Халықтардың (этностардың) өткені мен қазіргі жағдайын зерттеумен көптеген ғылымдар айналысады: археология, тарих, география, философия жəне т.б. Сонымен қатар басты міндеті дүниежүзі халықтарына тəн белгілерді зерттеу болып табылатын арнайы пəн бар. Түрлі елдерде ол əрқалай аталады. Оны кейде этнология, кейде халықтану деп атайды. Бізде бұл пəн этнография деп аталады, ежелгі грек тілінен аударғанда «халықтарды сипаттау» (ethnos – «халық», grapho – «жазамын») дегенді білдіреді.

Этнос – адамдардың бірқатар белгілерге ие (аумағының тұтастығы, ортақ тіл негізіндегі мəдениеті, шаруашылықтұрмыстық ерекшеліктері, сонымен қатар өздері сияқты басқа да топтардан өзінің айырмашылығы мен бірлігін сезінуі, яғни өзіндік сана сезімі) тарихи қалыптасқан əлеуметтік топтасу түрі.

Анықтаманың бірде-бір компоненті берілген халықты кез келген басқа халықтан айыратын тұрақты белгі болып табылмайтынын атап айту керек. Бір жағдайларда басты рөлді тіл атқарса, басқа жағдайда аумақ, үшінші жағдайда діндер маңызды рөл атқаруы мүмкін. Барлық жағдайларға қолданылатын ең болмаса бір этнодифференциялаушы белгіні анықтау талпыныстары сəтсіздікке ұшырауы кездейсоқ емес.

Этностар – адамдардың тарихи қалыптасқан əлеуметтік топтары. Біздің этнографияда этностар қалыптасуының үш сатысын бөліп қарастырады (сатылық, уақыттық типтер).

Тайпа – homo sapiens түрінің пайда болуымен қатар қалыптасты. Негізі – туыстық байланыстар. Кейіннен олар аумақтық белгілермен алмасып, тайпалар одақтары қалыптасады, осы одақтардың негізінде тұрақсыз этностар қалыптасады. Бұл категория тарихи болып табылады жəне мысал ретінде эвенктерді, ненецтерді, нанайларды атауға болады, себебі олар тайпалық қауымдастық сатысында болған, сонымен қатар бұрынғы бірқатар отарлы елдердің халқын атауға болады. Бірақ, мысалы, австралиялық аборигендерде еуропалықтар келгенге дейін өз тілдері (диалектілері) бар 500-ге жуық тайпалар болған, бушмендер – Калахари шөлінің тұрғындары – 20-дан астам тайпаларды құрайды, сонымен қатар готтентоттар бушмендермен қосылып кіші нəсілді құрайды. Əрине, олар тайпалар одақтарын құрайды (готтентоттар – 130 мың). Л. Н. Гумилев бойынша бұлар – этногенездің түрлі сатысындағы этностар.

Ұлыс – этностың келесі тарихи сатысы. Тайпа мен ұлт арасындағы аралық саты.

Ұлт – этникалық қауымдастықтың жоғарғы формасы, мəдениет дамуының дəрежесімен сипатталады: дамыған əдеби тіл, жазу жəне т.б. Ұлыстардың барлығы бірдей ұлт бола алмайды, халықтың белгілі бір саны болуы керек деген пікір бар (қанша?). Белгілер анық айқындалмаған, себебі этнос үнемі даму жəне өзгеру үдерісінде болады. Мысалы, ағылшын ұлты XVI ғасырда, орыс ұлты – XVII-XVIII ғғ., неміс ұлты – ХІХ ғасырда қалыптасты деп есептеледі.

Көп жағдайда «ұлт», «ұлыс» сөздері «этнос», «халық» сөздерінің синонимдері ретінде қолданылады. Осындай этнос-халықтардың саны Жер шарында төрт мыңға жуық. Олардың көпшілігінің халық саны аз, кейбір этностар бір мың адамға да жетпейді. Сонымен қатар, этнографғалымдардың есептеуі бойынша əрқайсысының халқы 100 млн. адамнан асатын он ұлт Жер шары халқының 50%-н құрайды.

Кему ретімен атап өтсек, қытайлар – хань (Қытай халқы 50- ден аса ұлттар мен ұлыстардан тұрады, хань Қытай халқының 94%-н құрайды, басқалары – чжуандар, ұйғырлар, тибеттіктер, мяо, хуэй жəне т.б.); үндістандықтар (Үндістанда барлығы 1500- ге жуық ұлыстар бар); АҚШ американдықтары; бенгалдықтар (Бангладеш пен Үндістанның Батыс Бенгалия штатының негізгі халқы); орыстар; бразилиялықтар; жапондар (өзіндік атауы – нихондзин); пенджабтар немесе панджабтар (негізінен үнді штаты Пенджабтың тұрғындары); бихарлар (Үндістанның Бихар штаты, Бангладеш, Непал); мексикандықтар.

Адамзаттың дамуы барысында этникалық бөліну үдерістері этникалық бірлесу үдерістерімен алмасып отырды. Бірлесу үдерістері мемлекеттердің пайда болуына байланысты қарқынды дамыды. Мамандар этникалық бірлесудің екі түрін ажыратады – консолидация жəне ассимиляция.

Консолидация – туыстас этностардың бірлесу жəне одан ірі этностар қалыптасуының үдерісі. Осылайша, туыстас славян тайпаларынан орыс, украин жəне белорус ұлттары қалыптасты.

Ассимиляция – ірі жəне дамыған этностың салыстырмалы түрде кіші этносты қосып алуы. Ассимиляция ерікті жəне еріксіз болады. Мысал ретінде революцияға дейінгі Ресейді айтуға болады: патша өкіметі басқа ұлттар мен ұлыстарды зорлап орыстандырды. Бұл орыс тілін, православ дінін, орысша жазуды орнатуданбайқалады. КеңесОдағыкезінде, керісінше, объективті ерікті үдеріс жүрді – орыс тілін білу саны аз халықтарға əлем мəдениетінің қазынасына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Тіпті жаңа бірыңғай қауымдастық – кеңес халқының пайда болуы туралы хабарланған болатын.

Күрделі бірігу-бөліну үдерістерінің нəтижесінде этностардың көлемі бойынша түрлі типтері қалыптасты (таксономиялық деңгейлер): суперэтностар (метаэтнос), этностар, субэтностар. Мысалы: суперэтнос – славяндар, этнос – орыстар, субэтнос – казактар, поморлар, вятичтер жəне т.б. Бір қарағанда өте анық бөлу, бірақ мысалы, орыстар, украиндар, белорустар басқа да славяндарға (поляктар, словактар, болгарлар) қарағанда өзара жақын.

Аумақтың тұтастығы. Ол этнос үшін міндетті ме? Себебі этносқа диаспоралар (грек тілінен diaspora – «шашырау») – этностың басқа елдерде тұратын бөлігі де кіреді. Демек, аумақтық тұтастықты этнос пайда болуының алғышарты, оның қалыптасуына қажетті маңызды жағдай жəне тіршілік етуінің факторы ретінде шектеу қажет. Қалыптасқан этнос өз аумағын сақтап қалуы шарт емес жəне өз тарихының барысында оны ауыстыруы мүмкін. Мысалы, қалмақтар (өзіндік атауы – хальмг) төрт ғасыр бұрын Орталық Азияда өмір сүрген; венгрлер (өзіндік атауы – мадьяр) соңғы 1500 жыл ішінде төрт немесе бес қоныстану аумағын ауыстырды (олардың бірі Оралда, сол себепті тілдерінде башқұрт, ханты жəне манси тілдерімен ұқсастық бар).

Аумақтық (немесе географиялық) белгісі бойынша шекаралас аумақтарда өмір сүретін жəне ұқсас этникалық сипаттары бар халықтар топтасады. Мұндай аумақтар тарихи-этностық облыстар деп аталады. Оларға Батыс Еуропа, Солтүстік Еуропа, Шығыс Еуропа, Солтүстік Африка, Полинезия жəне т.б. жатады.

Ортақ тіл негізіндегі мəдениет. Тіл – этностың маңызды айырмашылық белгісі. Бұл ерекше дəлелдерді қажет етпейтін сияқты, дегенмен мысалы, ағылшындар мен австралиялықтар бір тілде сөйлейді. Ағылшын тілінде сонымен қатар АҚШ тұрғындары, канадалықтардың басым бөлігі, Ямайка халқы, жаңа зеландықтар, ирландықтар да сөйлейді. Бұлардың барлығы түрлі ұлттар.

Басқа мысалдар келтірсек, Швейцария халқының бір бөлігі неміс тілінде, екінші бөлігі – француз, үшіншісі – итальян тілінде, ал төртінші бөлігі мүлдем ретро-роман тілінде (жоғалып кеткен этрусктарға туыстас тайпа – ежелгі ретийлықтар сөйлеген тіл) сөйлейді; мордова халқы қазіргі кезде үш тілде сөйлейді: мокша, эрзя (ормандық жəне шалғындық), сонымен қатар халықтың үштен бір бөлігіне ана тілі болып кеткен орыс тілінде. Демек, тілдің бірдей болуы этностың міндетті белгісі болып табылмайды.

Тіл бойынша халықтарды жіктеу лингвистикалық деп аталады. Сөздік құрамы мен грамматикалық құрылымын салыстыру барысында анықталатын тілдің генеалогиясы (оның шығу тегі, арғы тілдің (ата тілдің) ортақтығы) ескеріледі. Мысалы, Ежелгі Римнің латын тілі испан, румын, француз, итальян, португал, молдаван сияқты роман тілдері (латын тілінен romanus – «римдік») тобына негіз болды. Бұл дəл осы жерлерге Рим империясының билігі таралғанына байланысты. Осы тілдер тобын сонымен қатар латын тобы деп те атайды. Ол атау Лацийді мекендеген (қазіргі Лацио – Орталық Италиядағы облыс) италиялық тайпалар латындардың атауынан шыққан.

Орыс, белорус жəне украин тілдерінде көптеген түбірлес сөздер кездеседі, ол халықтардың бір-бірін еркін түсінуіне мүмкіндік береді. Олай болса, этностардың жеке бөлінуі салыстырмалы түрде жақында болды. Орыс, чех, поляк тілдерінде де азырақ ұқсастық бар, демек туыстығы да алыстау болып табылады.

Туыстық деңгейі бойынша тілдерді тілдік жанұяларға, топтарға жəне тармақтарға біріктіреді. Тілдік жанұялардың атауында тілдің көне негізінің пайда болу ауданының атауы көрініс табады. Дүние жүзінде барлығы 2000-нан астам тілдер бар, олар 35 тілдік жанұяға біріккен. Адамзаттың жартысына жуығы Үнді-Еуропа жанұясының тілдерінде сөйлейді.

Үнді-Еуропа жанұясы құрылымының мысалы. Славян тобы: батыс славян тармағы – поляктар, чехтар, словактар; шығыс славян тармағы – орыстар, украиндар, белорустар; оңтүстік славян тармағы – болгарлар, сербтер, хорваттар жəне т.б. Балтық тобы: литвалықтар, латыштар. Герман тобы: американдықтар, ағылшындар, немістер, шведтер жəне т.б. Роман тобы: валлондар, итальяндықтар, испандықтар, румындар жəне т.б. Барлығы жанұя құрамына 11 топ кіреді. Екінші орында Қытай-тибет жанұясы, оған Жер шары халқының 20% кіреді. Семит-хамит жанұясы тілдерінде Африка жəне Азия елдерінде тұратын Жер шары халқының 5-7% сөйлейді. Осыған орай, осы үш жанұя тілдерінде Жер шары халқының 4/5 бөлігі сөйлейді.

Шаруашылық-тұрмыстық ерекшеліктері, өмір салтының этникалық сипаттары. Этностар арасында еңбек құралдарында, баспаналарында, киімінде, тағамында жəне т.б. бірқатар айырмашылықтары бар.

Тағам. Этнографтар кез келген ұлтпен танысуды оларға тəн күнделікті жəне мерекелік тамақтану салтымен танысудан бастауға кеңес береді. Себебі, ұлттық ерекшеліктер міндетті түрде тағамнан көрініс табады. Егінші халықтарда (мысалы, славяндар) мысалы, тағам мөлшерінің негізгі бөлігін егіншілік өнімдері құрайды; малшылар мен аңшыларда (мысалы, Солтүстіктің халықтары) – ет; балық аулаумен айналысатын халықтарда (мысалы, нанайлар, нивхтар, Амурдағы ульчилер) – балық, олар ихтиофагтар. Шығыс Қытай мен Жапонияда да балық маңызды тағам болып табылады. Бірақ, Жапонияда көптеген тағамдарды шикі балықтан дайындайды, ал қытайлықтар тіпті жақсылап тұздалған балықты да шикідей жемейді. Керісінше, Азиядағы монғолдар мен тибеттіктер, Африкадағы зулустар балық жемейді. Ормандары саңырауқұлақтарға толы Сібірдің тұрғылықты халықтары тек мухоморларды пайдаланады. Үнділіктер – сиыр етін, мұсылмандар – шошқа етін тағамға қоспайды. Орта Азияның барлық халықтары үшін палау, ал Кавказ халқы үшін – кəуəп ұлттық тағам түрі болып саналады. Нанды армяндар мен əзірбайжандар лаваш, ал Орта Азияда – шелпек түрінде пісіреді.

Тұрмыс. Болгарлар, мысалы, көптеген басқа халықтарға қарағанда «иə» жəне «жоқ» деген кезде бастарын мүлдем басқаша изейді; американдықтар аяғын аяғының үстіне басқаша қояды (балтырымен); ағылшындар – ағып тұрған суға жуынбайды (орыстар да солай). Тұрмыс ерекшеліктері бойынша Дон казактары украиндарға жақын, бірақ орыс тілінде сөйлейді жəне өздерін орыс деп санайды. Бір этностың адамдары бір-біріне ұқсауы барлық жағдайда шарт емес. Мысалы, латын америкасы халқының көпшілігі үш түрлі нəсіл өкілдерінен тұрады. Этностардың дамуында олардың арасындағы айқын айырмашылықтар уақыт өте келе эндогамия (өз этносының ішінде некеге тұру) нəтижесінде жойылып кетеді.

Этникалық сана сезім – этностың сенімді көрсеткіштерінің бірі, себебі осы сана сезімде адамның өз ата-тегін сезінуі, өз тайпаластарына жақындығы, туған тілі жəне туған жерімен байланысы шоғырланады.

Этностың сыртқы белгісі — өздерін атауы (самоназвание), яғни өзіндік атауы, этнонимі болып табылады. Себебі, этносқа басқа халықтар беретін аттар этнонимнен ғана емес, өзара да айтарлықтай ерекшеленеді. Мысалы, өздерін «дойч» деп атайтын этнос орыс тілінде «немец», французша – «алеман», ағылшынша – «джемен», итальянша – «тедеско», фин тілінде – «саксаляйнен», серб тілінде – «шваб» деп аталады.

Тіпті мысалға, орыстар, армяндар немесе поляктардың диаспоралары түрлі елдерде тұрып жатса да, олардың кез келгені осы өзіндік атауды қолданатын барлық топтармен белгілі бір ортақтықты сезінеді. Мысалы, біз, қазақтар, немістер, жапондар сияқты кез келген басқа ұлттардан қандай айырмашылықтармен ерекшеленетінімізді əрқашан білеміз.

Кез келген адам «Сіз кімсіз?» деген сұраққа ойланбастан, «орыс», «француз», «парсы», «масаи» деп жауап береді. Бірақ бұл жерде де айырмашылықтар болады: ата-анасы түрлі ұлттан болған адам өзін кейде бір ұлтқа, кейде екінші ұлтқа жатқызады. Расында да, мысалы, əкесі – дағыстандық кумык, шешесі – орыстанған украин отбасынан, ал ол адам өзі Мəскеуде туылып, өмір бойы сонда тұрса, оның қай ұлтқа жататынын қалай анықтауға болады? Қолданыстағы заңнама бойынша адам төлқұжатында əкесінің немесе анасының ұлтын көрсетуіне болады.

Осы мəселе бойынша орыс жазушысы, этнограф Владимир Иванович Даль былай деген: «Атауы, діні, аталарының қаны да ешбір адамды қандай да бір ұлт өкілі ете алмайды. Рух, адамның жаны – міне осы жерден оның қай ұлтқа жататынын іздеу керек. Рухтың қай ұлтқа жататынын қалай анықтауға болады? Əрине, рухтың көрінісі – ой арқылы. Кім қандай тілде ойласа, сол ұлтқа жатады. Мен орысша ойлаймын» (Дальдің анасы неміс, əкесі орыс азаматтығын алған даниялықтар болған).

Дегенмен, айта кететін жағдай, бұл формула да абсолюттік емес, бұл жерде де айырмашылықтар болады. Кейде ұлттық сана сезім ұлттық үстемдік пен ұлттық өзгешелік – ұлтшылдықтың, шовинизмнің теріс пішіндеріне ие болады. Шовинизм (француз тілінен chauvinisme – солдат, І Наполеонның басып алу саясатына табынушы Н. Шовеннің атынан шыққан) – ұлтшылдықтың аса агрессивті түрі. Қорыта келгенде, этникалық сана сезім – объективті факторлардан туындайтын екінші ретті құбылыс екенін түсіну қажет. Этностар адамдардың қалауы бойынша емес, біз қарастырған объективті тарихи үдерістердің нəтижесінде пайда болады.

Мамандардың болжамдары: этностардың өзін-өзі анықтау тенденциясы

ХХ ғасырдың қарсаңында дүниежүзінде 60 мемлекет болған. Қазір олардың саны 200-ден астам. ХХ ғасыр ұлы империялардың күйреу ғасыры болды: бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Оттоман жəне Австро-Венгрия, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін – Ұлыбритания мен Францияның отарлы империялары күйреді, соңғы болып Чехословакия Кеңестік Социалистік Респуликасы, Югославия Социалистік Федеративтік Республикасы, Кеңес Социалистік Республикалар Одағы күйреді.

Көптеген мамандардың пікірінше, қазіргі кездегі мемлекеттік шекаралар сол жерде тұрып жатқан халықтардың тілдері жəне аумақтық тепе-теңдігіне сəйкес келмейінше біртебірте өз маңыздылығын жоғалтады. Себебі, БҰҰ-ң Жарғысында бекітілген «ұлттардың өзін-өзі анықтауға, тіпті бөлініп шығуға құқылары» бар. 20-30 жылдан соң дүниежүзі елдерінің саны 50 пайызға дейін артуы мүмкін, бұл жағдайда дүниежүзінің саяси картасында 300-ден астам тəуелсіз мемлекеттер болады.

Көп сатылы басқару жүйесінің шыңында қазіргіден қуаттырақ БҰҰ немесе сол секілді жер шарындағы бейбітшілікке, қоршаған ортаны қорғауға жəне басқа да ғаламдық мəселелерге жауапты мекеме болады. Екінші сатыны Еуропалық Одақ сияқты аймақтық топтасулар құрайды. Олардың қызмет саласы – сауда, көші-қон мəселелері, ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшарттар жасау. Ғалым-мамандардың пікірі бойынша дəл осы бағытта біз дамып жатырмыз. Этникалық қауымдар уақыт өте дəстүрлі мемлекетке балама іздестіруде, өздеріне көбірек үйлесімді, түсінікті жəне олардың тарихи тəжірибесін ескеретін ұлттық құрылымдар құруға ұмтылуда. Өзін-өзі билеу тенденциясы «статус-кво» (белгілі бір кездегі белгілі бір жағдайдың кез келген күйі) жақтастарының қарсы əрекеттеріне қарамастан басым болады.

Дегенмен, басқа мамандардың пікірінше (мысалы, А.Е. Бовиннің еңбектерін қараңыз) «бөлінуге дейінгі» өзін-өзі анықтауды жүзеге асыру қазіргі адамзатты таусылмас соғыстардың аласапыранына соқтырады. Себебі, мемлекеттердің жартысынан көбінде тəуелсіздікке ұмтылатын аз санды ұлттар бар. Сол себепті қазіргі кезеңде құтқарушы келісімнің мəні келесідей болу керек: əрбір этнос максималды кең автономия шеңберінде өзін-өзі билеуге құқылы, бірақ осы этнос кіретін мемлекеттік құрылымның аумақтық тұтастығын сақтау керек. Мысал ретінде Шешенстан немесе югославиелік Косово келтіріледі.

Екі топтағы мамандар да болуы мүмкін бірқатар өзгерістерді жəне дүниежүзінің саяси картасындағы «ыстық» нүктелерді атап айтады.

Еуропа. Испаниядан ресми түрде Каталония жəне Басктер елдері шығуы мүмкін. Ұлыбританиядан – өз парламенттері болу құқығына қол жеткізген Шотландия жəне Уэльс бөлінсе, Бретань Франциядан бөлінуі мүмкін. Корсикандық сепаратистер де белсенді əрекет етуде. Бельгия Фландрия мен Валлонияға ыдырауы, Италияда Ломбардия жəне Сицилия ажырауы мүмкін болса, Саами (лопари) Норвегия, Швеция, Финляндия, Канада, Ресейдің солтүстік аудандарында өз елін құруы мүмкін. Келешекте Арктикалық поляр шеңбері Конфедерациясы пайда болуы мүмкін.

Азия. Үндістан Пенджаб пен Кашмирдің бір бөлігін жоғалтып, ал Ауғанстан үш этникалық мемлекеттік құрылымдарға бөлінуі мүмкін. Филиппин халқының көпшілігін мұсылмандар құрайтын Минданаодан айырылуы мүмкін. Қытайдан хань-қытайлардың қарсылығын жеңіп, Тибет жəне Хинган ауданы бөлінуге қабілетті, ал Ішкі Монғолия тəуелсіз Монғолияның бір бөлігіне айналуы мүмкін.

Африка. Судан екі бөлікке, ОАР – үш бөлікке (оның бірі – зулу елі) бөлінуі мүмкін. Америка. Бразилия автономды аудандарға ыдырауы мүмкін. Канадада француз тілді Квебек тəуелсіздікке ұмтылуда. Мексика төрт бөлікке бөлінуі мүмкін. Австралия төрт мемлекетке ыдырап, олардың бірін материктің солтүстігіндегі аборигендер құруы мүмкін.

Авторлық сілтеме:
Нүсіпова Г. Н. Халықтар географиясы: Оқулық. Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының қауымдастығы 5 В060900 – «География», 5 В011600 – «География» мамандығы бойынша білім алатын студенттерге ұсынылады. – Алматы: «Экономика», 2011. – 214 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *