Жер дамуының айрықша ерекшелiгiне көптеген геологиялық процестердің өте ұзақтығы мен кең ауқымдылығы жатады. Бұл процестер орасан үлкен аумақтарды қамтиды жəне миллиондаған, миллиардтаған жылға созылады. Жекелеген адамдардың өмiрi ғана емес, тiптi барлық адамзат пайда болған кезең, планета тарихымен салыстырғанда қас қағым сəт болып көрiнедi. Кейбiр геологиялық процестерді тiкелей бақылау жəне лабораториялық жағдайларда оларды қайталау мүмкiн емес. Бұл процестер туралы тек қана олардың нəтижелерi, мысалы, əртүрлi таужыныстар мен пайдалы қазбалар, жер бетi бедерiнiң түрлi пiшiндерiнiң жаралуы, т.б. бiлiнуi бойынша ғана бiле аламыз. Олар жер қыртысының құрылысы мен құрамын анықтайды. Сонымен, бұл процестерді түсiну үшiн олардың тарихын əр қадамы бойынша қалпына келтiру керек. Бұл ақыр соңында Жердiң, оның сыртқы қатты қабығының тарихын түсiнуге мүмкiндiк бередi. Мiне осыған байланысты геология тарихи ғылым болып саналады.

Геология XVII–XVIII ғғ. ауқымында шөгiндiжиналу процесiнiң жалпы заңдылықтары (қабаттасқан шөгiндi таужыныс қалыптасуының ретi) анықталғаннан кейiн сəттi дами бастады. Ал XVIII–XIX ғғ. тоғысында əзiрленген шөгiндi таужыныстардың салыстырмалы жасын олардың құрамында сақталған организмдер (фауна мен флора) қалдығын зерттеу негiзiнде анықтау əдiстемесi де бұған оң ықпал жасады. Бұл организмдердi зерттеу Жер дамуының əр заманына тек осы заманға сай органикалық əлемнiң – Жерде осы кезде тiршiлiк еткен жануарлар мен өсiмдiктердiң белгiлi бiр түрлерi ғана сəйкес келетiнiн көрсеттi. Осылай таужыныстардың салыстырмалы жасын олардың құрамындағы қазба организм қалдықтары бойынша анықтауға негiзделген палеонтологиялық əдiс пайда болды. Осыдан кейiн, радиобелсендi ыдырау ашылған соң, таужыныстың дəл абсолют жасын анықтаудың радиологиялық əдiстерi əзiрлендi. Бұл əдiстердi қолдану жер қыртысы пайда болған уақыт 4,0 млрд жыл шамасында екенін көрсеттi.

Бiрақ геологиялық процестерді түсiну үшiн олардың уақыты, созылу ұзақтығы мен масштабы туралы ұғымдар əлi жеткiлiксiз едi. Бұл үшiн олардың мəнiсiн, мағынасы мен бағыттылығын түсiну жəне түсiндiру қажет болды. Геологияның дамуына актуализм (французша актюэль – қазiргi) деген атпен белгiлi эволюциялық əдiстi енгiзу үлкен үлес қосты. Актуализм əдісі XVI–XVII ғғ. əлемнiң жаралуы туралы дiни ұғымдарға қарсы күресте кездейсоқ туындады, бiрақ оны iрi ағылшын геологы Ч. Лайель XIX ғасырдың 30-шы жылдары ғана ресiмдедi. Актуализм əдiсiнiң мəнiсi геологиялық процестерді түсiну үшiн қазiргi мен өткеннiң байланысын анықтауда. Ч. Лайель “қазiргi кез – өткендi танымдаудың кiлтi”, – деп жазған, яғни қазiргi геологиялық процестерді мұқият зерттеп, олардың нəтижесiн бұрынғы геологиялық процестер нəтижесiмен салыстыру ғана өткеннiң мəнiсiн толық түсiнуге тура жол ашады. Актуализм принципi қазiргi геологияның дамуына өте үлкен оң ықпал жасады.

Геологияның негiзгi əдiсi – геологиялық түсiру (карталау), ол белгiлi бiр аумақтың геологиялық құрылысы мен пайдалы қазбаларын жан-жақты зерттеуге қажет геологиялық жұмыстардың жиынтығы болып табылады. Геологиялық түсiрудi сондайақ геологиялық карталау деп те атайды. Өйткенi бұл жұмыс əдетте геологиялық карта жасауға жалғасады немесе геологиялық картаға негiзделедi. Геологиялық карталау кезiнде көптеген жəне əртүрлi геофизикалық, геохимиялық əдiстер, аэрофото түсiру мен ғарыштық суреттер, сонымен қатар əртүрлi тереңдiктерге дейiн жететiн жасанды ашылымдар жасауға мүмкiндiк беретiн қуатты қазiргi техника кең қолданылады. Соңғы жылдары Жердi өте жоғары биiктiктерден байқауға жəне оны Күн жүйесiнiң басқа планеталарымен салыстыруға мүмкiндiк беретiн “ғарыштық əдiстер” материалын пайдалану барған сайын артуда.

Эксперименттiк əдiстер əртүрлi геологиялық процестерді (магматизм, метаморфизм, тектоникалық процестер, т.б.) модельдеуге жəне əртүрлi жасанды минералдар мен таужыныстарды алуға бағытталған. Геологияда математикалық əдiстерді жəне компьютерді қолдану – перспективалы сала. Бұл саланың дамуы геологиялық ақпараттың жеделдiгiн, анықтығын жəне құндылығын арттырудың жалпы үрдісіне сай келедi. Д. Эджер жазғандай: “… қазiр көптеген геологтардың негiзгi жарағы балға емес, қымбат құралдар мен есептеуiш машиналар болып табылады”. Қазiргi кезде геология геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) жасау мен ГАЖ-технологиялар саласында сəттi дамуда. Дегенмен математикалық əдiстер мен компьютерді қолдану бiрқатар қиындықтарға тiреледi. Ол, атап айтқанда, геологиялық түсiнiктер мен анықтамаларды формализациялаудың күрделiлiгi мен əрмəндiлiгiне, зерттелетiн геологиялық нысандардың өзгерiстерi мен байланысының сандық тұрғыдан жеткiлiксiз сипатталатындығына байланысты.

Геологияның мəні

Геологияның үлкен мəндiлiгiн екi жақты қарастыруға болады – жалпы ғылыми жəне экономикалық тұрғыдан. Геологияның жалпы ғылыми мəнi оның табиғат туралы материалдық түсiнiк қалыптастыруда айрықша құндылығына байланысты. Геологиялық деректер əлемнiң материалдық бiрлiгi мен оның дамуын көрсететiн философиялық принциптi диалектикалық негiздеуде өте маңызды рөл атқарады. Экономикалық мəнi геологияны экономиканың түрлi салаларын минерал-шикiзат ресурстармен қамтамасыз етуге, əртүрлi азаматтық жəне өнеркəсiптiк нысандар құрылысын инженерлiк-геологиялық негiздеуге, ауыз сумен жəне техникалық сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешуге байланысты.

Геология кен iсi, өнеркəсiп, энергетика жəне мұнай-газ индустриясы үшiн айрықша мəнге ие болуда. Кен өндiрiсiнiң қарқындылығына, минерал шикiзат сапасының нашарлау тенденциясының артуына жəне кенорындарды игерудiң кенгеологиялық жағдайларының күрделенуiне байланысты бұл жағдайларды болжау көкейтестi мəселеге айналуда. Осы мəселелер нысандарды түбегейлi геологиялық зерттеудің базасында ғана шешiлуi мүмкiн. Қазiргi кезде жер қыртысының бетiне жақын орналасқан пайдалы қазба кенорындары негізінен анықталып болған жəне қарқынды игерiлуде. Сондықтан қолданбалы геологияның жетекшi мəселесi тереңдiк комплекстi геологиялық түсiру, карталау жəне барлау негiзiнде тереңдегі белдемдердi түбегейлi зерттеу болып табылады. Жер қойнауынан алынатын минерал шикiзат қорының қайта қалпына келмей азая беруi, оның шығынын мейлiнше азайтып өндiру мəселесiн қояды. Кенорындарды ұтымды аршу жəне игеру сұлбасын iздестiру үшiн түбегейлi геологиялық зерттеулер жүргiзу қажет. Пайдалы қазбаларды комплекстi пайдалану мəселесi де өткiр тұр, оны кенорындардың заттық құрамын терең зерттеу негiзiнде ғана шешуге болады. Пайдалы қазба өндiрудiң жаңа прогрессивтiк əдiстерiн (уран, мыс, алтын рудаларын, калийлі жəне тас тұздарды жер астында шаймалау, күкiрттi жер астында балқыту мен көмiрдi жер астында газға айналдыру, пайдалы қазбаларды теңiз бен мұхит түбiнен өндiру), игерiлетiн нысандардың геологиялық құрылысын, олардың заттық құрамын, сонымен қатар оларда өтетiн геологиялық жəне физикалық-химиялық процестерді анық бiлмей енгiзу мүмкiн емес.

Кен өндiрiсiн қарқындыландыру оны бiршама шоғырландыруға, таужыныстардың көп массасын қозғауға əкеледi. Бұл өз кезегiнде табиғаттағы миллиондаған жылдар ағымында қалыптасқан тепе-теңдiктiң айтарлықтай бұзылуына əкеледi. Минерал шикiзатты өндiру процесiнiң өзi жер қыртысына ықпал жасайтын қуатты техногендiк фактор болып табылады. Оның нəтижесi экзогендiк геологиялық процестер əрекетiне пара-пар. Осыған байланысты қазiргi кезде геологтардың (жер қойнауын пайдаланушылардың барлығының) алдында өте маңызды проблема – геоэкология жəне жер қойнауын ұтымды пайдалану проблемасы көлденең тұрады. Ол табиғатты қорғаудың жалпы проблемасындағы ең маңызды буын болып табылады. Геологияның практикалық мəні – пайдалы қазба кенорындарын іздеу жəне барлау.

Бақылау сұрақтары:

1. Геологияның зерттейтін тақырыбы мен нысандары қандай?
2. Геологияның алдына қойған мəселелері қандай?
3. Геология цикліне қандай пəндер кіреді жəне олар қалай сипатталады?
4. Геологияның негізгі зерттеу əдістері қандай?
5. Актуализм əдісінің мəнісі неде?
6. Геологияның ғылыми мəні қандай?
7. Геологияның практикалық мəні қандай?

Авторлық сілтеме:
Байбатша Ə.Б. Геология негіздері (геологиялық пəндер): Оқулық. – Алматы, 2015. – 560 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *