Қазіргі уақытта тарихнама ұғымы ежелгі замандардағыдай тарихи оқиғаларды баяндау мағынасында емес, тарихи оқиғаларды талдауды, яғни тарихи ойды білдіреді. Егер Ежелгі Шығыс елдерінің тарихы сол елдердің ежелгі тарихын: мемлекеттілігін, мəдениетін, қалпына келтіруге ұмтылса, Ежелгі Шығыс тарихнамасы осы елдердің тарихының қалай зерттелгенін саралайды.

Ежелгі Шығыс тарихының тарихнамасы – арнаулы ғылыми пəн саналатын дүниежүзілік тарихнаманың құрамдас бөлігі, оның қалыптасуы мен дамуы тарихтың басқа салаларындағы зерттеу əдістерінің жетілдіруімен де байланысты. Мысалы, ежелгі шығыстық тарихнаманың қалыптасуына антикалық тарихнама орасан зор ықпал етті. Антикалық тарихнаманың дамуы Еуропада Қайта өрлеу дəуірінде басталып, XIX ғасырдың ортасында өзінің тиімді зерттеу тəсілдерін қалыптастырып, еуропалық тарихи ойды кемеліне келтірді. Оның жетістіктерін зерттеушілер əлемдік 36 37 тарихтың басқа бөлімдерін, оның ішінде, Ежелгі Шығыс елдерінің тарихын зерттеуде пайдаланды.

Сонымен қатар ежелгі шығыстың бай жəне айшықты тарихы, оның күрделі, фрагменттік деректерін зерттеудің əдістері мен тəсілдерін жетілдіру дүниежүзілік тарихнаманың басқа салаларын, мысалы, антикатану ғылымын да байытты. Ежелгі Шығыс тарихнамасының басты ерекшеліктерінің бірі – олардың филологиялық зерттеулермен байланыстылығында. Мысалы, қазірге дейін қолданылатын «шығыстану» терминінің мағынасы тарих пен филология, əдебиеттің, тіл білімінің, мəдениеттану мен дінтанудың тұтастығын, ортақтығын білдіреді. Бұл сипат антикатануға қарағанда шығыстануда айқынырақ. Бұл ортақтық бір жағынан, шығыс елдері тарихының деректік қорының ерекшеліктерімен, ондағы əдеби жəне діни мазмұндардың басымдылығымен айқындалса, екінші жағынан, бүгінде ұмыт болған ежелгі шығыстық жазу жүйелеріне кілт табу мен оқу жəне оған түсіндірме жасаудағы тіл мамандары мен филологтардың ортақ жұмысына байланысты.

Ежелгі шығыс тарихына қатысты деректердегі лингвистикалық зерттеулердің көптігі, кілттік негізгі мəтіндердің мəнінің айқын еместігі, «қауым», «құлдық», «деспотия» жəне т.б. ежелгі шығыстық тарихтың басты ұғымдарын жаңаша түсіндіру проблемалары – Ежелгі Шығыс елдерінің тарихнамасына антикалық грек немесе рим мəселелері қарағанда дискуссиялық сипат береді. Ежелгі Шығыс тарихын зерттеудің екі бағыты: еуропалық жəне «жергілікті» тарихи мектептерінің болуы да оның ерекшелігін құрайды. Бұл əсіресе, ежелгі тарихы мен мəдениетін зерттеу олардың мəдени жүйесінде басты орын алатын Индия жəне Қытай сияқты елдерге қатысты.

Ежелгі Шығыстың еуропалық тарихнамасы əртүрлі себептермен, оның ішінде отарлық əкімшіліктердің сұраныстарымен, олардың салдарларымен де айқындалған. Еуропалық тарихнама ежелгі шығыстық, шығыстық тарихты еуропалық əдістері мен дəстүрлер негізінде зерттеді. Бұл елдердің тарихы антикалық жəне еуропалық тарихтың ұғымдары мен түсініктері («құлдық», «феодализм», «капитализм», «республика», «монархия», «империя» жəне т.б.) аясында таразыланды. Ғылыми еуропоцентризмді жергілікті ұлттық (египеттік, индиялық, қытайлық) тарихшы мамандар да игерді, өйткені олардың көбі еуропалық жəне американдық университеттерден білім алып, европалық тарихнама дəстүрлерінде тəрбиеленді.

Алайда Персияның (Иран), Индияның, Қытайдың немесе Жапонияның ұлттық тарихнамаларының өзіндік ерекшеліктері, дəстүрлері жəне ұлттық тарихи мəселелер туралы өзіндік түсінігі, өзіндік тұрғысы болды. XX ғ. ІІ жартысынан бастап, олар Ежелгі Шығыс тарихының дүниежүзілік тарихнамасындағы ықпалды бағыттардың бірі болып қалыптасты. Əлемдік тарихтың дүниежүзілік тарихнамасының, оның жекелеген кезеңдері немесе аймақтары тарихының, оның ішінде, Ежелгі Шығыс тарихының басты ерекшеліктерінің бірі – олардың қоғамдағы басым философиялық жəне əлеуметтанушылық концепцияларға тəуелділігі еді. Мысалы, Гегельдің философиялық идеяларының ықпалы XIX ғ. тарихшылардың тарихи үдерісті түсіндірудегі айрықша бағытын қалыптастырды. Бұл философиялық концепцияның XX ғасырдағы тарихнаманың жалпы сипатына күшті ықпал еткенін методологиялық негізі тарихи материализм болған кеңес тарихнамасы мысалында көрсетуге болады. Қазіргі заманға келсек, тарих ғылымындағы философиялық плюрализмді (интуитивизм, экзистенциализм, неопозитивизм, Тойнбидің өркениеттік концепциясы, марксизм) ұстанатын ғылыми мектептер мен ұлттық тарихнамалар бар. Қалай болғанда да, тарихнамаға басқа тарихи пəндер – деректеме, археологиямен салыстырғанда қоғамдағы басым философиялық концепциялардың ықпалы жоғары. Ежелгі Шығыс тарихнамасының деректік қоры да айрықша.

Тарихнамалық зерттеулердің негізін Ежелгі Шығыс елдерінің тарихи үдерісінің барлық салаларын қамтитын зерттеулер құрайды. Осы негізгі деректермен қатар тарихи үдерісті зерттеудегі жекелеген тарихшылар мен тарихи мектептердің бағытын айқындайтын философиялық концепцияларды, философтар еңбектерін (Г. Гегель, К. Маркс, М. Вебер, Арн. Тойнби жəне басқалар) де саралау қажет.. Тарихнамалық ізденістерде Ф. Шампольон, Эд. Мейер, Дж.Брестед, Б.А. Тураев, Г. Винклер жəне басқа да тарихшылардың өмірі мен қызметіне байланысты мұрағат деректері де маңызды рөл атқарады. Өйткені тарих ғылымының дамуы, тарихи танымның дамуы өз дəуірінің қоғамдық мəдени жүйесінің өкілдері саналатын тарихшыларсыз жүзеге аспайды. 38 39 Тарихнамалық зерттеулердің жағдайы мен сипаты тарихи деректер мен деректеме ғылымыныңжағдайына да тəуелді. Ресми əдебиет пен діни мазмұндағы деректердің көптігі жəне филологиялық жəне лингвистикалық əдістердің басымдылығы мəдени жəне діни тарих мəселелеріне маңыз беріп, əлеуметтік-экономикалық қатынастарды кейінге қалдыртты.

Нəтижесінде Ежелгі Шығыс туралы тарихы дискуссиялық сипат алды. Деректерді жаңаша түсіндірудің тарихи зерттеулер бағытына ықпал етуін В. В. Иванов пен Т. Гамкрелидзенің үндіеуропалық проблема мəліметтерін қайта қарауы мысалында көрсетуге болады. Олар Ежелгі Шығыстың б.з.д. V-II мыңжылдықтар тарихының тұжырымдарын қайта қарауды талап етеді. Ежелгі Шығыс тарихнамасының дамуы XIX ғасырда басталып, ежелгі египеттік иероглифтер мен вавилондық сына жазудың кілтін табумен жəне Египет пен Қосөзен аралығындағы археологиялық қазбалардың жаңалықтарымен байланысты болды. XIX ғасырдан қазірге дейін əртүрлі материалдарды жинақтау, жазбаларды оқудың басқа жүйелері ашылып, жазба деректердің жаңаша түсіндірмелері жасақталып, əртүрлі деректік қорлар өңделіп, ежелгі шығыс қоғамдарының əртүрлі салалары зерттелуде.

Ежелгі Шығыс тарихының тарихнамасы үзік фактілердің кездейсоқ жинағынан антикалық тарих, византиятану, медиевистика жəне əлемдік тарихнаманың басқа салаларынан кем түспейтін ғылыми пəн деңгейіне жетті. Ежелгі шығыс тарихнамасы өзіндік ерекшеліктері мен сипаттары бар бірнеше кезеңдерден өтті. Бұл ерекшеліктер дүниежүзілік тарих ғылымы мен қоғамдық ойдың, деректеме ғылымының жағдайымен жəне деректік қорымен, зерттеуші мамандар потенциалымен жəне зерттеу мақсаттарымен айқындалады. Бірінші кезеңі – XIX ғ. басы мен 80-жылдардың арасын қамтиды. Осы 80 жылда ежелгі шығыс тарихнамасының алғашқы қадамы жасалды.

Ежелгі Индия тарихы бойынша У. Джонс жəне Ф. Бопп зерттеулері, санскрит пен ежелгі парсылық тілдердің грек жəне латын тілдерімен туыстығын негіздеп, еуропалық тілдерде ежелгі үнді əдебиеті ескерткіштері аудармалары басылып шықты. XIX ғасырдың 20-жылдары Ф. Шампольонның алғашқы зерттеулерінен кейін ежелгі египеттік иероглифтердің жəне вавилондық сына жазудың кілті табылып, оқыла бастады. Археологиялық қазбалар нəтижесінде Ніл аңғары мен Месопотамияда ежелгі қалалар мен тұрақтар, храмдар орындары табылып, жазба материалдар санының көбеюі оларды зерттеуге жол ашты. Осылайша, алғашқы кезең фактілік материалдардың жинақталу кезеңі болып, тамаша ежелгі шығыстық өркениеттердің (ежелгі египеттік, вавилондықассириялық, ежелгі үнділік) сұлбасы Еуропаны таң қалдырды.

Ежелгі шығыстық тарих туралы ғылымның екінші кезеңі: XIX ғасырдың 80-жылдарынан І дүниежүзілік соғыстың басталуына дейін жалғасты. Бұл ежелгі шығыстық тарихнаманың қалыптасуындағы ең жемісті классикалық кезеңдердің бірі болды. Оның басты ерекшеліктерінің бірі – еуропалық қауымдастық пен жекелеген елдердің ежелгі шығыс тарихын зерттеуге құлшынысы. Бұл Британ, Француз жəне Герман отарлық империяларының отарлық əкімшілік сұраныстарына қарай жергілікті халықтардың дəстүрлері, əдет-ғұрыптары жəне ежелгі тарихын жəне Таяу, Орта, Қиыр Шығыс халықтарының көне өркениеттерін зерттеуге ұмтылысынан туындады. Англия, Франция жəне Германия өкіметтері, кейін АҚШ та Шығыс елдері тарихын зерттеу мақсатында археологиялық қазба жұмыстарына жəне ғылыми ізденістерге кең көлемде қаржылық жəне материалдық қолдау көрсетті.

Ежелгі шығыс тарихнамасында Г. Масперо, Эд. Мейер, Ф. Питри, Б.А. Тураев, Г.Винклер, де Морган, Л. Вулли, Дж. Маршалл, В. Смит, А. Масперо сияқты атақты тарихшылар шоғыры қалыптасты. Еуропалық университтерде ежелгі шығыс тарихын зерттеуші мамандарды дайындауға маңыз беріліп, бұл уақыттарда Ежелгі Шығыс тарихын зерттеудің жаңа əдістері бар, ғылыми басылымдардың əлемдік деректанудың антикатану, медиевистика (орта ғасырлық ғылым), саласында жинақталған барлық əдіс-тəсілдерін қолданатын, басты принциптері қалыптасты.

Бұл кезеңде осыған дейін табылған ежелгі шығыстық мəтіндері оқу жəне ғылыми түсіндірме жасау арқылы көптомдық деректер жинақтары шығырылды. Осы кезеңдегі ежелгі шығыстық тарихнаманың тағы бір ерекшелігі – археологиялық зерттеуді орасан зор көлемде жүргізудің, табылған заттарды өңдеу мен сақтаудың жетілдірілген əдістерінің енгізілуі жəне монументалдық құрылыстар, өнер туындылары, жазба ескерткіштермен қатар қарапайым материалдарды зерттеуге мəн берілді. Берлинде, Лондонда жəне Еуропаның басқа да қалаларында жəне Каирде, Лувр (Франция) мен Эрмитажда (Ресей) шығыстық көне жəдігерлер топтамасы пайда болып, зерттеле бастады. Бай деректік қорлар, деректемелік əдістерді жетілдіру, мамандардың философиялық концепцияларды игеруі, ең бастысы, позитивистік методологияны қолдануы негізінде саяси жəне дінимəдени саладағы тамаша тарихи зерттеулер жасалды.

Əлемдік əдебиетте төмендегі іргелі еңбектер пайда болды: Г. Маспероның «Дəстүрлі шығыс халықтарының тарихы» 3 т. (1895-1899), Эд. Мейердің «Ежелгі дүние тарихы» 5 т. (1884-1910), Б. А. Тураевтың «Ежелгі Шығыс тарихы» 2 т. (1912-1913), жəне Ежелгі Шығыстың жекелеген аймақтары тарихының жинақтары: Флиндерс Питридің «Ежелгі замандардан бергі Египет тарихы» 3 т. (1894-1905), Д.Брэстедтің «Египет тарихы» 2 т. (1905) жəне «Ежелгі Египет ескерткіштері» 5 т. (1906-1907), Л. Кингтің «Вавилон мəдениеті жəне оның адамзаттың мəдени дамуына қатынасы» (1903), Г. Винклердің «Шумер мен Аккад тарихы» (1916) жəне «Вавилония тарихы» (1915), В. Смиттің «Индияның ерте тарихы» жəне «Буддалық Индия» (1903). Бұл еңбектерде ежелгі шығыстық мемлекеттердің тарихы, оқиғалық, фактілік жəне концептуалдық тарихының негіздері қаланды. Ежелгі шығыстық тарихнаманың үшінші кезеңі екі дүниежүзілік соғыс арасындағы 10-30-жылдары, қамтып, бұл кезеңде əлемдік тарих ғылымында жəне қоғамдық ойда терең өзгерістер жүрді.

Біртұтас тарихнамалық ағым жіктерге бөлініп, ежелгі шығыс тарихын əртүрлі позициялардан қарастыратын төмендегі бағыттар арқылы көрініс берді: дəстүрлі тарихнама; КСРО-да қалыптасқан маркстік тарихнама; Германия мен Италиядағы нəсілшілдік тарихнама. Бұл бағыттардың өзара қайшылығы саяси пікірталастармен жалғасып, кей жағдайларда олар ақиқатты іздеумен емес, саяси қарсыластарынан жау іздеу бағытын ұстанды. Саясилануы төмен болған дəстүрлі тарихнама кең көлемдегі қазба жұмыстарын жүргізіп, жаңа өркениеттерді ашты. Сонымен қатар Хетт империясы, Урарту мемлекеті, Египет пен Месопотамиядағы б.з.д. IV-III мыңжылдықтардағы көне мемлекеттер тарихы жаңа білімдермен толықты.

Индияда Мохенджо Даро жəне Хараппа көне өркениеттері табылды. Ежелгі шығыстық деректер саны толығып, бұрын түсіну мүмкін емес ежелгі шумерлік мəтіндердің кілті табылып, оқылды. Бұл кезде дəстүрлі ежелгі шығыстық тарихнама ежелгі мəдениеттерді О. Шпенглердің «Европаның ақыры» (1922) еңбегінде ұсынылып, 30-жылдары жарыққа шыға бастаған Арн. Тойнбидің «Тарихты зерттеу» еңбегінде теория ретінде негізделген əлемдік өркениеттік концепция тұрғысынан қайта қарады. Ежелгі Шығыс – көне египеттік, вавилондық, иудейлік, иранская, үнділік жəне қиыршығыстық, т.б. бірнеше тəуелсіз өркениеттер қалыптасқан аймақ ретінде қарастырылды. Тойнби теориясының принциптік маңыздылығы оның ежелгі шығыстық жəне батыстық өркениеттерді тең дəрежеде мойындауында болды. Осылайша Гегель заманында бекітілген Батыс пен шығыс қайшылығы, Батыстың Шығыстан артықшылығы туралы евроцентристік концепцияға соққы берілді.

Тойнби концепциясы əлемдік отарлық жүйенің дағдарысы жəне Азия, Африка жəне Латын Америкасындағы отар елдеріндегі ұлтазаттық қозғалыстар мен ұлттық сананың өсуі жағдайында пайда болды. Ұлттық сананың өсуі ұлтық тарихқа, оның бастауларына орасан зор қызығушылық тудырып, алғашқы ұлттық тарихшылар шоғыры пайда болды. Бірақ олардың көбі еуропалық білім алған, еуропалық тарихи мектеп үлгісінде тəрбиеленген мамандар еді. Сондықтан бұл кезеңде ұлттық тарихнама дəстүрлерінің тек негізі қаланды. Төртінші кезең – екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жарты ғасырлық уақытты қамтиды. Бұл кезеңде соғыстан кейінгі жаңа тарихи жағдайлар есепке алынды. Фашизмді, оның нəсілшілдік идеологиясын талқандау жəне алапат соғыс салдарлары қоғамдық санада бейбітшілік пен гуманизм идеяларының орнығуына ықпал етті. Əлемдік отарлық жүйе жойылып, Азия, Африка, Латын Америкасының бұрынғы қаналған халықтар тəуелсіздік алып, ұлттық санасы оянды. Мұның бəрі жаңа ұлттар мен олардың өркениеттерінің мəдени жəне рухани дамуына əсер етпей қоймады. Соғыстан кейінгі қоғамдық дамудағы маңызды фактордың бірі – КСРО бастаған дүниежүзілік социалистік жүйе қалыптасып, онда марксизм-ленинизм идеологиясы орнықты.

Қоғамдық ойдың, тарих ғылымдарының, оның ішінде, Ежелгі Шығыс тарихының дамуы Еуропа мен Азияның (Қытай, Вьетнам) социалистік елдерінде материалистік концепция негізінде зерттеліп, Ежелгі Шығыс тарихы біртұтас құлиеленушілік формация тарихы ретінде қарастырылды. Ұлттық сананың өсуі Шығыс елдерінде ұлттық тарих бастауларына назар аудартып, белсенді ғылыми ізденістер жүр- 42 43 гізілді. Оның барысында ашылған ғылыми жаңалықтар ежелгі шығыс тарихының əртүрлі қырларын ашты. Осы кезеңдегі ежелгі шығыстық тарихнаманың даму барысында бірқатар ерекшеліктер қалыптасты: əртүрлі елдердің тарихына біржақты тұрғыдан бас тартылды.

Тарихи процестің əр қырынан қарастыруға мəн беріліп, əлеуметтік-экономикалық қатынастар тарихнамада тарихи үдерістің маңызды бөлігі ретінде саяси, мəдени жəне діни қатынастармен қатар зерттеле бастады. Кіші Азия мен солтүстік Месопотамияда, Қытайда, Үндіқытайдағы ашылған археологиялық жаңалықтар негізінде ежелгі шығыстық өркениеттердің прототарихи бастауларын зерттеуге маңыз беріліп, ұзақ мерзімді тарихи үдерістерді зерттеуге, тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Ғылымда ежелгішығыстық жəне антикалық өркениеттердің байланысы мен ықпалдастығына арналған зерттеулер жасалып, осыған орай, əлемдік өркениет тарихындағы Ежелгі Шығыс халықтарының орны негізделді. Сонымен қатар, ұлттық тарихи мектептердің (Қытай, Жапония, Вьетнам, Индия, т.б.) өз тарихының көне дəуірлерін таразылаудағы, ежелгішығыстық еуропалық ғылым тəжірибесін саралаудағы жəне ұлттық мəдени дəстүрлерді зерттеудегі рөлі күшейді. Соғыстан кейінгі кезеңдегі еуропалық жəне ұлттық тарихи мектептердің Ежелгі Шығыстың өзіндік ерекшеліктерін ашқан жаңалықтары ежелгі шығыстық өркениет көптеген мəселелерін антикалық жəне еуропалық тарихтың «құлдық», «феодализм», «капитализм», «республика», «азаматтық» ұғымдары аясында қарастыруға сенімсіздік тудырды. Ғылыми еуропоцентризмге қарсылық 60-жылдары азиялық өндіріс тəсілі туралы пікірталасты бастатты.

Маркстік тарихнама шеңберінде басталған бұл пікірталас дүниежүзілік ежелгі шығыстық тарихнамадағы дағдарыстың көрінісі болды. Осы дискуссия Ежелгі Шығыс туралы ғылымның осыған дейінгі дамуын қорытындылаған шек болып, қазіргі заманғы, бесінші кезеңіне жол ашты. Бұл пікірталас ежелгі шығыстық қоғамдар мен өркениеттердің антикалық өркениетпен салыстырғандағы өзіндік ерекшелігі туралы ережені, Азия елдері ғана емес, Африка, Латын Америкасы елдерінің тарихи дамуын қамтитын шығыстық даму жолын бекітіп, ғылыми еуропоцентризмнен бас тартты. Еуропалық ежелгі шығыстық дəстүрлі тарихнама осы пікірталастан кейін Арн. Тойнбидің өркениеттік теориясын қайта қарап, жаңа теориялық плюрализм бағытын басшылыққа алды. Осы пікірталастан кейін қоғамдық экономикалық формациялар, дəлірек айтсақ, Ежелгі Шығыс тарихының құлиеленушілік формация теориясынан бас тартылды. Қазіргі кезеңде Ежелгі Шығыс қоғамдары мен өркениеттерінің даму жолдарының көптігі туралы концепция енгізіліп, тарихнамалардың теориялық жəне тəжірибелік позициялары жақындасуда.

Ғылыми-зерттеулердің ықпалдасуы осы күнге дейін жұмбағы толық ашылмаған ежелгі шығыстық өркениеттерді танудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, əлемдік тарихнаманы бұрын болмаған жаңалықтармен байытуға ықпал етеді. Ежелгі Шығыстың қазіргі заманғы тарихнамасында ежелгі шығыстық өркениеттер тарихын зерттеудің гуманистік жəне либералдық үрдістері басымдық алып келеді, оны тарихи үдерістің абстрактілік жəне бейтараптық бағыты деп емес, қазіргі шығыс мəдениетінің ғана емес, əлемдік өркениеттің маңызды негіздері етіп қарастырады.

Авторлық сілтеме:
Жұмабаева Ж.К. Дүниежүзілік тарих тарихнамасы (ежелгі замандардан ХХ ғ. дейін). І бөлім. ЖОО тарих мамандығы студенттеріне арналған оқулық. / Алматы: 2014. – 408 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *