ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен 1917 жылдағы қоғамдық педагогика

Ресейде 60 жылдары алғашқы балабақшалар ашыла бастады. Олар жеке әрі ақылы болды, сондықтан оған кедейлердің балалары бара алмады. Ең алғашқы ақылы балабақшаны 1859 жылы Гельсингфорсте Седмиградский ашты, екінші балабақшаны 1863 жылы Петербургте Петербург университетінің профессорының әйелі С.А.Люгебиль ашты, үшінші 1863 жылы Гельсингфорсте, төртіншісі «Балабақша» журналының редакторы А.С.Симонович 1866 жылы Петербургте ашты. 1866-1870 жылдар аралығында Воронежде, Иркутскіде, Смоленскіде, Москвада, Петербургте, Тбилисиде тағы да бірнеше ақылы балабақшалар ашылды.

Ресейдегі алғашқы балабақшалардағы тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру бағыттары әртүрлі болды. Кейбір балабақшаларда Фребелдің жүйесі пайдаланылды. Кейбір балабақшалардың тәрбиешілері К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстойдың Фребелдің мектепке дейінгі тәрбие беру жүйесін сынаған пікірлеріне сүйеніп, оны жүзеге асырудың басқа жолдарын іздестірді.

1863-1869 жылдары әрекет еткен С.А.Люгебильдің балабақшасында балалардың өз еріктерімен ойнауына, әрекет етуіне мүмкндік беруге тырысты, ойындар мен сабақты нақты бір регламентті сақтамай өткізуге тырысты. Бірақ олар үнемі бақылауда болды. Люгебиль балалардың дербес әрекеттерін, олардың даму деңгейін бақылап, жазып отырды. Көктем және күз айларында сабақтар мен ойындар бау-бақшада өткізілді. Қыста балалар далада қыдырып, мұзда сырғанап ойнады. Тәрбиешілер ата-аналарды өз балаларын сабақ және ойын үстінде бақылауға шақырды, оларға бала тәрбиесі туралы құнды кеңестер беріп отырды.

Сол сияқты Москвада В.Соловьевтің ашқан ақылы балабақшасы мен элементарлық мектебі де сол кездегі алдыңғы қатарлы білім беру ордасы болды. Балабақшадағы сабақ балаларды әрекетке қызықтыратындай, өзбетімен ойлай алатындай, әрі әрекет ете алатындай  етіп ұйымдастыруға тырысқан.

Ресейде мектепке дейінгі тәрбие теориясын дамытуға орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинскийй орасан зор әсер етті. Ушинскийдің педагогикалық жүйесінің негізіне халықтық идея жатады. «Халықтық» дегенді тарихи дамуымен, табиғи жағдайларымен қалыптасқан әрбір халықтың өзіндік ерекшелігі деп түсінді. Ол халықтық идеяны басшылыққа ала отырып, халық ағарту ісі халықтың қолында болуы керек, ал балаларды оқыту ісі олардың ана тілінде іске асуы қажет деген қорытындыға келді.

Ол отбасында, балалар бақшасында, мектепте оқыту және тәрбиелеуді ана тілінде іске асыруға аянбай табандылықпен күресті. Бұл алдыңғы қатарлы демократиялық талаптар еді. К.Д.Ушинский элементарлық білім берудің басты міндеті ана тілін меңгеру деп есептеді.

Николай Иванович Пирогов көрнекті орыс дәрігері-хирургі, халық ағарту ісінің қайраткері, белгілі педагог. Оның педагогикалық көзқарасының жетекші идеясы гуманизм болып табылады. Бірақ оның гуманизмі буржуазиялық шектеулі болды. Ол тәрбиенің мақсаты, «шындықты сүйетін адамды» даярлау, жан-жақты ғылыми танымды, жоғары адамгершілік сенімдерді, ерік-қайратты меңгерген адамды есептеді.

Ол сословиялық мектепке қарсы бағытталған мектеп жүйесінің жаңа жобасын ұсынды. Ол жүйенің негізі екі жылдық бастауыш мектеп болуы керек, бастауыш мектептен орта мектепке жол ашылады. Өзінің мектеп жүйесін бірыңғай мектептің қағидасы бойынша құрды. Ол мектеп жүйесін бірнеше сатыларға бөлді.

Ол сондай-ақ, тәртіп орнатуға ізгілікпен және жүрек жылуымен қарауды талап етті.

Өзінің 1858 жылғы жазған «Балаларды ұрып-соғуға бола ма және басқа балалардың алдында ұрып-соғуға бола ма?» атты мақаласында баланы ұрып-соғуға, дене жағынан жазалауға қарсы бола отырып, бірақ тәжірибеде онсыз мүмкін емес дей келіп, оны гимназияларда тек педагогикалық кеңестің шешімімен шара ретінде қолдану керек деген ұсыныс жасады.

Е.Н.Водовозова мектепке дейінгі педагогика саласында К.Д.Ушинскийдің жолын қуушы болды. «Есі кіре бастағаннан мектеп жасына дейінгі балаларға ақыл-ой және адамгершілік тәрбие беру» деген өз еңбегінде ол Ф.Фребель жүйесін сынға алды, оның кемшіліктерін көз жеткізе көрсетті және балалармен оқу мен ойын өткізуге арналған өзі талдап жасаған тамаша әдістерді ата-аналарға, балабақша қызметкерлеріне ұсынды. Е.Н.Водовозова балалар үшін бірқатар кітаптар шығарды, өзінің педагогикалық жүйесінде К.Д.Ушинский тұжырымдаған халықтық принципті дәйекті түрде жүргізді. Ойн таңдау мен оқуды жоспарлауды, ол балалардың өмірі қызықты да мазмұнды болатындай, орыс дәстүрлері рухында құрылатындай етіп жүзеге асырды, айналадағыларға деген ынтаны оятып, қанағаттандырды.

Мектепке дейінгі педагогика – жалпы педагогиканың бір саласы, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және оның негізгі заңдылықтары туралы ғылым. Мектепке дейінгі педагогика жалпы педгогиканың басты қағидаларына сүйенеді оны басшылыққа алады.

Мектепке дейінгі педагогика пәні  мектеп жасына дейінгі баланы физиологиялық және психологиялық жағынан жетілу ерекшеліктерін қарастыратындықтан оның мазмұны дажалпы педагогикаданөзгеше. Бұл кезеңде бала ағзасының дамуы тез үдемелі болғандықтан, әлсіз де нәзік, кінәмшіл келеді алайда осы шақта қимылдауды, ойлауды, сөйлеуді меңгереді.

Бұрынғы КСРО-да мектепке дейінгі педагогиканы құру ісінде белгілі педагог қайраткерлер Л.К.Шлегер (1863-1942) мен Е.И.Тихеевалардың (1867-1943) есімін атап өткен жөн. Көптеген  шығармашылық ізденістің иесі, ұстаз Л.К.Шлегер балабақшадағы тәрбие жұмыстарына бірсыпыра  жаңалықтар енгізді. Оның ойын және сабақ өткізу туралы  Фребель мен Монтессори ұсынған дидактикалық  материалдарды қайта қарауы мектепке дейінгі педагогикада аса бағалы. Ол бала өмірімен тікелей байланысты, оның мұқтажы мен мүддесін көздейтін, ақыл-ой, адамгершілік жағынан жетілуі, шығармашылығы мен жақсы қасиетінің өсуіне қатысы бар материалды ұсынды. Л.К.Шлегер  балабақшаның жұмысында: бала өмірін бақылау және зерттеу, балалардың ойлап табу қабілеті мен қиялын дамыту, бала өмірін белсенді іс-әрекеттерге сүйене ұйымдастыру, баланың өзін қоршаған өмірден алған әсерлерін  ретке келтіре білуі сияқты қағидаларды басшылыққа алуды жөн көрді. Балалар ойыны мен қол еңбегі арқылы  ақыл ойын дамытып, қиялын өрістетуге үлкен мән берді. Міне, ол осы тұрғыдан т.б. құрылыс материалдарын ерекше бағалады. Ол «еркін» тәрбиені уағыздаушыларға қарсы, педагогтің ролін жоғары қойды.

Е.И.Тихеева – қоғам қайраткері, көрнекті педагог. К.Д.Ушинскийдің жолын қуып, мектепке дейінгі тәрбие идеяларын насихаттаушылардың бірі. Тәрбиенің басты құралы ретінде ол бала тілінің дамуын алып, ана тілін оқытудың әдістемесін жасады. Ол мектеп жасына дейінгі балаларды оқуға даярлау балабақшадан басталады және балабақшада тәрбие жұмысын жүргізуде басшылыққа алатын бағдарлама болу керек деген құнды пікір айтқан. Е.И.Тихеева дене және ақыл-ой тәрбиелерін берудегі ойынның тәрбиелік мәнін аса  жоғары бағалаған, дидактикалық  материалдардың өзіндік жүйесін құрған. Оның «Ана тілі және оны дамыту  жолдары», «Қазіргі балабақша», «Римдегі  балалар үйлері» т.б  еңбектері бар.

Е.И.Тихеева тәрбиешінің терең де жан-жақты білімі, оның үстіне арнаулы педагогикалық даярлығы болуы керек деген талап қойды.

Надежда Константиновна Крупская (1869-1939) мектепке дейінгі қоғамдық тәрбие жұмысын  ұйымдастырған, негізін қалаған, баланың дамуында тәрбиенің ролін аса зор бағалаған педагог. Н.К.Крупская: «Мектепке дейінгі бала тәрбиелеушілердің алдында мектепке дейінгі істі барынша кеңінен өрістету міндеті тұр, өйткені балаларға қоғамдық тәрбие беру өте қажет», – деп санаған.

Ол балаға берілетін еңбек, ақыл-ой, адамгершілік тәрбиелері бір бағытта болуын, тәрбиенің мақсаты мен қоғам мүддесінің арасында алшақтық болмауын үйретіп, көпшіл болуға тәрбиелеп, жолдастыққа, достыққа баулуды ерекше бағалаған. 1912-1913 жылдардағы отбасы тәрбиесі жөніндегі Бүкілроссиялық  съезд қарсаңында Н.К.Крупская «Отбасы және мектеп» атты тамаша мақала жазып, оны «Век ребенка» атты кітаптың авторы, швед жазушысы Оллен Кенге арнаған. О.Кен ұсақ буржуазияшыл «еркін тәрбие» теориясының қодаушысы болғандықтан, қоғамдық тәрбиені отбасы тәрбиесіне қарсы қойған. О.Кей отбасында ана баласын 12 жасқа дейін тәрбиелеу керек, бөбек жайдың да, балабақшаның да қажеті жоқ деген.

Н.К.Крупская  «Негізгі  тұрмыстық мәселе», «Мектепке дейінгі балалар тәрбиесі туралы», «Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ойыншықтар туралы», «Мектепке дейінгі тәрбие жұмысына көбірек назар аударылсын», «Балалар кітаптары туралы мәселе жайында», т.б көптеген еңбектерінде мектеп дейінгі қоғамдық тәрбие орындары, оның мазмұны, ондағы тәрбие жұмыстары, қоғамдық тәрбие мен отбасы тәрбиесінің ұштастырылуы, жалпы  мектепке дейінгі  жастағы балаларды  тәрбиелеу ісін жақсарту, өрістету,  балалар арасында көпшіл болуды, достықты, жолдастықты нығайту, т.б мәселелерді көтерген.

Ол әр ұлттың өзіне тән тарихы, ұлттық сипаты, тұрмыс-салты, бейнесі, тұрпаты, ұлт мәдениетінің  құнды жақтары барын, әрбір ұлттың сол жақсы жақтарын неғұрлым тиімді дамыту жолдрын табудың зор маңызы бар екенін айта келіп, ұлттық ерекшеліктерді, халық ағарту ісінің ең жоғарғы формаларын жасау үшін пайдалануға болатынын атап көрсеткен. Сонымен қатар педагог мектепке дейінгі мекемелерді өрістету, оларға балаларды кеңінен қамту, сөйтіп, әйелдерге өндіріс орындарында жұмыс істеуге мүмкіндік тудыру, бала тәрбиесіне жаңаша сипат беру мәселелеріне барынша көңіл бөлген.

Аса көрнекті кеңес педагогі А.С.Макаренко Белополье қаласы, бұрынғы Харьков губерниясы темір жол шеберханасының майлау цехының шебері отбасында дүниеге келді.

Макаренко бүгінгі «бұзылған» баланың ертең қабілеті жануы мүмкін, Отанының нағыз азаматы болады», – деп есептеді. Оның айтуынша, педагог оптимист болуға тиіс, алдағы балалық шақты көре білуі керек, адамға оптимизммен қарау керек.

Адамды неғұрлым құрметтеген сайын, соғұрлым талап қоя білу керек. Ол адамның шығармашылық күштеріне, оның үлкен мүмкіншіліктеріне терең сенді.

Ұжымда және ұжым арқылы тәрбиелеу – оның жүйесінде ең негізгі орталық идея. Ұжым болу үшін топ сапалы өзгерістердің әртүрлі жолдарынан өтуі қажет. Бұл жолды бірнеше кезеңдерге бөлді:

Бірінші кезең – ұжымның қалыптасуы. Ұжымды ұйымдастырушы – педагог, одан барлық талаптар тарайды.

Екінші кезең – активтің ықпалы күшейеді. Актив педагогтың талаптарын тек қолдап қоймайды, өзі ұжым мүшелеріне талап қояды. Ұжым бұл кезеңде тұтас жүйе ретінде жұмыс жасайды. Ұжым өз мүшелеріне белгілі мінез-құлық нормаларын талап етуге қабілетті, соған байланысты талаптарының көлемі ұлғаяды.

Үшінші кезең – ұжымның көркеюімен, шарықтауымен сипатталады. Егер ұжым дамудың осы сатысына жеткен болса, онда ол тұтас адамгершілік тұлғаны қалыптастырады.

Ол тамаша психолог ретінде бала психологиясын, оның жандүниесін жақсы түсіне білді. Ол педагогикалық психологияның, оның ішінде тәрбие психологиясы мен ұстаз психологиясының мәселелерін жан-жақты талдады.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *