Аумақтың табиғи-ресурстық әлеуеті — бұл белгілі бір аумақтың бірге алынған барлық табиғи ресурстары. Олар ғылыми-техникалық өрлеудің жетістіктерін есепке ала отырып, шаруашылықта пайдаланылуы мүмкін. Алайда ресурстардың жиынтығына қарағанда, «әлеует» түсінігінің мағынасы кең. Әлеует — бұл халықтың жоғары материалдық және мәдени өмір деңгейіне қол жеткізуі үшін мемлекет қолдануы мүмкін түп-нұсқаларды, мүмкіндіктерді, құралдар мен қорларды білдіреді.

Табиғи ресурстардың алуан түрлілігі, жеткілікті көлемі мен сапасы кез келген мемлекетке өз шаруашылығын тиімді дамытуға, көптеген тауарлар тізімін өндіруге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, басқа елдердің тауарынан тәуелсіз болуға мүмкіндік береді. Көптеген ресурстар таусылуға жаңын болған жағдайда, жаңартып отыратын ресурстардың болуы маңызды. Технологияның дамуы бұрындары өңделген ресурстардың қалдықтарынан қажетті элементтерді алуға мүмкіндік береді. Бұл аумақтың әлеуетін арттыруы мүмкін. Ресурстардың жаңа түрлерінің айқындалуы мемлекеттерге өзінің экономикасын жаңа тауар шығаруға қайта бейімделуге мүмкіндік береді. Бір ғана ресурстың пайдаланылуының кешенділігі де үлкен маңызға ие. Мысалы, ірі өзендер сумен қамтамасыз етуде, сондай-ақ кеме шаруашылығында, балық аулауда, гидроэлектрэнергиясын өндіруде, туризмде пайдаланылуы мүмкін. Мұндай жағдайда ресурстың құны мен бағалылығы бірнеше есе өседі.

Дүниежүзі шаруашылығының табиғи-ресурстың әлеуеті (табиғат ресурстары) алуан түрлі. Ол энергетикалық, жер және топырақ, су, орман, биологиялық (өсімдік және жануарлар әлемі), минералдық (пайдалы қазбалар), климаттың және рекреациялық ресурстарды қамтиды. Табиғи-ресурстық әлеует бірге алынған барлық ресурстардың құнымен өрнектеледі. Ол үшін алдымен ресурстың әрбір түрінің құнын анықтайды. Сонан кейін олардың әрқайсысының құнының көрсеткіштерін бір-біріне қосады. Осы аумақтағы әрбір ресурстардың қорына және осы ресурс бірлігінің бағасына қарай құны есептеледі. Табиғи ресурстың бір бірлігінің бағасы бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігінде жарияланады. Барлық сатып алушылар мен сатушылар оны мұқият қадағалап отырады.

Ресурстардың жекелеген түрлерінің құны оның мөлшері бойынша емес, одан әзірленетін өнімнің құны бойынша есептеледі. Мысалы, желдің бағасы жоқ, ал оны пайдаланып өндірген электр энергиясы ақшалай қаражаттың мөлшерімен өрнектеледі. Топырақтың құнын одан алынған өнім бағасының жиынтығы бойынша анықтауға болады. Табиғи ресурстық әлеуетті бағалау кезіндегі маңызды көрсеткіштер — табиғи ресурстардың құрамы, мөлшері және сапасы. Құрамы ресурстардың бар тізімін көрсетеді. Тізімде ресурстар қаншалықты көп болса, аумақтың әлеуеті соншалықты жоғары болады.

Мөлшері ретінде ресурстар қорының физикалық шамасы алынады (массасы, көлемі, ауданы). Сапасы ретінде құрамында пайдалы заттың болуы, қуаттылығы, калориялылығы, қолжетімділігі және т.б. алынады. Табиғи-ресурстық әлеуеттің құнын анықтауда ресурстардың әр алуан түрлерінің аумақтық үйлесімі үлкен рөл атқарады. Мысалы, темір кенінен шойынды қорытып шығару үшін кокстелген көмірдің үлкен мөлшері шығындалады. Егер де мемлекетте темір кені мен көмір кен орындары бар болса, онда оның әлеуеті басқа мемлекеттерге қарағанда жоғары болады. Металл кендерінен басқа түсті металдар өндіру үшін арзан электр энергиясы мен су көздері қажет. Сондықтан түсті металл, қоңыр көмір қорлары, өзендері бар елдер оларды өндіруде үлкен басымдықтарға ие.

Табиғи ресурстардың дүниежүзі елдері бойынша таралуы. Елдер арасында табиғи ресурстардың мөлшері бірдей емес. Тек бірқатар ірі елдерде (Ресей, АҚШ, Канада, Қытай, ОАР, Аустралия, Қазақстан) ғана олардың бай қоры бар. Іс жүзінде мемлекеттердің ешқайсысында заманауи экономика үшін қажетті барлық минералдық шикізат түрлерінің қорына бірдей ие емес, оларды импорттамай тұра алмайды. Экономикасы дамыған елдерде тауар өндірісіне көп ресурс жұмсалады. Көпшілігі шын мәнінде өз ресурстарын тауысып, оларды дүниежүзінің басқа өңірлерінен тасымалдап әкеледі.

Тауар көп өндірмейтін дамушы елдерде олардың мөлшері жеткілікті және олар табиғат байлықтарын шикізат түрінде дамыған елдерге сатады. Дүниежүзінде дамушы елдер аймағынан дамыған елдер орналасқан аймаққа қарай шикізат тасымалдау ағыны қалыптасқан.

Африка, Латын Америкасы, Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Азия елдері өз ресурстарын Солтүстік Америкаға, Батыс Еуропаға, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияға жөнелтеді. Кейбір дамыған елдер, мысалы, Канада мен Аустралия, өз шикізаттарын сатылымға шығарады. Бұл ретте сатып алушылардың шикізат жеткізіліміне тәуелділігі артып келеді.

Табиғи ресурстарды сатушы-елдерде шикізат өндіруден басқа салалар дамымай қалған. Осы себепті кейбір елдер қазіргі уақытта өздерінің табиғи-ресурстық әлеуетін барынша тиімді пайдалануға тырысады.

Табиғи-ресурстық әлеуетті пайдалану. Параграфтың басында «әлеует дегеніміз — бұл мүмкіндіктер» екені айтылды. Дүниежүзінде ресурстары мол елдер (Африка, Азия, Латын Америкасы елдері) бар, бірақ олар кедей. Табиғи байлықтары шын мәнінде мүлде жоқ елдер де бар, алайда олар ғаламшарымыздың ең қамтамасыз етілген елдерінің (Жапония) қатарына жатады. Мемлекеттердің бірінші тобы өз байлықтарына бейберекет қарайды. Үнемі табиғи қорын өндіреді және төмен бағада үлкен көлемде сыртқа сатады.

Мемлекеттердің екінші тобы ғылымның, шығармашылықтың, жаңарту мен жаңа технологиялардың арқасында табиғи ресурстардың әрбір түрін орынды пайдаланады және ұлттық байлықты еселеп отырады. Мысалы, Аустралияда ауқымды жайылым бар, онда қой өсіріледі. Қой басының саны бойынша ол дүниежүзінде бірінші орынды иеленеді. Аустралияның қой жүні бүкіл дүниежүзінде сатылады. Алайда қой етінің нарығы шектеулі, өйткені еуропалық және америкалық елдер сиыр, шошқа, құс еті мен балықты ұнататындықтан, оны тамаққа сирек пайдаланады. Қой еті мұсылман елдерінде кеңінен пайдаланылады, алайда бұл елдер қой етін ислам шариғатына сәйкес сойып, тасымалдайтын жеткізушілерден ғана сатып алады. Аустралия фермерлері мен ет өндірушілері өз өндірісін мұсылмандық «Халал» сапа стандартына қайта бағдарлап, халқы ислам дінін ұстанатын ірі мемлекеттерде өнімдерін ойдағыдай сатуда. Бұл табиғи байлықтар — шаруашылық дәстүр мен сатып алушыларға деген құрмет елдің байлығын қалай үстемелегендігінің (арттырғандығының) айқын көрінісі.

Қазіргі уақытта дүниежүзінде табиғи-ресурстық әлеуетті сақтаудың төмендегідей негізгі бағыттары қалыптасқан: — пайдалы қазбаларды өндіру технологиясын жетілдіру; — өндірілген шикізаттың барлық компоненттерін кешенді түрде қайта өңдеу, аз қалдықты және қалдықсыз технологияға біртіндеп өту; — пайдаланылатын технологиялардың материал жұмсауы мен энергия жұмсауын төмендету; — табиғи ресурстардың жекелеген түрлерін басқа материалдармен алмастыру; — қалдықтарды екінші рет өңдеп, пайдалану; — дәстүрлі емес энергия көздері мен жаңа материалдарды пайдалану; — жаңғыртылатын ресурстарды (су, орман, топырақ) қайта қалпына келтіру бойынша іс-шаралар кешенін жүргізу; — суландыру мен егін алқабын өңдеудің жаңа технологияларын енгізу; — барлық сала кәсіпорындарында тазарту ғимараттарын орнату.