Адамзат мәдениетінің ең айқын және елеулі құбылысы ретінде философия біздің дәуірімізге дейін ертедегі қоғамдық құрылыс ыдырап, алғашқы құл иеленуші мемлекеттер құрыла бастаған шақта пайда болды. Философия өмірге кездейсоқ келе салған жоқ. Мұның негізінде қоғамның тарихи дамуы және адам ақыл-ойының интеллектуалдық жетілуі жатыр.

Философияның дүниеге келуі қоғам дамуына елеулі ықпал етті. Адамдар бұрынғыдай миф пен дінге жүгінумен шектелмей, өздері де ойлап, шешім қабылдауға үйрене бастады. Нақты реалдықтың, қазіргі жағдайдың, бар заттардың шеңберінен шығып, ертеңге, алға, артқа көз тастайтын дәрежеге жетті.

Философия әлемдік өркениеттің үш ошағында — Ежелгі Үнді, Қытай және Грекия елдерінде бір мезгілде дерлік – біздің жыл санауымызға дейінгі VІ-V ғасырларда пайда болған. Не болса да жоқтан бар болмайтыны белгілі. Философияның пайда болуына да ықпал еткен алғышарттар бары түсінікті.

Антика заманының көптеген философтары философияның пайда болуы жөнінде ойланып-толғанған. Диоген Лаэртскийдің пайымдауынша, грек философиясының дүниеге келуіне «жабайылардың» («варварлардың») дүниетанымы ықпал еткен. Алғашқы философтар қатарына ол парсы сиқыршыларын жатқызады. Діни ырым, жораларды, құрбан шалуды атқарумен бірге, бұлар дүниенің жаралуына, әлемнің шексіздігіне, адам өмірінде Құдайдың алатын орнына көбірек көңіл бөлген. Табиғат – парсы сиқыршылары үшін әр алуан табиғи стихиялардың, жағдайлардың жиынтығы. Олардың Құдайлары – от, су, Күн т.б. стихиялар.

Философияның пайда болу процесіне ассириялық-вавилондық абыздар да, халдейлер де шама-шарқынша ықпал етті. Астрономия мен математика саласындағы ізденістері бұларды табиғатта орын алатын үйлесімділік және реттілік жөніндегі идеяларға алып келді. Халдейлерді Құдайлармен бірге адамдар да қызықтырды.

Философиялық пайымдаулардың алғашқы балаң үлгілері қатарында «Мырзаның құлымен сұхбаты», «Түңілген жанның өзінің рухымен тілдесуі» деген сияқты шығармалардың жекелеген фрагменттерін атауға болады. Бұларда тұңғыш рет о дүниеден гөрі бұ дүние жөнінде ойлау, адамның артықшылықтарын ескеру, арұятқа, ақылға жүгіну сияқты философияны бей-жай қалдырмайтын түсініктер кездеседі.

Философияның қалыптасуында елеулі рөл атқарған туындылар есебіне ежелгі үнді жазуларын – Ведаларды атап өту керек. Философияның дүниеге келуі Ежелгі Египет мәдениетімен де байланысты. Дүниенің бастауы және түпкі негізі деп египеттіктер материалдық затты таниды. Одан даму барысында төрт стихия бөлініп шығады: жер, су, ауа және от. Бұл элементтердің үйлесіп бірігуінен, тіркесінен дүниедегі барлық заттар, құбылыстар пайда болған.

Философияның пайда болуы, орнығуы жөнінде ойлана келіп, Платон бұл арада адамның дүниетанымдық құштарлығын, заттардың, құбылыстардың түпкі мәнін білуге ынталылығын атап өтеді. Мұнсыз философиялық ойлау мүмкін емес сияқты. Оның ойынша, философия қоршаған дүниенің күрделі, ғажап, жұмбақ құбылыстары алдында таңырқаудан, таңданудан туған. Дүниеге таңырқауды Аристотель де тілге тиек етеді. Сонымен бірге ол философияның бастауын мифтен іздейді. Философия – мифтің жалғасы және одан биік тұрған сананың формасы. Философияның мифтен айырмашылығы – дүниені түсіндіруде ақылға жүгінетіндігі.

Философия діннен де бастау алады, сонымен бірге діннің де шеңберінен шығып кетеді. Философияның діннен о бастағы айырмашылығы – дүниені түсіндіруде дүниеден тыс күштерге арқа сүйемей, дүниені оның өзінен түсіндіруге тырысуы. Аристотельдің пікірінше, философияда миф пен дінге қарағанда, адамға түсініксіз және жат ештеңе де жоқ. Олай болса, заттардың сыртын көріп қана қоймай, ішіне, түбіне үңілген әрбір адам философия әлеміне қадам басады.

Философияның пайда болуының тағы бір жолын А.А. Богданов (Малиновский) деген орыс философы атап көрсетеді: философия, оның ойынша, дүние, адам, дүниедегі құбылыстар жөнінде жинақталған әр түрлі білімдердің жалғасы болып табылады. Философиямен бірге дүниеге теориялық таным келді. Дүние – біртұтас. Дүние жөніндегі әр алуан білімдерді бір жүйеге келтіру, сұрыптау, топшылау міндетін атқаратын сана формасы философия болды. Заттарды, құбылыстарды емес, солар жөніндегі білімді қарастыру, реттеу философияны абстрактілі ойлауға, сөзді, ұғымды, ойды талдауға, зерттеуге итермеледі. Осыған орай зерттеушілер сандар жөніндегі ілімнің пайда болуының маңызын атап өтеді.

Философияның пайда болуы, көріп тұрғанымыздай, кенеттен болған нәрсе емес, әр түрлі алғышарттардың салдары деп ойлауға болады. Мынаны да ескермей болмайды: философия – нақты өмірдің идеалдық, абстрактілі көрінісі. Философияның түп тамыры қарапайым санада, кәдуілгі қисында, тәжірибеде жатыр. Бұл жөнінде орыс философы А.Н. Чанышев жазды. Даналық тек философиядан тумайды, сонымен бірге даналықтан философиялық ойлау, сөз жоқ, туады. Мақал-мәтелдерде, қанатты сөздерде қандай ғажап даналық бар; сонымен бірге мұнда терең философия бар.

Философия сананың байырғы формаларын (мифті, дінді, ғылымды) жалғастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге олармен күрделі, қайшылықты қарым-қатынасқа түсті. Философия олармен келісе салған жоқ, оларға қарсы шықты, дүниені басқаша, жаңаша түсіндіруге тырысты. Философия қарапайым санаға да үнемі қайшы келіп отырады. Мысалы, «дүние – жанып тұрған от» деген философиялық пікірді есі дұрыс адам қабылдай ала ма? Иә болмаса, «дүние – жалған, аумалы-төкпелі», «бұл дүниеде тұрақты, мәңгілік ештеңе жоқ», «өмір – заңды, сонымен бірге өлім де – заңды» деген идеялармен, біле тұрсақ та, келісу қиын, ауыр. Қарапайым сана бұл жөнінде ойламауға тырысады.

Философияның осы аталған бастауларының бәрі де орын алған қоғамдар болғанын білеміз. Египетте, Месопотамияда, Вавилонда миф те, дін де, білім де, қисынды ой да болған. Бірақ біз оларда философия дүниеге келді деп айта алмаймыз. Бұдан шығатын қорытынды – философияның пайда болуының рухани көздерімен бірге тарихи-әлеуметтік негіздері де болғандығы. Бұл арада қоғамның таптық жіктерге – құлдар мен құл иеленушілерге бөлінуі, еңбектің қол еңбегі мен ой еңбегіне бөлінуін атап өту керек. Философияның қалыптасып өріс алуына материалдық өндіріс салаларының дамуы, мемлекеттің нығаюы, саясат, құқық жүйелерінің жетістіктері, халықтың тұрмыс халінің жақсаруы, сөйтіп, адамның ой өрісінің, ынта-жігерінің артуы, бұлармен байланысты т.б. жағдайлардың орын алуы оңды әсерін тигізді. Философиямен айналысатын, әрине, адам. Сондықтан да философияның пайда болуына, орнығуына адам факторы да ықпал еткені түсінікті. Адам өсіп жетілді, сана-сезімі оянды. Ол өзі жөнінде, қоршаған дүние жөнінде, өзінің дүниеге қатынасы жөнінде ойлана бастады. Адамда білімге құштарлық пайда болды. Ол өзін қызықтырған сұрақтарға жауап іздеді. Философиялық пайымдау қажет болды.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, — Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *