Хосе Ортега-и-ГассетХосе Ортега-и-Гассет — әлем шын мәнісінде Испаниядағы бірінші философ ретінде таниды. Оның бүкіл испан тілді халықтардың рухани өміріне ықпалы айрықша болды. Ортеганың ықпалымен ХХ ғасырдың екінші жартысында испан философиясы тұтастай экзистенциалдық бағытта болды деуге болады.

Ортега деген есім Испанияда өте танымал болған: әкесі – публицист, жазушы, шешесі – дипломаттың қызы; Ортеганың ағалары, кейін балалары елдің саяси және мәдени өмірінде елеулі рөл атқарған. Сондықтан да болар Испанияның Ұлттық энциклопедиясында оның көптеген тума-туысқандары аталады.

Жанұядағы ахуалдың ықпалымен Ортега саясат әлеміне ерте араласып кеткенге ұқсайды. Иезуиттік колледжде оқып, өзінің айтуынша, Ортега одан түк те ала алмаған: дінді де, Құдайды да, өмірді де, ғылымды да түсіне алмаған. Колледжде надандықпен бірге адамзаттың әйгілі ақыл-ой иелеріне деген менсінбеушілік орын алған. Бильбао және Мадрид университеттерінен де тілдерден басқа ештеңені үйрене алмаған көрінеді. Ортеганың өзінің сөзі: «испан тілінде ештеңеге де: өнерге де, естілікке де, ізгілікке де үйрене алмадым». Ортеганың айналасындағылармен ойлап тапқаны – оқу орындарынан ала алмағанын өздігінен оқып, игеріп толтыру. Үйдегі кітапханада әлем классиктерінің барлық шығармалары болған. Ортега Гюгоны, Шатобрианды, Стендалды, Мопассанды, танымал француз ақындары мен философтарын оқиды. Жас шағында, өзінің айтуынша, «француз мәдениетінен нәр алып өскен». Өзіне француз тарихшыларының да (Мишле, Тьерри, Ренан, т.б.) көбірек әсері болғанын атап өтеді. Немістерден жасынан оқып игергені – Гете, Гейне, Шопенгауэр мен Ницше. Ағылшын әдебиеті немесе философиясы жөнінде испан философы әңгіме етпейді. Соған қарағанда ағылшын эмпиризміне, логицизміне көңілі толмаса керек.

1904 жылы докторлық диссертация қорғағаннан кейін өзінің философиялық білімін, жалпы интеллектуалдық деңгейін жетілдіру мақсатында Германияға аттанады. Лейпциг, Марбург, Берлин кітапханаларында күніне 10-12 сағаттан жұмыс істеп, философиямен айналысады: Канттың сыни еңбектерін, В. Дильтейді, Ницшені зейін қойып оқиды. Философия тек кітаптар арқылы игерілмейді, ойшылдармен, оқымыстылармен сөйлесу, тілдесу арқылы, ұстаз бен шәкірттің нақты қарым-қатынасы арқылы адамға қонады. Бұл арада Ортегаға Марбургте Г. Когеннен және П. Наторптан алған сабақтары философия әлеміне енуге үлкен септігін тигізеді.Тағы бір неміс философы И. Гартманмен жиі-жиі Парменидтің, Лейбництің, Канттың туындылары төңірегінде әңгімелеседі. Николай Гартман кезінде Петербург университетін бітірген еді. «Мен, – дейді Ортега, – менің Испаниямның неміс мәдениетін бойына сіңіруі қажет екенін түсіндім. Испанияға керегі – неміс мәдениеті…».

Ортега сонымен бірге өзі танысқан неміс философтарының сыңаржақтылығын да атап көрсетеді. Олар бүкіл философия тарихына Канттың, Гегельдің, Маркстің көзімен қарауға әзір.

1908 жылы Ортега еліне оралып, философиядан Мадрид университетінде сабақ бере бастайды. Мектебін құрады, шәкірттері көбейеді. Ортега өзінің оқытушылық қызметін бастаған кезде Испания университеттерінде философия пәні жүргізілмейтін-ді. Сондықтан оған ағарту ісімен айналысып, университет дәрісханаларында және көп кісілік залдарда жұртшылыққа философияның мән-жайын түсіндіріп, философияны кеңінен насихаттауға тура келеді. Ол ғылыми-көпшілік журналды және баспахананы ашып, онда шетелдік философтар мен ғалымдардың таңдамалы шығармаларын жариялайды. Брентаноның, Гербарттың, Фрейдтің, Риккерттің, Хейзинганың испан тілінде жарияланған шығармаларына көлемді кіріспе сөздер жазып, мұнда Ортега философия жөніндегі өз түсінігін, ойларын баяндайды. Ортеганың кейбір маңызды ойлары, идеялары алғашқыда газет бетіндегі мақалаларда жарық көреді.

Ортеганың алғашқы ірі шығармасы «Дон Кихот жайлы ой-толғамдар» (1914 ж.) деп аталады. Осында-ақ оның өз философиясының басты-басты қағидалары белгілі болады. Ортеганың көзқарасы өне бойы бір күйде қалып қойған жоқ, жаңакантшылдықтан экзистенциализмге қарай, таным теориясы мен методология мәселелерінен адам проблемасына қарай өзгеріп отырады.

Ортега – әр түрлі тақырыпта қалам тартқан оқымысты. Ол өз заманындағы физика мен биологияны жете білген, оның логика мен математиканың, техниканың, өнер мен саясаттың философиялық мәселелерін талдаған еңбектері бар. Бірақ та Ортеганы өне бойы толғандырған өзекті проблема – адамның тарихи қалыптасуы, адам өмірінің қыры мен сыры.

Ортеганың ірі еңбектерін атап өтейік. «Белі үзілген Испания» (1922 ж.), «Заманымыздың тақырыбы», «Өнердің дегуманизациясы» (1925 ж.), «Бұқараның көтерілісі» («Восстание масс», 1929 ж.) – Ә. Қодар Ортеганың осы шығармасын «Көпшілік көтерілісі» деп атапты «Батыс философиясының антологиясында». «Галилей туралы» (1933 ж.), «Идеялар және нанымдар» («Идеи и верования», 1940 ж.), «Тарих жүйе түрінде» (1941 ж.), «Адам және адамдар», т.б. Альбер Камю Ортеганы «Ницшеден кейінгі ең ұлы еуропалық жазушы» деп атайды.

Ортеганы әдебиетте «рациовитализм» концепциясының негізін қалаушы ретінде біледі. Шынында да ол «таза ақыл», «абсолюттік ақыл» деген классикалық философиядағы рационалистік түсінікті қабыл алмайды. Гегель суреттеген ақыл арқылы, яғни таза теория арқылы біз тарихи адамды, нақты адамды, Сені, Мені, Оны танып біле алмаймыз. Адам болмысында әрқашан да ақылға көнбейтін иррационалдық бар. Адам өмірін табиғатпен салыстыруға болмайды. Ортега ақылды өзінше түсіне отырып, адамның дүниемен бірлігін, сонымен бірге дүниеге сіңіп, дүниеге ұқсап кетпейтінін, күтпеген қылықтарымен көрінетінін ескереді. Ортега философияға рациовитализм – «өмірлік ақыл» («жизненный разум») ұғымын енгізуге тырысады. Феноменологияның негізін қалаған неміс философы Э. Гуссерль «өмірлік дүние» («жизненный мир») ұғымына жүгінсе, Ортега «өмірлік ақыл» ұғымына назар аударады. Бұл ұғым адам өмірін тарихқа балап, өмір тәжірибесіне және мұны талдаудан туған даналыққа жүгіну керек екенін ескертеді.

Әр адамда, Ортеганың ойынша, екі түрлі адам тартысқа түседі. Біреуі – маймылға (гориллаға) ұқсас тағы адам; ол өзінің еркелігінен, назынан, қыңырлығынан, жөнсіз тілектерінен басқа ештеңемен санаспайды; екіншісі – көргенді, тәрбиелі, мәдениетті адам; ол әрдайым өзінің ар-ұятына, моральдық борышына, мәдени құндылықтарға арқа сүйейді. Ақыл, ақылға жүгінетін ғылым алғашқы адамды білмейді. Ал ондай адамдар бар. Адам бойындағы екі бастаманы қалай үйлестіру керек, тағылықты қалай жеңіп, көргенділікпен қалай байыту керек? Өмірлік ақыл – осы дилемманы шешу жолы.

Унамуно құсап, Ортега жалпы ақылдан бас тартуды уағыздамайды. Оның сынап отырғаны ақылдың тарихи түрі – «геометриялық ақыл» – бәріне де объект ретінде қарайтын, табиғат пен адамның айырмашылығын ескермейтін таным құралы.

Ортега ілімінің негізгі қағидасын былай анықтауға болады: «Мен дегеніміз Мен және менің хал-ахуалым» («Я есть Я и мои обстоятельства»). Алғашқы «Мен» – бұл адам өмірінің нақты реалдығы, басқа реалдықтың бәрі осыдан бастау алады. Философия да, Ортеганың ойынша, осы «Меннен» басталуы керек, өйткені философия – абстрактілі сана, ақыл емес, қашан да адам ойы, түсінігі. Бірақ философия бұл «Мен» – мен шектеліп қалмайды. Ол ненің ортасында, нендей жағдайларда, ненің арқасында «Мен» деп кеудесін ұрады? Оны «Мен» ететін не? Мұның бәрін Ортега Меннің хал-ахуалы деп есептейді: табиғи, әлеуметтік, мәдени орта, басқа адамдар. Бірақ бұл – адамнан тыс өз алдына, өзімен-өзі өмір сүретін орта (табиғат, қоғам) емес, адам санасынан өткен, адамды ойландырған, адамды қинайтын, адам алдына күрделі проблемалар қойған орта, басқаша айтқанда, толыққанды өмір. Адам, «Мен» өз ахуалы үшін өзі жауап береді: «мен қайтейін, жағдай солай қалыптасты» деп жауапкершіліктен бас тартуға болмайды. Фашизм үшін де, тоталитаризм үшін де тек Гитлер не Сталин жауапты емес, бүкіл неміс халқы, Еуропа халықтары, Кеңес халқы жауапты.

Ортега өмір дегенді тек қам жеу, үрей; қауіп-қатер, күрес, «шекаралық жағдайға» тап болып абдырау деп түсінбейді. Өмірде бұл да бар дей келіп, ол өмірді тырбыну, іздену, тәуекелдік, авантюра, бас тігу, тығырықтан шығудың амалын іздеп табу деп есептейді. Толыққанды өмір сүру осылай жүзеге асады. Өзінің аты шулы «Бұқараның көтерілісі» деген шығармасында Ортега өз заманының халін сынға алады. «Қазіргі Еуропа, – оның ойынша, – қандай да болсын халықты, ұлтты, мәдениетті тұралатып кететін ең ауыр тығырыққа тірелді» (Батыс философиясының антологиясы… 392 б. Хосе Ортеганың аталған шығармасынан үзінділерді аударған Ә. Қодар). Бұл дағдарысты испан ойшылы «бұқараның көтерілісі» деп атайды. Кейбір зерттеушілер Ортеганың шығармасын өркениетке, мәдениетке тигізген ықпалына қарап ХVІІІ ғасырдағы Руссоның «Қоғамдық келісімімен», ХІХ ғасырдағы Маркстің «Капиталымен» салыстырады.

Еуропа халықтарына ХХ ғасырда тап болған бұл тығырықтың белгілері қандай? Ортеганың ойынша, бұл – ең алдымен адамдардың біріне-бірінің ұқсастығы, тобырға айналуы. «Тобыр, – деп жазады Ортега, – сандық ұғым және оның айқын белгісі – көпшілік. Бұл ұғымды бұрмаламай әлеуметтану тіліне аударалық. Сонда «бұқара» шығады. Қоғам әрқашан да азшылық пен бұқараның (көпшіліктің – Т.Р.) өзгермелі бірлігі болатын. Азшылық (элита) – бұл ерекше қасиеттерімен көрінген адамдардың жиынтығы; ал бұқара – ештеңесімен ерекшеленбейтін көпшілік. Әңгіме, демек, бұл арада әсте де «жұмысшы бұқарасы» жөнінде емес. Бұқара – бұл «орташа адам» (Ортега-и-Гассет-Х. Избранные труды: Пер. с исп. – М.: Издво «Весь мир», 1997. – С.45; салыстыр: Батыс философиясының антологиясы… 393 б.). Ортега адамзатты екі топқа бөлгенді дұрыс деп есептейді: «мойнына барша парыз бен міндетті жүктеп, өзөзінен көп талап ететіндерге және өз-өзінен ешнәрсе талап етпей, сол қалпында қалып, өзінен-өзі асып түсуге тырыспай, ағыспен жүзе беретіндерге» (Сонда. С.46).

Қоғамды жайлаған дағдарыстың тағы бір белгісі – тұлғалар, даралар азайып, орташалардың, дарынсыздардың көбейіп бара жатқанында. «Біздің заманымыздың ерекшелігі, – деп атап көрсетеді Ортега, – қарадүрсін жандардың өзінің қарадүрсіндігін біле тұра, онысынан ешбір бас тартпай, барлық жердегі барша халыққа соны ұсына беретіндігінде» (Батыс философиясының антологиясы, 394 бет). «Бұқара өзіне ұқсамайтын асқан тұлғаларды, үздіктерді таптап өтуде. Басқаларға ұқсамайтын, басқаларша ойламайтын адам аласталу қаупінің алдында тұр. Өзінен-өзі түсінікті, «бәрі» – бұл әсте де «барлығы» емес. Дүние бұрын бұқара мен тәуелсіз азшылықтың біртекті емес бірлігі болатын. Енді бүкіл бұқараға айналды» (Ортега-и-Гассет Х. Избранные труды… С.48). Ортегаға бұл арада Ницшенің ықпалы басым болғаны көрініп тұр.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.