ХV ғ. екінші жартысы мен ХVІІ ғ. басы орыс тарихнамасындағы бір орталықтанған мемлекет құрылғаннан кейінгі маңызды кезең. Феодалдық бытыраңқылықты жоюда ХV ғ. ІІ Василий, ІІІ Иван, оның мұрагері ІІІ Василий жəне Иван Грозный патшалар шешуші рөл атқарды. Тарихи білімдердердің жинақталуын «1448 жылы жылнамалық жинақ» көрсетті. Бұл шығарма феодалдық қырқысулардан ығыр болған орыс қоғамының əртүрлі топтарының көзқарасы тұрғысынан жазылып, бұл жинаққа Куликово шайқасы туралы баян, Дмитрий Донскойдың жорықтары, орыс əскерінің Доннан өтуі жəне шайқас барысындағы адамдардың толғаныстары, ойлары келтірілген. Бұл жинаққа ұлы князь Дмитрий Ивановичтің өмірі туралы деректер жəне Тоқтамыстың Москаға шабуылы, боярлар мен дінбасылардың қаладан қашуы сияқты, саудагерлердің қаланы қорғауға қатысуы сияқты мəліметтер кіргізілген. Сондықтан бұл шығарма авторының сауда саласына қатысы бар болуы керек.

«1448 жылғы жылнама» – Москва княздығының тарихы туралы деректермен қатар Тверь княздығы, оның князі «Михаил Ярославич туралы əңгіме», «Псков тарихы», «Новгород туралы» мəліметтерді де қамтиды. Киев жəне Владимир – Суздаль княздықтары туралы мəліметтерде билік үшін тартыс, мысалы, Борис пен Глебті Святополктің өлтіруі сияқты деректер бар. Москва княздерін мадақтау жəне жатжерліктермен күрескерлердің патриоттық ерліктерін мадақтау мақсатында жылнамашы халық ауызынан – ауыз əдебиетінен жазып алынған Александр Попович пен 10 жауынгердің Калка шайқасында қаза тапқаны туралы əңгімелерді енгізген. Новгородтың негізін қалаған Гостомысл туралы мəлімет те халықтық болуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, 1448 жылы жылнамалық жинақ кейінгі жылнама жазу дəстүріне үлкен ықпалын тигізді. Москва ұлы княздығының жылнамалық ескерткіштерінде «1479- 1480 жж. жинақ» Новгородтың қосылуымен байланысты жасалды. Онда новгородтықтардың қырсықтығы мен мойынұсынбаулары туралы жазылған жəне ІІІ Иван патшаның Новгородты орыстардың ата-бабаларының жері деген сөзі келтірілген.

«1177 жылғы Владимирлік жинақта» Орыс жерлерінің орталығының Киевтен Владимирге көшірілуі туралы мəлімет бар. Бұл дерек 1479 жылғы жылнамада жалғасын тапқан. Мұнда бас қала Киевтен – Владимирге, одан кейін Владимирден Москваға көшірілуі айтылған. Өзін Киев княздерінің мұрагері етіп жариялаған ІІІ Иван, литов княздерінің Новгородты қосып алу талабының заңсыз екендігін дəлелдеуге тырысады. ХІV ғасырда орыс жылнамаларында Москва княздерінің Тверьмен жауласқаны жазылып, Иван Калита, керісінше, орыс жерлерін жинақтаушы болып көрінеді. Жалпы ХV ғасырдың екінші жартысындағы ресми тарихнамаға тəн сипат – феодалдық қырқысулар, новгородтықтарды «сатқындар» деп бағалаудан байқалады. Ресми орыс тарихнамасындағы осы тарихи кезеңдегі басты жаңалық – бір билеушіге бағынушылық (самодержавие) идеясы, ол жеке княздықтарды жоюға бағытталды. ХV-ХVІ ғғ. Ресейде жалпы тарихқа қызығушылық артты. Оның басты себептерінің бірі – Москва мен оның билеушілерінің ұлылығын жəне əлемдік маңыздылығын көрсету мақсатынан туындады. 1479 жылғы «жылнамалық жинақта» Византияның православиелік христиан дінінен «латындық» христиандыққа өткенін көрсететін Флоренциялық унияның мазмұны келтірілген. Өзге елдердің тарихынан жеке баяндар келтіре отырып, орыс жылнамашылары компилятивтік «Хронограф» жасақтап, онда Вавилондық араласудан басталған дүниежүзілік тарихтың барысы əңгімеленген. Көне Інжіл жəне Жаңа Өсиет, Иосиф Флавийдің «Иудей соғысы» византиялық хроникалар мен оңтүстік славян деректері негізінде Ежелгі Шығыс жəне антикалық тарих, Византия тарихы баяндалып, орыс тарихының оқиғалары əлемдік тарихқа кіргізілді.

Біздің заманымыздың 1512 жылы немесе кейінгі зерттеушілер анықтағандай, 1516-1522 жылдары жазылған «Хронограф» жетті. Оның негізінде ХV ғасыр протографы бар. Оны жасаушылар дүниежүзілік тарихты 4 монархияға бөлінген кезеңдестіруді қолданған: Вавилон, Персия, Грек-македон патшалығы жəне Рим империясы. Мұнда «Римнің жалғасуы» идеясы қолданылған, өйткені Рим құлағаннан кейін əлемдік тарихтың орталығы – «Хронограф» бойынша Константинопольге Византияға ауысқан Римнің құлауын оның православиелік христиандықтан бас тартуымен байланыстырып, Константинопольді Рим папалары сатып кеткен дейді. Одан кейін Византияның православиеден аулақтануы оны түріктердің басып алуына ықпал етті: Грек, Болгар жəне балқан патшалары «құдайды ұмытқан күнəсі» үшін түрік тұтқынына түсті: ол Ресей жері «құдайдың қолдауымен өсіп-өніп, жаңарып, көркейіп келді, ғасырлар аяқталғанша кеңейеді» деді. Ресейді «құдай қалаған» деген идея «Москва – Үшінші Рим» атты теория арқылы дамытылды. Оны Псков-Печор монастыры монахы Филофей 1524 жылы жасақтап, орыс шіркеуінің католицизмге қарсы көзқарасын танытты.

Филофейдің пікірінше, «екінші Рим құлап, үшіншісі тұр, төртіншісі болмайды», мұндағы құлаған екінші Рим – Рим жəне Византия империялары. Енді православиелік христиан дінінің орталығы Москва – үшінші Рим атағын иемденді. «Москва – үшінші Рим» теориясы орыс православиялық шіркеуінің беделін асырды. Москва өкіметі орыс мемлекеттілігін əлемдік державалармен байланыстыратын басқа теорияны қолданды. Бұл Спиридон Савваның «Мономах Тəжі туралы хабарында» жəне «Владимир княздары туралы əңгімелерде» жарияланды. Бұл теория бойынша Византия императоры Константин Мономах – Киев князі Владимир Монамахқа патша тəжі мен су шығатын Қасиетті Крест берген. Бұл аңыз Константиннің 1055 ж. өлгеніне – ал Владимир МонамахтыңКиевте ХІІ ғ. князь болғандығын біле тұра насихаттады.

Осылайша, Византиялық тəж бен крест туралы аңыздар Москва Княздерінің Рим императорларымен туыстығын дəлелдеу үшін жасалды. Рим патшасы Августің мұрагері – мифтік Прус, оның мұрагері – Рюрик – орыс княздерінің əулетінің негізін қалады. Осылайша Москва княздерінің ұлы шежіресіне Литва патшаларының атбегі болған Уресиминнен шыққан шежіресі қарсы қойылды. Сөйтіп орыс княздерінің елді біріктіруге құқығы заңдастырылды. Осылайша «Владимир князьдері туралы əңгімелердегі» идеялар 1530 жылдарыжылнамаға, одан əрі ХVІ ғасырдағыресми құжаттарға енгізіліп, Ресей самодержавиесін негіздеуге қолданылды. ХVІ ғасырда орыс тарихнамасы үлкен көлемді шығармалар түрінде қалыптасты. Осындай шығармалар қатарында Воскресенск жəне Никон жылнамалары бар.

Алдыңғы жылнама Истрадағы Никон салған Воскресенск монастырында сақталса, соңғы жылнаманы патриарх Никон жасақтады. [Лихачев Д.С. Развитие русской литературы Х-ХІІ вв.Л.1972.с.133-135]. «Воскресенск жылнамасы» 1540 жылдары боярлар басқаруы кезінде жазылып, В.Шуйский жақтастарына жақтас екендігі көрініп тұр. Бұл жылнама 1541 жылға дейінгі оқиғаларды қамтып, нұсқасы Никон жылнамасының 1520 жылдан кейінгісі 1526-1530 жылдарды қамтиды. Зерттеуші Б.М. Клоостың математикалық əдісті қолданған текстологиялық талдауы Никон жылнамасын жазуға митрополит Даниил қатысқанын дəлелдеп, бұл жылнаманы ол 1558 ж. дейін жеткізді.

Иван Грозный бұйрығымен 1568-1571 жылдары Тұлғалық жылнама (Лицевой свод) жасалып, біздің заманымыздағы 9700 бет жəне 16000 сурет жетті. Бұл жылнама дүние жаратылғаннан басталып, орыс мемлекеті пайда болғанға дейінгі уақытты қамтиды. [Клос Б.М. Никоновский свод и русские летописи ХVІ-ХVІІ вв. М. 1980. с.159] Б.М. Клоостың пікірінше, «Лицевой свод» опричнина орталығы – Александр слободасында жазылған, Иван Грозныйдың бұған қатысуы күмəн туғызбайды. Ол 1575 жылы қарап шығып, мазмұнына өзгерістер енгізген, боярлардың көтерілістері мен бүліктерін ашқан. 1560 жылы Иван ІV Грозныйдың діндары Афанасий «Степенная книга» атты жылнама жасақтап, онда оқиғалар жылмен емес, жақпен (деңгей) берілген. Деңгейлер Владимир І Светославичтен басталып, ІV Иванға дейін жеткізген «Степенная книга» («Деңгейлік кітапқа») Москва билеушілерінің Рим императоры Августен шыққандығы, Владимир Монамахқа Византия императоры Монамахтың тəж бергендігі туралы əңгімелер кіргізілген. «Никон жылнамасы» бұрынғы жеке дара княздықтардың жылнамаларын: Киев, Новгород, Тверь, Ростов, оңтүстік орыс, Москва жылнамаларын дерек ретінде пайдаланған. ХVІ ғ. орыс жылнамаларына мемлекеттік мұрағат құжаттары енгізіле бастаған. Олар соғыс, дипломатия жəне ішкі саясат мəселелерін қамтыған.

Жылнама жазу орталығы Посолдық приказ (Елшілік бұйрық) болып, онда сыртқы саясат мəселелерімен қатар ішкі мəселелер де қамтылған. Сонымен қатар 1560 жылы жазылған «Қазан патшалығы тарихы» оны жазған адам татарларда ұзақ уақыт тұтқында болған сияқты. Мұнда Қазан хандығының құрылу тарихымен қатар оны Иван Васильевич Грозныйдың жаулап алуы баяндалған. Мазмұны тарауларға бөлінген бұл жылнама бір ортақ тақырыпқа жазылған көлемді еңбек саналады. Яғни, бұл еңбек жылнамалық стильде жазылмаған, тарихи шығарма саналады. Осыған ұқсас тарихи шығарманың бірі – Князь Курбаскийдің 1576-1578 жылдары жазған «Москваның ұлы князінің тарихы» атты еңбек. ХV-ХVІ ғғ. Ресми орыс тарихнамасында патша билігінің құдайлық негізі туралы теорияны бекітіп, Москва княздерінің беделі күшейді. Иван Грозный өз билігінің құдай жолымен орныққанын Курбаскийге жазған хаттарында негіздеп, Ресей патшалығының самодержавиелік сипатын православиелік христиан дінімен байланыстырды. ХVІ ғасыр тарихшылары (жылнамашылары) фольклорлық сюжеттерді нақты оқиға ретінде көрсетті, мысалы, Калкадағы шайқасқа да, ХІ ғасырдағы қыпшақтармен орыстардың соғыстарына да былиналық (аңыздық) Алеша Поповичтің «қатысуы» туралы мəліметтер осыны дəлелдейді. ХVІ ғасырдағы орыс жылнамаларында орыс патшаларының басы Рюрик туралы қарама-қайшы пікірлер бар.

Мысалы, Воскресендік жылнамада Рюрик-Рим императоры Августің інісі Прустың ұрпағы болып, Прустың жері – Висла жəне Неман өзендерінің аралығы болып, немістің Пруссия аймағымен байланыстырылады. Осылайша Прусты немістекті деген Воскресенск жылнамасы осыған қайшы пікір Рюрикті – варягтардан шыққанын айтады. Ресми жылнамамен қатар, ХV ғасырдағы ресми емес жылнамаларда басқаша пікірлер айтылады. Зерттеуші Я.С. Лурьенің пікірінше 1475 жылғы «жалпы орыстың жылнамалар жинағы» Ростов – Судель жерінде (Белоозерск, Устюг, Вологда, Галич) Кирилл – Белозер монастырында жазылған. Олар Москва княздерімен воеводаларының əрекетін сынға алған. ХVІ ғасырда орыс қоғамдық ойының көрнекті өкілі – Иван Пересветов Византияның құлау себептерін византиялық байлардың күнəларымен түсіндіреді. Пересветов мемлекеттің саяси əлсіреуінің себептерін іздейді. Ол түрік сұлтандарының мемлекеттік жəне əскери құрылымындағы жетістіктерге назар аударды. Ол абсолюттік билікті жақтайды.

Князь Курбский «Москваның ұлы князінің тарихында» жəне «Иван Грозныйға жазған хаттарында» ірі вельможалардың бірорталықтанған мемлекетте лайықты орын алу қажеттігін негіздеді. Қуатты «қасиетті» орыс мемлекетінің негізінде патша мен ақсүйектердің бірлесуіне маңыз берген Курбский ірі жер аристократиясының мүддесін қорғады. Курбскийдің де, Пересветовтің де көзқарастарының кейбір тұстары гуманистердің ертебуржуазиялық идеологиясына сəйкес келді. Мысалы, Курбский адам еркіндігі туралы айтқанда крепостной шаруалар емес, ірі феодалдар патша тарапынан қысымға ұшырамауын көздеді. Яғни буржуазиялық жаратылыстық заң феодалдық-аристократиялық сипат алды. Курбский көзқарастарында гуманистік идеялар көріпкелдік идеялармен ұштасты. Тарихи оқиғаларды бір жағынан адамдардың қызметі, екінші жағынан құдай еркі деп қарастырды. Ол Иван Грозныйдың патшалық құрған кезін 2-ге бөледі: патшаның ақсүйектерге емес, ақсүйектерімен кеңесіп басқарған уақыты мен жағымпаз, жалақор адамдар кесірінен аяусыз қаталдық кезеңі. Кейін бұл пікірді ХІХ ғасырда Н.Карамзин одан əрі дамытты.

ХVІІ ғасырда орыс тарихнамасы жаңа сипатқа ие болды. Борис Годунов заманы мен күңгірт (смута) замандағы Лжедмитрийдің əрекеттерін, шаруалар көтерілістері құдайдың қаһары ретінде бағаланды. Троиц-Сергиев монастырының діндары Авраамий Палицын шаруалардың оңтүстік батыс аймақтарға қашып, бүлікшіл элементтерге айналуы себебін шектен тыс қанаумен түсіндірді. Иван Тимофеев деген тарихшы Иван Болотников бастаған шаруалар көтерілісінің холоптардың өз қожайындарымен теңесу əрекетінен туындағанын негіздеді. 1617 шыққан «Хронографтың» 2-басылымында адам табиғатының қайшылықты сипаты, ІV Иван патша Грозный мысалында қарастырылды.

Сөйтіп, И. Тимофеев орыс тарихнамасында тұлғалардың тарихтағы орнына назар аударып, Б. Годунов, В. Шуйский мінез-құлықтарының ерекшеліктері, тарихи портреттері жасалды. Жалпы ХVІІ ғ. европалық тарихнамада қалыптасқан рационализм мен гуманизм идеялары орыс тарихнамасына толық орнықпады. ХVІ-ХVІІ ғасырларда орыс тарихшылары ортағасырлық көріпкелдік идеяларынан бас тартқан жоқ. ХVІІ ғасырда Ресей тарихнамасында жылнама жазу дəстүрі жоғалған жоқ. Олардың қатарында «Никон жылнамасы», «Степенная книганың» толықтырылған нұсқасы бар. Дегенмен ХVІІ ғасырдың аяғында патша Федор Алексеевичтің бұйрығымен тарихи шығармалар жазыла бастады. Таспа түрінде шыққан алғашқы орыс тарихы шығармасы «Синопсис немесе əртүрлі жылнамалардың қысқаша жинағы» деп аталып, оны құрастыруда жəне бастыруда Киев-Печорск монастырының діндары Иннокентий Гизель үлкен рөл атқарды. 1674 жылы шыққан бұл кітап М. Ломоносовтің еңбегі шыққан 1760 жылға дейін орыс тарихының оқулығы рөлін атқарды. 100 жылда 15 рет басылды. Бұл еңбекте славяндардың шығу тегі, оның атауының, тілінің тарихы, Киев Русінің христиандықты қабылдауына үлкен мəн берілді. Киев мемлекетін орыс самодержавиесінің бастаулары етіп қарастырылды.

Татар шапқыншылығы мен Куликово шайқасына Кітап мазмұнының орнында, сонымен қатар Украинаның Ресеймен қосылуы – Ресей халықтарының туыстығын көрсетті. Нестор жылнамасының, өзге де жылнамалардың шынайылығы мойындалды. 1692 жылы А.И. Лызлов «Скиф тарихын» компиляциялық (көшірме) еңбектерінде жазып, скифтер туралы барлық мəліметтерге шолу жасады. Скифтерді Шығыс Европа жəне Азия халықтарын орыс, литов, татар, волох, т.б. халықтардың скифтерден тараған халық ретінде татарлар тарихына шолу жасалып, «Қазан хандығы тарихынан» сілтемелер жасалды. «Скиф тарихында» түріктер, олардың Константинопольды жаулап алуы, жалпы тарих жəне орыс тарихы оқиғалары көрсетілді. А.И. Лызлов деректері ретінде ежелгі аварлар мен орыс жылнамаларын «Хронограф», «Степенная книга», «Синопсис», «Стройковский хроникасы» жəне басқа да поляк авторларының еңбектерін Нестор Искандердің «Царьграф туралы повесін», оған Пересветовтың түсіндірмесін пайдаланды. Пересветов секілді Лызлов та Визатияның құлауы «құдайдың күнəһарларды жазалауы» себебінен болғанын тұжырымдайды. Бірақ түріктердің 1453 жылы жеңісінің көріпкелдік түсіндірмелерімен келіспейді. Ол Искандер айтқан пікірлерді кіргізбейді. Византияның құлау себебін патша билігінің əлсіздігінен көреді. Дегенмен түрік əскерлерінің тəртібі мен құрылымының тиімдігін мойындайды. Бұл кезеңде Европалық гуманистік тарихнамада 4 монархия негізіндегі кезеңдерден бас тартып, Ұлы Карл империясын Рим империясымен байланыстыру бағыты енгізілді.

Ресейде орыс патшаларын Римдік Августтен тарау дəстүрі ұзақ сақталды. ХVІІ ғасырдың аяғында «Москва – үшінші Рим» теориясы кейінге ығыстырылды. Бұл теорияның ұлты хорват, Ресейде айдауда болған Юрий Крижанич (1618-1683) сынады. Ол славяндарды Ресей басшылығымен біріктіру идеясын көтереді. Римнің құлауын шынайы христиандық православиеден бас тартумен байланыстырған ол Византияның құлау себептерін де православиеден бас тартып, каталицизммен одақ құрумен негіздейді. Бұл, сонымен қатар ол «Повесть временных лет» жылнамасындағы Рюриктің теңіздің аржағынан келгендігі немесе Пруссиядан келгендігін жоққа шығарып, орыс мемлекеттілігінің автохтондығын дəлелдеуге тырысып, «русь» деген тайпаның Ресей территориясында болмағанын жəне варягтар Пруссиядан келсе, Пруссияда ол кезде немістердің тұрмағанын, новгородтықтардың бірден 3 князь (Рюрик, Синеус, Труворды) шақырғанының қисынсыздығын айтты. Оның деректерді сыни талдау сияқты гуманистік тарихнама əдістерін қолдануы көріпкелдік идеялармен ұштасты.

ХVІІ ғасырдың аяғында Москва мен Москва тұрғындарының Иафеттің алтыншы баласы Мосохтан шығару идеясы кең қолдау тапты. Антикалық автор Иосиф Флавийдің «Мосохтан – мосхалар – капподокийліктер шықты» деген пікірін негізге алған поляк тарихшылары Бельский мен Стройковскийлер ХVІ ғ. славяндар мен москвалықтар библиялық Нұх пайғамбардың немересімен байланыстырды. «Мосох-Москва» теориясы «Август-Рюрик» теориясынан бас тартылу кезеңінде шықты. Тарихи тұрғыдан бұл екі теория да аңыздық саналады. Сонымен қатар «славян» ұғымын даңқты істер – «славные дела» сөзінен; «россияне» сөзін – «шашырап өмір сүрген» (рассеяны) сөздерінен шығару да қателік болды. ХVІІ ғасырдағы орыс тарихнамасын кейінгі ғалымдардың бағалауы да əртүрлі болды. Негізінен оның тарихилығына сыни көзқарас қалыптасты.

Дегенмен М.Н. Тихомиров ХVІІ ғ. тарихнамасын жаңа кезеңнің басы деп есептейді. Кейбір ғалымдар оны жылнамадан ғылыми тарихқа өтудің өтпелі кезеңі деп қарастырады. Оның сипатты белгілері төмендегідей: Ірі тарихи шығармалар, мысалы, «Синопсис» жазылды: – тарихи оқиғалар – адам қызметінің нəтижесі ретінде қарастырыла бастады; – жеке тарихи тұлғаларға тарихи сипаттама берілді; – антикалық тарихнамаға қызығушылық гуманистік идеяларға жол ашылды; – жаратылыстық ғылымдарға мəн берілді; – аңыздық теориялар сынға алынып, бұрынғы теориялардан бас тартылды; – ұлттық сана қалыптаса бастады. ХVІІ ғасырдағы орыс тарихнамасы феодалдық діни идеологияға негізделіп, ғылыми тарих деңгейіне көтеріле алмады.

Авторлық сілтеме:
Жұмабаева Ж.К. Дүниежүзілік тарих тарихнамасы (ежелгі замандардан ХХ ғ. дейін). І бөлім. ЖОО тарих мамандығы студенттеріне арналған оқулық. / Алматы: 2014. – 408 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *