Айтыс – ұлт мәдениеті тарихындағы ұлы құбылыс. Импровизатор ақындардың ішкі әлеуетінің, жоғары мәдениетінің, ой мен сөз тапқырлығының, заман, халық, ұлт атынан ақиқатты айшықты жеткізетіндігінің көрінісі. Айтыс ақындарында Кеңес заманы шындығы және сол бір уақыттың тыныс-тіршілігі барынша бедерленді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы айтыстарда тап күресі, ел жуандарын кәмпескелеу, ауылды советтендіру, сауат ашу, қалың мал мен әменгерлікті жою, зауыт пен фабриканы жырға айналдыру, қысқасы, айтыстың мәні мен сәнін, айшығы мен өрнегін сұрықсыздандыратын сұрғылт көріністерді көтермелеп көрсету белең алды.

«Аузынан уыз төгілген маңғаз байлар» осылайша сын садағына іліккен, елдің құтпаны, қорғаны бағландардан жаны түршіккен. Дегенмен де айтыс ақындарының серпін-тегеуріні, аршынды да асқақ дауысы, «Үмбетәлі мен Нұрилә» (1919), «Кете Жүсіп пен Қалыш» (1921), «Керімқұл мен Бибіайша» (1925), «Ақтөре мен Жәмел» (1928), «Жібек пен Құмар» (1930), «Саяділ мен Майса» (1936) айтыстарын Кеңес дәуіріндегі яғни 1919-1940 жылдар ішіндегі келісті де көркем айтыстар деп санауға әбден лайық.

Кеңес заманындағы айтыс ақындары, негізінен, құт-береке тасытқан еңбек екпінділері – стахановшыларды, егіншілерді, қойшыларды, сауыншыларды, жылқышыларды, сиыршыларды, комбайншыларды, кеншілерді ықыластана, ынтықтыра жырлады. Әлбетте, уақыт қалауы, қоғам тілегі осылай. Сонда да ақындық сана, зерде көркемдік қиялға, эстетикалық қабылдауға, үлбіретіп айтуға бейім. «Сұлубике мен Зейнептің айтысы» (1943), «Сәт пен Нұрханның айтысы» (1957), «Насыр мен Қалмахан айтысы» (1957) көркемдік кестесі, ой дестесі жағынан алғанда бағалы.

Ақын ұлттық тілдің дыбыстық жүйесін, сөйлем құрылысының заңдарын, сөздің экспрессивтік-эмоционалдық бояуын, сөздердің орналасу тәртібін, поэзиялық сөздің мәні мен мағынасын талғам таразысына салып, таңдамалысын алып, өлең-жырларын мәнерлі, өткір, шебер құрауға, қиыннан қиыстыруға ұмтылады. Бұл орайда жалпыхалықтық тілдің қазынасын қалай пайдаланады, сөздің суреттілік, бейнелілік, асыл сырларын қалай таниды, нағыз суреткерге тән шеберліктің үлгісін қалайша жарқыратып көрсетеді деген мәселелер алдымыздан шығады. «Тілді қолдана білу деп, – жазады Ахмет Байтұрсынұлы, – айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз». Оның ойын одан әрі жалғастырсақ, сөз талдаудың шарттарын ол былайша белгілейді: 1) сөз дұрыстығы, 2) тіл тазалығы, 3) тіл анықтығы, 4) тіл дәлдігі, 5) тіл көрнектілігі. Бұлардың әрқайсысына тән белгілерді айтсақ, ол «сөзді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру», «сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орналастыру», «ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау», «лебіз ашық мағыналы, түсінуге жеңіл, көңілді күдіктендірмеу», «ойлаған ұғымға сөз мағынасының сәйкес келуі» және «толғау сөздің көрнекті болуы». Ал көрнектіліктің өзі бейнелеу құралдарына (айқындау, теңеу, ауыстыру, бейнелеу, кейіптеу, әсірелеу, шеңдестіру, дамыту, түйдектеуге) тәуелді.

Ақын-жыраулар жырларында ұйқасты сөз тізбектері, яғни дыбыс үйлесімділігіне құрылған фразеологиялық оралымдар көптеп кездеседі. Мәселен, былайша: «Басымды әбжыландай қайқайтайын» (қыз бен жігіт айтысынан), «Ай мен күндей толқыған» (Сарыбай), «Бикешім айдай ару, сүттен сұлу» (Сейдәлі), «Қой қоздап, құлын қунап» (Жамбыл), «Теңіз толқып, қайық қалғып» (Үмбетәлі), «Өлеңді өңгеру» (Нартай), «Ойды орып, қырды қырып» (Төлеу) т.с.с. Ақын-жыраулар поэзиясының лексикалық байлығын, интонациялық жолын, ырғақтық кестесін көркейтіп көрсететін ассоциативтік тізбектерді айтып өткен дұрыс. Мәселен, «өнер-айла» (Шәріпжан), «бота-тайлақ» (Оспантай), «жекжат-жұрағат», «ілім-білім», «қазаношақ», «аяқ-табақ», «тіл-көмейім», «ақыл-қайрат» «бақ-дәулет» (Омарқұл), «қыдыр-ырыс» (Тезек төре), «жал-құйрық» (Сүйінбай) т.б. Осынау тіркестер жайдан-жай ойға орала бермейді. Тілге шеберліктен, шешендіктен туып жатады.

Айтыс ақындары сөз бәсекесіне, өнер бәйгесіне түскенде, ең алдымен, ақындық қуатын, өнерпаздық қабілетін, сөз қисыны мен нақышын келтірудегі зергерлігін көрсетуге тырысады. Бұл әріден тамыр тартқан көне дәстүр. Ақын бейнесі өз өлеңдеріндегі бейнелі сөздерден сәулеленіп көрініп тұрады. Небір әсерлі, көрікті сөз – ұғым, сөз – символ осынау ақын образының айналасында жанды, көрікті суреттер жасап, тамырласып тұтасқан. Өлең сөзге өрен жүйрік екенін таныту үшін «Түлкісін қызыл алтай сөздің қуып», «Шаңқан боздай сөзіме шаң жұқпайды» (Үмбетәлі), «Өлеңнің тандайымда ұясы бар» (Ләтипа), «Өлеңнің тау мен тасын құлат маған, кәрі тарлан Жамбылдан дәмең болса» (Жамбыл), «Өлеңге жел жетпейтін желқобызбын» (Ілияс Манкин) деп тоқылған образдық- поэзиялық суреттерге қарау керек болады.

Айтыс ақындары Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында елінің еңбеккерлігі мен ересен ерлігін, яғни тыл өмірін терең жырлады. Халық шаруашылығы мен өндіріс орындарының ішкі өмірін сын көзімен тексеріп, зерттеп, совет адамдарының жанқиярлық еңбегін, онымен қатар ел арасында кездесіп отырған өрескел қылықтарды да ащы тілмен түйреп, масылдықтың, жалқаулықтың, кеселді жағдайлардың түп-тамырына балта шабуға тырысты. Іріген-шіріген құбылыстарды жоюға өлең сөздің уытын жұмсап көмектесті. Ұлт руханиятының тарихында айтыс өнері айрықша құбылыс. 1943 жылдың 8 тамызында республикалық ақындар айтысын өткізу жөнінде арнайы шешім қабылданды. Мақсаты – айтыс өнерін халық кәдесіне жарату, сөз өнерін ел мүддесіне қызмет еткізу, пәрменді қуатын елімізге келген дұшпанға соққы беруге пайдалану, елдің еңсесін көтеріп, ердің егесте есесі кетпеуі үшін айбатты болуға үндеу. 1943 жылдың 4 желтоқсаны. Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театры. Сахнада көз сүйіндірер ою-өрнектермен нақышталған қазақтың киіз үйі. Тарих қаһармандарын тірілткен Республикалық айтысқа еліміздің әр жерінен келген Қазақстан еңбеккерлерінің өкілдері, әйгілі халық ақындары – Жамбыл, Кенен, Шашубай, Қуат, Орынбай, Әбдіғали, Майасар және басқалар. Әділқазылар алқасының мүшелері – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мектептер бөлімінің меңгерушісі Б.Исабеков, саяси-ағарту жұмыстары секторының меңгерушісі С.Ахметов, академик Қ.Сәтбаев, Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Өнер істері басқармасының бастығы С.Толыбеков, Қ.Қуанышбаев, М.Әуезов, С. Мұқанов, Е.Ысмайылов, К.Байсейітова, А.Жұбанов. Өлең-жырды орысшаға аудару ісімен Ғайша Шәріпова бастаған ақындар тобы шұғылданды.

Сәбит Мұқанов ұлт мәдениеті тарихында халық жыршыларының ұлы қызметін айрықша атайды. Мысалы, Жамбылдың «Өтеген», «Сұраншы», «Саурық» туралы дастандарын, Нұрпейістің «Қобыланды», «Қарасай, Қази», «Төрехан», «Нарқыз», «Ақкенже» жайлы эпикалық жырларын, Қазанғаптың «Ер Есім», Қалқаның «Қабанбай», Көшеннің «Кенесары-Наурызбай» атты батырлық поэмаларын жоғары бағалайды. Республиканың әдеби-мәдени және саяси өмірінде ұлы оқиға есебінде қабылданған Жамбыл бастаған ақындар айтысы алдында, Әуезовше айтқанда, «қоғам құрылысының өжет қайраткерлері» үшін, «өнерлі өлең думанында» «қызықты, қадірлі мазмұнға» ие сапалы жырлар туындату мақсатында бір апта бойы семинаркеңес ұйымдастырылды.

Айтыстың мақсаты, бағыт-бағдары, мәнмағынасы барынша терең түсіндірілді. Республикалық айтысты Қарағанды-Семей ақындары Майасар, Нұрлыбек, Тәңірберген, Жолдекейлер бастады. Шабыты шалқыған ақындардың лебіздеріне тапқырлық, рухани сұлулық, тереңдік тән. Айталық, Майасар толғаныстарында Қобыланды, Асанқайғы, Хан Абылай, Ер Кене, ал Нұрлыбек толғауында «айбыны алпыс құлаш айдаһардай» Ер Қабанбай, Ер Мамай, Ақтанберді, Батыр Барақ, «ақындықтың шыңында Гималайдай» Абай тұлғалары айқын көрініс тапқан. Солтүстік Қазақстанның ақыны Молдахмет Тырбиев айтысы тарихилық һәм көркемдік сипаттарымен ерекшеленеді. Қызылорда-Оңтүстік Қазақстан ақындары желдей ескен Нартай, «алтын топшы ақиық» Орынбай, «тілінен нұр төгіліп, балы тамған» Әлібек өнер сынында өрелі пікір өрбітті. Тау мен дала жырлары телегей теңіздей толқыды. Жезтаңдай әнші ақындардың көмегімен керемет күміс әуен, мінсіз жанды сөз төгілді. Қазақ эпосы мен фольклорының асыл үлгілері қайтадан жаңғырып жаңа мазмұнға ие болды. Халық даналығының ғажайып меруерттерінен шашу шашылды.

I Республикалық ақындар айтысында шыншылдық, шынайылық, өміршеңдік мейлінше басым болатын. Мәселен, Шашубай Қошқарбайұлы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданынан КСРО Қорғаныс министрлігінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алған, айтыс жырларының басты тұлғасы Сейсенбай Алдажұмановты өзімен бірге ала келген. Өйткені, сол уақытта айтыскердің жеңісі мен жеңілісі мемлекеттік жоспардың орындалу жағдайына, мал жайының өсіпөнуіне, егіннің өнімділігіне, өндірістің алға басуына, туған, тұрған өңірінде еңбек озаттарының көптігіне байланысты болып жататын. Сахна іші – көз тойдырар сұлулықтың сарайы іспетті еді. Майталман ақпа ақындардың қасында айтыстың сәні мен салтанатын арттырып, көрермендердің қызығушылығын тудыру мақсатында қазақтың ай мен күндей ару қыздары Шара Жиенқұлова, Рахия Қойшыбаевалар отырғызылған.

Ақындар бас қосуының республикалық дәрежеде өтуінің өзі қазақ мәдениеті тарихындағы елеулі құбылыс еді. Сондықтан оның себептерін тексеріп, мынадай оқиғаны айта кеткен орынды. Халық ақындары Қайып Айнабеков пен Ілияс Манкин Қарағанды облыстық партия комитетіне барып ақындар айтысын ұйымдастырудың қажеттігін айтады. Оны орынды санаған облыс басшылары 1943 жылдың 13 маусымында Қарағанды қаласындағы С.Киров атындағы шахтаның жұмысшылары клубында №18 шахтаның өкілі Қайып пен № 20 шахтаның ақыны Ілиясты айтыстырады. Оған 700-дей адам қатысады. Осыдан бастап Республикалық айтысқа дейін Қарағанды облысында он алты рет айтыс өткізіледі.

1943 жылы 14 тамызда Қарағанды қаласында Көшен Елеуов пен Шашубай Қошқарбаевтың айтысы болады. Екеуіне тоқсан үш жастағы қарт ақын Доскей Әлімбайұлы төрелік айтады. Соңында Доскей Әлімбайұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, Қайып Айнабекұлы, Сәби Әздембайұлы, Көшен Елеуұлы республикамызға даңқы шыққан ақпатөкпе ақындарға үндеу тастап, ол «СоциалистікҚазақстан» газетінің сол жылғы 29 тамыздағы нөмірінде жарияланады. Осыдан кейінақ ақындар арасында сергектік пен құлшыныс сезіледі. Отанның қаһарлы күндердегі ұлы шақыруын, айбынды міндеттерін, адамгершілік аманаттарын өлеңмен түсіндіріп – мәлімдеуге белсене араласады. Халықты майданға, Қызыл Армияның қаһарман жауынгерлеріне жылы киім, азық-түлік, соғыс техникасы мен құралжабдықтарын көп және тез дайындап жөнелтуге шақырады. Сондай-ақ дереу Қызылорда, Қостанай, Гурьев, Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарында халық ақындарының облыстық слеттері мен айтыстары ұйымдастырыла бастайды.

Ұлы жиын күндерінде Жамбыл бастаған тоқсан үш ақын дастарқан басында бас қосқан-ды. Ол туралы Болман Қожабайұлы (1880-1972) естелігінде былай дейді: «Бас қосу өнер мерекесі ретінде өтті. Төрде күндей жарқырап ақындардың алыбы Жамбыл, оның оң жағында күйші Дина Нұрпейісова, сол жағында Кенен Әзірбаев отырды. Дина бір кәмпитті алып, Жамбылдың алдына қойды. Жамбыл кәмпитті Кененге сырғытты. Ақындар күліп мәз-мейрам болғанда Жамбыл маған қарап: әкең Қожабаймен үш-төрт рет бас қосып едік, ақын еді ғой, сен әкеңе тарттың ба, тартпадың ба?» деп сұрады. – Оны сіз білесіз ғой, мен қайдан білейін, – дедім. – Осы отырыста бәріміз сені сынайық, мына өнер аспанында аққудай тізілген ақындарды өлеңге қосшы, – деді Жамбыл. Сонда домбырамды қолыма алып: – Келіп тұр Жәкең бастап жиналысқа, Жиналған ақындарға беріп нұсқа. Шашекең сырнай алып толғағанда, Ұқсайды гүлге қонған тоты құсқа.

Атақты Қарағанды – Майасары Тұлпардай дүбірі зор дөңасары, – деп ұзақ толғадым. – Әкеңе тартқан екенсің. Халайық, мұны қандай топқа салсаң да ұялмайсыңдар, – деп арқамнан қақты». Бұл жағдай тұлабойы толған өлең-жыр Жамбылдың өзге ақындардан шабыт алып, жыр ортасына жарық тілейтіндігін, ән шырқатып, күй тарттырып, жыр айтып қызыққа бөлейтіндігін байқатады. 1943 жылғы Жамбыл бастаған ақындар айтысының мәтіндері – классикалық ауыз әдебиетінің жауһар үлгілері деуге қақымыз бар. Өйткені, осы қаһарлы күндерде өткен айтыс халыққа жігер берді, жауынгерлерді ерлікке үндеді. «Қаһарлы сөз – қамал бұзады» дегендей соғыстың зардабын тартқан халықтың намысын оятып, елді ерлікке бастады. Ең бір маңызды мәселе – сол кезеңде айтуға, жырлауға тыйым салынған Еңсегей бойлы ер Есім, Абылай, Қабанбай, Хан Кене, Наурызбай батырлардың есімі жырға айналып, халық ақындарының үні арқылы жарыққа шыққаны айтыстың нағыз шындықты, құдіретті тарихты тірілте алатын құнды мұра екенін көрсетсе керек.

Халық жыршыларының тамаша еңбегі – Ұлы Отан соғысының бейне бір алтын парағы. Солардың жарқын мысалы мынадай: Нұрпейіс Байғанин Ақтөбе облысының 20 колхозы мен 12 кәсіпорынында кездесу өткізіп, 5 мың колхозшы еңбекшілермен дидарласып, 42 мың сом ақша, 16 мың сом мемлекеттік заем, 150 мың пұт астық, 4 қашарды Отан қорғау қорына аударды. Нұрпейіс ақын екінші сапарында осы қорға 100 мың сом, 8 қой, 5 бас ірі қара мал, 150 пұт астық құйды. Не деген отаншылдық, елшілдік сезім дерсің! Оңтүстіктің бұлбұлы Орынбай Тайманов Ленгір ауданындағы іссапары нәтижесінде Қорғаныс қорына 50 қой, 11 ірі қара мал, 185 центнер астық, 282 центнер көкөніс, 3700 сом ақша мен заем жинауға көмектесті. Қызыл Армия мен халықтың біртұтастығын шамырқана толғап, ел рухын асқақтатты. Ақынның үндеуіне қосылған жұрт 20 мың сом ақша жинау жөнінде шешім қабылдады. (ЦГА КазССР, оп. 1.д. 244, б.4). 1943 жылдың 20 қазан күні Қызылордада ақындар айтысы ұйымдастырылып, нәтижесінде жеңіс қорына 40 мың пұт күріш тапсырылды. («Казахстанская правда», 5 декабря 1943 года).

Қазақ мәдениеті тарихындағы сал-серілік дәстүрді мықтап ұстанған әрі жан-жақты дамытқан атақты айтыс ақыны Шашубай Қошқарбайұлының өнернамасында көркемдік бейнеліліктің, экспрессивтік мәнерліліктің жарқын, үздік үлгілері, алуан түрлі нақышты, сан қилы реңктер тудырған, мөлдіреген ақындық сөздер тізбегі бар. «Өлеңге болдырмайтын желғабызбын», «Балқаштай ақ айдынның аққуымын», «Еркелеп толқынына күнде шомған», «Салмақты Қоңыраттың тасындаймын, желіксем көктен түскен жасындаймын», «Өлеңнің қырық қырқасын бір-ақ асқан» деп, Болман Қожабаевпен айтысында өнерпаздық келбетін барынша кеңінен жайып салады.

Сонымен бірге ол «Жентектей таудай тасты саздай соққан», «Бура сан, балуан білек, бөрі кеуде, Не сабаз, шомбал дене ер бар менде, Тепсе темір үзетін күш алыбы, Алып ата тудырған ұлы бейне» деп жырға қосады. «Бөрі кеуде, шомбал дене» деген сипаттаулар еңбеккер образының табиғатын, тұлғасын дараландыра түскен. Ал ақындық өресі, жетесі, қабілеті тұрғысынан тетелес Болман Қожабайұлы да шеберлік танытып отырады. Ақын сөздерінің көркемдік-эстетикалық қолданысы, образдарының символикалық-поэзиялық мәні, экспрессивтік және лексикалық стилистикасы назар аудармай қоймайды. Мысалы, «Мен-дағы асу бермес асудаймын, Желіксем, бірер таңға басылмаймын. Барында Жезқазғаным жеңілмеспін, Келсе де сексен сегіз Шашубайың» деген шумақтағы әсірелеу, «Бір түгіл, салыстырсақ, қырық Қоңырат, Болмайды, астар тұрсын, әдебі де» дегендегі өсіріп те, кішірейтіп те сөйлеу әдісі, поэзиялық лексикасы кеңінен толғап, ұзаққа көсіліп шабатын ақпа ақындықтың жауһар сипат-белгілері іспеттес.

Бұлар еңбектің жеңісі мен жемісін алға ұстаған, ақиқат алдында жүгініп, ақ сөйлеген, елдікті, ерлікті тебірене толғаған халық өкілінің, жақсылықтың жалынды жаршысы, турашыл айтыскердің парасатты болмысын биіктете түсетін елеулі, сапалы ерекшеліктер. Олар халықтың ой-санасынан, дүниетанымынан туған образсимволдар, тілдік бейнеліліктің негізгі құралдарын, символикалық реңктері өзгеше лексикасын, фразеологиялық қазынасын нәзіктікпен пайдалана, кәдеге асыра білді. Ақындар айтысының көркемдігі бейнелеу, суреттеу құралдарын орынды қолдану, жалпы ұлттық поэзиямыздың эволюциялық дамуына, ғасырлар бойы жинақталған көркемдік танымның тәжірибелерін, «халықтың ғасырлық даналық қорытпасын» қалайша меңгергеніне, дүние құбылыстарын қыран көрегендікпен барлайтынына, ақындық зерде, түйсік қабілетіне, ана тілінің мүмкіндіктерін қаншалықты игергеніне тікелей байланысты.

Шынтуайттап келгенде, палитрасындағы бояулар реңкі, образды ой, суретті сөз – мейлінше күрделі, жаратылысы құпияға толы синтетикалық құбылыс. Ақын мифологиялық, ғарыштық және шексіз табиғаттағы құбылыс-жайларды, ұғым-түсініктерді, заттарды ой-санасына түсіріп, затты сөзді нағыз арқауы бар сөзге айналдырады. Поэзия тілінің көркемдегіш, бейнелегіш құралдарының танымдық, идеялық-эстетикалық мәні әдебиеттің даму өрісін, сөзұғым, сөз-образ, сөз-символдарының өміршеңдігін де айқындайды. Біріншіден, тарихи оқиғалардың жаңғырығы, арқауы ыдырамаған әдеби-мәдени дәстүрлердің сарыны естіледі. Сондай-ақ, дәстүрлі орам айшықтармен байланысты поэзиялық бейнелілік мол көрінеді. Екіншіден, образды бейнелеу құралдарының жаңа заманды, жарқын өмірді жырлаудағы қызметі қандай, яғни айтыс мәтіндерінің сөздік-образдық және тарихилық сипаты. Айтыс ақындары түйінді, негізгі сөз-символдарды молынан қарбытып қолданады. Алуан түрлі, нешеме сырлы мән-мағынадағы сөздер немесе құс атаулары ой тиегін ағытуда, белгілі бір ой-пікірді білдіруде поэзиялық қызмет атқарады. Икемділікті, ептілікті, кұштарлықты айтса, «Көлдегі сен – аққу-қаз, мен – лашын, қайырып қанатыңды ілмеймін бе» (Кенен мен Бопина) дегені нақты дәлел. Топтап, жинақтап айтқанда, («өйткені, біздің дәуір – шапқан аттай, гүлденген заман мынау – қызғалдақтай», «дарияда жүзіп жүрген балықтаймын» (К.Әзірбаев) сияқты теңеулер де «телегей-теңізіне көптің малтып, халықтың қайнарынан шербет іштім», «Дүниенің жұпар иісі», «бақыттың базары» (Ү.Кәрібаев). Айтыскерлер тұрақты айқындауларды (мысалы, жез таңдай, сылдыр көмей, қаусырма жақ, от лепті, тілің семсер, сөзің алтын), сонымен бірге, индивидуалдық айқындауларды («улы тісті сұр жылан», «балдыр сөз», «атлас аспан») тудырады. Айқындаудың басты стильдік мәні – эмоциялық мәнерлілігі. Сондықтан, бұл айтыс мәтіндерінің көркемдік құбылысындағы өміршең, еленерлік құбылыстардың бірі. Айтыстың көркемдік, бейнелеу, ассоциациялық жүйесінде перифрастикалық тізбек-тіркестердің өзіндік салмағы бар. Контексте экспрессивтік мәнде жасалады.

Айтыс ақыны шу дегеннен елін, жерін, өзін дәріптеуден немесе амандықтан бастайды. Оспантай Үмбетәліге: «Онан соң от басында күл шашарың» деп отырғаны – балалар. Немесе Көшен Елеуұлының Ілияс Манкинге: «Еріңді мойныңа алып тулай берме, мініңді бетіңе әкеп басқаныма» дегендегі бірінші сөйлем «ашуланба» дегенді білдіреді. Халықтық фразеологияның теңізінен халық ақындары көсіпкөсіп алған ғой. Айтыс мәтіндерінің стилистикалық мәнерлілігі (бұл ретте импровизациялық дәстүрде туатындығын ескеруге тиіспіз) осынау інжу-маржандармен сабақтас, арқаулас.

Қырандай сорғалау, құлындай құлдырау, нұр төгіліп, балы тамған, самғай шауып, ырғиды ордан (Орынбай Тайманов), көгал қуған шегірткедей (Көшен Елеуов), сөз таңбасы, сөз қазынасы, сөз қамшысы, сөз қанжары, сөз желісі, сөз асылы сияқты тізбектерді көркемдік мақсатқа жұмсайды. Сөздің поэзиялық, көркемдік қасиеттері айтыс өлеңдерінде айрықша байқалады. Ана тілінің әшекей-кестесін жіті аңғартып, сөздің мағыналық байланыстарының шексіздігін, халық тілінің шалқар байлығын, кесек-кесек оралымдарын, сөздік-бейнеліліктің өлшеусіз мүмкіндіктерін эстетикалық, көркемдік тұрғыдан танып, қажетке жарату – халық өнерінің өкілдеріне тән ерекшеліктер.