Ес адамның әр түрлі іс-әрекеттерімен байланысты болып, тіршілікте аса қызмет атқаратын болғандықтан, оның түрлері мен көріністері әр қи­лы. Адамзат есі – қандай да бір қарапайым қызмет емес. Оған көптеген про­цестер қатысады. П. Линдсей және Д. Норман естің 3 түрлі типтері не­ме­се 3 жүйесі бар деп санайды: 1) сенсорлық ақпараттардың “тікелей ізі”; 2) қысқамерзімді ес; 3) ұзақ мерзімді ес;

Естің бөлінуі адамның түрлі әрекет ерекшеліктеріне байланысты жүр­гі­зіліп, олар есте қалдыру, қайта жаңғырту үрдістерімен тығыз ұштасады. Іс-әрекет сипатына қарай ес үш түрге негізделіп бөлінеді: 1) Психикалық бел­сенділік сипатына байланысты: қимыл-қозғалыс, сезімдік-эмоциялық, бей­нелі-көрнекілік және сөздік-мағыналық (логикалық); 2) Іс-әрекеттің мақ­сат сипатына қарай еерікті және еріксіз ес. 3) Адамның материалдарды қан­ша уақытқа дейін есте сақтай алатынына қарай: иконалық, қысқа және ұзақ мерзімді, сондай-ақ оперативті.

Қимыл-қозғалыстық ес алуан түрлі күрделі қозғалыстарды еске сақ­тау, сақтау қажет болған жағдайда жеткілікті нақтылықпен қайта жаңғыр­ту болып табылады. Ол қимыл-қозғалыстық, еңбектік, спорттық икем­ді­лік­тер мен дағдыларды қалыптастыруға қатысады.

Адамның бастан кешірген түрлі сезімдер мен эмоциялық күйлерін есте қалдырып отыруын сезімдік ес деп атайды. Өз айналасындағы заттар мен құбылыстарға көңіл-күйінің қандай қатынаста болғанын қайта жаң­ғыр­тып, түрлі іс-әрекеттерді атқаруға жетелейді.

Эмоциялық ес адам басынан кешкендерін еске түсіргенде, бозарады, не қызарады. Өйткені, оның басынан өткен әр алуан жағдайлар оған күшті әсер етіп, эмоциялық күйге ұшыратады. Белгілі мәні тұрғысынан алғанда, бұл естің басқа түрлерімен салыстырғанда әлдеқайда күшті болады.

Бейнелі-көрнекі ес заттар мен құбылыстардың қасиеттерін, нақты бей­несін ойда қалдырып, қайта жаңғыртуда айқын көрініс береді. Естің бұл түрі арқылы табиғат көрінісі, бастан кешкен оқиғалар, дыбыс, иіс, дәм жаң­ғыртылады. Осыған орай, бейнелі-көрнекілік ес – көру, есту, иіс, дәм есте­рі болып бөлінеді. Егер қалыпты дамыған адамдар үшін есту есі мен кө­ру есінің маңызы зор болса, соқыр, саңырау адамдарда мұның есесіне си­пау, иіс, дәм естері өте жақсы дамып, басқа естердің кемістіктерін то­лық­тырады. Бейнелі ес, әсіресе көркемөнер кәсібімен шұғылданатын адам­дарда жоғары әрі өте нәзік түрде дамыған болады.

Кейде эйдетикалық есі бар адамдар да кездеседі. Мұндай адамдар зат­тар мен құбылыстарды көз алдына нақты елестетіп, олардың жеке қа­сиет­тері мен бөлшектерін айқын ажырата алады. Олардың сезім мүшелері сырт­қы тітіркендіргіштерге күшті қозудың нәтижесі болып саналады.

Сөздік-мағыналық (логикалық) ес біздегі ой, ұғым, пікір, ой қоры­тын­­дылары сияқты түрлі формалар арқылы із қалдырып отырады. Ойдың қан­дай формасы болса да тілмен, сөзбен байланысты. Естің бұл түрінің сөз­дік-мағыналық деп аталуы да сондықтан. Бұрын қабылданған нәрсе­лер­ді қажет кезінде біз сөз, не олардың мәнін есте сақтау арқылы жаңғыр­та­мыз. Егер бейнелі есте бірінші сигнал жүйесінің қызметі басым болса, сөз­дік-мағыналық есте екінші сигнал жүйесі шешуші роль атқарады. Нәр­се­лердің мән-жайын есте сақтау логикалық-мағыналық, ал белгілі үзін­ді­лер мен сөз тіркестерін, мазмұндарын сөзбе-сөз жаттап алу механикалық түр­де есте қалдыру деп аталады. Сөздік-мағыналық ес оқушылардың білім жүйесі мен оқу материалдарын есте сақтауда жетекші мәнге ие. Естің бұл түр­лері адамның әр қилы іс-әрекеттерінің алмасып отыруына, ниет-тіле­гі­не, мақсат-мүддесіне орай түрлі тәсілдерге ауысып, оның бойындағы тұ­рақ­ты қасиеттері болып қалыптасады.

Ерікті және еріксіз естер. Естерді ерікті және еріксіз деп бөлу орын­да­луға тиіс әрекеттердің маңыздылығы мен қажеттілігіне байланысты. Бел­гілі мақсат қоймай-ақ, арнайы есте қалдырмай-ақ есте сақтау мен жаң­ғырту, еске түсіру – еріксіз ес деп аталады. Егер мақсат қоятын болсақ – онда бұл ерікті ес болады. Мұнда есте қалдыру мен жаңғырту, еске түсіру жат­тап алу үшін мнемоникалық амалдар қолданылады. Естің бұл түрі бі­різ­­ділікпен дамып отыратын естің сатылары болып табылады. Адам қа­жет­ті деп тапқан нәрселері үшін арнайы амалдар қолданып, ерікті есте қал­дыруда да жиі қажет етіп отырады. Естің адам санасында тұрақтанып, же­місті болуының өзіндік сипаттары бар. Олар – естің көлемі, тездігі, ұзақ­тығы, даярлығы.

Қысқа мерзімді және түпкілікті ес. Қажетті материалдар мен нәр­се­лер­ді есте сақтау үшін адам тиісті әдіс-тәсілдерді қолданып, оны қалай да жа­дында қалдыруды мақсат етеді. Бұл сол әсер еткен нәрселер ізінің кон­со­лидациясы немесе мағлұматтардың есте берік қалуы деп аталады. Мұн­дай есте осыдан біршама уақыт бұрын қабылданған нәрселердің бейнесі адам­ның көз алдында елестеп, құлағына дауысы естіледі. Бірақ мұндай үрді­стер тұрақсыз. Бұл ерекшеліктің сырттан алынған хабарларды есте сақ­тап, оларды қайта жаңғыртуда ерекше маңызы бар. Естің бұл түрін қыс­қа мерзімді ес деп атайды. Қысқа мерзімдік ес – хабарды қысқа уақыт ара­лы­ғында сақтау әдісі болып табылады. Мұнда мнемикалық іздерді ұстап қалу ұзақтығы орташа алғанда 20 секунд аспайды. Қысқа уақыттық есте қабылдағанның толық емес жалпыланған бейнесі, ең маңызды эле­мент­тері сақталады. Бұл ес есте сақтауға деген алдын ала саналы бағ­дар­сыз жұмыс істейді, бірақ материалды келешекте қайта жаңғыртуға бағдар бо­лады. Қысқа мерзімдік есті сипаттайтын көрсеткіш бұл – көлем. Ол орта­ша алғанда хабардың 5 бірліктен 9 бірлікке дейінгі аралыққа тең және адамға хабар берілгеннен кейін бірнеше ондық секунд өткеннен кейін адам қайта жаңғырта алатын хабар бірліктерінің саынмен анықталады.

Ал ұзақ мерзімдік ес бұл хабарды шексіз уақыт сақтауға қабілетті естің түрі. Ұзақ мерзімдік ес қорына түскен хабарды адам нұқсансыз шек­сіз көп рет қайта жаңғырта алады. Сонымен қатар бұл хабарды көп рет жә­не жүйелі түрде қайта жаңғырту оның ұзақ мерзімдік естегі іздерін қа­тайта түседі. Мағынасына түсінбей, нәрселердің әсерін қайталау мида қор­ға­ныс тежелулерін тудырып, ұзақ мерзімді еске айналуды қиындатады. Ұзақ мерзімдік есті қолдану кезінде көп жағдайда ойлау мен ерік күші қа-жет болып жатады, сондықтан да ұзақ мерзімді естің әрекет етуі, әдетте осы екі үрдістермен байланысты.

Көркем әдебиет пен ауызекі тілде қысқамерзімді ес “алғашқы ес”, “шапшаң көрініс” деп те айтылады. Дегенмен, психология ғылымында ол оперативтік ес деген атпен белгілі.

Оперативтік ес деп хабарды бірнеше секундтан бірнеше күнге дейін­гі диапазонды қамтитын, алдын ала берілген мерзім аралығында сақтауға ба­ғытталған есті айтады. Бұл естің мәліметтерді сақтау мерзімі адамның алдында тұрған мақсатпен айқындалады және осы мәселені шешуге ғана бағытталады. Бұдан кейін хабар оперативтік естен жоқ болып кетуі ықти­мал. Естің бұл түрі хабарды сақтау ұзақтығы мен өзіндік қасиеттеріне бай­ла­нысты қысқамерзімдік ес мен ұзақ мерзімдік естің арасындағы аралық орынды алады.

Иконалық ес қазір ғана сезім мүшелерінің қабылдаған бейнелерді ту­ра әрі толық ұстап тұру. Бұл ес түрі сезім мүшелерімен алынған ақпаратты тікелей бейнелеу. Оның ұзақтығы 0,1 – 0,5 с. Дейін. Бұл ес түрін ес – бейне деп те атайды.

Генетикалық ес хабар генотипте сақталып, тұқым қуалау арқылы бе­рі­ліп, қайта жаңғыртылады. Бұл ес түрінде мутациялармен, солармен бай­ланысты гендік құрылымдағы өзгерістер хабарды есте сақтаудың негізгі биологиялық механизмі болып табылады. Біз оқыту мен тәрбиелеу арқылы әсер ете алмайтын адам есінің жалғыз түрі – генетикалық ес.

Көру есі көрген бейнелерді сақтау мен қайта жаңғыртумен байла­ныс­ты. бұл естің түрі қандай болмасын маманданған адамдар үшін және ин­же­нерлер мен суретшілер үшін ерекше қажет болып табылады. Бұл естің түрі қиялға қабілеттілікпен байланысты. бұл жерде есте сақтау мен қайта жаң­ғырту осыған байланысты; адам нені көру арқылы елестете алса, әдет­те соны жақсы есте сақтап қайта жаңғыртады.

Есту есі – алуан түрлі дыбыстарды, мысалы: музыкалық, сөздік, жақ­сы есте сақтау және тура қайта жаңғырту. Ол филологтар, шет тілімен айна­лысатындар, акустиктер мен музыканттар үшін өте маңызды.

Сипап сезу есі, иіс сезу есі, дәм сезу есі және т.б. ес түрлері адам өмі­рін­де ерекше роль ойнамайды және бұлардың мүмкіндіктері жоғарыда айтыл­ған ес түрлерімен салыстырғанда шектелген болып шығады. Бұлар­дың негізгі ролі – биологиялық қажеттілктерді қанағаттандыру мен ағза­ның қауіпсіздігі мен өзін-өзі қорғауын қамтамасыз ету.

Естің кейбір ерекшеліктері беріктеніп, тұлғаның қасиетіне айналуы мүмкін. Адамдарда ес әр түрлі көрінеді, ол бекітілген және сақталған ақпараттың мазмұнымен, көлемімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, ес есте сақтау және қайта жаңғырту жылдамдығымен, сақтау беріктілігі мен қайта жаңғырту дәлдігімен де ерекшеленеді. Адам есінің маңызды қасиеті оның даярлығы, яғни қажетті ақпаратты дер кезінде қажет уақытында тез еске түсіру қабілеті. Есі күшті адамдарға ақпаратты тез есте сақтау және оны ұзақ сақтау тән. Естің жеке-дара ерекшеліктері адамның материалды есте сақ­тау кезінде қандай елестету түріне басым сүйенетінінде көрінеді. Кей­бі­реулер көргенді, енді біреулері естігенді, үшіншілері практикалы түрде орындалғанды жақсы есте сақтайды. Осыған байланысты, естің көру, есту және қозғалыс типтерін бөледі. Естің көру типіндегі адамдар кітап мәтінін есте сақтай отырып, оны көргенді қалайды, естің есту ти­пін­дегі адамдар мә­тін мазмұнын әлде кімнен естігенді қалайды, естің қоз­ға­лыс типіндегі адам­дар есте қалдырылып жатқан материалды жазып алып, ай­туды қо­лай­лы көреді. Естің аралас типі біржақты ес типіне қарағанда әлдеқайда тиім­дірек. Егер адам естігенін ұмытса, оны көру есі арқылы еске түсіреді. Сон­дық­тан да, оқушылар оқу материалын әр түрлі тәсіл­дер­мен: оны тыңдау, оқу, суреттеп, иллюстрацияларды қарау арқылы есте сақтағаны абзал.

Ес типі тек табиғи қабілеттерге ғана емес, сонымен қатар ол тәрбиеге де байланысты. Мұғалім сабақта оқушылардың анализаторлар қызметін арт­тыра отырып, балаларда естің аралас типін тәрбиелей алады. Үлкен­дер­де ес типі кәсіби түрлеріне байланысты жаттығады. Егер естің есте сақ­тау және қайта жаңғырту жылдамдығы, сақтау беріктілігі, ес көлемі жә­не оның даярлығы тәрізді ерекшеліктері қандай да адамда айқын көрі­не­тін болса, онда оның ес типін сипаттайды (“тез есте сақтайды, нашар есте сақтайды”, “баяу есте қалдырады, тез ұмытады” т.б.). Естің жағымды қа­сиеттерін тәрбиелеу көбіне адамның ақыл-ой және практикалық жұ­мы­сы­на көмек береді: жұмыс орнындағы тәртіп, жоспарлау, өзіндік бақылау, есте сақтаудың пайдалы тәсілдерін қолдану, өз қызметіне сыни тұрғыда қа­рау т.б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *