Жоспары:

  1. Король Мұхаммед Захир-шах билігіндегі Ауғанстан.
  2. Мұхаммед Дауд кезіндегі Республика (1973-1978 ж.ж.).
  3. 1978 жылғы сәуірдегі революция және азамат соғысы.
  4. Ауғанстанға Кеңес әскерлерінің ену салдарлары.
  5. 1990 ж.ж. Ауғанстан.

Соғыс жылдары және соғыстан кейінгі кезең ішкі саяси жағдайдың шиеленісуі және 1946 жылы кабинеттің ауысуы жүрді. Мұхаммед Захир-шах 1933 жылы ауған королі болады. Ол модернизация қажеттіліктерін түсінген білімді адам болды. Аймақтағы мемлекеттердің ішкі істеріне араласпады. Мұхаммед Захир-шах елді шектеулі табиғат ресурстарымен және халықтың күрделі этникалық құрамымен басқарды. Оның жартысын өркөкірек және жауынгер халық, өзінің ата-бабаларының дәстүрімен өмір сүретін (кодекс пуштун-вали) және тайпалық топтың иерархиясын қатаң ұстанатын пуштундар құрады. Оңтүстік-Шығыс Ауғанстанның шекаралас аймақтарында әкімшілік билік толығымен көсемдерге тиесілі болған тайпалық аудандарда тұрды. Король еңбек сүйгіш таулықтармен санасуға мәжбүр болды, себебі контрабанда тайпа қызметінің басты экономикалық түрі болғандықтан кеден, жер салықтары аз мөлшерде жиналды.

Пуштун тайпаларының ішінен екі тайпалық топты: дуррани және гильзаи  — бөліп көрсетуге болады. Дуррани ұзақ уақыт бойы елде үстемдік етті, олар король отбасының айналасына шоғырланды.

Ауғанстан ұзақ уақыт бойы Синд және Белуджистанға дейін біртұтас пуштун мемлекетін құру идеясын ұстанады, бірақ Пакістан бұл идеядан бас тартады. Ұзақ уақыт бойы екі ел арасында қарама- қайшылықты қатынастар сақталады. Пакістан тіпті Ауғанстанға экономикалық байкот жариялайды.

Осы кезеңде КСРО мен Ауғанстан достық қатынас орнатады; сонымен қатар Ауғанстан кеңестік көмек алған дүние жүзіндегі тұңғыш коммунистік ел болды (1953 ж.).

Ауғанстан Франция, ҚХР көмек көрсетіп, елде немістермен, жапондықтармен, үнділіктермен біріккен өнеркәсіп орындары ашылады.

1959 жылы міндетті паранджа кию жойылады, 1960 жылы әйел адамдар мемлекеттік қызметке араласа бастайды.

Біртіндеп денсаулық саласы дамиды, білім жүйесі кеңейтіледі, Кабулда сабақтар батыстық бағдарламалармен жүргізілген (неміс лицейі, Француз лицейі) мектептер ашылады.

1964 жылы Ауғанстанда жаңа конституция қабылданады: ол парламентке заң шығару, ал корольге  — оларды бекіту құқығын береді. Парламент екі палатадан тұрды: төменгі  — Халықтық Кеңес және жоғарғы  — Сенат. 1965 жылы парламент саяси партиялар туралы заң шығарады; король оны бекітпесе де партиялар пайда бола бастайды.

Алғашқылардың бірі болып 1965 жылы Халықтық- демократиялық партия құрылады. Ол «Хальк» және «Парчам» газеттерінің төңірегіне шоғырланған марксистік үйірмелер негізінде құрылады. Оның мүшелері қоғам элитасы  — король әкімшілігінің қызметкерлері, офицерлер, интеллигенция болды. Партия бірден екі фракцияға бөлінеді: «Хальк» және «Парчам». Оның біріншісі неғұрлым радикальды деп есептеледі, оның негізін жетекшілері Нұр Мұхаммед Тараки және Хафизулла Амин болған пуштундар құрады.

«Парчам» фракциясына негізінен тәжіктер және басқа да солтүстік халықтар кірді, оның жетекшісі болып Бабрак Кармаль тағайындалды. Екі фракция да бір-біріне қарама-қайшы қызмет етті.

1965 жылы баспасөз туралы заң қабылданады; елде жеке газеттер мен журналдар шыға бастайды.

1960 жылдың аяғынан бастап Ауғанстанда модернизацияға қарсы болған алғашқы белгілер пайда бола бастайды. «Ағайын мұсылмандар» ұйымы пайда болады, өкілдері Гульбеддин Хекматиар және Бурхануддин Раббани болды.

1970-1971 ж.ж. елде қуаңшылық болды, эпидемия орын алады. 1973 жылы әскери төңкеріс нәтижесінде король құлатылады (Европа елдеріне турне кезінде). Монархия жойылады, президент болып корольдің немере інісі Мұхаммед Дауд тағайындалады.

Халықтық-демократиялық партияның екі фракциясының жетекшілері М.Даудтың билікке келуіне көмектесті. Халықты әлеуметтік қорғауға негізделген шаралар жүргізген, 7,5 сағаттық жұмыс күні енгізіледі, мемлекеттік сектордағы жұмысшылардың еңбекақылары 2,5 есе өсті, демалыс, зейнетақы, әлеуметтік қорғау енгізіледі.

1974 жылы жеке банктерді және сыртқы сауданы ұлттандыру туралы жарияланады. 1975 жылғы аграрлық реформа туралы шешім шаруаларға мемлекеттік қордан жер бөлуді қарастырады.

Сауатсыздықты жою бойынша мемлекеттік басқарудың құрылуы маңызды саяси қадам болды. Мемлекет білім жүйесін толығымен өз бақылауына    алады, барлық мектептер мен оқу орындары ағарту министрлігінің бақылауына беріледі.

Алайда мұндай реформаға қарсы реакция 1975 жылы елдің Шығысындағы көтеріліс болды. Көтерілген қарсылықтарға М.Дауд үкіметі режимнің қатаңдандырылуымен жауап береді. Көп ұзамай ХДП-мен шиеленіс басталады. Біртіндеп ХДП-ның барлық министрлері үкіметтен шығарылады.

1977 жылдың басында жаңа конституция қабылданады, оған сәйкес М.Дауд өмірлік президент деп жарияланады.

Алайда М.Дауд ХДП-мен байланысты болған офицерлер шоғырланған армияны толық бақылауында ұстап тұра алмайды. 1977 жылы шілдеде «Хальк» және «Парчам» қайтадан біртұтас партияға бірігеді және М.Дауд режимін құлатуды мақсат етіп қояды.

1978 жылы 27 сәуірде әскери-әуе күштерінің қолбасшысы полковник Абдул Кадыр билікті басып алып, М.Даудты биліктен шеттетеді. М.Дауд өлтіріледі. ХДП жетекшілері түрмеден босатылады. Ауғанстанның жоғарғы билік органы деп жарияланған Революциялық Кеңес құрылады. Оны Н.М.Тараки басқарып, бірінші орынбасары Б.Кармаль болды. Х.Амин сыртқы істер министрі және қауіпсіздік қызметінің бастығы, А.Кадыр  — қорғаныс министрі болды. 1978 жылы сәуірде Ауғанстан Демократиялық Республикасы жарияланады.

Ауғанстан халқының басым көпшілігі оқиғаларды төңкеріс, биліктің бір тайпадан (дуррани) екінші тайпаға (гильзаи) өтуі ретінде қабылдады. Бірден әкімшіліктегі «табысты орындарды» бөлу басталады.

1979 жылы 27 желтоқсанда Ауғанстанға кеңес әскерлері енгізіледі, Х.Амин өлтіріледі, Революциялық Кеңестің басына Б.Кармаль тағайындалады.

Алғашқы күндерден бастап-ақ түрмеден Х.Амин кезінде қамалған мыңдаған адамдар босатылады, ал кеңес әскерлерінің 2/3 бөлігі Ауғанстанның оңтүстік-батысына орналасады. Ауғанстандағы кеңестік әрекеттер «Ислам конференциясы» ұйымы тарапынан қатаң сыналады. АҚШ Пакістанға және Ауғанстанның өзіндегі оппозициялық күштерге көмек көрсетеді. Саяси жағдай «Хальк» және «Парчам» фракциясы арасындағы қайшылыққа байланысты шиеленіседі. ХДП-ның қарсыластары  — «моджахедтер» ел территориясының үлкен бөлігін бақылап отырды. 1982 жылы БҰҰ- ның Ауғанстан істеріне араласу әрекеттері еш нәтиже бермейді.

Бұл 1985 жылы сәуірде КП ОК-нің бас хатшысы болып сайланған М.С.Горбачев бастаған КСРО жетекшілерінің бағытын өзгертуге алып келеді. Алғаш рет бұл 1985 жылы қарашада Б.Кармальдың «10 тезисі» пайда болған кезде белгілі болды.

1986 жылы мамырда Б.Кармальды Мұхаммед Наджибулла алмастырады. Мұхаммед Наджибулла  — пуштун. Оның жүргізген саясаты сәтті болды: ол жекелеген командирлермен соғысты тоқтату туралы келісімге келеді. 1987 жылы ХДП тарапынан соғысты тоқтату туралы жарияланады, КСРО өз кезегінде әскерлерін шығаратындығы туралы мәлімдейді.

1991 жылдың кыркүйегінде кеңес-американ мәлімдемесі жасалады: ол бойынша 1992 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қарама-қайшы жақтарға қолдау көрсету тоқтатылады. Бұл Мұхаммед Наджибулла режимі үшін жаңа жағдай қалыптастырады. Ауғанстан БҰҰ-нан көмек сұрайды.

1992 жылы көктемде БҰҰ ауғандық реттеу жоспарын ұсынады: Мұхаммед Наджибулла үкіметінің отставкаға кету, бейтарап кабинеттің қалыптасу (еркін сайлау өткізуді қамтамасыз ету үшін) мәселелері қарастырылады. Бірақ моджахедтер көп ұзатпай билікті толығымен соларға беруді талап етеді. 1992 жылы 20 сәуірде Наджибулла Ауғанстаннан кетуге шешім қабылдайды.

Астанадағы билікті сыртқы істер министрі Абдул Вакиль алады. 28 сәуірде Ауғанстан астанасына моджахедтер отряды кіреді. Билікті ХДП режиміне қарсы барлық топ өкілдері кірген Джихад Кеңесі алады. Ел атауы Ауғанстан Ислам мемлекеті деп өзгертіледі. Барлық светтік заңдар жойылады.

1992 жылдың 28 маусымынан бастап Ауғанстанның уақытша президенті Б.Раббани болды. Әрбір 6 ай сайын жетекшіні алмастыру туралы келісім жасалады, бірақ Раббани билікті өз қолынан шығарғысы келмейтіндігін көрсетеді. Бұл ескі қарама- қайшылықтардың шиеленісуіне алып келеді. 1992 жылы тамызда моджахедтер отрядтары арасында әскери қимылдар басталады.

1992 жылы 30 желтоқсанда келісім жасалады: Б.Раббани (ұлты бойынша тәжік) президент болып екі жылға қалады, Г.Хекматиар премьер-министр болып тағайындалады. 1993 жылы 10 қаңтарда парламент шақырылады. Алайда әскери қимылдар тоқтатылмайды. 1993 жылғы наурыздағы оқ атуды тоқтату туралы Исламабадтағы келісім де көмектеспейді.

1994 жылдың қыркүйегінен күреске жаңа саяси күш  — Талибан қозғалысы қосылады. Оның жетекшісі молда Мұхаммед Омар азаматтық соғысты тоқтатып, Ауғанстанда исламдық тәртіпті орнататындығы жөнінде мәлімдейді. Талибан қозғалысының басты күші пуштундар және жазықтық тәжіктер болды. Талибтер алдымен Кандагарды басып алады, содан кейін елдің басқа да аудандарына да қозғалады.

Біртіндеп негізгі күрес талиб күштері мен Б.Раббаниді қолдаушы әскерлер арасында жүреді. Талибтер Джелалабадты алады, ал кейін 1996 жылы қыркүйекте Кабулға кіріп, Ауғанстан Ислам Әмірлігі деп жарияланады.

Талибтер ауған қоғамын исламдандырудың қатаң шараларын қолданады. 1997 жылы Кабул универститетінің оқытушыларының 70%-ы жұмыстан шығарылады, 9 жастан кейін қыздарға оқуға тиым салынады; темекі тартуға, карта ойнауға, билеу, ән айту, кино және теледидарға тиым салынады, ұзын шаш қоюға рұқсат етілмейді.

1998 жылы күзде талибтер Ауғанстан территориясының 90%-н астамын бақылап отырды.

2002 жылы маусымда бүкіл ауғанстандық Лой Джирга шақырылады, Ауғанстан президенті болып Хамид Карзай (пуштун) тағайындалады.

2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактіден кейін халықаралық террорист Усама бен Ладен талибтік Ауғанстаннан өзіне қорған табады. Бұл АҚШ-ның Ауғанстанға енуі үшін сылтау табады.

Талибтер режимінің құлауынан кейін қазіргі Ауғанстан Республикасы жарияланды. 2001 жылы желтоқсанда ауған саяси қайраткерлерінің Бонн конференциясында Хамид Карзай Ауғанстанның өтпелі әкімшіліктің басына қойылды. 2002 жылы маусымда Лойя джирга (Ауғанстанның барлық халықтарының, тайпаларының және топтарының көсемдері кірген Жоғары Кеңес) оны елдің уақытша президенті етіп тағайындады. 2004 жылы жаңа Конституция қабылданды және алғашқы президенттік сайлау өткізілді, онда Хамид Карзай жеңіске жетті.

2009 жылы 20 тамызда елде кезекті президенттік сайлау өтіп, онда да президент Хамид Карзай жеңіске жетеді. Бірақ соған қарамастан, елде бұрынғысынша азаматтық соғыс жалғасуда.

Авторлық сілтеме:
Азия және Африка елдерінің қазіргі заман тарихы (ХХ ғ. екінші жартысы — ХХІ ғ. басы): Оқу–әдістемелік құрал / Б.М. Мырзабаева — Орал: М.Өтемісов атындағы БҚМУ Баспа орталығы, 2013. — 340 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *