Бактериялардың өсімдік патогенезіндегі рөлі, қоздыратын аурулары. Көптеген бактериялар топырақта және өсімдік қалдықтары мен жануар өлекселерінде сапрофитті тіршілік етіп, оларды ыдыратып, гумус түзуге қатысады. Қазіргі кезде өсімдік ауруларын қоздыратын бактериялардың 400-ге жуық түрі белгілі, олар фитопатогенді бактериялар деп аталады. Адам мен жан-жануар ауруларын қоздыратын түрлері де жеткілікті.

Өсімдік мүшелерінде бактериялардың тіршілік етуінен әр түрлі патологиялық өзгерістер байқалады. Оларға жапырақтар мен сабақтардағы некроз дақтар, су және қоректік заттар жүргізетін түтікшелердің бітелуі немесе улануынан өсімдіктердің кенеттен солуы, жемістер мен түйнектер және тамыр жемістердің ылғалды шіруі, жасушаның шамадан тыс көбеюінен пайда болатын ісіктер, т.б. өзгерістер жатады.

Шіру — көбінесе өсімдіктердің жемістері мен түйнектері және тамыр жемістерінде байқалады. Бұл ауруды Erwinia туысына жататын бактериялар қоздырады, көкөніс дақылдары мен картопта жиілеу кездеседі.

Дақтар, немесе теңбілдену — жапырақтармен қатар сабақтар және жеміс түзетін мүшелерде пайда болады. Бұл ауруларды Pseudomonas және Xanthomonas туыстарының өкілдері қоздырады. Күйік сүректі ағаштарда кездеседі, олардың гүл шоғырлары, сабақтары немесе бұталары қарайып кетеді. Қоздырғыштары Bacillus, Pseudomonas, Xanthomonas және Erwinia туыстарының өкілдері болуы мүмкін.

Солу — бактериялар өсімдік тамырларын немесе өткізгіш және су тасымалдайтын түтікшелерді өздерінің шырыштарымен бітеп, немесе улауы нәтижесінде байқалады. Бактериялардың әсерінен өсімдік тамырлары мен сабақтарында немесе бұталарында неше түрлі ісіктер, немесе терең жаралар пайда болады.

Фитопатогенді бактериялар әсерінен жоғарыда көрсетілген морфологиялық және анатомиялық өзгерістермен қатар, физиологиялық және биохимиялық үрдістер қалыпты жағдайдан ауытқиды. Мәселен, жапырақ пен сабақтардағы некроз дақтар мен ісіктерден фотосинтез және ассимиляция екпінділігі төмендейді. Ауру жайлаған өсімдіктерде органикалық заттардың және ассимиляттардың жапырақтардан жыныс мүшелерінде жинақталуына біраз кедергі жасалынады. Осының салдарынан мәдени дақылдардың түсімділігімен қатар, сапасы да айтарлықтай нашарлайды, кейде олар апат болып, өнім мүлде жиналмайды. Кейбір фитопатогенді бактериялар өсімдік ұлпасына улы заттар бөліп шығарады. Олардың әсерінен көкөніс дақылдары мен картоп түйнектері, жемістер мен тамыржемістер сақтау кезінде тез арада шіріп, жиналған өнім ысырап болады.

Морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктері. Табиғатта кездесетін көптеген бактерия түрлерінің тек біразы ғана өсімдік патогендері ретінде белгілі. Морфологиялық қасиеттері бойынша фитопатогенді бактериялар бір-біріне өте ұқсас келеді. Олар бір жасушалы, ядросы анық байқалмайтын бөліну арқылы көбейетін микроағза. Пішіні көбінесе екі ұшы жұмырланған таяқша тәріздес жеке жасушалардан тұрады немесе қосарланған, кейбір түрлері қысқа тізбек түзеді. Кейде олар сәл иілген немесе тарамдалған. Мөлшерлері өте кіші, ұзындығы 0,5-4,5, ені — 0,3-0,6 микрон. Фитопатогенді бактериялардың көпшілігі денесіндегі талшықтар арқылы сұйық ортада еркін қозғалады. Көпшілігі спора түзбейді, түзетін түрлері бірен-саран, мәселен көптеген дақылдардың жемістерін және басқа мүшелерін шірітетін B. mesentericus. Сауыт (капсула) түзетіндері де сирек кездеседі. Оған қиярдың бұрышты дағының қоздырғышы Pseudomonas lachrymanas жатады. Бұл бактерия ауруға шалдыққан мүшелердің үстінде шырышты экссудат бөледі, ауа райы құрғақ болса, ол кеуіп қиыршыққа айналады. Грамм әдісімен боялмайды немесе реакциясы теріс және боялатын, немесе оң әсерлі болып, екі топқа жіктеледі. Corynebacterium туысына жататындарынан басқалары бұл әдіспен боялмайды. Спора түзетін, денесі таяқша тәріздес немесе дөңгелектеу, жылжымайтын бактериялармен қатар денесіндегі талшықтары арқылы еркін жылжитындары кездеседі.

Сырт келбеті бірдей болғанмен фитопатогенді бактериялар физиологиялық және биохимиялық қасиеттері арқылы ажыратылады. Олардың басым бөлігі аэробтар, жасанды қоректік орталарда, мәселен ет-пептон немесе картоп агарында және т.б. жақсы өседі. Колониялары көбінесе ұсағырақ, дөңгелектеу, жиектері бір тегіс, көлденеңі 0,3-0,5 мм, беті жылтыр, біртегіс немесе шырышты, реңі түссіз немесе күңгірт сары келеді.

Бактериялардың қоректену ерекшеліктері, зат алмасуы және мамандануы. Фитопатогенді бактериялар өсімдік ұлпасындағы дайын органикалық заттармен қоректенетін гетеротрофты ағзаға жатады. Оларды осмостық жолмен, жасушалардың қабықшасы арқылы өзіне қабылдайды немесе сорып алады. Арнайы ферменттердің көмегімен өсімдік ұлпасындағы органикалық заттарды өздері игере алатын қарапайым қосылыстарға ыдыратады. Қоректік заттар бактериялардың көбеюіне және жаңа жасушаларды түзуіне жұмсалады. Қорытылған заттарды денесі арқылы сыртқа — өсімдік ұлпасына немесе басқа субстратқа шығарып отырады. Бактериялардың фитопатогендік қасиеттері тіршілігіне қажетті ферменттердің бар-жоғына тікелей байланысты. Олардың көпшілігінде ақуызды игеретін протеаза, пектин заттары мен жасуша қабықшасын ыдырататын пектиназа және протопектиназа, крахмалды гидролиз жасайтын амилаза, хлорофилл дәндерін жоятын — хлорофиллаза ферменттері бар. Аталған ферменттердің ішінде аса қажеттісі протопектиназа, оның көмегімен бактериялар өсімдік ұлпаларын ыдыратып, өзіне қажет заттарды алады. Тотықтыру ферменті — тирозиназаның әсерінен өсімдік ұлпалары қараяды немесе қара-қоңыр тартады. Мысал ретінде Xanthomonas translucens қоздыратын астық дақылдарының масақтары және басқа мүшелерінің, Pectobacterium phytophtorum әсерінен картоптың тамыр мойынының қараюын келтіруге болады.

Авторлық сілтеме:
Қойшыбаев М., Жанарбекова; Жалпы фитопатология. Аграрлық университеттердің «Өсімдік қорғау және карантин» мамандығы бойынша дайындалатын студенттеріне арналған. //Оқу құралы. — Алматы, ҚазҰАУ, 2013 жыл. — 280 бет. (Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі, профессор А.О. Сағитов).