Өсімдіктердің әртүрлі ауруларға шалдығатыны ерте заманнан белгілі болған. Біздің заманымызға дейінгі 460-жылдары Демокрит егінді қаракүйе ауруынан қорғау үшін астық дақылдарының тұқымын қоян қырыққабаты шырынымен дәрілеу керек екенін жазған. Бірақ, талай ғасырлар бойы олардың пайда болуының негізгі себептері белгісіз болып келді. XVIII-XIX ғасырларға дейін өсімдік ауруы оның шырынының бұзылуынан немесе әр түрлі бөртпелердің әсерінен пайда болады деген болжам белең алып келді. Бұл жаңсақ түсінік көпке дейін фитопатологияның ғылым ретінде дамуына тұсау болды.

Бірінші кезең. 1675 жылы Голландия ғалымы Антони ван Левенгук бірінші рет өзі құрастырған микроскоп арқылы көзге көрінбейтін тіршілік иелері — микроағзалар болатынын анықтаған еді. Осы жаңалық кейін бірнеше салаға тарамдалған микробиология ғылымының қалыптасуына негіз болды. Өсімдік ауруларының негізгі себепкерлері немесе қоздырғыштары микроағзалар болатындықтан, фитопатологияның дамуы микробиология және микологиямен тығыс байланысты болды.

XIX ғасырдың бірінші жартысында ағайынды Тюландардың және басқа да ғалымдардың жүргізген тәжірибелері өсімдік ауруларының дамуымен саңырауқұлақтар арасында белгілі байланыс бар екенін көрсетті. Олар тікелей саңырауқұлақтардың әсерінен болатынын бірінші рет неміс микологы Антон де Бари (1831-1888 жж.) дәлелдеді. Ол картоптың фитофтороз ауруын жан-жақты зерттеп, оны Phytophthora infestans саңырауқұлағы қоздыратынын анықтап, кеселмен күресу шараларын ұсынды. Сонымен қатар, ғалым астық дақылдарының тат ауруларын зерттеп, оларды тіршілік айналымы әр түрлі өсімдіктерде өтетін және бірнеше түрлі споралар түзетін саңырауқұлақтар қоздыратынын анықтады. Ғалым тәжірибе жүргізудің жаңа әдістерін қолданып, оларды жасанды ортада өсірді, өсімдіктерге жұқтыру арқылы ауру қоздыру қабілеттігін анықтады. Осы әдістерді қолдана отырып, Антон де Бари қаракүйе, жалған ақ ұнтақ, т.б. ауруларды саңырауқұлақтар қоздыратынын нақты дәлелдеді.

Өсімдік ауруларын зерттеуде орыс ғалымы М.С. Ворониннің (1838-1903 жж.) еңбегі үлкен. Ол қырыққабаттың тамыр ісігінің таралуы мен даму ерекшеліктерін бақылау арқылы ауруды саңырауқұлақ қоздыратынын анықтады. Күнбағыстың тат ауруын жанжақты зерттеп, өсімдіктің осы кеселімен күресудің тиімді жолы – ауруға төзімді жаңа сорттар шығару қажеттігі жайлы тұңғыш рет дұрыс тұжырым жасады. Ғалым шай бұтасы мен ит бүлдіргеннің экзобазидиоз ауруын сол кезге дейін ғылымға белгісіз Exobasidium туыстығына жататын саңырауқұлақтар қоздыратынын анықтап, олардың тіршілік сатыларын жете зерттеді.

Антон де Бари мен М.С. Ворониннің ашқан жаңалықтары өсімдіктер аурулары туралы ғылымның қалыптасуына негіз болды. Кейінірек ағылшын ғалымы Берилл (1882-1953 жж.) алмұрттың күйік ауруын бактериялар қоздыратынын анықтады. Эрвин Смит (1854-1927 жж.) өсімдіктер бактериоздарын жан-жақты зерттеу арқылы ғылымның осы саласының қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосты.

1892 жылы орыс ғалымы Д.И. Ивановский (1864-1920 жж.) сол уақытқа дейін белгісіз болып келген өсімдік ауруларының жаңа қоздырғышын ашты. Бұл бактерия сүзгісінен өтіп кететін өте ұсақ ағза, анығырақ айтқанда вирустар еді. Кейіннен олар адам мен жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларын қоздыратыны белгілі болды.

1935 жылы ағылшын ғалымы У. Стэнли мозаика ауруына шалдыққан темекі жапырағынан вирусты таза кристалл түрінде бөліп алып, ол химиялық құрамы бойынша нуклеопротеидтен тұратынын анықтап, үлкен жаңалық ашты. Осы уақыттан бастап өсімдік және жануарлар вирусологиясында жаңа дәуір басталды.

Ресейде фитопатологияның дамуы А.А. Ячевскийдің (1863- 1932 жж.) есімімен тығыз байланысты. Бұл ғалым ХХ-ғасырдың бас кезінде Санкт-Петерборда фитопатология зертханасын ашып, ауыл шаруашылық дақылдары мен орман және жабайы өсімдіктер ауруларын, оларды қоздыратын саңырауқұлақ түрлерін анықтап, осы ғылымның қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Сол қиын заманның өзінде «Өсімдік аурулары туралы мәліметтер» атты ғылыми еңбектер жинағын жыл сайын шығарып тұрды.

Екінші кезең. Кеңес Үкіметі орнағанның алғашқы жылдарынан бастап, фитопатология ғылымына көп көңіл бөлініп, ол ауыл шаруашылығы өндірісінің алдында тұрған күрделі міндеттерді шешуге өз үлесін қосты. А.А. Ячевскиймен қатар В.А. Траншель (1868-1941 жж.), Н.А. Наумов (1885-1959 жж.), А.С. Бондарцев (1877-1968 жж.), Т.Д. Страхов (1890-1960 жж.) және т.б. ғалымдар аталған ғылым саласының қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Ауылшаруашылық дақылдары ауруларын жан-жақты зерттеп, олармен күресу шараларының ғылыми жүйесін қалыптастырды, фитопатология мамандығы саласы бойынша көптеген білікті мамандар дайындап шығарды.

Н.А. Наумов фитопатологияда биологиялық бағыттың дамуына үлкен үлес қосты. Ол жазған «Методы исследований в микологии и фитопатологии» және 1952 жылы толықтырылып екінші рет баспадан шыққан «Болезни сельскохозяйственных растений» кітаптары соңғы кезге дейін өздерінің құнын жоймай, фитопатология саласында мамандар дайындау үшін аса қажет оқулық және анықтама ретінде қолданылып келді.

1930-1940 жылдарға дейін қаракүйе аурулары салдарынан астық дақылдары өнімі 20-30% дейін ысырапқа ұшырап, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге айтарлықтай кесірін тигізіп келді. Бұл түйткілді шешуде А.И. Боргардт көп еңбек сіңірді. 1932 жылы ол осы аурулармен күресудің ғылыми негізделген жүйесін ұсынды. Оны ауылшаруашылық өндірісіне ендіру нәтижесінде егін шаруашылығына қаракүйеден келетін шығын күрт төмендеді. Ғалымның еңбегі жоғары бағаланып, ол КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Өсімдік ауруларының таралуы мен дамуы қоршаған ортаға, әсіресе ауа райы жағдайына тығыз байланысты болғандықтан фитопатологияда экологиялық зерттеулер басым болды. Инфекция көзі болып саналатын саңырауқұлақ споралары немесе конидиялары өніп, өсімдік ұлпасына енуі үшін жоғарғы ылғалдылықпен қатар, қолайлы температура қажет. Олар аурудың ары қарай дамуы мен таралуы және зияндылығына да тікелей әсер етеді. Мәселен, бидай сабақ таты қоздырғышы спораларының өнуіне қолайлы температура 20-250С аралығында болса, сары татты қоздыратын саңырауқұлақ үшін 9-130С аралығынды, ең төменгісі 1-2 0С, ал жоғарғы температура – сәйкестендіре алғанда, 30-350С және 23- 250С.

Өсімдік аурулары дамуының инкубациялық немесе сырттай білінбейтін мерзімі, көбінесе ауа температурасына байланысты келеді. Жүзімнің ақ ұнтақ ауруымен зерттеу жүргізген Мюллер температураның белгілі бір дәрежесіне дейін ғана, мәселен 20-260С, оның инкубациялық мерзімі қысқаратынын, ал температура одан ары қарай жоғарыласа, ол қайтадан ұзаратынын анықтады. Бұл байланыс графикте парабола сияқты иілген сызықпен бейнеленіп, ол Мюллер қисығы деп аталды. Осының негізінде, ғалымдар жүзімнің жалған ақ ұнтағы мен бидайдың қоңыр татының инкубациялық мерзімін анықтауға арналған математикалық теңдеулер ұсынды.

Н.А. Наумова бидайдың сары таты мен картоп фитофторозы дамуының ауа-райы жағдайымен, атап айтқанда оның температурасы мен ылғалдылығы арасындағы байланысты анықтады. Осындай зерттеулер негізінде ғалым аталған аурулардың дамуының инкубациялық мерзімін анықтайтын номограммалар ұсынды.

Кеңес Одағында өткен ғасырдың 50-70 жылдары өсімдік бактериоздарын жан-жақты зерттеп, олармен күресу шараларын жетілдіруге В.П. Израилский, М.В. Горленко, К.И. Бельтюкова көп үлес қосты. Вирусология ғылымының дамуы Д.И. Ивановскиймен қатар К.С. Сухов, М.С. Дунин, В.Л. Рыжков, Ю.И. Власов және т.б. ғалымдардың атымен тығыз байланысты. Олар негізгі мәдени дақылдарда кездесетін бактериоздар мен вироздар түрлерін, аурулардың таралу ерекшеліктерін және келетін зиян мөлшерін анықтап, олардың дамуы мен зияндылығын шектеуге бағытталған шаралар жүйесін ұсынды.

Барлық одақтас республикалар үшін фитопатология ғылымы бойынша мамандар бұрынғы Ленинград қаласындағы «Зоология және фитопатология» институтында, кейінірек Бүкіл Одақтық өсімдіктер қорғау ҒЗИ-да және К.А. Тимирязев атындағы ауылшаруашылығы академиясы мен Мәскеу мемлекеттік Университетінің биология факультетінде дайындалды.

Орталық Азия мен Қазақстан. Өсімдік аурулары туралы алғашқы мәліметтерді өткен ғасырдың 20-30 жылдары жарық көрген Н.Г. Запрометов пен П.Г. Естифеевтің еңбектерінен кездестіреміз. Бірінші ғалымның деректеріне қарағанда, Түркістан округінде астық тұқымдас мәдени дақылдар мен жабайы өсімдіктерде қаракүйе саңырауқұлақтарының 29 түрі кездескен екен. Соңғы автордың 1925 жылы Алматыда баспадан шыққан: «Болезни культурных и дикорастущих растений в Джетысуйской области» деген шағын еңбегінде былай жазылған: «Тарының қаракүйесі барлық жерде кең таралған. Ол өнімді кейде толықтай жойып, тек тарымен ғана қоректенетін қырғыздарды ашаршылыққа душар етуде».

1940-50 жылдары Қазақстанда өсімдік ауруларын зерттеу екі ғылыми бағытта жүргізілді. Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ботаника институтында флористикалық зерттеулерге көп көңіл бөлінсе, ал Республикалық өсімдіктер қорғау стансасында мәдени дақылдарда кездесетін аурулардың түр құрамы мен таралу ерекшеліктері, зияндылығы және олармен күресу жолдары анықтала бастады. Өсімдік аурулары жайлы бірінші жарық көрген көлемді еңбек Г.С. Неводовскийдің «Флора споровых растений. Ржавчинные грибы» (Алма-Ата: АН КазССР, 1956.- 431 б.) атты кітабы еді. Мұнда Қазақстан мен Батыс және Шығыс Сібір аймақтарында кездесетін тат саңырауқұлақтарының 351 түрінің морфологиялық және биологиялық ерекшеліктері мен таралуы жайлы біраз мәліметтер жинақталған. Көп ұзамай С.Р. Шварцманның «Флора споровых растений Казахстана. Головневые грибы» (Алма-Ата: АН КазССР, 1960.- 359 б.) атты үлкен еңбегі жарық көрді. Бұл кітапта Орталық Азия мен Қазақстан және Батыс-Шығыс Сібір аймақтарында 193 жабайы және мәдени өсімдік түрлерінде кездесетін Ustiaginales қатарына жататын 249 саңырауқұлақ түрлері жайлы мәліметтер жинақталған еді.

Өсімдіктердің алуан түрлі ауруларының қоздырғыштары болып келетін саңырауқұлақтар флорасын Қазақстанда жан-жақты зерттеуге С.Р. Шварцманмен қатар Б.К. Қалымбетов, С.В. Бызова, М.Л. Васягина, Н.Ф. Писарева, Н.М. Филимонова және т.б. ғалымдар айтарлықтай үлес қосты. Олар «Флора споровых растений» деген атпен ғылыми еңбектерінің бірнеше томдық жинағын шығарды. Бұл еңбектерде Республикада кездесетін пайдалы және зиянды саңырауқұлақ түрлері, олардың биологиялық және морфологиялық ерекшеліктері мен таралуы жайлы құнды деректер жинақталған. Ғалымдардың көп жылдық терең еңбегі бағаланып, оларға ғылым саласындағы ҚазССР-дің мемлекеттік сыйлығы берілді.

Республикалық өсімдіктер қорғау стансасында мәдени дақылдар ауруларын зерттеуде қолданбалы мақсатқа көбірек көңіл бөлінді. Өткен ғасырдың 40-50 жылдарынан бастап, Қазақстанның солтүстік өңірінде Ж.Т. Жиембаев пен Л.М. Городилова бидайдың ауруларын зерттеп, оны қаракүйеден айықтыру үшін тұқымды ыстық сумен және химиялық препараттармен баптау әдістерінің тиімділігін анықтады. Е.И. Ишпайкина мен В.М. Пушкарева күздік және жаздық бидай тұқымын дәрілеу әдістерін жетілдіріп, сол кезде аса тапшы химиялық препараттарды үнемдеу мақсатында тұқымды споралану мөлшеріне байланысты дәрілеу әдісін ұсынды. Н.Н. Әлмұратов республиканың оңтүстігінде арпаның қаракүйе ауруларын терең зерттеп, дақылды олардан айықтыру тәсілін өндіріске ендіруге біраз үлес қосты.

50-60 жылдары Е.И. Ишпайкина, Л.Д. Казенас, Г.Н. Куликова, В.К. Матвеева, С.Т Бубенцов, Г.П. Лопухина, В.Н. Шевченко, М.М. Исин, В.М. Малахова, М.Т. Куликова және т.б. ғалымдар картоп, көкөніс және жеміс-жидек дақылдары ауруларының түр құрамын, олардың таралуы мен зияндылығын шектеу тәсілдерін анықтады. Микологтар мен фитопатологтар жинақтаған өсімдік ауруларының гербарлық материалдары мен ғылыми деректерін жүйелі талдай отырып, Л.Д. Казенас «Болезни сельскохозяйственных растений Казахстана» (Алматы: Қайнар, 1965) атты кітабын шығарды. Мұнда республикада өсірілетін 70-тен астам мәдени дақылдарда кездесетін ауру түрлерінің сипаттамасымен қатар олардың, таралу ерекшеліктері мен зияндылығы, қоздырғыштарының морфологиясы мен биологиясы жайлы құнды деректер жинақталған. Бұл кітап толықтырылып, 1974 жылы екінші рет баспадан шығарылды (Алматы: Қайнар, 367 б.). Осы күнге дейін ол көптеген ғалымдар үшін таптырмайтын анықтамалық құрал.

Үшінші кезең. Қазақстанда тың жер игеру кезеңі өсімдік қорғау саласындағы ғылым салаларының, солардың бірі фитопатологияның дамуына үлкен ықпал етті. 1958 жылы Үкіметтің арнайы жарлығымен Республикалық өсімдік қорғау стансасының негізінде Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институты құрылды. Оның ұйымдастырушысы және ширек ғасырдай директоры болған Ж.Т. Жиенбаев өсімдіктер қорғау саласындағы ғылымның дамуына айтарлықтай үлес қосты. Ғалым Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстік өңірлерінде астық дақылдарында, әсіресе бидай мен жүгеріде кездесетін ауру түрлерін, таралу ерекшеліктері мен зияндылығын жан-жақты зерттеп, бірінші рет өндіріске олардың дамуы мен зияндылығын шектейтін ғылыми негізделген шаралар жүйесін ұсынды («Система мероприятий по борьбе с главнейшими болезнями зерновых культур в Казахстане».- Алма-Ата: Кайнар, 1971.-53 б.). Ғалым 1972 жылы Ленинград қаласындағы Бүкілодақтық өсімдік қорғау ҒЗИ-ның диссертациялық кеңесінде осы тақырып бойынша докторлық диссертация қорғады.

Тың игерілгеннен кейін миллиондаған гектар егіс алқаптарында жаздық бидай бірегей дақыл ретінде егіле бастады. Осының салдарынан астық дақылдарының аса бір зиянды ауруы – тамыр шірігі кең таралып, үлкен түйткілге айналды. Бұл ауруды шектеу мен зияндылығын төмендету мақсатында агротехникалық шаралардың, атап айтқанда топырақты өңдеу мен ауыспалы дақыл, минералды және органикалық тыңайтқыштар қолдану, тұқымды себу мерзімдері мен тереңдігі, сорттардың беріктігі жайлы республиканың негізгі астықты өлкесі — солтүстік өңірде жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бүкілодақтық астық шаруашылығы ҒЗИ-да (Ақмола облысы) Л.М. Городилова мен В.В.Плахотник, Павлодар мен Көкшетау облысында — Ж.Т. Жиенбаев, А.Ф. Кургина, Ш.Ә. Әлжанов, Шығыс Қазақстанда — Г.Н. Кузьмина өндіріске кеңінен ендіріле бастаған топырақты жел эрозиясынан қорғау жүйесіне және басқа агротехникалық шараларға фитосанитарлық тұрғыдан баға берді. Сол жылдары қазақстандық миллиард пұттың төрттен бірін беретін Қостанай облысында Бүкілодақтық өсімдік қорғау институтының белді ғалымдары С.М. Тупеневич, Н.А. Нестеров, В.В. Котова бидайдың тамыр шірігінің зияндылығын анықтау тәсілдерін жетілдіріп, оның дамуы мен зияндылығын шектейтін агротехникалық шаралар жүйесін жетілдіруге өз үлестерін қосты.

1976 жылдан бастап Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірінің әр түрлі табиғи аймақтары мен белдеулерінде күздік бидай мен арпа егістерінде тамыр шірігі ауруының таралу ерекшеліктерін зерттеумен М. Қойшыбаев айналысты. Сонымен қатар, ол Қазақ егін шаруашылығы ҒЗИ-ы шөлейт-дала мен тау етегінде орналасқан егіс алқаптарына, ауыспалы дақылдар жүйесіне және топырақ өңдеу тәсілдеріне фитосанитарлық тұрғыдан баға берді. Ғалым осы бағыттағы зерттеу жұмыстарын 1981-1995 жылдары республиканың солтүстігінде — Торғай мен Солтүстік Қазақстан тәжірибе стансаларында және Қостанай АШ ҒЗИ мен А.И Бараев атындағы астық шаруашылығы ҒЗИ-ның тұрақты танаптық тәжірибелерінде жалғастырды.

Астық дақылдарында кездесетін әр түрлі гельминтоспориозды, фузариозды, церкоспореллезді, офиоболезді және т.б. тамыр шірігі аурулары тың және тыңайған жер игерілген Қазақстанмен қатар Ресейдің Батыс және Шығыс Сібір, Еділ жағалауы және Оңтүстік Орал, Украина мен Белорус және Балтық жағалауындағы елдер үшін де үлкен түйткілге айналған еді. Осыны ескере отырып, өткен ғасырдың 80-жылдары Бүкілодақтық ауылшаруашылығы академиясының академигі Ю.Н. Фадеевтің жетекшілігімен, құрамына аталған мемлекеттердің белгілі ғалымдары кірген арнайы комиссия құрылып, оған Қазақстаннан М. Қойшыбаев ендірілген еді. Олар зерттеу нәтижелерін қорытындылай отырып, КСРО-ның әр түрлі аймақтарында кездесетін астық дақылдарының тамыр шірігі ауруларының таралуы мен зияндылығын шектеуге бағытталған кешенді шаралар жүйесін ұсынды («Защита зерновых культур от корневых гнилей».- М.: Агропромиздат, 1986.- 36 с.).

1964 жылы Солтүстік Қазақстанның астықты аймақтарын сабақ таты ауруының эпифитотиясы шарпыды. Сол жылдары біраз егіс көлемін алатын Безенчукская-98, Жаңа-қызыл және т.б. сорттардың түсімділігі 50-60% дейін төмендеген екен. 1967 жылы эпифитотия қайталанып, жаздық бидай егісінде сабақ және жапырақ таттары қатты дамуынан, дақылдың түсімділігі айтарлықтай төмендеді. Осыған байланысты ө.ғ. 70-80 жылдары жаздық пен күздік бидай егістерінде тат ауруларының таралу ерекшеліктерін анықтап, олардың дамуы мен зияндылығын шектеу шараларын жетілдіруге көп көңіл бөлінді. Бұл бағытта республиканың солтүстік өңірінде В.П. Турапин, В.В. Плахотник, В.А. Мостовой, А.А.Элчибаев, оңтүстік шығысында — Н.Н. Әлмұратов, С. Әбиев, Ю.Д. Зейналова, батысында — М.Л. Доровская мен Х.Н. Габдеев зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Сол жылдары КСРО қорғаныс және ауылшарушылығы министрліктеріне қарайтын Орталық Азия фитопатология ҒЗИ-мен қатар Гвардейск қалашығында орналасқан Ауылшаруашылығы ҒЗИ-ның ғалымдары В.Т. Заврин, Г.Н. Куликова, В.А. Мостовой, В.Ш. Курбатов, Т.И.Юрчикова, Л.Н. Гузь, Р.А. Ахмеров, Н.А. Туров және т.б. астық дақылдарының тат ауруларын зерттеуге өз үлестерін қосты. 80-жылдардың өзінде АН-2 ұшағына орнатылған арнайы құрал арқылы ауаның төменгі қабаттарында ауру қоздырғыштары спораларының таралу ерекшеліктері мен мөлшері анықталып, олар жыл мерзімі мен әр түрлі аймақтар бойынша айтарлықтай ауытқып отыратыны белгілі болды. Осындай зерттеулер нәтижесінде тат саңырауқұлақтарының споралары ауа толқыны арқылы Қазақстанның батысынан солтүстігіне таралатыны анықталды.

70-жылдардың соңына қарай республиканың солтүстігімен қатар оңтүстік өңірінде бидай дақылы үшін аса қауыпты ауру – септориоз, ал 90-жылдары — сары теңбіл немесе гельминтоспориоз белең ала бастады. Бұның басты себебі ауыспалы дақылдар жүйесі сақталынбай, бидай дара немесе монодақылға айналуына байланысты еді. Сонымен қатар, топырақ өңдеудің сыдыра жырту әдісі шірімеген өсімдік қалдықтарында инфекция қорының жақсы сақталып шығуына қолайлы еді. Астық дақылдарының септориоз ауруларын зерттеуге Ауылшаруашылығы және Орталық Азия фитопатология ҒЗИ-ның ғалымдары М.Н. Васецкая, Г.И. Борзионова, В.А. Шаварина, Ш.Әліпбекова, Б.А. Хасанов, В.А. Выпрецкая және т.б. айтарлықтай үлес қосты. Республиканың оңтүстікшығысы және солтүстік аймақтарында осы аурудың таралуы мен зияндылығын, қоздырғыштарының биологиялық ерекшеліктерін анықтап, агротехникалық және химиялық шаралар жүйесін жетілдіруге М.Қойшыбаев пен Э.Т. Исмаилова біраз үлес қосты.

Өткен ғасырдың 60-80 жылдары астық дақылдарымен қатар қант қызылшасының, картоп пен көкөніс және жеміс-жидек дақылдарының ауруларын зерттеп, олардың дамуы мен зияндылығын шектейтін шаралар жүйесін жетілдіруге біраз көңіл бөлінді. Бұл бағытта С.Т. Бубенцов, А. Жанұзақов, М. Ағатаев, А. Аманжолов, Ә.Ә. Мауи, Ж. Керімбердиев, М.М. Исин, Л.П. Сахарова, Л.И.Дерновская, Г.Н. Қайырова, Т.И. Новобранова, Н.П. Клоконос, Р.Д. Карбозова, Г.П. Илюхин, М. Назарбекова және т.б. ғалымдар зерттеу жүргізді. Вирустар мен бактериялар қоздыратын картоп пен көкөніс және басқа дақылдардың ауруларын зерттеумен М.А. Никитина, З.Н. Елисеева, Р.Н. Никитина, И.А. Катин, Т.А. Төлегенов, Ж.Т. Төлеуов, Ә.Ә. Жаймұрзина, М.А. Ақперлинов және т.б. ғалымдар айналысты. Дөңгелек құрттар немесе нематодалар қоздыратын өсімдік ауруларын зерттеуге Э.В. Герман, Р.Ы. Изатуллаева, А.О. Сағитов, К. Төленгітова сияқты ғалымдар өз үлестерін қосты.

Төртінші кезең – республикамыздың егемендік алғаннан кейінгі соңғы 20 жыл. 90-жылдардағы қаржылық дағдарыс, ғылымның қалдық шартпен қаржылануынан, дарынды жастардың көпшілігі табысы молырақ жұмысқа ауысуына қарамастан, фитопатология саласы бойынша зерттеу жұмыстары жалғаса берді. Бұрын өсімдік қорғау құралдарын тіркеу ҚСРО АШМ-нің құзырында болса, еліміз егемендік алғаннан соң, онымен ҚР АШМ-і айналысатын болды. Алғашқы жылдары бұл жұмысты дұрыс жолға қою үшін біраз шаралар іске асырылды. Республикалық арнайы комиссия құрылды, оның мүшелері ретінде институт директоры Т. Нұрмұратовпен қатар М. Қойшыбаев ендірілді. Республика аумағында өсімдік қорғау саласында қолданылатын құралдарды сынау және тіркеу ережелері дайындалып, олар бекітілді. Көптеген шетел фирмаларының өкілдерімен, атап айтқанда Германияның «Байер КропСайенс», «БАСФ, Агро», Жапонияның «Сумитомо Кемикал», АҚШ-тың «Юнироял Кемикал», Швейцарияның «СибаГейги» және т.б. бірлесе жұмыс жүргізілді. Қаражат тапшы, қиын жылдары СИММИТ және ИКАРДА сияқты халықаралық орталықтар қол үшін беріп, солардың тікелей көмегімен 1998 жылдан бастап, республиканың солтүстігімен қатар оңтүстік және оңтүстікшығыс аймақтарын қамтыған экспедициялар ұйымдастырылды. Нәтижесінде республика бойынша фитосанитарлық ахуалды тұрақты бақылап отыруға мүмкіндік туды. Институт ғалымдары Қойшыбаев М., Жанарбекова А.Б. және Дүтбаев Е.Б. Мексикада, Бельгияда, Сирияда, Түркияда қысқа және ұзақ мерзімді дайындықтардан өтті. Шетел ғалымдарымен бірлесе отырып істелінген жұмыстар нәтижелі болды. Олар республикалық басылымдар мен қатар Аустралия, Канада, АҚШ және Ресей ғылыми журналдарында жарық көрді.

Қазақстанда фитопатологияның экологиялық бағытта дамуы да соңғы кезеңге сай келді. Көп жылдық жинақталған деректерді статистикалық талдау нәтижесінде, жаздық бидай егісінде қоңыр тат пен септориоз ауруларының таралуы мен дамуы, дақылдың өсу кезеңіндегі ауа-райына тығыз байланысты екені анықталды. Негізгі астықты өлке — Солтүстік Қазақстан өңірі үшін аталған аурулардың дамуы мен зияндылығын болжайтын үлгілер ұсынылды. Кейінірек осындай үлгілер республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында күздік бидай егісінде басым болатын сары тат ауруы үшін де ұсынылды. Еліміздің астық өсіретін негізгі өңірлерінде көп жылдық стационарлық және экспедициялық зерттеулер нәтижесінде жинақталған құнды деректерді қорытындылай келе «География» институтымен бірлесе отырып, астық дақылдарының аса қауіпті ауруларының таралу ареалын көрсететін арнайы карталар жасалынып, ол тосын құбылыстар бойынша дайындалған атласқа ендірілді. Олардың дамуы мен зияндылығын тежейтін профилактикалық, агротехникалық және химиялық шаралар жүйесі берілді.

2000 жылдан бастап, СИММИТ және ИКАРДА халықаралық орталықтарының көмегімен республиканың оңтүстік, оңтүстікшығыс және солтүстік аймақтарында бидайдың Yr генді «Avocet» пен «Jupateco» және Lr генді «Tathcher» изогенді линияларын пайдалана отырып, cары және жапырақ таты ауру қоздырғыштары популяцияларының құрамы, селекциялық жұмысқа тиімді гендер анықталды. Шығыс және Оңтүстік Азия, Оңтүстік Америка елдерімен қатар, Мексика, АҚШ, Канада және т.б. мемлекеттерде шығарылған бидай сорттары мен үлгілерінің аса кең таралған және зиянды келетін тат пен септориоз ауруларына беріктігі анықталды. Осы жұмыстар нәтижесінде ауру қоздырғыштардың нәсілдік құрамы, олардың бидай сорттары мен түрлеріне бейімделуі, генетикасы жайлы құнды деректер жинақталды. Бұл жұмыстың нәтижелерін профессор М.Қойшыбаев «Өсімдіктердің аурулар мен зиянкестерге иммунитеті» жайлы Бүкілресейлік 1-ші ғылыми конференцияда (2002 ж.), Орталық және Шығыс Азияда (2002, 2005, 2009 жж.) өткен бірнеше халықаралық мәжілістерде, Ресей ғалымдарының өсімдіктер қорғау саласы бойынша II-ші Съезінде (2005 ж.) баяндады.

Фитопатология ғылымының келешегі. Ресей АШҒА академиктері, белгілі ғалымдар С.С. Санин мен М.М. Левитиннің пайымдауынша XXI ғасырда өсімдік қорғау саласында агроэкологиялық, биохимиялық, биофизикалық, молекулярлы генетикалық және математикалық зерттеулер басымдық алады. Ауру қоздырғыштары мен ие-өсімдіктердің геномикасы жан-жақты зерттеледі, ақпараттық технологияларды, трансгендік селекцияны пайдалана отырып, ауруларға берік сорттар шығарылады. Осыған байланысты алдағы 20-30 жылда төмендегі мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлінеді.

Ең бастысы жер шарын мекендеген халық саны ұдайы өсуіне байланысты, оларды тіршілігі үшін аса қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету — шешуі қиын түйінге айналады. Осыған байланысты мәдени дақылдардың түсімділігін арттыру басты міндет ретінде қойылады. Өсімдіктерді зиянды ағзалардан қорғау шараларының өзектілігі арта түседі, ол фитосанитарлық ахуалды оңтайландыруға және ұзақ мерзімге тұрақтандыруға бағытталады. Өсімдік қорғаудың экологиялық және биологиялық тұрғыдан тиімді әдістерін кеңінен қолдану көзделеді. Қоршаған орта аясындағы зиянды ағзаларға қарсы тұра алатын және олардың сан мөлшерін реттейтін, даму қарқыны мен зияндылығын төмендететін пайдалы ағзаларды тиімді пайдалана білу — негізгі шара ретінде қаралады.

Осы шараларды ойдағыдай іске асыру үшін қоршаған ортаға, оның негізгі бір бөлігі — агроценозға фитосанитарлық бақылау жасауда қол жеткен ғылыми жаңалықтар кеңінен пайдалануы қажет. Жапонияда, Батыс Еуропаның көптеген мемлекеттерінде және т.б. елдерде зиянкестер мен ауруларға қарсы пестицидтер қолданудың қажеттілігін анықтау үшін арнайы компьютерлік бағдарламалар қолданылады. Аурудың таралуы мен дамуы және ауа райы (температура, ылғалдылық, түскен жауын-шашын мөлшері) жайлы нақты сандық көрсеткіштер ақпарат жинақтайтын орталық жүйеге түсіп отырады да, осының негізінде химиялық шараны қолдану қажет пе, жоқ па, мерзімі, қолданылатын фунгицидтер мен оның мөлшері жайлы нақты ұсыныстар беріледі. Мәселен, компьютерлік SIMERY ақпараттық бағдарламамен астық дақылдарының ақ ұнтақ ауруына, ал SIMPHYT бойынша — картоптың фитофторозына қарсы фунгицид қолдану қажеттілігі анықталады.

Туындап отырған экологиялық түйткілдердің зардабын төмендету мақсатында мәдени дақылдарды өсірудің энергия көздерін үнемдейтін, топырақты жел және су эрозияларынан сақтайтын жаңа технологияларды өндіріске кеңінен ендіруге байланысты, өсімдіктерді қорғаудың агротехникалық, биологиялық, селекция мен генетикалық және химиялық шараларын жетілдіре беру аса өзекті мәселе болмақ. Ең бастысы егілетін дақылдардың негізгі ауруларына берік сорттар шығару.

Мұндай сорттар егілген жағдайда фунгицид қолданудың аса қажеттілігі болмайды. Бірақ, ие-өсімдік пен ауру қоздырғыштарының қатар эволюциясы нәтижесінде олардың ауруға берік сортқа маманданған жаңа нәсілдері іріктеліп, үстемдік алуы мүмкін. Сондықтан, мамандар патогендердің популяциясында болып жатқан және келешекте орын алуы мүмкін өзгерістерді тұрақты бақылауы қажет. Жақын жылдары төмендегі нақты шараларға айрықша көңіл бөлінгені жөн: ● тұрақты фитосанитарлық бақылау жасауда ақпарат технологияларының, атап айтқанда жағрафиялық ақпараттық жүйені (ЖАЖ — GIS), бүкіләлемдік жүйенің (Positioning GPS) және ғаламторлық технологиялар мен компьютер мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану; ● бактериялар мен вирустар және вириондар қоздыратын ауруларды нақты және тез анықтау үшін биохимиялық және иммуно-ферментті, ПТР (көп тізбекті реакция) әдістерін пайдалану; ● эпифитотия жылдары миллиондаған гектар территорияны қамтитын астық дақылдарының аса қауіпті ауруларының таралуы мен даму қарқындығын бақылауда жер серігі жүйелерін, олардан алынатын ауа райы және фитосанитарлық жағдай жайлы ақпараттарды кеңінен пайдалану; ● экологиялық ахуалды ушықтырмау үшін селекция әдістерін, қажет болғанда трансгенді селекция жетістіктерін қолдана отырып, негізгі азықтық дақылдардың аса кең таралған және өте зиянды ауруларына топтық беріктік көрсететін сорттар мен будандар шығару; ● аса қауіпті ауру қоздырғыштарының популяциясында болып жатқан өзгерістерді тұрақты бақылау, мәдени дақылдардың генетикалық қорын үнемі толықтырып отыру; ● биологиялық белсенділігі жоғары заттарды қолдану арқылы өсімдіктердің ауруға беріктігін және төзімділігін арттыру.

Авторлық сілтеме:
Қойшыбаев М., Жанарбекова; Жалпы фитопатология. Аграрлық университеттердің «Өсімдік қорғау және карантин» мамандығы бойынша дайындалатын студенттеріне арналған. //Оқу құралы. — Алматы, ҚазҰАУ, 2013 жыл. — 280 бет. (Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі, профессор А.О. Сағитов).