Георг Вильгельм Фридрих Гегель өмірбаяныГегельдің өмірбаянын жазған Куно Фишер оны «заманымыздың бірінші философы» деп атайды. Кәсіби философ ретінде Гегель кейін де, бүгін де сол дәрежесінде қалды. Философиядан басқа еш нәрсе Гегельді қызықтырмаған. Басқа философтар нақты нәрселерді ұғымға, идеяға айналдырмақ болса, Гегель, керісінше, ұғымдарды, идеяларды нақты дүниелер деп таныған. Гегельде бәрі де идеяның көрінісіне айналады. Табиғатты да, қоғамды да, адамды да, тарихты да ол философия оқулығы ретінде қарастырады. Бәрін де ол философиялық мәніне, маңызына қарап бағалайды. Ол «Табиғат философиясын» жазды, математикадан, физикадан, химиядан, биологиядан өте хабардар болды, бірақ табиғат, оның ойынша, диалектиканың да, идеяның да, зерденің де талаптарына сай келмейді. Гегельді қызықтыратын нәрсе – тек рух туындылары. Александр Гумбольдт деген әйгілі неміс ойшылы былай деп әзілдейді: Гегель үшін кез келген Берлин анекдоты рух туындысы ретінде Күннен де құнды нәрсе болып көрінер еді (Қара: Гулыга А.В. Немецкая классическая философия. – М., 2001. С.280). Гегельдің әйелінің айтуынша, ол нақты жемістерді (алма, алмұрт, өрік, т.б.) білмейді; оның білетіні – жалпы жеміс қана («плод вообще»).

Философия – Гегель үшін аса жауапты, күрделі іс. Оған жеңілжелпі қарап, «жүре бара үйренем», «жүре бара түсінем» деуге болмайды. Философия оңай игеріле қоятын өнер емес. Кез келген адам философ болып, кез келген адам философияны паш ете алатын болса, онда қоғам да, адам да басқаша болып, басқаша өмір сүрер еді, бәрі де оңды, ойдағыдай болар еді. Философиямен айналысу үшін үлкен әзірлік, кең ой өрісі, жан-жақты білімдарлық, өмір тәжірибесі керек. Кейбіреулердің: философияға әркімнің де таласы бар, басында миы бар адам философияға бара алады деген пікірін Гегель орынды сынайды. Әркімнің де көзі бар, қолдары бар, неге ол тері мен бізді, ине мен жіпті алып, аяғына өлшеп етік тіге бермейді? Жоқ, етік тігу үшін көп жаттығу, үйрену керек екен. Ал философияға баруға адамдардың бәрі бірден дайын болып шығады.

Гегельдің пікірі басқа: философия кез келгеннің кәсібі емес, бұл үшін ерекше қабілет, ойлай білу, тереңге бойлай білу, заттардың, құбылыстардың түпкі мәніне үңіле білу қабілеті керек. В. Виндельбанд, Б.Рассел сияқты зерттеушілер Гегель философиясын түсінудің аса қиындығын атап көрсетеді, өйткені, Гегельде заттардың, құбылыстардың сыртқы жағын, көрінісін ғана қамтитын ештеңе жоқ.

Кезінде Гегельден дәріс алған француз философы Огюст Конт оған бірде мынадай ұсыныс жасайды: «Біз сіздің іліміңізді қысқартып, баршаға түсінікті етіп және француз тілінде жариялағымыз келеді. Соған рұқсат бересіз бе?» – деп. Бұл ұсынысқа Гегель үзілді-кесілді қарсы болады: «Менің ілімімді қысқаша, түсінікті түрде және француз тілінде баяндауға болмайды», – дейді. Гегельдің сөзінің, әрине, жаны бар. Гегельдің жүйелі философиясын қалай болса солай қысқартып және көпшілікке бағыштап жариялауға болмайды. Кеңес дәуірінде Маркстің ілімі де қалың халық бұқарасына түсінікті болсын деп талданып, тақырыпқа бөлініп, ықшамдалып, қысқаша курстар түрінде жарияланды. Не болды? Марксті бәрі түсіне қойды ма? Жоқ. Нәтижесі керісінше болды: Маркстің ілімі бұрмаланды, догмаға айналды. Қазақтың жақсы мақалы бар: «Шайнап берген ас болмайды» деген. Ал француз тілі жөнінде немістерде әлі күнге дейін сыңаржақты түсінік бар: бұл – әдеби тіл, бірақ философиялық рефлексияны жеткізуге жарамайды – деген. Нағыз философиялық тіл, Гегельдің ойынша, – неміс тілі.

Гегельдің өмірі, – деп жазады Б. Рассел, – елеулі оқиғаларға толы болмаған. Бүкіл ғұмыры оқумен, ізденумен, ғылыммен, философиямен шұғылданумен, кітап жазумен, дәріс берумен өткен. Бір қарағанда, кездейсоқ философ болып, кездейсоқ үйленген, кездейсоқ дүниеден өткен сияқты көрінеді. Әрине, Гегельді ешкім кездейсоқ философ болды деп айта алмас. Дей тұрғанмен, Тюбинген университетінде ол теология факультетінде оқып, бітіргесін дінтанудан кандидат атағын алған. Бірақ кейін аса ыждағаттықпен, шын беріліп айналысқан ісі философия болды. Көп кешікпей Гегель философияның атағын шығарды (беделін көтерді), ал философия Гегельдің атағын шығарды.

Университет бітіргеннен кейін алған аттестатында Гегельге мынадай сипаттама беріліпті: «қабілеті – жоғары, бірақ ынталылығы, білімдарлығы жетіспейді, сөзге шорқақтау, ал философиядан түк те хабары жоқ жас адам» – деген («может быть назван идиотом в философии») (Қара: Соловьев В.С. Соч. в 2 т. Т.2, – М.: Мысль, 1988. С.419-420). Сөз жоқ, Гегельдің университеттегі ұстаздары шәкіртін жете бағалай алмаған және түсінбеген.

Шешендік жағынан Гегель кейін де көзге түсе алмаған. Дәріс оқығанда ол үнемі жазбаларына шұқынып, бір сарында, тыңдаушылармен, дәрісханамен ісі болмай, міңгірлеп сөйлейді екен. Анда-санда мәтіннен ауытқып, ойына келген идеяларын дәптеріне түртіп, өзімен-өзі болып кетеді екен. Гегельді тыңдау шәкірттеріне оңай жұмыс болмаған көрінеді. Олар оны «ағаш Гегель» («деревянный Гегель») деп атапты (Гулыга А.В. Гегель. – М.: «Молодая гвардия», 1970. С.51). Гегельдің осы осалдығын білген тағы бір неміс философы А. Шопенгауэр Берлин университетіндегі дәрістерін әдейі тап осы Гегель дәріс оқитын күнге және сол сағатқа белгілейді. «Гегельдің дәрістерінен жалыққан студенттер, мүмкін, оған бармай, маған келер» деп үміттенсе керек. Ал Шопенгауэрдің шешендігі көпшілікке белгілі болған. Бірақ Гегельдің шәкірттері ұстазынан бас тартпайды. Бұл арада бір ескеретін жайт бар – Гегельдің дәрістері жүйелі, терең мағыналы, академиялық түрде өтетін болған. Зейін қойып тыңдаған және түсінген адам Гегельден, әрине, көп сабақ ала алады. Гегельді тыңдауға басқа елдерден, басқа жерлерден көптеген адамдар келіп жүрген. Гегельдің кейбір қазірге дейін құнын жоймаған іргелі шығармалары философ дүниеден озғасын оның конспектілерінің және студенттер жазып алған дәрістердің негізінде жарық көрген. Олардың ішінен 4 томдық «Эстетиканы», 3 томдық «Философия тарихын», 2 томдық «Дін философиясын» атап өтсек те жеткілікті.

Гегель 42 жасында өзінен екі есе жас Мария фон Тухер деген қызға үйленеді. Қызды Гегельге «болашақ қалыңдығым» деп шәкірті таныстырады. Гегель мен қыздың арасында философия төңірегінде әңгіме өрбиді. Қыз өзінің әр түрлі сұрақтарымен профессорға ұнап қалады. Гегель қыз бен жігітке бақыт тілеп, тағы да келіп тұруын сұрайды. Келесіде қыз өзі келеді. Осы кездесуде Гегель оған ұсыныс жасайды. Қыз келісімін береді. Гегельдің кездейсоқ үйленгені деп тұрғанымыз осы. Үйленгеннен кейін Гегель әйелін философияға баулымақ болып біраз әуреленеді, философтар жөнінде ұзақ әңгімелер айтады. Бірақ қызды философия енді қызықтыра қоймайды. Оған енді философтың өзі жетіп болады. Осыған орай Гегельдің айтқаны: «қай ереженің де қайшы келер жақтары болады ғой». Гегель әйелімен тату-тәтті 20 жылдай өмір сүрді. Үш бала көрді. Әйелі үй жұмысын өз қолына алып, Гегельге философиямен, ғылыммен, шығармашылықпен айналысуға бар мүмкіндіктің бәрін жасайды.

Гегель 61 жасында шығармашылық кемел шағында кенеттен тырысқақ ауруынан қайтыс болады. Гегель жөнінде «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында (2 т.) менің көлемді мақалам бар.

Гегель жөнінде оқулықтарда, дәрістерде толық мәлімет беру өте қиын. Өйткені оның ілімі – тұтас философия, тұтас энциклопедия, тұтас философиялық жүйе. Бір өзі бүкіл философияны, оның басты салаларын, тарихын, басқа ғылымдарға қажет негіздемелерін қамти алған. Осы арада Гегель жөніндегі Ф. Энгельстің пікіріне жүгінейік. Ол өзінің «Людвиг Фейербах және немістің классикалық философиясының ақыры» деген еңбегінде былай деп жазады: Гегель системасы бұрынғы системаның қай-қайсысынан болса да өлшеусіз кең саланы қамтыды және бұл салада тіпті бүгінге дейін де таңқаларлық ой байлығын дамытты. «Рух феноменологиясын (мұны рух эмбриологиясы мен палеонтологиясының параллелі деп, адам санасының тарихи өткен сатыларын қысқаша қайталау ретінде қаралатын жеке адам санасының әр алуан сатылардағы дамуының бейнеленуі деп атауға болар еді), логиканы, табиғат философиясын, өзінің жеке-жеке тарихи бөлімшелері: тарих, құқық, дін философиясы, философия тарихы және т.б. бойынша жасалған рух философиясын алсақ, – міне, осы әр алуан тарихи салалардың әрқайсысында Гегель дамудың осы сала арқылы өтетін арқауын тауып көрсетуге тырысады» (Маркс К., Энгельс Ф. Таңдамалы шығармалар – 3 том, – Алматы: Қазақстан, 1981. 378-379 бб.).

Гегельдің «Рух феноменологиясы» жөнінде бірер сөз. Маркс бұл шығарманы «Гегель философиясының шынайы бастауы және құпиясы» деп атады. Адамды біз құпия деп, жұмбақ деп жатамыз. Адамның жұмбақтығы осы рухта. «Рух феноменологиясында» Гегель философиясының негізгі идеялары, принциптері және ұғымдары қайдан және қалай пайда болғаны, қалай дамып жетілгені қарастырылады: рух, зерде, идея, таным, субстанция, субъект жөнінде тиянақты түсінік беріледі. Гегельдің философиялық энциклопедиясы, логика ғылымы, объективтік идеализмі және диалектикалық тәсілі осы шығармадан бастау алады. Гегельдің өзі осы еңбегін «жаңалықтарға сапар» деп атайды. Әдебиетте «Рух феноменологиясын» Гетенің «Фауст» деген атақты поэмасымен салыстырады.

«Рух феноменологиясын» оқи отырып, біз рухтың бірден пайда болып жетілмейтінін, даму барысында әр түрлі сатылардан өтетінін (субъективтік рух, объективтік рух, абсолюттік рух) және субъективтік рухтың арқауы пайымдау, объективтік рухтың арқауы – зерде, абсолюттік рухтың арқауы – идея болатынын білеміз; адам да бірден жетіліп, саналы, белсенді тұлға бола алмайтынын, оқу-тәрбие, үйрену, іздену жолдарын бастан кешетінін, ақиқаттың жолы да түзу, айқын еместігін, адасушылықпен астасып жатқанын көреміз.

Таным, ақиқат Гегель ілімінде – дайын тұрған нәрсе емес, ұзақ жол, процесс. «Ақиқат, – дейді Гегель, – әзір тұрған және сол күйінде қалтаға салып жүретін мәнет емес» (Гегель. Соч., М.,1959, Т ІV. С. 20). Ешкім де ақиқатты қалтасына салып жүрген жоқ. Әдетте ақиқат деп таным нәтижесін, таным процесінде ашылған қағиданы, табылған идеяны айтады. Осы нәтижеге айрықша мән беріледі. Ал осы нәтижеге алып келген жол назардан тыс қалады. Таным процесінде ең маңызды саты, – дейді Гегель, – осы жол. Тағылым да, сабақ та, тәжірибе де осы жолда. Таным біртұтас, ол құрғақ нәтижемен шектелмейді, сол нәтижеге алып баратын жолмен анықталады. «Құрғақ нәтиже – даму тенденциясын артқа тастаған өлі мүрде». Ақиқат пен адасушылықты (истина и заблуждение) қарсы қою да ақиқат деп тұтас таным процесін емес, тек құр нәтижені танудан туындайды.

«Рух феноменологиясындағы» тағы бір тағылымды тарауға тоқталайық. Бұл тарау «Қожалық және құлдық» («Господство и рабство») деп аталады (Гегель. Соч.Т ІV, С. 99-106). Әдетте адамның қалыптасу процесіндегі еңбектің рөлі сөз болғанда біз бірден Энгельске жүгінеміз, оның «Маймылдың адамға айналуы процесіндегі еңбектің рөлі» деген тамаша еңбегін еске түсіреміз. Шындығында, еңбектің рөлін алғаш ашып көрсеткен туынды Гегельдің осы «Рух феноменологиясы» болатын. Гегель адамның сана-сезімінің қалай қалыптасатынын және оянған сананың адамның іс-қимылына қалай ықпал ететінін талдап береді.

Сонымен Гегель адамзат тарихында орын алған қожалық пен құлдық қатынастарын қарастырады. Қожа болатын кім? – деген сұрақ қояды Гегель. Марксистер құлдықты жекеменшіктің шығуымен, еңбек бөлінісімен, таптардың пайда болуымен түсіндіреді. Гегель субъективтік факторға, адамның қалауына ден қояды. Қожайын болу да, құл болу да әр адамның қолында, – дейді. Батыл, қайсар, ар-намысын бәрінен де жоғары қоя алатын, еркіндігін қорғап, қандай қасіреттерге де шыдауға әзір адам, философтың ойынша, қожа болады. Мұндай адам ешқашан да құл болуға көнбейді. Құл болғанша жоқ болуды артық көреді. Құл болатын адам, Гегельдің ойынша, – қорқақ, ынжық, ар-намыстан жұрдай, момын, сорлы, бір сөзбен, қор болған адам. Ол күнделікті тірлік үшін кімге болса да, қалай болса да қызмет етуге дайын. Мұндай адам – ерте ме, кеш пе құлдыққа тап болады, басқа біреудің немесе дүние-мүліктің, өзінің құлқынының құлы болады.

Жарайды, сөйтіп, қожайын да, құл да пайда болды дейік. Енді олардың қарым-қатынасы қалай өрбитініне көз жіберейік. Қожайын билік жүргізеді, құл оның айтқанын істейді. Қожайын қалағаны жүзеге асып, рахат күй кешеді. Ал құл таңертеңнен кешке дейін қожайыны қаннен қаперсіз өмір сүруі үшін еңбек етеді, тұрмысқа қажетті материалдық игіліктерді өндірумен айналысады.

Құл әр түрлі заттарды жасайды, сонымен бірге көпке дейін өзі де мән бермей, өзін-өзі қалыптастыра бастайды. Ол қожайынына ғана қызмет етіп қоймай, өзіне де қызмет етіп жатқан екен. Еңбек үстінде құлдың сана-сезімі оянады, жетіледі. Бірте-бірте ол өзін-өзі тани бастайды, өзінің қазіргі халі, қызметі, қожайынына қатынасы жөнінде ойланып толғанады. Құлды мазалайтын тосын сұрақтар пайда болады: қайтіп ол осындай кіріптар, құлдық жағдайға тап болды? Неге ол қожайынның әмірін бұлжытпай орындауы керек? Ол тыным таппай еңбек етіп жатқанда, қалайша оның еңбегінің жемісін қарап жатқан қожайын пайдаланады? Тағысын тағылар. Еңбек етудің арқасында Гегельдің пікірінше, құлдың өзіндік санасы, «Мені», ар-намысы оянып, қалыптасады. Ол өзінің құлдықтағы жағдайына арлана бастайды. Ол енді өзіне бұрынғы басыбайлы құл емес, жасампаз тұлға ретінде қарай бастайды. Өзінің құлдық жағдайына көнбей, наразылық білдіріп, құлдықтан құтылудың жолдарын іздейді.

Ал қожайынның жағдайы не болып жатыр? Жалқаулық, жатып ішерлік, бейқамдық, ең бастысы, еңбек етпеу қожайынның қадір-қасиетіне, абыройына, еркіндігіне үлкен нұқсан келтіреді. Қожайынның кісілігі кеми бастайды. Енді ол өзінің тәуелділігін сезеді. Кімге, неге ол тәуелді болып қалды? Затқа, заттарды өндіретін құлға тәуелді екен. Құл болса, ол заттарды жасай отырып, заттардың үстінен ғана емес, сол заттарды пайдаланатын қожайынның үстінен де билік жүргізуге шамасы келеді.

Кезінде күркіреп тұрған Рим империясының күйреуіне не себеп болды деп ойлайсыздар? Еңбекке деген немқұрайдық. Еңбек етуді құлдарға қалдырып, еріктілер ішер асқа, ойын сауыққа құмар болды.

Сөйтіп, қожайын мен құлдың арасындағы қарым-қатынас түбірімен өзгереді: құл қожайынның қожайынына, ал қожайын құлдың құлына айналады. Мұндай өзгерістің көзі – қарапайым, көзге түсе қоймайтын еңбек. Еңбек тек заттарды өндіріп қана қоймайды, – дейді Гегель, – сонымен бірге адамды, адамның сана-сезімін, рухты, қоғамдық қатынастарды, мәдениетті, моральды қалыптастырады. Міне, Гегельдің рух феноменологиясына жасаған сапарынан тапқан шексіз жаңалықтарының бірі.

Гегельдің ілімін әдебиетте бір ауыздан объективтік идеализм ретінде қарастыру дәстүрге айналды. Гегель үшін нақты дүниенің жаратушысы, негізі болып табылатын идея, рух, зерде деген нәрселер адамға, адамзатқа тән дүниелер емес, адамнан да, табиғаттан да, қоғамнан да, тарихтан да тыс жатқан, бұларға тәуелсіз бастаулар. Адам баласы идеяны, рухты танып, өзінің іс-әрекетінде үлгі тұта алады. Адам идеяларды туғыза алмайды. Идеяны да, рухты да Гегель абсолют деп біледі. Абсолюттік идея (абсолюттік рух – екеуінің арасында айырмашылық жоқ) тұтас дүниенің негізі ғана емес, – деп ескертеді Гегель, – сонымен бірге оның жаратушысы да (демиург). Бұл идея, Платон іліміндегідей, мәңгі бақи жойылмайтын, өзгермейтін, жетілген субстанция емес. Жоқ, ол өне бойы өзгеріп, дамып, бір күйден екінші күйге ауып, жетіліп отырады. Идея төменнен жоғарыға, қарапайымнан күрделіге, абстрактыдан нақтыға, сыңаржақтылықтан тұтастыққа қарай даму жолынан өтеді. Даму барысында идея өз мүмкіндігін, күш-қуатын тану үшін өзінің қарама-қарсылығына айналып, табиғатты, қоғамды, адамдардың қарым-қатынасын туғызады. Идеяның даму көзі басқада емес, өзінде. Гегельдің мына қағидасы нақылға айналды: «Ақылға сыйымдының бәрі – шындық, шындықтың бәрі – ақылға сыйымды». Қалыптасқан жағдайлардың, әр алуан құбылыстардың бәрі кездейсоқ пайда болған жоқ, барлығының негізі, себебі бар. Бәріне де саналы адамның қатысы бар. Адам ақылы туғызған идеялар, жобалар санада, қағаз бетінде қалып қоймайды, ерте ме, кеш пе жүзеге асады, немесе ақылға сыйымды болмай, теріске шығарылады.

Идея, Гегель ілімінде – белсенді, жасампаз күш ретінде көрінеді. Идея жүзеге асу үшін материалдық дүниелерді, адамды құрал ретінде пайдаланады. Нақты заттар, құбылыстар, – сонымен, идеяның жемісі, жүзеге асқан түрі. Мемлекет, – дейді Гегель, мәңгі бақи өмір сүрген жоқ, бір кезде пайда болды. Мемлекеттің пайда болуы – билік (басқару) идеясының жүзеге асуы. Құқықтық институттар – заң идеясының жүзеге асқан түрі. Демократия – адам еркіндігі идеясының жүзеге асқаны. Адамның өзі сананың, зерденің жүзеге асуын паш етеді. Техника – білімнің жүзеге асқан түрі. Сөйтіп, бәрінің негізі, көзі, себебі идея болып шығады. Идеяның жүзеге асуын, дамып жетілуін бейнелеу үшін Гегель диалектиканы жандандырды, дамытты, теориялық жүйеге айналдырды.

Сонымен, Гегель философиясы объективтік идеализммен шектелмейді. Кейбір философтар Гегель ілімін сипаттағанда оның басты белгісін атап көрсетуге тырысады. Біреуі мұны идеализммен байланыстырса, екіншісі оның энциклопедиялық сипатын, үшіншісі классикалық деңгейін атап көрсетеді. Марксте Гегель ілімінің «рационалдық дәні» деген ұғым бар. Бұл – Гегель жанжақты дамытқан даму жөніндегі дәйекті ілім-диалектика. Маркстің, Энгельстің пікірінше, диалектика – Гегель ілімінің өміршең, жанды өзегі. Герцен Гегель диалектикасын «революция алгебрасы» деп атайды. Тағы да Энгельске сөз берейік. «Диалектикалық философия үшін мәңгілік қалыптасып болған, сөзсіз, қасиетті ешнәрсе жоқ. Барлық нәрсенің бәрінен де ол сөзсіз құлау таңбасын көреді, сондықтан оның алдында үздіксіз туу және жойылу үдерісінен басқа, төменгіден жоғары қарай шексіз өрлеуден басқа еш нәрсе тұра алмайды. Оның өзі де осы үдерістің ойлаушы мидағы жай бейнесі ғана болып табылады» (Маркс К., Энгельс Ф. Таңдамалы шығармалар. 3 том. … 377 б.).

Барлық заттарды, құбылыстарды Гегель олардың пайда болу, қалыптасу, даму, өзгеру күйінде қарастырады. Бірақ Гегельдің өз ілімінде баса көңіл бөлгені, суреттегені объективтік дүниенің – табиғаттың, қоғамның, материяның дамып жетілуі емес. Бұлар, Гегельдің ойынша, өздігінен дамып, өзгере алмайды. Өздігінен дамитын тек рух, рухани дүниеге қатысты құбылыстар: сана, ой, таным, ұғымдар, ғылым, дін, мораль, т.б. Гегельдің диалектикасы, дейді Энгельс, – субъективтік диалектика. Бұл – Лениннің пікірінше, заттар диалектикасы емес, ұғымдар диалектикасы. Сонымен Гегельдің философиялық жүйесі ғана емес, диалектикалық тәсілі де идеалистік тұрғыда құрылған. Маркстің айтуынша, Гегельдің диалектикасы басымен төмен тұрған ілім. Соған қарамастан Маркс те, Ленин де Гегель ілімін өте жоғары бағалады. Лениннің пікірінше, Гегельдің идеалистік философиясы кейбір материалистердің философиясынан да гөрі материализмге жақын. Ұғымдар диалектикасы арқылы, – дейді Ленин, – Гегель заттар диалектикасын данышпандықпен тани білді. Гегель іліміне Ленин «ақылды идеализм» деген баға берді. Гегельді материалистік тұрғыдан оқып үйренуіміз керек дейді.

Гегельдің диалектикасы мына сұрақтарға идеалистік тұрғыдан толық жауап береді.

1. Даму дегеніміз не? Гегельдің ілімінде даму – сапалы, қайшылықты, үдемелі, төменнен жоғарыға, қарапайымнан күрделіге, абстрактіліден нақтылыға, білместіктен білуге, относительдік білімнен абсолюттік білімге қарай жүретін үдеріс.

Дамымайтын, қозғалмайтын, бір күйде қалып қоятын ештеңе де жоқ. Не өздігінен, не басқа нәрсенің ықпалымен бәрі де өзгеріп, қозғалып, дамып жатады. Сөйтіп, даму жалпылама үдеріс болып шығады. Тіпті пайда болып, өсіп жетіліп, жойылудың өзі даму үдерісінің көрінісі болып табылады. Өйткені ештеңе де ұштыкүйлі жоқ болып кетпейді, жойылған нәрсенің орнына жаңа нәрсе пайда болады. Даму – үздіксіз, шексіз үдеріс. Даму да, қозғалыс та – көз алдымызда болып жатқан нәрсе. Оны жоққа шығару мүмкін емес. Мәселе – дамудың мәнін, көзін, механизмін түсінуде, дамуды теориялық тұрғыдан, ұғымдар арқылы бейнелеуде жатыр. Диалектика деген ілімнің күрделілігі осында.

2. Не дамиды? Бұл сұрақты қарастырғанда Гегель мынаны ескереді: диалектика қозғалысты, дамуды өздігінен жүзеге асатын үдеріс деп біледі. Идеалист Гегельдің пікірінше, дүниеде өздігінен дами алатын нәрсе – тек рухани дүниелер. Табиғат өздігінен дами алмайды, оны өзгертетін адам, ақыл, ой, идея, рух. Сондықтан «не дамиды?» деген сұраққа Гегель идеалистік тұрғыдан: рух, идея, ой, сана, таным, ғылым, өнер дамиды деп жауап береді. Ойдың, рухтың, сананың дамуын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ мұндай рухани дүниелердің дамуына материалдық дүниелер: қоғам, адам, материалдық қоғамдық қатынастар шешуші себеп болады.

3. Дамудың көзі, түпкі себебі неде? Гегельдің ілімінде дамудың көзі әр нәрсеге тән ішкі қайшылықтарда болып шығады. Қайшылық – объективтік процесс. Қайшылықты болдырмау мүмкін емес. Қайшылықсыз, күрессіз, тартыссыз өмір жоқ, ілгері басу, жетілу жоқ. Философия қайшылықты танып, ашып, қайшылықты шешудің жолдарын таба білуі керек.

Әрбір затта ерте ме, кеш пе қайшылық пайда болады. Тұтас нәрсе қарама-қарсы жақтарға бөлінеді. Біреуі ескіні жақтайды, біреуі жаңаға бастайды. Адамның қалаулары, мүдделері әрқашан да сәйкес бола бермейді, біріне-бірі қайшы келеді. Қарама-қарсы жақтардың күресінде біреуі түбі басым болып жеңіп шығады. Зат өзгереді, басқа сапалы, жаңа зат пайда болады. Қайшылық шешіледі. Бірақ жаңа зат та өзгереді, онда да қайшылық болады. Сөйтіп, даму қарама-қарсы жақтардың күресі арқылы жүзеге асады. Қайшылықтың түрі көп: ішкі және сыртқы, негізгі және негізгі емес, абстрактілі және нақты, антагонистік және антагонистік емес, т.т. Дамудың көзін аша отырып, Гегель диалектиканың өзекті заңын – қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі деген заңды ашып негіздеді, ғылыми теорияға енгізді. Бұл заңды қысқаша қайшылық заңы деп атауға болады.

4. Даму процесі қалай жүзеге асады? Әрбір зат, құбылыс, Гегельдің ойынша, бір күйде қалмай, өзгереді. Белгілі бір шамаға дейін заттағы өзгерістер оның сапасына әсер етпейтін, сапаға немқұрайды болып көрінетін сандық өзгерістер болады: адам өмі­рінде жасқа жас қосылады, су О градустан 100 градусқа дейін қайнаса да, су болып қалады, студенттер 1-курста да, 2,3,4-курстарда да студенттер болып есептеледі, ізденіп, оқып жүреді. Зат сол күйінде, бұрынғы сапасында сияқты болып көрінгенмен онда да өзгерістер болып жатады. Осы сандық өзгерістер түбі шамасынан асып, сапалық өзгерістерге айналады. Бұрынғы сападағы зат енді басқа сапаға ие болады: 100 градуста су қайнап, буға айналады. Сәби, бала, жігіт есейіп, ержетіп, жігіт ағасы, шал болады. Студенттер оқу бітіріп, жаңа сапаға ие болып, мамандар қатарына қосылады. Даму үдерісінің механизмін аша отырып, Гегель диалектиканың тағы бір негізгі заңын – сандық өзгерістердің сапалы өзгерістерге, сапалы өзгерістердің сандық өзгерістерге айналу заңын ашты. Кейде бұл заңды шама заңы (закон меры) деп атайды. Шама – сан мен сапаның бірлігі. Гегель оны «сапалы сан» деп атайды. Шама деген философияда, қала берді, өмірде, теория мен практикада, өнер мен моральда маңызды, кейбір сәттерде шешуші рөл атқарады. Шаманы білу керек, шамадан асып кетпеу керек деген даналық сөздер бар. Қазақ айтады: «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп. Гегель сан мен сапаның диалектикасын, шаманы қарапайым мысалдармен суреттейді. Бір үйме дәннен бір-бір дәннен ала берсек, көпке дейін үйме сақталады, бірақ түбі үйме жоқ болады. Бір шаруа базарға тауар (көкөніс) апарғанда арбасына күн сайын бір килодан жүк қосып отырады. Есек күндегіше арбасын сүйреп, базарға қарай томпаңдай береді. Бірақ бір күні күн сайын жүгі көбейген арбаны тарта алмай құлайды.

5. Даму үдерісі қалай қарай, қай бағытта жүзеге асады? Даму түп-түзу жолмен жүретін үдеріс емес. Сонымен бірге даму бір шеңбердің ішінде шыр айналу да емес. Даму қайшылықты, сапалы үдеріс болғандықтан, онда алға басу да, оңға не солға қарай ауытқу да, кері шегіну де болып тұрады. Бірақ кері кету, шегіну, қайталану, Гегельдің ойынша, бастапқы пунктке қайтып бару емес, оның деңгейіне жақындап барып, қайтадан алға жылжу. Қайталау, орысша айтқанда, «якобы возврат». Даму үдерісін Гегель бейнелі түрде спиральға теңейді. Даму барысында зат тозады, ескіреді, жоққа шығарылады. Ескі жойылып, оның орнына жаңа зат пайда болады. Бұл жаңа зат бірақ та жоқтан пайда болған жоқ немесе аспаннан салбырап түскен жоқ; ол – ескінің даму барысында басқа затқа айналған, жаңа сапаға ие болған түрі. Гегель өзінің «Логика ғылымында» орысша «снятие» деп аударылып жүрген диалектикалық ұғымды қолданады. Мағынасы: 1) бірдеңені жоқ қылу, терістеу; 2) оның оңды, жақсы жақтарын сақтап қалу; 3) сақталған жақтарды өңдеп, ілгер дамыту. «Снятие» деген ұғымды қазақша «терістеу» деген ұғыммен білдіруге болады. Терістеу дүниеде, өмірде үнемі болып тұрады. Өлім – өмірді терістеу. Шындық жалғанды теріске шығарады. Кеңес заманында дін жоққа шығарылып еді, қазір қайтадан дін бас көтеріп, атеизм теріске шығарылып жатыр. Қайда кетті кешегі алып ел – Кеңес Одағы? Теріске шығарылды, күйреді. Терістеу, сонымен, түбегейлі жоқ қылу, құрту емес. Терістеу – сонымен бірге-сақтап қалу, сақталған нәрсені жаңа, жоғары деңгейге көтеру, дамыту екен. Терістеу, әрине, оңай жұмыс емес. Бұл қашан да үйреншікті, қалыптасқан жағдайлардан, қалыптардан, формалардан бас тарту. Социализмнен, Лениннен, коммунистік партиядан бас тарту сол жағдайда өмір сүрген адамдарға оңай болған жоқ. Жақыныңнан, досыңнан, қымбат адамыңнан айырылу – әркімге де қиын, қасірет. Бірақ өмір, табиғат, қоғам, тарих заңы адамды терістеуге үйретеді, көндіреді. Даму үдерісі терістеумен шектелмейді. Терістеудің өзі даму барысында терістеледі. Сөйтіп, даму дегеніміз – терістеуді терістеу болып шығады. Гегель дамудың бағытын анықтайтын заңды да ашты. Диалектиканың бұл үшінші заңы – терістеуді терістеу заңы немесе терістеу заңы деп аталады.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *