Иммунитет. Гуморальдық және жасушалық иммунитет

Иммунитет (лат. иммунис — бір нәрседен босату) — бұл ағзаның жұқпаларға (бактериялар мен вирустарға) және кез келген бөтен бөлшектерге қарсы тұру қасиеті. Иммунитет туралы ілім негізін орыс ғалымы И.И. Мечников пен неміс ғалымы П. Эрлих жасады. Олар 1908 жылы Нобель сыйлығын алды. Ағзаны жұқпалардан қорғауды қанның ақ жасушалары — лейкоциттер қамтамасыз етеді. Олар ағзаны екі әдіспен қорғайды: 1) микробтарды жояды — фагоцитоз; 2) микробтарды жоятын немесе арнайы қорғаныш нәруыздар — антиденелерді жасайды. Жасушалық және гуморальдық иммунитет. Микробтарды жою әдістері негізінде иммунитетті жасушалық (фагоцитоз) және гуморалъдық (антидене) иммунитет деп бөледі.

Бірақ бұл оншалықты дүрыс емес. Ауру тудыратын микробтарға әсер ету механизмі жасушалық және гуморальдық иммунитеті кезінде белгілі бір сәтте айырмашылық жасайды, Иммунитеттің екі түрі өзара байланысты. Олардың әрекетінің нәтижесі ауру қоздырғыштарын жою болып табылады. И. Мечников фагоцитоз (жасушалық иммунитет) үдерісін, ал П. Эрлих антидене жүмысын зерттеді. Нәтижесінде иммунитет туралы біртұтас толық ілім жасалды.

Фагоцитоз — қатты бөлшектерді жасушалардың ұстап қалуы (жалған аяқтары арқылы). Амеба мен лейкоциттердің көптеген түрлері фагоцитозға қабілетті, оларды фагоциттер деп атайды. Жалған аяқтары (жасушаның кез келген жерінде пайда болатын цитоплазманың уақытша өсінділері) арқылы қозғалады. Сонымен қатар фагоциттер қан ағысына қарсы қозғала алады немесе қан тамырлары арнасынан шыға алады. Зиянды бөлшектерді кездестірген кезде оларды жалған аяқтарымен қоршап алады да, цитоплазмада лизосома көмегімен қорытады.

Антиденелер — лимфоциттердің кейбір түрлерін бөгде заттардың -антигендердің (грек. анти — қарсы) енуіне жауап ретінде бөліп шығаратын ерекше нәруыздар. Антиденелер микроағзаларды өзара жабыстырып, оларды жоя алады. Сонымен қатар антиденелер улы заттардың молеку-лаларымен химиялық реакцияға түсіп, оларды бейтараптайды. Антидене молекулалары ағзаның зақымданған жасушаларын жою үшін «белгілеп алатын» сияқты.

Лейкоциттердің әртүрлі типтері қызметтерінің айырмашылықтары бар. Лейкоциттердің 5 типін ажыратады, олардың кейбірі тип тармақтарына бөлінеді. Олардың әрқайсысының қүрылысында ерекшеліктері бар, түрлі түске боялады, иммундық жүйенің әртүрлі мүшелерінде жетіледі. Біз төменде олардың қызметіне байланысты айырмашылықтарын қарастырамыз.

Нейтрофилдер (ұсақ) және моноциттер (ірі) — ең белсенді макрофагтар. Олар бактерияларды, өкпедегі тозаңды және басқа зиянды бөлшектерді жояды. Микро- және макрофагтар — «бірінші қорғау шебін (сызығын)» қамтамасыз ететін зор фагоцитоздық жүйе. Фагоциттер жасушалық иммунитетті қамтамасыз етеді. Олар ауру қоздырғыштарын «тани» алмайды, оны «белгілей алмайды», жұқпамен күресу әдістерін зерттей алмайды. Нақты бір қоздырғыштарға қарсы «арнайы қаруды» жасау және жауларын «тану» сияқты күрделі жүмысты лимфоциттер атқарады.

Лимфоциттердің түрлі типтері әртүрлі мүшелерде түзіледі. Олардың барлық жасушалары сүйек кемігінде пайда болады. Кейін олардан жасушалардың екі типі түзіледі: Т-лимфоциттер айырша безде (тимуста) жұмыс істеуге дайын «жетілген» болады;

В-лимфоциттер сүйек кемігінде жетіледі. Олар көбеюге қабілетті -тек бір «жауын» — нақты бір ауру қоздырғышын тани алатын арнайы жасушалардың келесі ұрпақтарын береді. Бұл лимфа түйіндерінде және көкбауырда жүзеге асады.

Ағзаға жаңадан белгісіз антиген түскен кезде оның пайда болуына арнайы антидене жасалады. Оған В-лимфоциттер жауап береді. Яғни В-лимфоциттер гуморальдық иммунитетті қамтамасыз етеді. Егер «жау» ағзаға қайтадан енсе, В-жасушалар оны лезде таниды да, тез көбейеді — осы қоздырғышқа қарсы антидене жасайтын жасушалардың жаңа ұрпағын береді. Ағзаға белгілі бір антиген неғұрлым жиі енсе, оған қарсы «қару» — антидене соғұрлым тез әрі жақсы пайда болады. Аурулардың алдын алатын екпелерді қолдану осыған негізделген.

Адам ағзасы иммунитетін жоғалтқан кезде, мысалы, ЖИТС-пен ауырған жағдайда кез келген жұқпадан қайтыс болуы мүмкін. ЖИТС -бұл жұқтырып алған иммундық тапшылық синдромы. ЖИТС-тің қоздырушысы — АВЖ (адамның вирустық жұқпасы). Ол өте өзгергіш -тұмау вирусынан 100 еседей өзгергіш. Вирустың бір түріне әсер еткен дәрі басқа түрлеріне әсер көрсете алмайды. ЖИТС-тен жазылып кеткен жағдай әзірше тіркелген жоқ.

Электрондық микроскоп арқылы АВЖ-ның құрылысы, оның жасушаға беку механизмі анықталды. Ағза антиденелері вирусқа әсер етпейді. Вирус Т-лимфоциттерді жоятындықтан ағза қорғанышы әлсірейді де, иммундық тапшылық пайда болады. АВЖ-жұқтырған адам алдымен аурудың белгілерін байқамайды. Ол басқа жұқпаларды тез жұқтырады. Себебі оның ағзасы иммунитеттің жойылуынан аурумен күресе алмайды.

ЖИТС белгілері. Аурудың бастапқы сатысында қалтырау байқалады. Лимфа түйіндері ұлғаяды. Адамның терісінде ұсақ бөртпелер пайда болып, олар жараға айналады. Дене температурасы көтеріледі, іші өтеді, арықтайды, қаназдық байқалады, шаршайды, буындары және басы ауырады, өкпесі қабынады.

АВЖ-ның жұғу жолдары. ЖИТС, негізінен, жыныстық қарым-қатынас арқылы жұғады. АВЖ қан құю және егу (укол салу) кезінде қан арқылы жүғуы мүмкін. Нашақорлар көбінесе бір шприцті пайдалану кезінде бір-біріне жүқтырады. Кейбір жағдайда АВЖ жұқтырған әйелден болашақ баласына беріледі.

АВЖ ауа-тамшы арқылы жөтелу және түшкірген кезде, сондай-ақ қол алысып амандасқанда, моншада, жәндіктер шағып алғанда жүқпайды. ЖИТС пайда болған кезден бері оны тиімді емдеу әдістері табылған жоқ. Сондықтан алдын алу шаралары өте маңызды болып саналады. Бастысы — ағзаға вирустың енуіне жол бермеу керек. ЖИТС-тің алдын алу жалпымемлекеттік және жеке шаралар болып бөлінеді.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *