Емшектегі бала түрі (типі). Басы мен тұлгасы үлкен, аяқ-қолдары қысқа болып келеді. Денесінің орталық нүктесі кіндік аймағында немесе кішкене жоғары орналасады. Қолы, денесінің қапталында созылып жатады. Бірақ, тек, шап қыртысының ортасына ғана жетеді. Мойыны қысқа және беттің төменгі бөлігінің артында жатады. Иықтың, білектің, санның, сирақтың шеңберлері өзара өте жақын, яғни қилымдар тәріздес, болып келеді. Санында 2-3 көлденең қыртыс байқалады. Аяқ және қол бастары томпиған және созылған болып келеді. Іші үлкен, ілгері шығып тұрады.

Кішкене бала түрі (типі). Бірінші дөңгелектену немесе бірінші толықсу кезеңіне (1-3 жас) тән. Бет биіктігімен тұлға ұзындығының аяқ-қолдарға қарағанда шартты басымдылығы сақталады. Бірақ индекстер аяқ ұзындығының созылуының басталғанын көрсетеді. Аяқ-қолдар өзінің цилиндр тәріздес түрін сақтап қалады. Бірақ дистальды бөлігі проксимальды бөлігіне қарағанда айқын кішірейеді. Қолдары санның жоғарғы 1/3 бөлігінің шетіне немесе санның ортасына жетеді. Тұлғаның формасы цилиндр тәрізді болып, кеуде мен іштің айырмашылығы әлі айқындалмайды. Бірақ іштің шығып тұруы көп білінбейді. Іш көлденең сызығы айқын білінеді. Бет рельефі терең емес, бет пішіні дөңгелек, мұрын бет томпағынан шамалы шығып тұрады.

Бірінші өсу өзгерісі кезеңіндегі бала (орта есеппен 4-7 жас). Шел майы қабатының азаюы, бұлшық ет массасы арытуы айқындалады. Сондықтан, аяқ-қолының дөңгелектенуі азайып, сан мен сирақтың, иық пен білектің диаметріндегі айырмашылығы жақсы білінеді. Бұлшық ет рельефі біліне бастайды. Тұлға цилиндрлік түрін жоя бастап, кеуде мен іш айқындалады. Іш көлденең қыртысы жойылады. Бет рельефі айтарлықтай тереңдеп, төменгі жақ мөлшері арытып, өзіндік бет пішіні пайда болады.

Екінші толықсу кезеңіндегі бала түрі (типі). Дене ұзындығының бірінші созылуының арыту кезеңінің кейбір тоқырауымен сәйкес келеді. Бұл кезеңде денесі қайтадан толықсиды, бірақ бірінші толықсу кезеңінен айырмашылығы сыртқы пішіні мен дене бітімінің жыныстық өзіндік ерекшеліктері айқын білінеді. Қыз балалардың жанбасы кеңейіп, май жинауы арытып, айқындалады. Ер балаларда бұлшық ет массасы арытып, иықта, балтырда, олардың рельефі айқындалады. Қыз балаларда қолын тұлға бойымен жіберіп тұрғанда арасында бос аймақ (мықын пайда болады) анықталады.

Екінші өсу өзгерісі кезеңіндегі бала түрі (типі). Қолымен аяғының қарқынды өсуіне байланысты дене пропорциясында айтарлықтай өзгерістер анықталады. Біраз уақытта жасөспірім қолы ұзарып, ұзынтұраға ұқсайды. Біраз уақытқа салмақ қосуы қалыс қалып, тері асты шел майы азаяды. Дененің орталық нүктесі, денесінің созылу фазасы басталғанша, симфиздан айтарлықтай төмендейді. Бұл созылу кезеңінде жыныстық айырмашылық элементтері тереңдей түседі. Қыз балаларда жанбас мөлшері қарқынды өседі. Ер балаларда иық ені одан әрі үлкейіп, бұлшық ет рельефі одан әрі арытады. Бұл өзгерістермен қатар, жыныстық жетілудің басталуы, сыртқы пішініне екінші реттік жыныстық даму белгілері қосылады.

Мектеп жасындағы балалардың дене бітімінің белгілерін талдау баланың конституция түрін шамамен анықтаудың негізі болуы мүмкін. Ол үшін соматоскопиялық тәсілмен қаңқасының, бұлшық ет, май тканьдарының, кеуде қуысының, жонының (арқасының), ішінің формасын, эпигастральдық бұрыштың мөлшерін анықтау қажет.

Кеуде қуысының түрін (формасын) конус, цилиндр тәрізді немесе басылған деп бағалайды. Арқаны басылған, тіке, бүкірейген деп сипаттайды. Ішті ішіне тартылған, тіке немесе томпайған (дөңес) деп бағалайды. Эпигастральды бұрыш – үшкір, тіке, доғал болады. Аяқтың түрі – қалыпты, О-тәріздес, Х-тәріздес болады. Қаңқаның, бұлшық ет және шел майының орналасуы мүмкін болатын үш сипатпен шектеледі: азайған (1 ұпай), қалыпты (2 ұпай), артық (3 ұпай).

Конституция түрі (типі). В. Г. Штефко және А. Д. Островский бойынша астеноидты, торакальды, бұлшық етті, дигастивті болып бөлінеді. Кейбір балалар еш-қайсысына жатпауы мүмкін, онда конституцияның айқын емес түрі туралы сөз болады. Астеноидты түрі жіңішке, нәзік қаңқамен, бұлшық еттің және шел майының төмен дамуымен, эпигастральды бұрышты үшкір болып, ішіне тартылған немесе тіке тұрған ішпен, жалпиған, кеуде қуысымен және бүкірейген арқамен сипатталады. Торакальды түрі шел майы қалыпты болса да, қаңқаның шамалы дамуы тән. Арқасы тіке, кеуде қуысы цилиндр тәрізді, іші және эпигастральды бұрышы тіке, яғни түрі қалыпты, болып келеді. Бұлшық етті түрі бұлшық еті мен тұлғасының дамуының қалыптылығымен, шел майының орналасуы қалыпты немесе орташа жоғарлығымен, кеуде қуысы цилиндр тәрізді, арқасы мен эпигастральды бұрыш тіке болуымен ерекшелінеді. Дигастивті түрі – арқасы жалпайған, кеуде қуысы цилиндр тәрізді, эпигастральды бұрыш доғал, іші дөңес, аяғы Х-тәріздес, қаңқа, бұлшық ет, шел майы жоғары деңгейде дамыған.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Түсіпқалиев Б. Балалар аурулары. Оқулық. Ақтөбе 2011ж 927 бет.