Фольклор – көне мәдени мұра

Фольклор — көркем сөз өнері, соның ішінде өмір құбылыстарын образдық ой арқылы жеткізетін халықтың шығармашылығы. Фольклор шығармаларын орындаушы да, жасаушы да халықтың өзі. Жырау мен жыршылар көлемді эпостық жырларды айтуды үрдіс етсе, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, тұрмыс-салт жырлары, айтыс сияқты  ұсақ формалы өлеңдерді кішігірім айтушылар тудырып, көпшілікке ортақ, рухани мұраға айналдырып отырған. Осы реттеп туып, атадан балаға жетіп, ел аузында сақталып келген көркем сөз өнерін, оның айтылу және орындалу ерекшеліктерін фольклор деп атаймыз. Фольклорды   «халық өмірінің айнасы» деп есептейтін себебіміз де осыдан.Ғылымда халық поэзиясын «фольклор», ал оны зерттейтін ғылым саласын «фольклористика» деп атаған. Фольклористика – фольклордың табиғаты мен тарихын зерттейтін ғылым. Фольклор – халық даналығы деген ұғымды білдіреді (folk- халық, lore-білім, даналық). Фольклордың бүгiнгi таңдаған ғылыми ұғымы кең. Соңғы жылдары ЮНЕСКО-ның ұйтқы болуымен әлемнiң бiлiктi ғалымдары фольклор туралы мынадай анықтамаға пәтуаласты: “Фольклор дегенiмiз – халықтың дәстүрлi мәдениетi, қоғамның идеалы тудырған, сол қоғамның мәдени және әлеуметтiк төлтума жағдайымен үндесе көрiнiс тапқан, дәстүрдi тұғыр еткен топтар мен жеке адамдардың коллективтiк творчествосы; фольклордың үлгiлерi мен бағалы нұсқалары ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, елiктеп айту арқылы және басқа да тәсiлдермен ауысып отырады; фольклордың санатына тiл, әдебиет, музыка, би, ойындар, әпсаналар, әдет-ғұрыптар, салт-жоралар, қолөнер, архитектура және басқа өнер түрлерi жатады”.

Фольклор туындыларының өзіндік ерекшеліктері болады. Ең алдымен, фольклор – синкреттік өнер. Оның бойында халықтың тұрмыс-салты, театр, сөз, би және ән-күй өнері бір-бірінен дараланбай, тұтас көрінеді.Фольклор оның мәні туралы Н.П.Андреев, Е.В.Аничков, А.Н.Веселовский, Ю.М.Соколов, В.Е.Гусев, В.Ф.Миллер т.б. сияқты көптеген орыс және кеңес фольклористері де ғылыми пікір айтып, пікір қозғаған. Қазақ халық ауыз әдебиетi – халықтың рухани өмiрiнiң, тарихи оқиғаларының, тiршiлiк құбылыстары мен танымының, қоғам және табиғат туралы бiлiмдерiнiң энциклопедиясы. Фольклордың қазақ руханиятында энциклопедиялық жүк арқалау себебін оның ұзақ уақыт көшпелi тұрмысты басынан кешiргендiктен іздеген дұрыс. Қазақ арасында фольклорлық шығармалардың өзегі бұзылмай, ел арасында кең сақталып келуін Ш.Уәлихановтың мына бір пікірімен түсіндірген жөн: “Сан жылдар бойы сан ұрпақтың аузында өмiр сүргенiне қарамастан ежелгi жырлар мен аңыздардың суырыпсалма ақындардың айрықша дарынды мен ұмытпаушылық қабiлетi арқасында, сондай-ақ тұтас халықтың арғы аталарының ерлiгi туралы ертегi мен аңыздарды, өлең жырларды өте-мөте сүюiнiң нәтижесiнде бiздiң заманымызға мейлiнше таза күйiнде жеттi. Сондықтан да олардың кең байтақ дала өңiрiнiң әр жерiнен жазылып алынған әрбiр нұсқалары бiр-бiрiне өте жақын, өте ұқсас”. Қазақ халқының мұндай дарындылық қасиетiн ХIХ ғасырда қазақ сахарасын аралған орыс саяхатшылары мен ғалымдарының да танып, үлкен ықыласпен сүйсiне жазғанын бiлемiз. Бұлардың қатарында атақты В.В.Радлов, Шоқанның досы Г.Н.Потанин, А.Янушкевич секiлдi белгiлi ғалымдар мен саяхатшылар бар. ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының қазақ руханиятына қосқан үлесі зор. ХХ ғасыр бас кезінде көптеген әнші,  ақын — әдебиетшілер ел аузындағы фольклор үлгілерін жинап, газет журнал бетінде, басқа да жинақтарда жариялай бастады. Сол кезеңдегі дүрбелеңнің қалың ортасында жүріп, халқымыздың оянуына, көсегесінің көгеруіне қабырғасы қайыса, еңбек еткен, жеке басқа табыну зұлматында, өмірі шорт кесілген зиялы шоғырдың зерделі өкілдері – А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедов  сияқты зиялылардың фольклоршылық қызметі аса зор. Кеңес дәуіріндегі фольклористика 20-жылдары айрықша бой көтереді. Бұл кезеңде Ә.Диваев, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, А.Байтұрсыновтың қатысуымен қазақтың батырлық жырлары,  басқа да фольклор туындылары дүркін-дүркін жарық көреді. «Сана», «Терме», «Шолпан» журналдарында фольклор шығармалары жиі-жиі жарық көріп тұрады. 40-60 жылдары қазақ фольклорын зерттеу жұмыстары арнайы ашылған академиялық мамандандырылған институттар мен жоғары оқу орындарының ғалымдарының күш-қажырымен атқарылды. Кеңестік идеологияның кері әсері тигенімен, қазақ фольклористикасы халық мұрасын әлемдік фольклористика арнасында зерттеу айдынына шықты.70-80 жылдар қазақ фольклористикасының іргелі мектептері қалыптасып, жас буын ғалымдардың қатары бой көтерді. Қазақ фольклорын жанрлық салалары бойынша күрделі зерттеулер жүргізілді.

Әдістемелік нұсқауы: Фольклор халықтың этнографиясы, тарихы дүниетанымымен тығыз байланысты мұра болғандықтан халық ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің айырмашылығын және оны зерттеу методологиясының өзгешеліктерін ұғыну қажет. Әлемге әйгілі фольклористер мен қазақ арасынан шыққан ғалымдардың еңбектеріне, олардың өмір сүрген дәуіріне назар салып, фольклорлық мектептердің қалыптасу тарихын зердеге бекіту аса маңызды. Фольклорлық мектептердің тарихы туралы деректерді конспектілеп алған жөн.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *