Орыс мемлекеті тарихындағы феодалдық бытыраңқылық кезеңінде (ХІІ-ХV ғғ.) тарихи сана мен тарихи білімдердің жинақталуы – жылнамалар негізінде жүзеге асты. Ресейдің ресми тарихнамасы деректеріне сүйенсек, жылнама жазу солтүстікшығыс Русь (Владимир, Суздаль, Переяславль-Залеск, Ростов) жəне оңтүстік аймақтарда (Чернигов, Переяславл, Киев) жəне ГалицВолын, Новгородта болған. Бұл жылнамалар кейінгі ғасырларда, мысалы, ХІІІ ғасырда Ипатьев монастырында сақталғандықтан, «Ипатьев жылнамалар жинағы», ХІV ғасырда осы жылнамаларды көшіріп жазған Лаврентьевтің атымен «Лаврентийлік жинақ», «Новгородтық жинақ» деген атаулармен жарыққа шықты. Сондай жылнамалақ жинақ «Повесть временных лет» (ХІІ ғасыр) деп аталады.

Новгород жылнамасы солтүстік орыс қалаларының ерекшеліктерін көрсетеді. Вечелік жиналыстар, епископтарды сайлау, княздерді қуып-шығу, халықтық көтерілістер – осы жылнамаларға енгізілген негізгі тақырыптар.

ХІІ ғасырда уделдік орыс княздерінің жылнамасы түрінде қалыптасып, оның өмірбаяны мен отбасылық өмірінен бастап, əскери жеңістері мен жорықтарын баяндаған жылнамалар жинағында көрініс тапты. Бұған «Игорь жорығы туралы сөз» – атты поэтикалық шығарманың кейіпкері князь Игорьге байланысты мəліметтерді келтіруге болады. Сонымен қатар, Юрий ХІІ Долгорукийдің жылнамасы да осы Ипатьев жəне Лаврентийлік жинақтарға кіргізілген. Мұнда Киев княздарының ұлы княздық құқығы айтылған. Бұл жылнамалар сол замандағы орыс қоғамын сипаттап, Киевтің орыс жерлерін біріктіруші орталық болғандығын, кейін оның Владимир қаласының орыс астанасы болғанын əңгімелейді. Бұлардың мазмұны – княздар арасындағы бақталастық, жергілікті патриотизм болумен қатар, оларға ортақ құндылықтарды да бейнелейді. ХІІІ ғ. жылнамаларда монғол езгісіне қарсы күрес идеясы жалпыорыстық патриотизмге алғышарт болды.

ХІV ғасырдағы жылнамаларда жалпы орыстың патриотизм идеясы басым. 1305 жылы Тверьде жазылған «жалпыорыстық жылнамалық жинақ» бізге Лаврентийлік жинақ ретінде жетті. Мұндағы мəлімет бойынша, Михаил Ярославич – орыс княздерінің арасында «ұлы князь» атағына ие болды. Тверь князі Михаил Ярославичтен кейін бұл титулды Москва князі Иван Данилович Калта (Калита) қабылдаған. Ал Владимир князі Дмитрий Донской Владимир княздігін ұлы княздік атауымен қатар бағалады. Бұл орыс княздеріндегі басшылықтың Киевтен – Владимир княздығына өткенін көрсетеді. ХІV ғасырдағы жылнамаларда – Москва князьдері ғана басшылыққа ие болды.

Иван Калита заманынан бастап, Москва княздерінің бүкіл орыс жерінің ұлы княздері болып жариялануы Москваның орталық ретінде рөлінің артқанын көрсетеді. 1408 жылғы жылнамалық жинақты орыс митрополиті Киприан құрастырды. Мұнда орыс жерлерінің шығысы – Алтын Ордаға, ал батыс аймақтары – Литваға тəуелді болғаны айтылады. Киприан бұл жылнама жинағында орыс жеріне қатысты барлық материалдарды жинақтау мақсатын қояды. Бұл жылнамалық жинақ Киприан өлгеннен кейін аяқталып, Карамзин пергаментке жазылған оның нұсқасын харатейлік деп атаған. Кейін бұл жылнамалар жинағы Троиц монастырында сақталғандықтан, Троицк жылнамасы деп аталды. Ол 1812 ж. Москвадағы өрт кезінде өртеніп кетті. Тек Карамзин өз еңбектерінде келтірген үзінділер арқылы – аз ғана бөлігі қалпына келтірілді.

Троицк жылнамасының авторы митрополит Киприанның Дмитрий Донскойға көзқарасы нашар, ол оның воеводаларының үнемі мас болып жүретінін, Пьяно өзені түбіндегі жеңілісі содан болғанын жазады. Бұл туралы зерттеуші М.Н. Тихомиров Киприанның деректері одан бұрынғы кейбір жылнамаларда көрініс тапқан пікірлерге негізделген болуы мүмкін дейді. Оларда Дмитрий Донскойдың Куликово шайқасын мүлде басқармағаны айтылады. [Лаурье Я.С.Общерусские летописи ХІV-ХV вв. 1976. с.46] [Шапиро А.Л.Историография с древнейших времен по ХVІІІ в. Курс лекции. Изд. Ленингр. Университета. 1982. с.237.]. Бұл мəліметтер Москва қаласының атауының «мас көп» деген түркі сөзінен шыққан деген жорамалдың негізсіз емес екенін дəлелдейді. Сонымен феодалдық бытыраңқылық кезінде орыс жылнамалары жергілікті оқиғаларды емес, жалпы орыстың деңгейдегі маңызды оқиғаларды қағазға түсірген. ХІV-ХV ғасырларда жылнамалардағы жалпыорыстық бағытта күшейгенін митрополит Киприан жазғанын Троицк жылнамасы дəлелдейді. Дегенмен, ХV ғасырдың ортасына дейін орыс княздықтарының Москваның ұлы князіне бағыну идеясы жылнамаларда көтерілген жоқ.

Авторлық сілтеме:
Жұмабаева Ж.К. Дүниежүзілік тарих тарихнамасы (ежелгі замандардан ХХ ғ. дейін). І бөлім. ЖОО тарих мамандығы студенттеріне арналған оқулық. / Алматы: 2014. – 408 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *