Позитивтік либералдық бағыт ХІХ ғ. 60 жж. Эдгар Кине (1803- 1875) еңбектерінде тұжырымдалды. 1848 ж. революцияға қатысқан ол антишіркеулік көзқараста болды. Бонапарт билікке келгеннен кейін Швейцарияға эмиграцияға кетіп, оның 2 томдық «Революция» (1865) шығармасын жазды.

Э. Кине француз революцияларының (1789-1848 жж.) еркіндікке жол ашпай, авторитарлық билікке жол беруі себептерін ашу мақсатын қойды. Ол позитивистік бағытта жəне қазіргі заманғы тарихнамасында да өзекті болған: ескі тəртіп пен революция арасындағы алшақтық пен сабақтастық проблемасына жауап іздеді. Оның еңбегінің ғылыми негізінен гөрі риторикалық сипаты басым болғанмен, Француз революция тарихын жаңа тұжырымдар мен деректермен толықтырды.

Ол француздардың революцияға шығуының себебінің бірі дворяндық артықшылықтарды жою талаптарының 1789 ж. 4 тамыздағы декрет арқылы жүзеге асқанын келтіріп, оның бірауыздан қабылдау себептерін ашады. Бұл талап ескі тəртіптің қойнауында ұзақ уақыт эволюциялық дайындықтан өтіп, оны жүзеге асыруға қоғамдық күштер дайын болды.

Ең қиын мəселе азаматтық теңдікті орнықтыру болды. Осы талап орындалмай, көп қан төгілді. Еркіндік, азаттық ұғымдары Франция үшін жаңа ұғымдар еді, өйткені ескі тəртіпте бағыныштылықта болуға тəрбиеленген француздар азаттық мəнін түсіне алмады дей-ді автор. Азаттықты заң жүзінде орнықтыруда жирондистер де якобиншілер (монтаньярлар) халықты күшпен еркіндікке жеткізгісі келді, бірақ якобиншілердің террор əдістері халықты шошындырды. Сөйтіп, тарихшы Э. Киненің пікірінше, якобиншілердің халыққа ұсынған азаттығы ескі абсолюттік тиранияның əдістерімен жүргізілді. Нəтижесінде Франция азаматтық еркіндікті жүзеге асырып, революциядан шыққанмен, еркіндікті жоғалтты.

Сондықтан І Наполеон таққа отырды. Ол якобиншілердің – жақтасы еді. Кине тұжырымдаған бұл проблемалар туралы пікірталастар тарихнамада əлі толастаған жоқ. Сол заманда Киненің пікірлері Ж. Мишленің де қарсылығын туғызды. Ж. Мишле якобиндік диктатура кезінде де, революцияның жалғасқанын, революцияшыл Францияның монархиялық Еуропамен күресжүргізгенін айтты. Француз революциясы туралы əртүрлі көзқарастары салдарынан бұл екі тарихшының достығына сызат түсті.

Луи Блан (1811-1882) жж. эмиграцияда жүріп, 1862 жылы 12 томдық «Француз революциясы тарихын» аяқтады. Ол Робеспьердің тарихи рөлін жоғары бағалап, оның «туысқандық, достық, еркіндік үшін» күресін буржуазиялық индивидуализмге қарсы қойды. Осындай көзқарас Эрнест Амальдің «Робеспьер» еңбегінде қайталанды, мұндағы тұжырымдар деректерді, ресми құжаттарды ғылыми айналымға түсіру арқылы жаңаша жасалды. Бұл еңбектерде якобиншілердің жікке бөлінуі, эберистер қоғамының революциядағы рөлі зерттелді. Француз тарихшысы, əдебиеттанушы, өнертанушы жəне философ Ипполит Тэн (1828-1893) Дарвиннің табиғаттағы өмір үшін күрес ілімін қоршаған ортаның прогресті айқындаушы рөлі тезисін қоғам дамуына қолданды. Тарих ғылымын ол «психологиялық анатомияға» балады. Өзінің «Қазіргі Францияның қалыптасуы» (1876-1893) деген басты тарихи шығармасында ол өзі жасақтаған «психологиялық əдісті» қолданып, қоғамдық психологияны нəсілдің (ұлттық ерекшеліктер), ортаның (табиғи-географиялық) жəне əлеуметтік-саяси жағдайлардың тарихи мезетпен жиынтық ықпалдасуы етіп қарастырды.

Философ-позитивистер қызметі нəтижесінде жаңа пəн – əлеуметтану (социология) пайда болып, тарих мəліметтері негізінде қоғамдық дамудың жалпы заңдарын жаратылыстық ғылымдар əдістерін қолданып, түсіндіруге тырысты. Алайда əлеуметтанушылар мен тарихшылардың қоғам дамуының заңдарын кім ашады деген пікірталастарына қарамастан, позитивистік тарихнама тарихи үдерістің заңдылығына сенді. ХІХ ғ. 70-90 жж. француз либералдық буржуазиялық тарихнамасында бəсең республикашыл идеялар алға шықты.

Франк-прусс соғысынан кейінгі жаңа тарихи жағдайларда ІІІ республиканың құрылуы тарихнама алдына буржуазияны-ұлтты біріктіруші фактор етіп негіздеу талабын қойды. Бұл маңызды міндеттер тарихшылар арасында қолдау тауып, француз елінің өткен тарихын зерттеуге маңыз берілді. Бəсең республикалық бағытқа елдің оқу жүйесі сəйкестендірілді.

Тарих ғылымын дамытуға кəсіби мамандар даярлауға маңыз беріліп, 1868 ж. Сорбонна университетінде ғылыми-зерттеулердің Жоғары тəжірибелік мектебі ашылды. 1876 ж. жалпы тарихи журнал «Тарихи шолу» деген атпен шықты. Оның бастамашысы жəне редакторы тарихшы Т. Моно болды. Сонымен қатар бұл кезде француз тарихнамасын позитивистік бағытқа көшіру аяқталды. Бұл француздың ХІХ ғасыр тарихнамасындағы дəуірлердің алмасу кезеңі болды. Өйткені ХІХ ғ. 20-жылдарында француз тарихнамасы «романтикалық дəстүрде тарихи реформа» туын көтеріп, антидворяндық тарихнамаға негіз салса, енді позитивистіктік тарихнаманың манифесін тарихшы Моно жасақтап, «Тарихи шолулар» журналының алғы сөзінде ол «тарих зерттеудің ғылыми əдістеріне сүйенілген позитивтік ғылым» ретінде дамуы керек деді. Бұл бағдарламада француз тарихнамаларындағы бағыттар – ұлттық тарихнама шеңберіне енгізілді. Моно тарихшыларды түсіністікке шақырып, ұлттық бірлікті сақтауға үгіттеді. Бұл тарихи журналды 53 жетекші тарихшылар, оның ішінде 24 профессор қолдады.

Сөйтіп, ХІХ ғ. 70-90 жж. позитивистік бағыт француз тарихнамасындағы басым бағытқа айналды. Бұл жұмыстарды ұйымдастыруда ІІІ республиканың «ресми тарихнамасының əкесі» саналған, тарихшы Э. Лависстың рөлі күшейді. Сорбонна университетінің профессоры, Жоғары нормалдық мектеп директоры, академик Эрнест Лависс Францияда кəсіби жəне мектеп тарихи білімін дамытуға зор үлес қосты. Позитивизм принциптеріне сүйену оған тарихтың жалпылама еңбектерді, оқулықтарды шығаруға кедергі жасамады. Оның «Францияның бастауларынан революцияға дейінгі тарихы» (1900-1911), патриоттық позициялардан жазылып, француздың ұлттық тарихи санасын қалыптастыруға ықпал етті. Эрнест Лависс (1842-1922) Альфред Рамбомен (1842-1905) бірігіп, 12 томдық «IV ғасырдан біздің заманымызға дейінгі дүниежүзілік тарих» (1887-1903) жинағын шығарып, дүниежүзілік тарихтың сериялық шығарылымдарына жол ашты.

Алайда ХІХ ғ. француз позитивистік тарихнамасында басымдылық буржуазиялық-республикалық бағытқа берілді. ІІІ республика өзін француз революциясының мұрагері санады. 14 шілдені ұлттық мереке, революция гимні – «Марсельеза» ұлттық гимнге айналды. 1889 ж. Парижде Эйфель мұнарасында өткізілген əлемдік көрмеде француз революциясының 100 жылдығын салтанатпен атап өтті. 1881 ж. бастап, Францияда «Француз революциясы» атты журнал шығарылып, 1888 жылы «Француз революциясы тарихы қоғамы» құрылды.

Буржуазиялық республикалық мектептің ең беделді тарихшысы Альфонс Олар радикал партиясының мүшесі, Сарбонн университетінің профессоры, «Француз революциясы» қоғамын басқарды. А. Олар зерттеуші ретінде революция кезіндегі идеялар мен мекемелерге назар аударды. Оның «Француз революциясының саяси тарихы» (1901) еңбегінде «Адам жəне азамат құқықтарының Декларациясы» талданды. Ол Дантонды дəріптеп, оның саясатын мадақтады. ХІХ ғ. аяғында француз тарихнамасында Францияның сыртқы саясаты мəселелері де зерттелді, оған тарихшы Альберт Сорель, Француз академиясының академигі, өзінің «Европа жəне Француз революциясы» еңбегін арнады. Бұл еңбек 20 жыл бойы жазылды. Сорель француз революциясын даттағандарға да, мақтағандарға да оның заңды құбылыс болғанын дипломатиялық құжаттар мен сыртқы саясаты арқылы дəлелдеді. Ол революция қабылдаған əрбір құжат пен саясаттың тек сол заман талабынан шыққанына назар аударды.

Революцияның Қоғамдық Құтқару Комитеті де, І Наполеонның сыртқы саясаты да бұрынғы абсолюттік монархия саясатының жалғасы болғаны туралы тұжырым бұл жұмыстың жаңалығы болды. Яғни француз революциясы мен ескі тəртіптің сабақтастығы туралы тұжырым жасалып, ол Францияның «табиғи шекарасын» (Рейн өзенінің сол жағалауы, Альпі жəне Пиреней тауы) қалпына келтіру мақсаттарын қойғаны айтылды. Дипломатиялық тарих А. Дебидурдың (1847-1917) «Вена конгресінен Берлин конгресіне дейінгі Европаның дипломатиялық тарихы» атты еңбегінде зерттелді. Мұнда бір державалық жүйеден алты мемлекеттің (Англия, Ресей, Франция, Австрия, Германия, Италия) басымдылығына – «гекзархияға» əкелген халықаралық қатынастар талданды.

Дебидур ХІХ ғ. 20-30 жж. ұлт-азаттық, революциялық қозғалыстардың Еуропада ұлттық принципті, «халық егемендігі принципін» орнықтырғанын тұжырымдады. ХІХ ғ. аяғында француз позитивистік тарихнамасында біраз өзгерістер жүрді. Құжаттарды, деректерді сыни талдауға маңыз беріліп, мұрағат деректері ғылыми айналымға енгізілді. Осы кезде жазылған күрделі еңбектің бірі «Европаның 1814-1896 жж. тарихына» арналды. Оның авторы Шарль Сеньобос тарихи зерттеудің жаңа əдістерін қолданды. Кейін ол тарихшы Ш.Лангуамен бірігіп, «Тарих ғылымына кіріспе» (1898) еңбегінде позитивистік тарихнаманың зерттеу əдістерін жүйеледі. Француз тарихнамасындағы маркстік бағыт бұл кезде А. Арну, П. Лафарг, Ж. Гед еңбектерінен көрініс тауып, жұмысшы қозғалысы тақырыбы тарихнамаға енгізілді.

Авторлық сілтеме:
Жұмабаева Ж.К. Дүниежүзілік тарих тарихнамасы (ежелгі замандардан ХХ ғ. дейін). І бөлім. ЖОО тарих мамандығы студенттеріне арналған оқулық. / Алматы: 2014. – 408 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *