Жоспары:

  1. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Египеттің әлеуметтік- экономикалық және саяси даму жағдайы.
  2. Біріккен Араб Республикасы. 60 ж.ж. экономикалық қайта құрулар.
  3. Сыртқы саясатының негізгі бағыттары.
  4. ХХ ғасырдың соңындағы Египет.

Өнеркәсіп буржуазиясының айтарлықтай өсуінен көрініс тапқан соғыс жылдарында және соғыстан кейінгі алғашқы жылдары болған әлеуметтік-экономикалық алға басушылықтар египеттік экономи- каның отарлық сипатын өзгерткен жоқ. Елде кәсіби білікті жұмысшы күшінің жетіспеушілігі өткір сезілді; әлі де селолық және қолөнер өндірісімен байланысты тап кеңінен танымал болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары саны артқан ұсақ қалалық буржуазия және интеллегенция ерекше роль атқарды. Бұл тап саяси өмірге үлкен ықпал ете отырып, шетелдік капитал мен жергілікті олигархияның озбырлығы салдарынан экономикалық жағдайының тұрақсыздығымен ерекшеленді.

Елдің ең саны көп тобы — шаруалар — қанаудың жартылай феодалдық әдістеріне ұшырады. 1945 жылы елде 1,5 млн.-нан кем емес жерсіз шаруалар есепке алынды; бұл кезде 12 мың египеттік және шетелдік помещиктер (барлық жериеленушілердің 0,4%-нан аз) 36%-дан астам өңделген жерлерді иеленді. Осылайша, аграрлық мәселе кейінге қалдырмай шешуді талап еткен соғыстан кейінгі Египеттің ең өткір мәселесіне айналды.

Египеттегі соғыстан кейінгі алғашқы жылдар әлеуметтік қарама- қайшылықтардың күрт шиеленісуімен ерекшеленді. Әскери өндірістің тоқтатылуымен байланысты он мыңдаған жұмысшылар көшеде қалды, өңделмеген мақтаның үлкен қоры (екі жылдық түсім мөлшерінде) жинақталды. Басты ұраны «ағылшын әскерлерін эвакуациялау» болған отаршылдыққа қарсы күрес те шиеленісті. Азаттық қозғалысына білім алып жатқан жастар белсенділікпен қосылды.

1946 жылы 18-19 ақпанда білім және өнеркәсіп орындарының комитеттерінің бірігуі негізінде құрылған білім алушылардың Ұлттық комитетінің және жұмысшылардың Ұлттық комитетінің біріккен отырысында білім алушылар мен жұмысшылардың Ұлттық комитетін құру туралы шешім қабылданды. Оның басшылығымен қалалық пролетариат, ұлттық буржуазияның орта және аралық тобы бірікті. Оған Вафд партиясының оппозициялық тобын білдіретін солшыл вафдистер, коммунистік топ, кәсіподақтар және т.б. өкілдері қатысты. Елдегі саяси жағдайды анықтаушы фактор — ел тәуелсіздігі үшін Египет халқының ерлік күресі болды. Азаттық қозғалысының өрлеу кезеңінде (1946 ж. ақпан-шілде) демократиялық кәсіподақтар ұйымы Египет жұмысшыларының кәсіподақтарының Конгресіне бірігеді. Шілде айының басында Конгресс барлық патриоттарға 11 шілдеде Египетте ағылшын үстемдігінің орнатылуына 64 жыл толуы күні жалпыхалықтық ереуіл ұйымдастыру туралы үндеу тастайды. Жауап ретінде басында 1946 жылдың ақпан айының ортасынан ірі қаржыгер және жериеленуші Сидки болған үкімет демократиялық қозғалыстарға соққы беруге шешім қабылдайды: барлық солшыл баспасөз органдары жабылды, прогрессивті ұйымдар, білім алушылар мен жұмысшылардың Ұлттық комитетін, Египет жұмысшыларының кәсіподақтарының Конгресін қоса, өздерінің өмір сүруін тоқтатты.

Ұлт-азаттық қозғалыстардың өрлеуі Англияны Египет үкіметімен келісім жасауға мәжбүр етеді, бұл Сидки-Бевин келісімінің жасалуымен аяқталады. Алайда келісім Египетте күшті халық толқуы басталғандықтан толығымен аяқталмайды. Күшейіп келе жатқан азаттық қозғалысымен күрес үшін билеуші топ халық тобының наразылығын сыртқы жауына қарсы бағыттауға және 1948 жылы 15 мамырда Израильмен басталған соғыспен байланысты енгізілген әскери жағдайды оппозицияны басу үшін пайдалануға шешім қабылдады.

Египет үкіметі Израильмен соғыста жеңіл жеңіске жетуді ойлады. Алайда Египет барлық жағынан да 1948 жылғы соғысқа дайын болмады, ал египет армиясының жеңілісі елде асып- сасушылық туғызды. Үкіметке қарсы жаппай демонстрациялар басталды. Жоғары шенді ағылшын шенеуніктеріне қарсы бірнеше террористік актілер ұйымдастырған «Ағайын-мұсылмандар» ассоциациясының ықпалы айтарлықтай күшейді.

Соғыс монархиялық режимнің әлсіздігін және шірігендігін көрсетті. Египеттік солдаттар майданда жарамсыз қару-жарақ алды. Бұл іс бойынша жүргізілген тергеу король Фаруктің өзінің және оның жақын айналасындағылардың айыптылығын ашты. Осы кезден бастап билеуші монархқа деген өшпенділік жалпы халықтық сипат алды. Үкімет беделі де айтарлықтай төмендеді. Жалпы халықтық наразылықты жұмсартуға тырысқан король 1949 жылы шілдеде коалициялық үкіметті (Вафдтың қатысуымен) тағайындады, бірақ ол бірнеше айдан кейін келісімнің болмауы себепті таратылды.

1950 жылы қаңтарда Египетте Вафд партиясына жеңіс әкелген парламент сайлауы өткізіледі. Партия жетекшісі Мустафа Наххас кабинетті жасақтады. Сайлаудан кейін басты мазмұны тәуелсіздікті талап еткен жаңа демократиялық қозғалыс өрлейді. Алайда вафдистер үкіметі елдің Англия үстемдігінен азат етілуі келіссөздер арқылы жүзеге асуы тиіс деп есептейді. 16 айға созылған келіссөздер сәтсіз аяқталады; оған қоса Судан мәселесі де шиеленісіп кетеді. 1951 жылы қазан айында Судан Египеттің бөлінбейтін бөлігі деп жарияланып, ал Египет королі «Египет және Судан королі» титулын алады. Англия Суэц каналы ауданына жаңа әскерлерді енгізумен жауап береді.

Әлеуметтік қайшылықтардың күшеюі және вафд үкіметінің отставкаға кетуіне байланысты билеуші топтың дағдарысы жағдайында 1952 жылы 22 шілдеден 23 шілдеге қараған түні құпия ұйым «Еркін офицерлер» Каирде билікті жаулап алады. Бұл бас көтеру формасы жағынан қарапайым мемлекеттік төңкерісті еске түсіретін еді. Фаруктің биліктен алыстатылуынан кейін елдегі билік басында генерал Мұхаммед Нагиб және Гамаль Абдель-Насер болған, құрамы офицерлік ұйым мүшелерінен тұрған революциялық басқару Кеңесінің қолына көшеді. Египет республика деп жарияланады. Жаңа режим басшылары арасында одан арғы саяси бағыт туралы мәселе бойынша күрес жүреді. Революциялық басшылық Кеңесінің қызметкерлерінің генерал Нагиб бастаған бір бөлігі революцияның одан әрі жалғастырылуына қарсы болып, АҚШ-на бағыт ұстанды және Египетте капиталистік тәртіптің нығайтылуын қалады. Революциялық басшылық Кеңесінің көпшілігі Египеттің саяси тәуелсіздігі және экономикалық дербестілігі үшін революцияның тереңдетілуін талап етті.

1954 жылы Революциялық басшылық Кеңесінің төрағасы қызметінде Нагибті алмастырған Г.А.Насер бастаған революциялық топ жеңіске жетеді. 1953 жылы саяси партиялар таратылғаннан кейін үкіметке қарсы белсенді қызмет жүргізген экстремистік діни-саяси ұйым «Ағайын-мұсылмандар» қызметіне тиым салынады. Алғашқы апталарда саяси полицияны жою туралы заң шығарылды, мемлекеттік аппаратты сыбайластық элементтерінен тазарту туралы заң қабылданды, түріктер үстемділігі кезінен сақталған «паша» және «би» титулдары жойылды. Неғұрлым маңызды шара 1952 жылы 9 қыркүйекте аграрлық реформа туралы заңның қабылдануы болды. Бұл барлық Арабтық Шығыстағы феодалдық қатынастар қалдықтарының жойылуына бастама болған реформа болды. Жериеленудің жоғары шегі 200 феддан (1 феддан — 0,42 га) деп орнатылды, арендалық төлемді айтарлықтай қысқарту қарастырылды. 1953 жылы 17 қаңтарда контрреволюция қаупін жою үшін саяси партияларды тарату және олардың барлық мүлкін тәркілеу туралы жарияланады. Оның орнына жалғыз ресми саяи бірлестік — жаңа режимнің тірегі болуға тиіс Азат ету ұйымы құрылады.

Египет үкіметі сыртқы саясатындағы ең маңызды мәселелердің бірін шешуге қол жеткізеді. 1953 жылы 12 ақпанда Каирде Суданға өзін-өзі анықтау құқығы берілген ағылшын-египет келісіміне қол қойылды.

1953 жылдың ортасынан бастап жаңа режим жетекшілері арасындағы келіспеушіліктер айқын көріне бастайды. Нагиб бастаған буржуазиялық-либеральдық бағыт өкілдері революцияны аяқталды деп есептейді. Насер сияқты саяси ықпалға ие болмаған Нагиб Вафд партиясына және «Ағайын-мұсылмандар» ассоциациясына арқа сүйейді. «Еркін офицерлердің» басым бөлігі Насерді қолдады. 1954 жылдын бастап Насер революциялық басқару Кеңесін басқарды, ал 1956 жылы ел президенті болып тағайындалды.

Насер үкіметінің сыртқы саясаттағы алғашқы жетістіктерінің бірі 1954 жылы 19 қазанда 20 ай мерзім ішінде ағылшын әскерлерін эвакуациялау туралы ағылшын-египет келісімінің жасалуы болды. Ағылшын әскерлерінің шығарылуы 1956 жылы 13 маусымда аяқталды, бұл Египетті 74-жылдық ағылшындық оккупациялауға нүкте қойды. Алайда Насер үкіметінің неғұрлым маңызды әрекеттерінің бірі 1956 жылы Суэц каналын ұлттандыру болып табылады.

1956 жылы маусымда Египеттің жаңа конституциясы қабылданады. Конституция преамбуласында Египет халқының империализм мен феодализмге қарсы күрестегі шешімділігі туралы айтылды. Конституцияның бірінші тарауы Египетті демократиялық республика, ал Египет халқын — араб ұлтының бір бөлігі деп жариялады. Мемлекет басшысы — республика президенті. Заң шығару қызметі елде жасырын дауыс беру жолымен бес жыл мерзімге сайланатын Ұлттық жиналысқа тиесілі болды. Ұлттық жиналыс атқарушы билік қызметін бақылауды жүзеге асырады, мемлекеттік бюджетті бекітеді.

Насер үкіметінің сыртқы саясаттағы қол жеткізген жетістік- терінің бірі 1954 жылы 19 қазанда ағылшын әскерлерін 20 ай ішінде эвакуациялау туралы ағылшын-египет келісіміне қол қойылуы болды. Ағылшын әскерлерінің шығарылуы 1956 жылы 13 маусымда аяқталды.

1956 жылы шілде айында Суэц каналын ұлттандыру туралы заң жарияланады. Бұл — Египет халқының азаттық күресінің ірі жеңістерінің бірі болды. 1956 жылдан кейін Насер араб әлеміндегі танымал саяси жетекшілердің бірі болды. Египет «арабтарды біріктіру» бойынша орталыққа айналады. 1958 жылы жаппай сыртқы жағдайлардың ықпалымен Сирия Египетке бірігуді ұсынады. Біріккен Араб Республикасын құру туралы Декларацияға сәйкес жаңа мемлекеттік құрылымның негізі египеттік басқару жүйесі болды. Өтпелі кезең дәуірінде республика екі ауданнан — солтүстік (Сирия) және оңтүстік (Египет) — тұруға тиіс болды. Біріккен Араб Республикасының астанасы — Каир, ал президенті — Гамаль Абдель Насер болды. 1958 жылы наурызда Египет пен Сирия БАР-ның аудандары деп жарияланған БАР-ның Уақытша конституциясы жарияланады.

Алайда Египет пен Сирия арасындағы одақ ұзақ өмір сүрмеді. Тез қарқынмен өскен оппозиция 1961 жылы қыркүйектегі Сирия әскерінің бас көтерулерін Сирияның БАР-нан шығуын жариялау үшін пайдаланды. Осы оқиғалардан кейін БАР-сы өз атауын, туы мен әнұранын сақтайды. 1972 жылдан бастап ел Египет Араб Республикасы деп атала бастайды.

1960 жылы Египет үкіметі кең көлемді ұлттандыруды жүзеге асырады. 1962 жылы қазанда президент Насердің Араб социалистік одағын құру туралы декреті шығады. 1961-1964 ж.ж. ұлттандыру туралы декретке сәйкес мемлекет меншігіне өнеркәсіп өндірісінің, несие-банк жүйесінің 85% негізгі құрылғылары, барлық транспорт көшті. Бұдан басқа, жаңа аграрлық заң енгізілді, оған сәйкес жериелену минимумы 200-ден 100 федданға төмендетілді (1969 жылы 50 федданға дейін).

Сонымен қатар еңбекшілер өмірін жақсартқан заңдар шығарылды: 42 сағаттық жұмыс аптасы орнатылды, жұмысшыларға алғаш рет жыл сайынғы ақылы демалыс және зейнетақы берілді, пәтер ақысы және емделуге төленетін төлем төмендетілді, барлық сатыларында да оқуға ақы төлеу жойылды. Кейінгі жылдары әлеуметтік сақтандыру жүйесі айтарлықтай жақсарды.

1961 жылы қараша айында реформаларға қарсы болған ескі Ұлттық жиналыс және Ұлттық одақ таратылды. 1962 жылы халық күштерінің Ұлттық конгресі шақырылып, ол экономикалық және әлеуметтік реформалардың және саяси бағдарламалардың жақын арадағы 10 жылдық теориялық негіздемесі — Ұлттық хартияны қабылдады. 1962 жылы қазан айында президент Насердің елдегі жалғыз саяси ұйым — Араб социалистік одағын (АСО) құру туралы декреті шықты. АСО-на барлық ерік білдірген адамдар қабылданды, нәтижесінде оның мүшелерінің саны 6 млн.адамға жетті.

1964 жылы Египетте төтенше заңдар жойылды, түрмелер мен концлагерлерден саяси тұтқындар, оның ішінде коммунистер босатылды. Диктатурамен байланысты өтпелі кезеңнің аяқтал- ғандығы туралы жарияланды.

1964 жылы күшіне енген жаңа конституция Египетті демократиялық социалистік мемлекет деп жариялады. Египеттің айқын сыртқы саяси, әсіресе ішкі араб әлеміндегі жетістіктеріне, және елдің өзіндегі әлеуметтік-экономикалық артта қалушылықты жоюдағы алға басушылықтарға қарамастан, 1960 жылдардың екінші жартысында ел қиын экономикалық жағдайда қалды. Бұл өсу қарқынының төмендігінен, ел тұрғындарының негізгі бөлігінің өмір сүру деңгейінің төмендігінен, инфляцияның өсуінен, қалада, сондай- ақ ауылда да жұмыссыздар санының артуынан көрініс тапты. Бұл бірқатар себептермен, оның ішінде экономикада мемлекеттік сектордың шектен тыс артуымен, еңбекшілердің басқарудан аластатылуымен, бюрократиялық буржуазия ықпалының өсуімен түсіндірілді.

1967 жылы көктемде Таяу Шығыс аймағындағы саяси жағдай күрт шиеленісті. Палестинаны Азат ету Ұйымының жетістіктеріне алаңдаушылық танытқан Израиль шілде айында Египет аэродромдарына бірнеше шабуылдар жасады. «Алты күндік соғыс» барысында израильдықтар Египетке тиесілі Синай түбегін, Газа секторын, Иордан өзенінің батыс жағалауын, Иерусалимнің шығыс бөлігін, Сирияның оңтүстігіндегі Голан жоталарын оккупациялады.

№242 БҰҰ резолюциясы израиль әскерлерінің соғыс кезінде басып алынған жерлерден шығарылуын талап етті. Алайда Израиль мұны орындаудан бас тартты.

Насер бұл араб-израиль соғысындағы жеңіліске барлық жауапкершілікті өз мойнына алды және өзінің отставкаға кететіндігі туралы мәлімдеді. Бірақ сол күндері Египетте өткен жаппай демонстарциялар Насердің тек Египетте ғана емес, барлық араб әлеміндегі жеке дара көсем екендігін көрсетті.

Реформалардың одан арғы даму стратегиясы мемлекеттік қайраткердің өліміне байланысты жалғасын тапқан жоқ. 1970 жылы 28 қыркүйекте Г.А.Насердің өлімінен кейін президент қызметін иеленген Анвар Садат алғашқыда біртіндеп, ал кейіннен толығымен Насер саясатынан бас тартады. Насер жақтастары мемлекеттік аппараттан аластатылды, мемлекеттік сектордың айтарлықтай бөлігін қайта ұлттандыру жүрді, жеке кәсіпкерлікті және шетелдік инвестицияны дамыту үшін қолайлы жағдай жасалды.

1973 жылы күзде Садат басшылығымен «алты күндік соғыс» кезінде Израильмен басып алынған араб территорияларын қайтаруды қамтамасыз етуі тиіс болған ІІІ араб-израиль соғысы басталды. Египет және сириялық армияның соғыстың бастапқы кезіндегі жетістіктеріне қарамастан, арабтарға өз жеңістерін дамыту мүмкін болмады: көп ұзамай израильдықтар қарсы шабуылға шықты және бұл соғыста да жеңіске жетті. Алайда бұл соғыс арабтардың бірігушілігін және біріккен әрекеттерін көрсетті.

1974 жылы 18 сәуірде президент Садат «Қазан құжатын» жариялап, онда «ашық есік» («инфитах») саясатының негізгі принциптері жария етілді, бұл жергілікті буржуазияны нығайту және шетелдік капиталға, бірінші кезекте АҚШ капиталына еркіндік беру жолымен нарықтық шаруашылыққа көшуді білдірді. «Инфитах» негізінен американдық инвестициялардың мұнай, банк ісі және тұрғын үй құрылысы салаларына ағылып, елдің экономикалық өмірін жандандырғанымен, «экономикалық керемет» орындалған жоқ. Оған қоса, жаңа экономикалық саясат дағдарысы 1970 ж.ж. соңында жұмысшылардың жаппай ереуіліне алып келді.

Египеттің сыртқы саясатында да күрделі өзгерістер жүреді. Одақтастардың ауысуы және американдық бағыт Садатты Израильмен келісім жасауға итермелейді. 1975 жылы бұл келісімдер Синай түбегінің үлкен бөлігі Египетке Израильмен бейбіт келісім жасауға уәде берген жағдайда келісімнің жасалуына алып келеді. АҚШ президенті Картердің ықпалымен келісімнің негізгі ережелері 1978 жылы Кэмп-Дэвидте келісілді. Келісімге соңғы нұсқасында 1979 жылы наурызда қол қойылды.

Араб елдері Садаттың бұл саяси ісіне қарсылық білдіреді. Египетпен дипломатиялық қатынастар үзіліп, АЕЛ ұйымына мүшелігі тоқтатылып, Египет ОПЕК құрамынан шығарылады.

Ішкі саясат саласында да өзгерістер жүрді. 1976 жылы Садат АСО-да қайта құрулар жүргізді, ол үш партияға бөлінді: Либеральдық-социалистік (ЛСП), Ұлттық-прогрессивтік (ҰПП) және Араб социалистік (АСП). ЛСП жеке сектордың дамуына шексіз еркіндік беруді жақтады, бірақ шетелдік капитал пайдасына ұлттық буржуазия мүдделерін шектегені үшін үкіметті сынға алды. ҰПП Насер бағытын жалғастыруды қолдады. АСП үкіметтік партия бола және жан-жақты қолдау ала отырып, 1976 жылы парламент сайлауында жеңіске жетті.

Көппартиялық жүйені құру бойынша бұл шаралар формальды сипат алды және мүмкін боларлық әлеуметтік қақтығыстардың алдын алуға бағытталды. 1970 жылдардың соңында Садат қабылдаған және

«демократиялық сынақ» атауын алған партиялар мен саяси ұйымдардың жаңа құрылысы жеңіліске ұшырады. Бұл шаралар шиеленістің күшеюіне алып келеді: 1981 жылы қазанда әскери шеру кезінде мұсылман экстремистер Садатты өлтіреді.

Египет Араб Республикасының жаңа президенті Хосни Мубарак болады. Ол да Садаттың саясатын жалғастырады. Экстремистік мұсылман ұйымдарына бақылау орнатылды. Ішкі саяси өмір жанданды. Елде сайлау өткізілді, онда көпшілік дауысты Ұлттық- демократиялық партия және Жаңа Вафд алғанымен, солшыл партиялардың да ықпалы күшейді.

1987 жылдан бастап араб елдерімен қатынастарының жақсару кезеңі басталады. Египеттің Араб елдері лигасына мүшелігі қалпына келтіріледі. КСРО-мен де қатынастары жақсарды.

Авторлық сілтеме:
Азия және Африка елдерінің қазіргі заман тарихы (ХХ ғ. екінші жартысы — ХХІ ғ. басы): Оқу–әдістемелік құрал / Б.М. Мырзабаева — Орал: М.Өтемісов атындағы БҚМУ Баспа орталығы, 2013. — 340 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *