Демографиялық саясат — экономикалық, әкімшілік, насихаттың іс-шаралар кешені, олардың көмегімен мемлекет өзі қалаған бағытта тұрғындар санының өсуіне, құрылымына, қоныстануы мен сапасына әсер етеді. Ол екі бағытқа бөлінеді: 1) халықтың шынайы қозғалысының, өткен буын өкілдерінің жаңа буын өкілдерімен шынайы алмасуының сипатына, яғни бала туылуына, адам өліміне, халықтың некелілігіне, жас-жыныстың құрылымына әсері. 2) қоныс аударуға, адамдардың тығыздығына әсері.

Демографиялық саясаттың түрлі нұсқалары бар. Халықтың ұдайы өсуіне қатысты кейбір елдер оны алмастырғысы келсе, енді бір елдер — қалыптасқан режимді сақтап қалғысы келеді. Қажетті халық санына қатысты бірқатар елдер өз тұрғындарының санын арттыруға ұмтылады. Басқа елдердің демографиялық саясаты халқының санын азайтуға ұмтылады. Кейбір елдер демографиялық үдерістердің бірін (мысалы, бала туылуын), енді бірі бірнешеуін реттеуге тырысады. Кейбір елдер көші-қон ағынын ынталандырады, ал басқалары көші-қонды шектейді. Жекелеген елдер өздерінің демографиялық саясатында көші-қон мәселесін мүлде қозғамайды. Халық санының ұдайы өсуі бірінші типті елдерде бала туылуын арттыру мен халық санының табиғи өсуіне (ынталандыру) бағытталған демографиялық саясат басым болады. Белсенді демографиялық саясат жүргізіп отырған елдерге Франция немесе Жапония мысал бола алады.

Халық санының ұдайы өсуі екінші типті елдердің көпшілігінде бала туылуы мен халқының табиғи өсуін төмендетуге (шектеулі демографиялық саясат) бағытталған демографиялық саясат жүзеге асырыла бастады. Мұндай саясат жүргізуге Қытай мен Үндістан көп күш салып отыр. Көптеген мұсылман араб елдері, әсіресе Оңтүстік-Батыс Азияда, діни түсінік бойынша «отбасын жоспарлаудағы» кез келген іс-шараларды мүлде қабылдамайды. Тропиктік Африканың нашар дамыған елдері де ешқандай демографиялық саясат жүргізбейді.

Демографиялық саясат шаралары. Демографиялық саясаттың іс-шаралары ынталандыру ретінде немесе шектеу ретінде жүргізілуі мүмкін. Олардың міндеті — азаматтардың демографиялық беталысын өзгерту. Осыған орай мемлекет кімнің тәртібі демографиялық саясатқа сәйкес келеді, соған артықшылықтар жасайды. Кімнің іс-әрекеті саясаттың мақсатына сәйкес келмесе, оларға кедергілер қойылады. Әлдеқайда танымал іс-шараларға мыналар жатады:

— экономикалық іс-шаралар:

  • ақылы еңбек демалыстары;
  • бала туылған кездегі түрлі жәрдемақылар, көбінесе балалардың санына байланысты;
  • мақсатындағы көмек қарыз, несие, салықтық және тұрмыстық жеңілдіктер — бала туылуын арттыру;
  • мақсатындағы бала саны аз отбасылар үшін артықшылықтар -бала туылуын азайту.

— әкімшілік-құқықтық іс-шаралар:

  • некеге тұру жасын, ажырасуды, жасанды түсік жасату мен контрацепцияны, неке бұзылған жағдайдағы ана мен баланың мүліктік жағдайын, жұмыс істейтін әйелдердің еңбек режимін реттейтін заңнамалық актілер.

— тәрбиелік және үгіт-насихат жүргізу іс-шаралары:

  • демографиялық беталыс жөнінде қоғамдық пікір, нормалар мен стандарттар қалыптастыру;
  • діни нормаларға, әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерге қатынасын анықтау;
  • отбасын жоспарлау саясаты;
  • жастардың жыныстық сауаты;
  • жыныстық қарым-қатынас мәселесі бойынша жариялылық.

Франция мен Жапонияда мынадай ынталандырушы экономикалық шаралар әзірленген: а) жаңадан үйленгендерге бір реттік көмек қарыз; ә) әр бала туылған сайын берілетін жәрдемақы; б) балаларға арналған ай сайын төленетін жәрдемақылар; в) ақылы демалыстар және т.б.

Халық санының ұдайы өсуіне байланысты Үндістан мен Қытайдың демографиялық саясаты бала туылуын төмендетуге бағытталған. Үндістанда: а) отбасын жоспарлаудың қлттың бағдарламасы қабылданған; ә) некеге отыру жасы қлғайтылды: ерлер — 21 жаста, әйелдер — 18 жаста; б) халықты жаппай ерікті түрде қрықсыздандыру жүргізіледі; в) «Біз екеуміз — бізге екеу» саяси қран ретінде қабылданған.

Қытайда: а) бала туылуын жоспарлау жөніндегі комитет құрылған; ә) некеге тұру үшін кешеуілдетілген жас белгіленген: ерлер -22 жас, әйелдер — 20 жас; б) отбасында бір бала ғана болса, мемлекет ай сайын қосымша ақша төлейді; в) «Бір отбасы — бір бала» саяси ұран (2014 жылға дейін) ретінде қабылданған.

Екі елде де демографиялық саясат нормаларының бұзылуы айып-пұл төлеу, мемлекеттік қызмет түрлерін алу құқығынан айыру тәрізді жазалардың қолданылуына әкеліп соқтырады.

Демографиялық саясаттың құрылымы

Демографиялық саясат құжат ретінде міндетінен, мақсатынан, ағымдағы демографиялық жағдайдың талдауынан, демографиялық көрсеткіштерге әсер етуші іс-шаралардан, іс-шаралар жоспарынан тұрады. Мақсатында мемлекеттің қандай демографиялық көрсеткішке қол жеткізгісі келетіні анықталады. Ол көбінесе, жалпыланған сөздер арқылы бір сөйлеммен құрылады. Мысалы, «халық санының табиғи өсу қарқынын арттыру — оның өсуіне жағдай туғызу, сонымен қатар өмір сүру сапасын арттыру және күтілген өмір сүру ұзақтығын ұлғайту».

Міндеттері — бұл әрбір демографиялық көрсеткіш бойынша нақты қалаулы көрсеткіштерді белгілеу, мысалы, «бала туылуы 24%-дан төмен болмауын, өлім-жітімнің «7%о -ға дейін» төмендеуін қамтамасыз ету.

Ағымдағы жағдайға талдау — бұл дәл қазіргі сәттегі демографиялық коэффициенттерді есептеу, оларды бағалау шәкілдерімен салыстыру, туындаған қиындықтарды анықтау. Мысалы, «өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға қайтыс болғандардың 7,38-ін құрады және төмен көрсеткіш ретінде сипатталады. Бірақ осы көрсеткішті «өте төмен көрсеткішке дейін», яғни «7%-ға дейін» төмендетуге мүмкіндіктер бар.

Демографиялық көрсеткіштерге әсер ету іс-шараларында халық санының ұдайы өсуіне әсер ететін мемлекеттің іс-әрекеттері қалыптасады, мысалы, «екінші және одан көп бала туылуы бойынша жәрдемақы мөлшерін арттыру жолымен екінші және одан кейінгі балалардың туылуын ынталандыру».

Іс-шаралар жоспарында олардың реттілігі мен орындалу мерзімі анықталады, мысалы, халық санын 2017 жылдағы 17 962 170 адамға қарағанда, 2020 жылға қарай 18 596 568 адамға жеткізу керек.