Фридрих Вильгельм Йозеф Шеллинг — неміс философиясының негізін қалаушылардың бірі. Ойшыл ретінде тым ерте қалыптасқан. Германияда сол кезде университетке 18 жастан қабылдайды екен. Шеллинг үшін университет ережеден ауытқып, 15 жасынан Тюбинген университетінде теология факультетіне түсіп оқуға рұқсат береді. Сөйтіп, Шеллинг өзінен бес жас үлкен Гегельмен бірге оқиды. Университетті бітірер-бітірместен 17 жасында магистрлік диссертация қорғап, философия магистрі атағына ие болады. Гегель магистрлік диссертацияны 23 жасында Шеллингтен бір жыл кейін қорғайды. Көпке дейін Гегель Шеллингтен жасы үлкен болса да, оның философиядағы жетекші рөлін мойындайтынын ашық айтады. Шеллинг 23 жасында профессор болып үлгереді.

Фихте рухында жазылған «Мен» – философиялық принцип ретінде» деген еңбегінде Шеллинг мынадай тұжырымға келеді: «Адамның кім екенін есіне салыңдар, ол дереу кім болуға тиісті болса, сол болып шығады; теорияда адамның өзін-өзі сыйлауы жөнінде сөз етіңдер, дереу ол іс жүзінде сыйлауға тұрарлық дәрежеге жетеді. Жетілу үшін адам жақсы болуы керек, сондықтан адамдағы төңкеріс оның өз мәнін түсінуден басталуы керек» (Қара: Гулыга А.В. Шеллинг. М. Мол. гвардия, 1984, С.24).

Шеллинг бірақ та философияда Фихте жолымен жүрмей, өз жолын іздеумен болды. Оның Фихтеден өзгешелігі – объективтік бастауларға көбірек мән беруі. Ол субъектіні елемейтін материалистік ұстанымды да және субъектіге айрықша мән беріп, объективтік негіздерді елемейтін идеалистік ұстанымды да сыңаржақтылық үшін сынайды.

Шеллингтің Фихтенің ықпалынан босанып шығуына оның табиғат мәселесіне көбірек көңіл бөлуі себеп болды. Фихте ілімінде табиғат жөнінде сөз болмайды. Фихтенің «Мен-емесінің» табиғатқа ешқандай қатысы жоқ.

Шеллингтің табиғатқа көңіл бөлуі тек ой әлеміндегі ізденістер емес еді. Оның жас шағы жаратылыстану мен техникадағы көрнекті жаңалықтар тұсында өтті. Ол дүниеге келерден бір жыл бұрын Пристли оттегіні ашты. 1777 жылы Лавуазье жану теориясын құрды, ал Форстер жер жүзін айналып шығып, мұхиттың ар жағындағы елдер туралы көп мағлұматтар әкелді. 1781 жылы Гершель Уран планетасын ашты. Екі жылдан кейін аспанға аэростат ұшырылды. Лавуазье судың қосындысын жасады. Тағы бір жылдан кейін Уатт бу машинасын жасап шығарды. 1785 жылы Кулон электр зарядтарының өзара әрекеті жөніндегі заңды ойлап тапты. 90-жылдарда Гальвани мен Вольтаның теориядағы таласы электр ағымының ашылуына әкеліп соқтырды.

Шеллинг ғылым мен техникадағы осы жаңалықтардың бәрінен хабардар болды, бәріне мән беруге тырысты. Ол бала кезінен табиғатты сүйіп, қолы босаса болды, табиғат аясында болуды ұнататын. Табиғат туралы ойланып толғанудың салдарынан 1797 жылы жас Шеллингтің «Табиғат философиясы жөніндегі идеялар» деген ірі еңбегі дүниеге келеді. Шеллингтің негізгі пікірі: табиғат-реалдық; адам күн сайын табиғатпен қарым-қатынас жасайды. Табиғатпен санаспауға болмайды. Канттың да, Фихтенің де философиялық жүйелерінде табиғат назардан тыс қалады. Демек, олардың ілімі – ғылым дәрежесіне жетпеген жүйе. Фихтені көбірек қызықтыратыны – адамдардың іс-қимылы. Шеллинг табиғат мәселелеріне бет бұра бастайды. Табиғат деген өмір, тіршілік. Шеллинг өлі табиғат дегенді мойындамайды. Дүние – механизм емес, дүние – органикалық тұтастық. Материядан, – дейді Шеллинг, бәрін шығаруға, бәрін түсіндіруге болады: «Маған материя ұрығын беріңдер, мен одан әлемді қалай тануға болатынын көрсетейін», – деп жазады ол, (Қара: Гулыга А.В. Шеллинг… С.44).

Табиғат философиясының принциптерін қарастырған Шеллингтің келесі еңбегі – «Натурфилософия жүйесінің алғашқы ұзын-ұрғасы» (1799 ж.). Мұнда ол тұңғыш рет өз іліміне «натурфилософия» деген ат қояды. Табиғат – дүниедегі сан жетпейтін құбылыстарды туғызатын белсенді нәрсе. Табиғат – сырттан келіп дем беретін рухты, сананы, субъектіні күтіп жатқан қатып-семіп қалған нәрсе емес, тірі жанды құбылыс.

Көп кешікпей Шеллингтің тағы бір жұмысы жарық көреді: «Натурфилософия жүйесінің ұзын-ұрғасына кіріспе». Мұнда философ өз ілімінің екі жақты саладан тұратынын жариялайды: біреуі – натурфилософия немесе табиғат философиясы, екіншісі – трансценденталдық философия. Табиғат философиясында идеалдық реалдықтан шығарылады; трансценденталдық философияда, керісінше, реалдық идеалдықтан шығарылады. Алдына қойған мақсаттары қарама-қарсы болғанмен, бұл екі философия – біртұтас ғылымды құрайды (Қара: Шеллинг Ф.В.Й. Соч. в 2 т. Т.1, – М.: Мысль, 1987. С.183). Мұндай құрылымда ретсіз қайшылық, ақылға сыймастай ештеңе жоқ. Философия санамен, рухпен, зердемен шектеле алмайды. Шеллинг таза әрекет (чистая деятельность) дегенді мойындамайды. Өзін-өзі тану үшін де, өзін-өзі жасау үшін де адамға да, субъектіге де одан өзге, дербес нәрселер керек: табиғат, адамдар. Кант «өзіндік затты», Фихте «Мен-еместі» мойындауға мәжбүр болады, бірақ олардың нақты мазмұнын жоққа шығарады, «Меннің», субъектінің, сананың туындысына айналдырады. Жас Шеллингтің табиғатқа көзқарасы дәстүрлі идеалистік түсінікке мүлдем қайшы. Біріншіден, ол натурфилософияны дербес философиялық ғылым деп есептейді; ол идеалистік жүйенің құрамдас бөлігі емес. Екіншіден, натурфилософияның трансценденталдық философиядан айырмашылығы – ол табиғатты өзінен тыс дүниенің жемісі деп есептемейді, ештеңеге тәуелсіз, дербес дүние деп есептейді. Натурфилософияда, – деп атап көрсетеді Шеллинг, идеалистік түсініктердің болуы мүмкін емес. «Табиғат жөніндегі шынайы ғылымның бірінші қағидасы – бәрінде табиғат күштері арқылы түсіндіру». «Біз бұл қағиданы берік ұстанамыз», – дейді Шеллинг (Сонда, С.184.).

Маркс жас Шеллингтің табиғат туралы пікірлерін жоғары бағалайды, оны Фейербахпен салыстырады. Шеллинг ойшылдығымен, ғалымдығымен бірге керемет ақын да болған. Бірақ поэзиямен ауық-ауық қана айналысқан. Ол табиғатты жырға қосып, поэма да жазған. Содан бір үзінділер келтірейік. (Әрине, орыс тілінде)

Одно Я усвоил раз навсегда:
Кроме материи – все ерунда.
Она – наш верный друг и хранитель
Всего, что на свете есть, прародитель.
Она – всех мыслей мать и отец,
Познанья начало, незнанья конец.

Шеллингтің ғылыми жұртшылыққа танымал еңбегі – «Трансценденталдық идеализм жүйесі» (1800 ж.). Бұл еңбекті жазғанда Шеллинг 25-те еді. Кітап бір кезде Энгельс философияның негізгі мәселесі деп атаған мәселені қоюмен басталады: рух алғашқы ма, әлде табиғат алғашқы ма? Әрбір философия бұл сұраққа не рух табиғатты туғызады деп, не табиғат рухты туғызады деп жауап беруі керек. Екеуінің бірі. Табиғатты бетке ұстаған философия табиғаттан рухты шығарады. Жаратылыстанушы табиғат заңдарын ашады, сол арқылы рухты түсіндіруге тырысады. Трансценденталдық философия, керісінше, рухты алғашқы деп таниды. Онда философия «білім жөніндегі білімге» айналады. Өйткені рухтан білімнен басқа ештеңе пайда болуы мүмкін емес.

Кейін ересек Шеллинг бірте-бірте идеализмге ден қоя бастады, бірақ Фихтеден келе жатқан субъективтік идеализмге емес, объективтік идеализмге. Кейін де Шеллинг табиғаттың рухқа тәуелсіз өмір сүретінін мойындайды. Дей тұрғанмен, ересек Шеллингті енді табиғат емес, философия, дін, өнер, мифология көбірек қызықтырады. Біз Шеллингтің жас кезіндегі соны, терең ойларына баса көңіл бөлдік. Тағы бір маңызды жайтты атап өтейік. Шеллингтің бүкіл шығармашылығында саналы диалектика бой көрсетіп қалады. Табиғат өне бойы бір күйде қалып қоятын өлі дүние емес, үнемі өзгеретін, жаңаратын жанды дүние. Тарих – тұтас процесс. Сана да, таным да өне бойы даму үстінде суреттеледі. «Философия, – деп жазады Шеллинг, әр түрлі дәуірлерді бастан кешетін өзіндік сананың тарихы» (Шеллинг Ф.В.Й Соч. Т.1, С.283).

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *