ғылыми, әлеуметтік, коммерциялық, өндірістік және мәдени жобалар мен бағдарламаларды орындауға жұмсалатын ақшалай, мүліктік және зияткерлік құндылықтар жиынтығы.
  5. Инвестиция – пайда табу мақсатында ұзақ мерзімге жұмсалатын мемлекеттік және жеке меншік капиталдың, мүліктік және зияткерлік құндылықтардың ұлттық және шет елдік экономикаға салынуы.
  6. Инвестиция – халық шаруашылығы салаларында кездесетін негізгі қорларды қайта ұлғайту үшін қажетті материалдық, еңбек, ақшалай және қаржылық ресурстар жиынтығы.
  7. Инвестиция – белгілі бір заңды кәсіпорын үшін қолданылатын ұзақ мерзімдегі капиталдың қолданылуына кеткен шығындар жиынтығы.

Жоғарыда қарастырылған анықтамаларды қорыта келгенде, отандық, шетелдік және қазіргі әдебиеттерде бұл категорияға байланысты тұжырымдамалардың көп екендігін байқауға болады. Сондықтан инвестиция категориясының мазмұнын зерттеуде осы категорияға сәйкес сипаттамаларға тоқталған жөн.

  1. Инвестиция – экономикалық категория. Инвестиция мәнінің пәні экономикалық саламен байланысады. Ертеректе қарастырылған деректерге сүйенсек инвестиция ұғымын зерттеушілер экономикалық категория ретінде сипаттаған, яғни инвестиция түсініктемесі экономикалық қатынастарға және экономикалық қызметке тым жақын деп айтуға болады.

Қаражаттарды инвестициялаудың негізгі шарты – пайда түсіру немесе табыс алу. Инвестицияның табиғаты уақыт бойынша жүргізілетін экономикалық үрдістермен байланысады. Кез келген экономикалық, өндірістік үрдіс ресурстардың экономикалық өнімге ауысуын талап етеді: «ресурстар — өндіріс факторлары – экономикалық қызметтің өнімі».

  1. Инвестиция – экономикалық үрдісте капиталды жинақтаудың басты формасы. Инвестиция теориясында инвестицияның капиталды жинақтаумен (жинақтар) байланысы басты орын алады. Бұл экономикалық ресурстарды толықтырудағы капиталдың мәнімен анықталады. Инвестициялаудың нәтижесінде капитал жинақталған құндылық ретінде экономикалық үрдіске жұмсалады.
  2. Инвестиция – тауар түрінде кездесуі мүмкін. Кәсіпорындар инвестиция үрдісінің нәтижесінде инвестицялық ресурстарды, тауарларды және құралдарды қолдана отырып инвестициялық нарықты құрайды. Инвестициялық нарық – сұраныс, ұсыныс және баға, сонымен қатар инвестициялық субъектілердің қарым-қатынасымен сипатталады.

Инвестициялық ресурстар, тауарлар және құралдардың нарықтық ұсынушысы болып өндіруші-кәсіпорындар, мүлік иелері, материалдық емес активтер иелері және қаржылық институттар қарастырылады.

Инвестициялық ресурстар, тауарлар және құралдарға сұраныс жасаушы болып кәсіпорын және экономикалық үрдіске қатысатын кәсіпкерлік қызметпен айналысатын субъектілерді жатқызамыз.

Инвестициялық ресурстар, тауарлар және құралдардың бағасы нарықтық қатынастарда инвестициялық қызығушылық нәтижесінде пайда болатын сұраныс пен ұсыныстың нәтижесінде құрылады. Бұл баға инвестициялық нарықтағы инвестициялық тауарлар мен құралдарды сатып алушылар мен сатушылардың экономикалық мүддесін анықтайды. Инвестициялық ресурстардың бағасы ретінде капитал нарығында құрылатын пайыз ставкасы қолданылады.

Қарастырылған шолудың нәтижесінде инвестиция түсініктемесінің көпжақты және күрделі теориялық сипаттағы экономикалық категория екендігін байқадық. Нәтижесінде инвестицияның мәнін және мазмұнын айқындау барысында бұл категорияға  төмендегідей анықтама беруге болатын сияқты.

Инвестиция экономикалық категория ретінде нарықтың экономикада сатып алу мен сату объектісін сипаттайтын тауар ретінде және экономикалық үрдісте капиталды жинақтаудың басты формасы түрінде өндірістік үрдіске жинақталатын экономикалық қызметті көрсететін өндіріс факторы болып саналады.

Инвестиция түрлері және оларды жіктеу

Инвестицияның жіктелуі экономика саласындағы әдебиеттерде нысандарға немесе белгілерге байланысты әр түрге бөлінеді.

Капиталды тиісті объектіде жұмсауға байланысты инвестицияның  нақты және қаржылық сынды екі түрін қарастырамыз

Нақты инвестиция — өндірісті құрастыруда, өндірістік технологиялық жабдықтарды жаңарту мен сатып алуда, кәсіпорындар, фирмалар және ұлттық экономикалық деңгейде негізгі өндірістік және өндірістік емес қорларды жаңартуда, өндірістік және әлеуметтік секторларда экономикалық өсу үшін қажет нақты активтердің қолданылуы немесе жұмсалуы.

Қаржылық инвестиция – мемлекеттің, қаржылық компаниялардың, инвестициялық қорлардың, сақтандыру компанияларының басқа да кәсіпорындардың бағалы қағаздарын сатып алуға жұмсалатын салымдар. Бұл жағдайда инвесторлар өндірістік капиталды емес, керісінше дивиденд алуда қаржылық капиталды ұлғайтады. Сондықтан қаржылық инвестиция екі түрге бөлінеді:

  • Тікелей қаржылық инвестициялар;
  • Қоржындық инвестициялар.

Тікелей қаржылық инвестициялар – табыс және бағалы қағаздар бойынша дивидендтерді алуда қарастырылатын акционерлік қоғамдардың акциясына, шаруашылық субъектілердің жарғылық капиталына салынатын ақшалай салымдар, сонымен қатар компанияны басқаруға құқық беретін басқарушылық мақсат.

Қоржындық инвестициялар — бағалы қағаздарды сатып алушылар олардың әр түрін сатып алуда табыстылық деңгейін көтеру және тәуекелді төмендету мақсатында қоржынды қалыптастырады. Ауқымды мағынасында инвестициялық қоржын бір салымшының инвестициялық активтерді сатып алуда жұмсайтын ақшалай қаражаттарының көлемі. Қоржынның құрамына компаниялардың акциялары, облигациялары, депозиттік сертификаттар, кепілдік куәліктері және инвестициялық құндылықтар жатқызылады.

Инвестицияны объектіде жұмылдыру мақсатына қарай олардың төмендегі түрлеріне тоқталайық:

  • материалдық активтерге салынатын инвестициялар (тұрғын үйлер, машиалар, өндірістік құралдар);
  • материалдық емес активтерге салынатын инвестициялар.

Олардың қатарына жер учаскілерін сатып алуда мүліктік құқық (ақшалай эквивалент бойынша бағаланатын), өнеркәсіптік меншікті берудегі құқық, тауар белгілерін сатып алудағы құқықтар, жаңа технологиялар үшін қажет куәліктер, өндірістік технологияға және өнімдерге жұмсалатын құқықтарға қажет салымдар жатады.

Қазіргі экономикалық жағдайда инвестор санатына мемлекет және олардың атынан аймақтық, облыстық, аудандық басқару органдары, сонымен қатар акционерлік қоғамдар, жеке тұлғалар, шет мемлекеттер, шет елдік заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар, халықаралық ұйымдар жатқызылады.

Инвесторлар жұмыс істеу қызметіне қарай үш түрге бөлінеді:

  • Мемлекеттік инвестициялар;
  • Аралас инвестициялар;
  • Жеке меншік инвестициялар.

Мемлекеттік инвестициялар – мемлекет тарапынан және мемлекет атынан салынатын ақшалай қаражаттар. Бұл қаражаттар мемлекеттік бюджеттің, бюджеттен тыс қорлардың, мемлекеттің жеке және заңды тұлғалардың бос ақшаларын тарту арқылы бағалы қағаздар шығару салымдары бойынша жүзеге асырылады. Мемлекеттік инвестициялар инфрақұрылымдар мен әлеуметтік салаларға бөлінеді.

Жекеменшік инвестициялар – жеке және заңды тұлғалардың тарапынан жүргізілетін салымдар мөлшері. Бұл инвестициялар экономиканың жеке меншік салаларына бөлінеді.

Аралас инвестициялар – мемлекеттік және жеке меншік инвесторлардың бірігуі арқылы қосылып жүргізілетін салымдар мөлшері. Осы категория негізінде резидент инвестициялары, біріккен инвестициялар және шетел инвестициялары болып үшке бөлінеді.

Резиденттер инвестициялары – мемлекеттік резиденттер тарапынан жүргізілетін жеке және заңды тұлғалар тарапынан қарастырылады.

Шетел инвестициялары – халықаралық ұйымдар, шетелдік мемлекеттер, шетелдік компаниялар, шетел заңды тұлғалары мен жеке тұлғалар тарапынан қарастырылатын субъектілердің бір мемлекет экономикасында жұмыс істеуі.

Біріккен инвестициялар – резиденттер мен резиденттер емес тұлғалардың арасында бірігіп жүргізілетін инвестиция түрі.

Инвестицияның қаржылық секторда тағы да басқа үш түрін қарастырамыз:

  • Нетто-инвестиция;
  • Брутто-инвестиция;
  • Жалпы инвестициялар.

Нетто-инвестиция – инвестициялық жобалардың нәтижесінде пайда болатын ең алғашқы инвестициялар немесе фирмаларды сатып алудағы алғашқы ақша қаражаттары.

Нетто-инвестиция және реинвестиция категориясы бірігіп брутто инвестицияны құрайды.

Реинвестиция дегеніміз – өндірістен жаңа босап шыққан және келесі өндірістік кезеңге қайтадан қолданылатын инвестициялық ресурстар жиынтығы. Реинвестициялар негізгі қорларды жаңартуға, технологиялық құралдарды қайтадан сатып алуға, өндіріс ауданын өзгертуге, жаңа өнім түрлерін шығаруға, жаңа сату нарығын ұйымдастыруға қолданылады.

Жалпы инвестициялар – негізгі капиталдың мөлшерін ұлғайтуда қолданылатын және оларды қайта қалпына келтіруге жұмсалатын жаңа инвестициялардың мөлшері.

Инвестициялық жобалар және оларды бағалау әдістері

Экономикадағы, технологиядағы, экологиядағы және саясаттағы жедел өзгерістер кезінде бизнес әлеміндегі табыстылық дұрыс қабылданған инвестициялық шешімге тікелей байланысты болады. Инвестициялық шешім инвестициялық жоба бойынша жүзеге асады.

Инвестициялық жоба:

  • нақты мақсатқа жетудегі кешенді шара, қызмет және іс.
  • іс шараларды жүзеге асыру және олардың орындалуын анықтайтын ұйымдық-құқтық және қаржылық-есептік құжаттар жүйесі.
  • қаржылық көрсеткіштерді сипаттайтын нақты инвестицияларды салудағы негізгі құжат.

Инвестициялық жобалар мақсаты төменде берілген:

  • өнім ауданын өсіруде;
  • өнім түрлерінің санын ұлғайтуда;
  • өнім сапасын жоғарылатуда;
  • өнімнің өзіндік құнын төмендетуде;
  • әлеуметтік және экологиялық міндеттерді шешуде.

Инвестициялық жобалар экономикалық салада әр түрлі сыныптамаларға бөлінеді.

  • Жоба қызмет аясына қарай коммерциялық (пайда табу); техникалық; экологиялық (қоршаған ортаны қорғауда); әлеуметтік (аймақтағы жұмыссыздық мәселелерін шешу) және экономикалық болып келеді.
  • Жоба құрылымы мен құрамына қарай шағын, орташа, күрделі немесе ірі болады.
  • Жоба ұзақтығына байланысты қысқы мерзімді (3 жылға дейін), орта мерзімді (3 жылдан 5 жылға дейін), ұзақ мерзімді (5 жылдан жоғары) болып келеді.
  • Жобаны зерттеу пәніне қарай ғылыми-зерттеу, жаңартпа, ұйымдастыру сипатында болады.
  • Тәуекел деңгейіне қарай сенімді және тәуекелді жобалар. Сенімді жоба – кепілдігі жоғары инвестициялық жобалар. Мысалы, мемлекеттік тапсырмалардың орындалуы. Тәуекелді жоба – шығындары және нәтижесі белгісіз жобалар. Мысалы, жаңа технологиялар мен өндірістік құралдар құру.

Инвестициялық жобаларды бағалау нәтижесінде тәжірибеде мынадай  көрсеткіштер қолданылады:

  • Таза келтірімді табыс;
  • Ішкі табыстылық нормасы;
  • Инвестициялардың өтелу мерзімі;
  • Инвестицияның тиімділік коэффиценті;
  • Таза ағымдық құн.

Таза келтірімді табыс (ТКТ)– инвестициялық қызметтің нақты нәтижесін және түпкі ықпалын сипаттайды. Таза келтірімді табыс – инвестициялық жобаны жүзеге асырудағы таза ағымда қолданылатын ақшалай ағымдардың нақты қолданылған қаражаттарға қатынасы.

Егер жобалардың орындалуында ТКТ нөлге тең болса, онда кәсіпорында осы жоба бойынша қосымша табыс алынбайды. Егер жобалардың орындалуында ТКТ нөлден кіші болса, онда осы жоба бойынша кәсіпорын иелері шығынға ұшырайды. Егер  жобалардың орындалуында ТКТ нөлден үлкен болса, онда кәсіпорында осы жоба бойынша қосымша табыс алынады.

Ішкі табыстылық нормасы – дисконтты  ставка бойынша анықталады, яғни бастапқы инвестицияларды келешек ақшалай түсімдердің ағымдағы құнымен теңестіру арқылы анықтаймыз. Ішкі табыстылық ставкасы инвестиция тиімділігін анықтаудағы өте күрделі көрсеткіш. Бұл көрсеткіштің мәні қаржылық өлшем бірліктер және нақты кестелер бойынша жүзеге асырылады.

Инвестициялардың өтелу мерзімі – инвестициялық жобалардың тиімділігін есептеудегі практикада кеңінен таралған және қолайлы көрсеткіштердің бірі. Инвестициялардың өтелу мерзімін есептеу — инвестициялардан алынатын болжанған табыстарды тең бөлуге байланысты болады. Егер алынған табыс жылдар бойынша тең бөлінсе, онда инвестициялардың өтелу мерзімі уақыт бойынша шығындардың жылдық табыс деңгейіне қатынасы бойынша есептеледі.

Инвестицияның тиімділік коэффиценті — орташа жылдық пайданы орташа инвестиция деңгейіне бөлеміз. Егер тиімділік коэффицентінің мәні 1 ден кіші немесе 1 ге тең болса, онда осы инвестициялық жоба бойынша кәсіпорында қосымша табыс алынбайды. Егер тиімділік коэффицентінің мәні 1 ден үлкен болса, онда бұл инвестициялық жоба жүзеге асырылады.

Таза ағымдық құн – инвестициялық жобаны жүзеге асырудағы келешек ақшалай түсімдер ағымы құнының бастапқы инвестицияларға қатынасын айтамыз. Болашақтағы ақшалай құралдар түсімінің ағымдық құны капитал құнын қолдану немесе есеп ставкасы бойынша есептеледі.

Таза ағымдық құнның артықшылығы – көрсеткіш ақшаның уақытша құнын қарастырады және уақыт бойынша түскен барлық ақшалай ағымдарды есептеу үшін қолайлы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *