Ғабит Мүсірепов өмірбаяны

Қазақ халқы қай заманда болмасын киелі сөздің иелеріне зор ілтипатпен қараған. Би-шешендерінің, ақын жырауларының, ойшыл ғалымдары мен жазушыларының мəртебесін биік көтерген. Қазақстанның ХХ ғасырдағы көркем əдебиетін өркениетті əлемге танытқан да сол киелі азаматтар болатын. Өз елінің тарихын талай тұлғалы шығармалармен байытып, абыройын көкке көтерген қазақ жазушыларының қатарында Ғабит Мүсіреповтің алатын орны ерекше.

Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов Ұлыстың ұлы күні 22 наурыз 1902 жылы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, «Жаңажол» ауылында дүниеге келген. Туған жерінде хат танығаннан кейін, Ғабит 1916 жылы екі сыныптық орыс мектебінде бір жыл, жоғары орынды орыс мектебінде төрт жыл оқыды.

1923 жылы Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетін 1926 жылы бітіріп шықты. Омбыдағы ауылшаруашылық институтында бір жыл оқып, 1927–1928- жылдары, Бурабай орман шаруашылық техникумында оқытушы болды. 10 жылдай баспа орындарында, совет, партия мекемелерінде жауапты қызметтер атқара жүріп, қазіргі «Қазақстан» баспасының директоры, «Қазақ əдебиеті», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің редакторы, БК(б) П Қазақстан Өлкелік Комитетінің бөлім меңгерушісі, өнер істері басқармасының бастығы болды. 1955–1966 жылдары «Ара» журналының бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының 1-ші хатшысы. 1958 жылдан бастап СССР жазушылар одағы басқармасы хатшыларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі Бүкілодақтық Комитеттің мүшесі. Ғабит Мүсірепов қазақ əдебиеті табыстарын дүние жүзіне танытуда елеулі еңбек сіңірген қайраткер – жазушы. Ғабит Мүсіреповтің əдебиетке деген құштарлығы, жұмысшы факультетінде оқып жүрген жылдары басталады. Сол кездері ол, Сəбит Мұқановпен, Сəкен Сейфуллинмен танысып, ұмтылмас əсер-ұлағат алады.

Ғабит Мүсірепов қазақ тарихының классик жылнамасышы. Өйткені, оның суреткерлік өнер шеберлігімен кезінде де, кейінде де, келешекте де талай қаламгерлердің үйреніп, тағылым алған шығармаларының қыр-сыры аса мол. Оның шығармаларының бүгінгі оқырманы да, болашақ ұрпақтардың да ажырамас рухани серігі, қымбат мұрасы болып қала беретіні ақиқат. Өйткені, оның əрбір туындысының биік өнермен, үздік шеберлікпен жасалған асыл дүниелер екенін барша қауым əлдеқашан бір ауыздан мойындаған болатын.

Ғабит Мүсірепов – қазақ əдебиетінің жанрларын өркендетуге белсене араласқан көркем сөздің зергері. Оның қаламынан шыққан көркем əңгіменің қайқайсысы да болмасын идеялық мазмұны терең, жазылу шеберлігі көзтартарлық əсем де мінсіз шығарма ретінде есте сақталып отырады. Көрнекті прозашы, талантты драматург, жалынды публицист, қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің еңбегін жұртшылық жоғары бағалайды. оның қаламынан туған пьесалары, əңгімелері мен романдары қазақ мəдениетінде елеулі орын алды.

Жазушының қаламынан шыққан повестері — оның творчествосының өнікті де, жемісті саласы. 20- 30-жылдары ол повесть саласында көсіле қалам сілтеді. «Тулаған толқында» (1928), «Алғашқы адымдар» (алғашқы аты «Бір адым кейін, екі адым ілгері») (1932), «Көк үйдегі көршілер» (1929), «Өмір ертегісі» (1930), «Үздіксіз өсу» (1934), «Туннель» (1935) «Тұтқын қыз» (1938) повестерінде қазақ елінің ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі басынан кешкені дүбірлі оқиғаларды баян етеді.

Қоғамдық өмірге белсене араласқан Ғабең Қазақстанда жүргізілген ауылшаруашылығының ұжымдастыруы кезінде жіберілген қателіктер мен асыра сілтеушіліктен тыс қалмады. Шындықты үкімет басында отырған партия мен совет қайраткерлерінің беттеріне баса айта білді. Қазақ елінің басына түскен ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы жаппай ашаршылық кезінде отыз жасар Ғабит Мүсірепов Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф. Голощекинге хат жолдады. Ол хат тарихқа «Бесеудің хаты» деген атпен кірді, хатқа Мүсіреповтен басқа М. Ғатаулин, М. Даулеткалиев, А. Алтынбеков, К. Қуанышев қол қойды. Ғабит бастаған қазақ интеллигенциясының бұл тобының жазған хаты ол кезде өзін-өзі өлім жазасына кесумен пара-пар еді. Бірақ Мүсірепов өзіне «контрреволюциялық көзқарасы бар» деген ойын тағылудан қорықпады, хат жазуға саналы түрде барды жəне өзінің серіктеріне демеу болды.

Белгілі публицист Бақытжан Қаратаев Ғабит Мүсіреповтің бұл азаматтық ерлігі туралы былай деп жазады. 30-жылдардың басында көпшелілерді отырықшылыққа көшуінің күрделі процесінде өлке басшылары асыра сілтеушілік жіберді. Бірақ оны ашық, түрде сынауға ешбір біздің жазушылар бара алмады. Ауыл шаруашылығындағы жіберілген асыра сілтеушіліктер – халық жауларының ісі, партияның алған бағатын бұрмалау екенін алғаш əшкерлегендердің бірі Ғабит Мүсірепов болды.

Міне, сол кезде Сəкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы мен Ғабит Мүсіреповтің өткір саясатты əңгімесі «Шұғыла» шықты. «Шұғыла» – қазақ халқының 1932 жылғы қайғылы өмірін өзгеріссіз суреттейтін іргелі шығарма. Сол жылдардағы Қазақстандағы басшылығының аштықтан-жалаңаштықтан жаппай қырылған қазақ халқының жұпыны тіршілігі бұл əңгімеде үлкен көркемдік бояумен суреттелген. «Шұғылада» жазушының азаматтық ерлігі, əрі суреткерлік батылдығын жұртшылыққа қатар танытқаны ешқашан ұмытылған емес. Ғабит Мүсірепов цензурадан жəне де басқа ымыралықтан қорықпай «Биаға» повесін жазып оны репрессияға ұшыраған Бейімбет Майлинге арнады.

Ғабит Мүсіреповтың творчестволық жолындағы көрнекті шығармасы — «Оянған өлке» романы. Бұл романды жазушы трилогия ретінде жазбақ болғаны мəлім. Сол трилогияның бірінші кітабын 1953 жылы жариялап оқырман қауымға ұсынды. Өмірінің соңғы жылдарында жазған «Жат қолында» (1984) романы, бір жағынан «Оянған өлкенің» жалғасы, (екінші кітабы іспетті) екінші жағынан, өз алдына дербес шығарма деуге де келеді. Оның жекелеген шығармалары шетел оқушыларына да жақсы таныс. Мəселен, «Қазақ солдаты» романы болгар, поляк, румын, чех, словак, француз тілдеріне аударылған.

Бұл шығарманың идеялық көркемдік қасиеті жəне тəрбиелік мəні жайында шетел сыншыларының айтқандары да өз алдына бір төбе. «Қазақ солдаты» — қазақ əдебиетінде Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған тұңғыш роман. Мұның мəні алғашқылығымен ғана шектеліп қалмайды. Бұл шығармада қазақ романының көптеген мəселелері сəтімен шешілген. Бұрынды-соңды əдебиетімізде майдан өмірі суреттелген үлкен көркем шығарма болған емес. Мұның өзі жазушыларға белгілі дəрежеде қиын міндеттер артады. «Қазақ солдаты» романында оның бас кейіпкері Қайрош арқылы совет жауынгерлерінің жарқын тұлғасы жасалынды, халықтар достығының шынайы құдыретті күш екендігі көрсетілді. Ғабеңнің əр тұста жазған ана тақырыбындағы шоғыр əңгімелері қазақ əдебиетінің көкжиегін кеңіткен кезеңді еңбектер.

Ол ең алдымен 30-жылдары А.М. Горкийдің ана тақырыбында жазылған əңгімелерінің ізімен өзінің «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы» атты белгілі əңгімелерімен қазақ əдебиетіне жаңа леп, көркемдік өрнек əкелді. Ұлы отан соғысынан кейінгі бейбіт жылдарындағы əңгімелерді жазушы сол қарапайым замандастарымыздың — əйелдердің бүкіл əлемге, келер ұрпаққа үлгіөнеге болатындай, қызығып, тағылым аларлықтай қадір-қасиеттерін əдемі де əсерлі де етіп бейнелей түсті («Əмина», «Айгул қойшының күндері», «Ажан қойшының түндері»). Бұл шығармалардағы əйелдер де ойдың, істің адамы, еңбектен ғана бақыт тапқан біздің замандастарымыз, ел қамын ойлайтын қоғам қайраткері.

Қазақ əйелдерінің адамгершілігін, жан дүниесінің мөлдірлігін, отаншылдық сезімін Ғабит Мүсірепов «Ұлпан» романында суреттеді. Өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, эстетикалық əсер-күшінің молдығымен романда көрінетін Ұлпан-бүкіл қазақ əдебиетіндегі оқшау тұрған əдеби образ. Романдағы Ұлпан бейнесін суреттеуге Ғабит Мүсірепов бүкіл өмір бойы іштей дайындалып, көп ізденіп, толғанғанды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының əлеуметтік-тарихи өмірін терең зерттей келіп, жазушы тарихи фактілерді, өмірде шын болған оқиғаларды, адамдарды шығармасына негіз етіп алған. Ұлпан өмірінің хикаясын шерте отырып, автор сол тұстағы бүкіл халық, қоғам өмірінің айқын суреттерін жасап берді. Ұлпан бүкіл халықтың қайраты, ел анасы болды. Жазушы Ұлпан бейнесі арқылы ақылдылықтың, парасаттылықтың, адамгершілік пен жанашырлықтың бейнесін көрсетеді. Жазушы кейбір шығармасында да ешкімді қайталамайтынға ұмтылады. Бұған «Жапон балладасы» дəлел.

«Арқаның əңгімесі», «Көздің əңгімесі», «Тастың əңгімесі» сияқты туындылармен Ғабең халықаралық тақырыпқа қазақ жазушыларының ішінен бірінші болып жол тартты. Шебер де шымыр əңгімелерімен 1945 жылы Жапонияның Хиросима, Нагасаки зардабын тебірене суреттеп берді. Ұмытылмас көркем бейнелерімен жазушы адамзатқа шексіз қайғы-қасірет əкелушілерді өлтіре əшекерелеп лағынет айтты. Жалпы адамзаттың өткір проблеманы қозғаған «Жапон балладасы» тек қазақ əдебиеті ғана емес, бүкіл əлемдік əдебиетінің идеялық-көркемдік табысы.

Ғабит Мүсіреповтің драматургия саласына сіңірген еңбегі де орасаң зор. Жүсіпбек Аймаутов, Сакен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Əуезов, Сəбит Мұқановпен бірге ұлттық драматургияның негізін қалап, шаңырағын көтеріскен Ғабеңнің есімі қазақ театрының тарихынан елеулі орын алды. Оның əйгілі пьесалары қазақ театрының сахнасынан түспейтін тұрақты репертуарына айналды. Шекспир, Мольер, Шиллер, Гоголь, Островский сияқты дүние жүзі драматургиясының алыптарынан творчестволық үлгі ала отырып, ұлттық драматургияға ірі үлес қосты. Оның «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты пьесалары халықтық лиро-эпостың негізінде туса да, өз алдына дербес туындылар ретінде танылған еңбектер. Фольклорлық шығармалардың идеялық, тақырыптық жемісін сақтай отырып, ол бүтіндей тың өрнекті дүниелер жасады. Ғабит Мүсірепов тарихи белгілі адамдардың өміріне де қалам тербеп, жақсы драмалық үлгілер жасады. Оның «Ақан сері – Ақтоқты» драмасы ХІХ ғасырдың 70-жылдарындағы Қазақстанның əлеуметтік өмірін шынайы бейнелесе, «Амангелді» пьесасында жазушы 1916 жылы қазақ халқының патша өкіметіне қарсы ұлтазаттық көтерілісін суреттеп берді. Бұл пьесалаларында драматург Ақан сері, Амангелді сияқты тарихи қайраткерлердің шынайы келбетін сахналық шеңберде дұрыс танытты.

Жазушы тарихи тақырыпқа жазған «Болашаққа аманат» драмасы да қазақ драматургиясындағы аса елеулі еңбек. «Болашаққа аманат» драмасының бас қаһарманы-қазақ халқының ХVIII ғасырдағы даңқты перзенті, батыры, шешені Сырым Датов (1712–1802). Сырым 1783–1797-жылдары 14 жыл бойы патша отаршыларына қарсы халық көтерілісін бастаған айтулы қолбасшы, көрнекті қайраткер. Ғабит Мүсіреповтің ұзақ жылдар ізденіп, көп уақыт даярланып барып жазған елеулі еңбегі «Қыпшақ қызы Аппақ» атты драмасы еді. Оның бұл драмасы да тарихи болған фактіге, дерекке, оқиғаға арқа сүйеп жазылған. Драманың бас кейіпкері — əзірбайжан халқының ХІІ ғасырдағы ұлы ақыны, ойшылы, Низами Гянджев (1141–1209). Жазушы драмасында суреттелген Низамидің қазақ (қыпшақ) қызы Аппаққа деген кіршіксіз таза махаббат хикаясы — тарихи шындық.

Қорыта айтқанда, Ғабит Мүсірепов қазақ халқының тарихында оның даму жолында еңбек сіңірген көркем сөздің майталмас шебері, ірі суреткер. Оның шығармалары сан рет көптеген халықтардың тілдеріне аударылды. Ғабит Мүсірепов — бүкіл дүниеге кең танылған сөз зергері. Оның қаламынан шыққан əрбір еңбегі үнемі оқырман жүрегіне жол тауып, оның асыл бұйымына айналып отырды. Оның туған отанының гүлденуіне үлкен еңбек сіңірген халықтың адал азаматы, қадірмен перзенті. Ғабит Мүсірепов өз халқының «тарихын көркем сөзбен бейнелеп ата-бабаларының өмірін кейінгі ұрпағына үлгі етіп өшпес таңба қалдырып кеткен, Абай, Ыбырай, Шəкəрімдер сияқты өз халқының аты өшпес ұлы.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *