Дәрілік өсімдіктер құрамына кіретін биологиялық активті заттар

Тағамдық өсімдіктердің (көкөніс, жидек, жеміс, татымды өсімдіктер) шипалы құрамы аса мол. Олардың емдік қазынасында сан-алуан физиологиялық сергек компоненттер көп: организмде дұрыс зат алмасуын үзбей қолдап отыруға қажетті витаминдер, минералды тұздар мен микроэлементтер, тіршілікке зиянды заттарды организмнен шығаруға әсер ететін пектиндер, ауру тудыратын көптеген микроорганизмдерді жойып жібере алатын фитоциндер және тағы басқалар.

Заттардың осы шипалы қосындысында өсімдік витаминдері – тамақтың өте-мөте бағалы факторлары басты орын алады. Жұртқа мәлім, витаминдер аз мөлшерімен-ақ әсер етеді, ал олар жетімсіз болса, онда зат алмасуының бұзылуына, нерв жүйесінің дұрыс қызмет істемеуіне және де басқа да шалдығуларға байланысты бірқатар айтулы аурулар пайда болады. Көптеген витаминдердің жоғарғы биологиялық әсерлігі мынада: олар белоктық, көміртегіндік және басқа да метаболикалық процестерді катализдейтін фермент жүйесінің құрамды бөлігі болып табылады. Бірқатар витаминдердің әсер ету диапазонының кейде кеңдігі сонша, олардың ерекшелігін айтып жеткізу қиын, әртүрлі витаминдердің әсер ету күші бірінен-бірі асып жатады, сондықтан олардың бір-бірін сүйейтінін, ауыстыратынын байқауға болады.

Витаминдерді қолдану әдісі тегінде витамин профилактикасына байланысты жасалынады.

Қазіргі кезде кейде химиялық таза табиғи немесе синтетикалық дәрі-дәрмек қолданылады, бірақ витаминдерге бай қайсыбір өсімдіктерді (жас немесе кепкен күйінде) қолдану жақсы нәтиже беріп жүр, өйткені оларда витаминдер жиынтығы мен тұздардың болуы өзара әсер ету күшін ұлғайта түседі.

С витамині (аскорбин қышқылы) өсімдіктерде өте көп кездеседі, ол өсімдіктің көк бөлігінде жинақталып, құралатындардың қатарына жатады. С витаминіне мыналар бай: тағамдық көктің барлық түрлері – көк пияз, аскөк, ақжелкен (петрушка), балдыркөк, салат, саумалдық, қымыздық; жидек пен  жеміс дақылдары – итмұрын, шырғанақ, қара қарақат, бүлдірген, қарлыған, алма (пісіп жетпегені) және грек жаңғағының жапырақтары; көкөніс өсімдіктерінен – көкөніс қызыл бұрышы мен қабықты бұрыш; сирек кездесетін жер асты жемістілері – желкек, шомыр; ал жабайы өсімдіктердің ішінен қалақайды, ерменді (ащы жусан) атауға болады, бұларда да С витамині көп. С витамині консервлегенде де жақсы сақталады, сондықтан қысты күні томат-пастаны, жасыл бұрышты, шпинат- пюрені, ішіне фарш салынған бұрышты  пайдалануға болады. С витамині мұздатылған жидекте жақсы сақталады, бірақ оны мұзы ерігеннен кейін сол сәтте тамаққа салу керек. Бұл витаминінің жақсы сақталуына өніп-өсу жағдайының, өніп-өсу кезеңінің, сақтау тәсілі мен мерзімінің үлкен мәні бар. Мәселен, С витамині төмен температурада басқа витаминдерге қарағанда анағұрлым шапшаң қалыптасады, ал құрғақшылық жағдайда аскорбин қышқылының құрамы азаяды. Бұрышқа өсіп келе жатқан кезде жиі-жиі су құйса, онда С витаминінің көбірек жинақталатыны байқалады.

С витамині тканьдардың тыныс алу процесіне, қан тамырларының қоректенуіне қатысады, белок пен майдың сіңуін жақсартады. Ол организмнің дұрыс дамуына мүмкіндік береді, қоршаған ортаның қолайсыз әсер етуіне қарсылықты, жұқпалы ауруларға деген төзімділікті күшейтеді, жұмыс істеу қабілетін арттырып, шаршап –қажуды азайтады.

С витаминіне бай өсімдіктер құрқұлақты жазады, атеросклероздың өршуін тоқтатады, жарақаттардың жазылуын тездетеді. Оларды сондай-ақ тұмау, баспа, сарп, өкпе қабыну ауруларына қарсы пайдаланады. Организмде аскорбин қышқылының жетіспеуі бірқатар ауруларға шалдықтырады: тез шаршайтын болады, бас ауырады, ұйқы басады, тәбеті қашып, тіс еті іседі, қан ағады, тканьдер қанталайды, ал аскорбин қышқылы мүлде болмаса, онда құрқұлақтың өршуіне әкеліп соғады. Ересек организмге қажетті С витаминінің тәуліктік дозасы – 60-70 мг.

Р витамині («Permeare» деген латын сөзінен алынған) тек қана өсімдіктерден табылған. Р витамині С витаминімен қосылғанда жақсы әсер етеді, оның бойға сіңімділігін арттырады, оны қышқылдандырудан алдын ала сақтандырады деген де ұғым бар. Р және С витаминдері зат алмасуының көптеген процестеріне қатысады да әдетте сонда бас қосады. Сондықтан Р витамині аскорбин қышқылына бай өсімдіктерде (итмұрын, қара қарақат, қарлыған, бұрыш, капуста, көп қабатты пияз, кресс- салат, фенхель) көп болады. Соңғы кезде Р витамині сергек білінетін заттарды іздеудің арқасында флавондар, катехиндар, антоциандар, лейкоантоциандар болып табылатын көп топтарын анықтауға мүмкіндік туды.

С және Р витаминдерінің жиынтығы организмдерде аса уақ қан тамырлары –капиллярлардың қабырғасын нығайтуға септігін тигізеді, оның өткізімділігін қалыпқа келтіреді. Р және сол тектес витаминдерді аскорбин қышқылымен қосып, қан өтетін капиллярлардың өткізімінің ұлғаюына, олардың осалдануына байланысты болатын ауруларды – құрқұлақты, скарлатинаны, қызылшаны, гипертония ауруларын емдеуге, сондай-ақ рентгенотерапия мен радиотерапияға қолданады. Р витаминінің тәуліктік қажеттігі 200 мг шамасында.

В – тобының витаминдері. Бұл әртүрлі қоспалар, бұлардың әрқайсысы өзіндік қасиеттері бар, ерекше витаминдер.

В1 витамині (тиамин) көптеген өсімдіктерде, өнектерде, дәндерде (атап айтқанда, бұршақ тұқымдастардың ішінде – көп ұсақ бұршақта), көкөніс дақылдарында (картоп пен сәбізде), татымды өсімдіктерде (пияздың кейбір түрлерінде – батунда, порейде, көп қабатты пиязда), бұрышта, балдыркөкте, салатта, аскөкте, фенхельде кездеседі. Оны С витаминімен бірге пайдалану керек. В1 витамині нерв жүйесінің қызметінде үлкен роль атқарады, жүрек бұлшық еттері мен ішек-қарын жолдарының дұрыс жұмыс істеуі үшін өте қажет. Мұның болмауы немесе жетімсіз болуы көміртегі мен май алмасуын бұзады, нерв жүйесінің ауруларына шалдықтырады. Тәуліктік қажеттігі -1-3 мг.

В2 витамині (рибофлавин) көкөніс өсімдіктерінде (сәбізде, жуада, кресс-салатта, ақжелкенде), фасоль мен жасымықта, жүгері дәнінде, сондай-ақ жеміс дақылдарында – алхорыда, шиеде, өрікте, итмұрында болады. В2 витаминінің шипалы болуы үшін В1 және В6 витаминдері қажет. Бұл витаминнің қажеттігі суық түскен немесе күн көзі күшті сәуле шашқан кезде анағұрлым арта түседі.

В2 витаминінің жетімсіздігі ішек-қарын қызметіне теріс әсерін тигізеді, көз ауырады, нерв жүйесі жұқарады, шаш ерте ағара бастайды. Тәуліктік қажеттігі – 3 мг.

В3 витамині (пантотен қышқылы) жидектерде (қара қарақатта, таңқурайда, бүлдіргенде), жемістерде (өрікте, шиеде), көкөністерде (көк бұршақта, картопта, түсті капустада, томатта, сәбізде), татымдыларда (ақжелкенде, пиязда) және салат өсімдіктерде (қояншөпте) болады. Ол метаболизмнің – белоктық, көміртегіндік және басқа да көптеген процестеріне қатысады. Бұл витаминнің клиникалық жетімсіздігінен бойдың өсуі баяулайды, тері бұзылады, шаш ағарады, ішек-қарын жолдарының, нерв жүйесінің қызметі (ұйқы қашу) нашарлайды. Тәуліктік қажеттігі -2-3 мг.

В6 витамині (пиридоксин) көкөніс өсімдіктері ішінен картопта, жүгері дәнінде, алхоры, қарақат, шырғанақ жемістерінде, алмада болады. Оның организмде жетіспеуі анемия (қан аздық), дерматит (терінің қабынуы), тырысу ауруларына шалдықтырады.

В9 витамині немесе фолий қышқылы (антианемиялық фактор). Бұл витамин бірінші рет шпинат жапырақтарынан алынды (аты латынның folint – жапырақ деген сөзінен шыққан). Өсімдіктердің көк бөлігінде, сондай-ақ капустада, қарлығанда болады. Фолий қышқылы темірмен бірге қанның жасалу қызметін күшейтеді, анемияға шалдыққанда өте пайдалы. Тәуліктік қажеттігі – 1 мг.

В12 витамині (кобаламин) молекулінде кобальт бар. Қан түзу мүшелеріне жақсы әсер етеді, бірқатар тері ауруларына, сәуле ауруларына пайдалы.

РР витамині (ниацин) пеллаградан сақтандырады және оны емдейді. Ол картопта, батун-пиязда, бұрышта, капустада, сәбізде, ақжелкенде, аскөкте, фенхельде, өрікте, шабдалыда, алхорыда, таңқурайда, бүлдіргенде, қарлығанда, қарақатта көп болады. Тәуліктік қажеттігі – 5 мг.

А витамині. Өсімдіктерде провитаминдер – ол құралатын заттар (каротин пигменттері мен каротиноидар) ғана кездеседі, олар ферменттердің әсерімен А витаминіне айналады. Каротин (каротин сәбіздің түрлері жөніндегі «carota» деген латын сөзінен алынған). Қызғылтсары немесе қызыл түске боялып, жапырақтардың хлоропластарында шашау шықпай жинақталады. Сәбіз, шпинат, асқабақ, жүгері дәні, ақжелкен, итмұрынның, шырғанақтың, өріктің жемістері, сондай-ақ бақбақ, шашыратқы, қалақай, тырнақшагүл гүлдері каротинге өте бай.

Бұл витаминнің жетіспеуінен көз ауруы пайда болады, көздің мөлдір қабығы құрғақтанады, бауырдың қызметі, холестерин алмасуы бұзылады, жұқпалы ауруларға қарсылық кемиді. Тәуліктік нормасы – 4-5 мг.

Е витамині  (токоферол) тағамдық өсімдіктерде мол таралған, бақша дақылдары ішінен салатта, сәбізде, капустада, көк пиязда, бұршақтарда, картопта, жүгеріде, шырғанақтың, итмұрынның, өріктің жемістерінде, ал жабайы өсімдіктердің ішінен – қалақайда, жолжелкенде көп болады. Бұлары пісірген, не қайнатқан кезде, витаминнің қасиеті біраз кемиді.

Е витаминінің ұдайы өндіру процесі үшін үлкен маңызы бар. Ол жетіспеген күнде, минералдың, белоктың, майдың, көміртегінің алмасуы бұзылады, сондай-ақ бактериялық, вирустік инфекцияларға төзімділік кемиді. Оның үстіне Е витамині А  витаминін қышқылданудан сақтайды. Тәуліктік физиологиялық қажеттігі – 20-30 мг.

Соңғы кезде бұл витаминнің мол антиоксиданттық белсендігі анықталды. Организмде антиоксиданттық заттардың жетіспеуі қышқылдану процесінің күшеюіне әкеліп соғады (тотық қоспаларының, биохимиялық сергек радикалдардың құралуын күшейтеді), мұның өзі бірқатар патологиялық жағдайлардың (атеросклероз, бұлшық еттер дистрофиясы, бауыр ауруларының) дамуына себепші болады. Антиоксиданттар организмнің қорғаныш жүйесін жұмылдыруға көкмек береді және патогендік әсер етуге қарсы реакцияның күшеюін алдын ала анықтайды. Антиоксиданттарға Е витаминінен басқа С,А витаминдері де, сондай-ақ танин, пирокатехин туындылары, флавонид пигменттері және басқа да заттар жатады.

U витамині жараға күшті әсер ете алатын қосынды. Бұл витаминнің ақ басты капустада бай көзі бар, ол сондай-ақ қызылшада, томаттарда, сәбізде және басқа көкөністерде кездеседі. U витамині асқазан қызметін қалыпқа түсіреді, оның шырышты қабығына жақсы әсер етеді. Сондай-ақ, ол склерозға да күшті әсер ете алады, өйткені көміртегінің, майдың алмасуына ықпал жасайды, майдың бауырда артық қорлануына кедергі болады. U витамині  жылуды көтермейді, сондықтан көкөністерді езіп пісірмеген жөн. Жас күйінде мұздатқан және консервленген көкөністе U витамині аса ұзақ уақыт сақталады.

К витамині (К – каогуляция деген сөздің алғашқы әрпі) қанды ұйытуға себепші болады, мұның өзі қансыраған кезде, кесілген жарақат кезінде үлкен маңызы бар.

К витаминіне бай өсімдіктерді қайнатпа күйінде және галендік дәрі-дәрмектер ретінде, мәселен, жүгері аналық аузын, қалақай жапырағын, жұмыршақты, қызыл тамырды, мыңжапырақты пайдаланады. Бұл витамин көкөністердің ішінен: ақжелкенде, фенхельде, капустада, сәбізде мол болады. Организмде К витаминінің болмауынан болар-болмас жарақаттың өзі ұзақ уақыт бойы қанайды.

 Табиғи қышқылдар өсімдіктердің клеткасындағы шырында болады. Жемістер – көптеген табиғи қышқылдардың бай қайнар көзі. Бізге анағұрлым жиі кездесетіндердің қатарына құмырсқа қышқылы (алма, таңқурай), сірке қышқылы (әртүрлі жемістерде және өсімдік шырындарында), алма, лимон қышқылдары (алма, алмұрт, құлпынай, таңқурай, қарақат), янтарь қышқылы (қызыл қарақат, пісіп жетілмеген шие, қызыл шие, алма), салицил қышқылы (таңқурай, қожақат) және гликозидтер (шегіргүл және хош иісті шегіргүл) мен күрделі эфирлер (түймедақ, жусан, мыңжапырақ майлары) жатады.

Табиғи қышқылдардың (алма, лимон) ықпалымен ас қорыту сөлдерінің бөлінуі артады, ішек перистальтикасы күшейеді, ас қорыту процестері жақсарады, әсіресе бұл кім-кімде тұз қышқылы бөлінуі төмен болса, солар үшін өте қажет.

Табиғи қышқылдар қышқылдық-сілтілік тепе-теңдікті реттеп отыруда маңызды роль атқарады, ішкі ортаны сілтілдендіріп, организмді ацидоз жағдайынан арылтады.

Янтарь қышқылының да маңызы үлкен, ол қолайсыз жағдайда жұмыс істеуді жақсартатын адаптоген дәрулеріне жатады. Бірақ мынаны ескеру керек, көміртегі бар тамақты аса көп жеу сірке қышқылының тым молайып кетуіне, демек холестериннің көбеюіне әкеледі (өйткені сірке қышқылының бір бөлігі холестеринді синтездеуге пайдаланылады). Қымыздық қышқылына бай өсімдіктерді (бұл қышқыл әсіресе қымыздықта, содан соң шпинатта, рауғашта көп) сақтықпен қолдану керек, өйткені олар тұз алмасуына теріс әсер етеді, кальциймен қосылып, ерімейтін тұз құрайды.

Белоктар, майлар, көміртегі – тағам рационының маңызды компоненттері. Белоктар және ішінара майлар әсем, нәзік заттарға жатады, яғни организмде ескіні ауыстырып, жаңаны жасауға қолданылады. Белоктық заттардың алмасу өніміне амин қышқылдары, амидтер, аминдер жатады. Белоктардың тағамдық бағалығы олардың құрамына кіретін амин қышқылдарымен (олар небары 20) анықталады, бұлардың ішінде 9 қышқыл ауыстыруға болмайтын қышқылдар, олардың көпшілігі – цистин, лизин, триптофан, аргинин, метионин өсімдіктерде кездеседі. Амин қышқылдарының бірқатары – лейцин, тирозин, аргинин, гистамин — өсімдіктерде: пісіп келе жатқан дәндерде, тамырларда, түйнектерде көбіне еркін жағдайда тұрады.

Бұршақ тұқымдастардың дәндеріндегі белоктар амин қышқылының құрамы бойынша малдардікіне жақын келеді. Аталып өткен өсімдіктердегі амидтерге: аспарагин, гванидин, глютамин жатады. Аспарагин қояншөптен табылды, ол сондай – ақ бұршақ тұқымдастарда (бұршақта), астра тұқымдастарда (күнбағыста, бақбақта), балдыркөк тұқымдастарда (сәбізде) бар. Гванидин қант қызылшасында, жүгеріде және басқа өсімдіктерде кездеседі. Белоктар көбіне белок емес компоненттермен (нуклеин қышқылымен, витаминдермен, металдар – темірмен, молибденмен) қосылып, әртүрлі қосындылар түрінде болады да, протеидтер тобын құрайды.

Белоктар нерв жүйесі арқылы зат алмасуына дем береді, организмнің инфекцияларға қарсы қарсылығын күшейтеді, ферменттер мен гормондардың құралуына қатысады. Соңғы кезде биологиялық сергек заттар ретінде амин қышқылдарына үлкен маңыз беріліп жүр, олардың біразы емдік тағамдарда қолданылады.

Белок қосындылары ішінде ферменттер – тіршіліктің маңызды катализаторлары – аса маңызды роль атқарады. Ферменттердің гидролиздік топтарының ішінен мыналарды: күрделі эфирлерді құруға немесе ажыратуға қатысатын эстеразаларды, гликозидтер мен полисахаридтерді моносахаридтерге ажырататын карбогидразаларды және протеиндерді амин қышқылына  ажырататын протеазаларды атауға болады. Эстеразаларға, мәселен, бұршақ тұқымдастардың (бадана, бұршақ) дәнінде, күнбағыс дәнінде болатын липаза, баданада, картопта және басқа өсімдіктерде болатын фосфотаза жатады. Карбогидразалардың ішінен көптеген өсімдіктерде кездесетін сахарозаны, мальтозаны және басқаларын, сондай-ақ, барлық өсімдіктердің мүшелерінде болатын, көміртегіне бай полиазаны, инулин молекулін фруктозаға ажырататын инулиназаны, пектинді суда еритін редукцияланған затқа ажырататын пектиназаны атауға болады.

Көміртегі – организмде энергияның қайнар көзі, әртүрлі қанттар түрінде сақталады. Көміртегінің моно-, олиго- және полисахаридтер деген түрлері бар. Моносахаридтердің ішінен глюкоза, фруктоза өсімдіктердің көк бөлігінде, дәндерінде, гүлдердің шірнесінде, әртүрлі жидектер мен жемістерде аса мол болады. Дисахаридтерге сахароза (құрғақ қанты немесе қызылша қанты) жатады, ол әртүрлі өсімдіктердің жапырақтарында, сабақтарында, дәндерінде, жемістерінде, тамырлары мен түйнектерінде кездеседі.

Полисахаридтер табиғи және функционалды мәні жағынан резервтік (крахмал, инулин), скелеттік (клетчатка, лигнин, пектин) болып келеді және глюкоза молекулаларынан құралады.

Крахмал қоректік заттың қоры ретінде жемістерде, дәндерде, жер астында қыстайтын мүшелерде, діңнің өзегінде қабатталып сақталады. Тағам ретінде пайдаланумен қата, медицинада ішек – қарын дерттенгенде оны шылайтын дәру ретінде, тері ауруларын емдегенде басқа заттармен қосып, жағынды май және сеппе күйінде қолданады. Кейбір өсімдіктерде фруктоза молекулаларынан құралған инулин крахмалдың орнына жүреді. Крахмал мен қанттың орнына қолданылатын инулин бойға тез сіңеді, сондықтан оны диабет ауруын емдеуге пайдаланады. Ол шашыратқының, бақбақтың, артишоктың жер астындағы мүшелерінде болады.

Пектин заттары галоктурон қышқылынан құралған, өсімдік тканьдеріндегі клетка аралық заттар осылардан жасалынады. Пектиндерсіз организм дұрыс қызмет істей алмайды. Олардың сору және тұтқыр дәрілік қасиеттері бар, улы заттарды зиянсыз етеді, оларды, оның ішінде басы артық холестеринді де организмнен шығаруға себепші болады.

Пектиндер ас қорытуды жақсартады, дезинфекциялауға, өтті айдауға, несеп жүргізуге, ішті босатуға әсер етеді. Оларды балалардың іш өтуін емдеуге (алма диетасы) пайдаланады, өндірістегі уланудың қатерін бәсеңдету үшін профилактикалық дәру ретінде де қолданады.

Шикі көкөністер мен жемістер пектинге бай келеді. Пектин бүлдіргеннің, итмұрынның, қара қарақаттың, алманың, шиенің жемістерінде, қарлығанда, сондай-ақ шалғамда, қызылшада, балдыркөкте көп болады.

Өсімдік клеткасы қабығының құрамына негізінен клетчатка кіреді (клетчатканың бір молекуласы 60-100 глюкоза молекуласынан тұрады). Клетчатка асқазанда қорытылмайды  дерлік, бірақ бұған қарамай, ол өте қажет, өйткені қарын қабырғасының нерв талшығын тітіркендіріп, қарын сөлінің, өттің бөлінуін күшейтеді, ас қорытуды жақсартады, ішектерде орналасқан пайдалы микроорганизмдердің қызметіне жақсы әсер етеді, сонымен қатар зиянды бактерияларды жоюға себепші болады.

Майлар да көміртегі сияқты организмді қажетті энергиямен қамтамасыз етеді. Өсімдіктерден алынған майлардың егде тартқан адамдардың тағамында болуының үлкен маңызы бар, олар қандағы холестериннің мөлшерін төмендетуге септігін тигізеді, атеросклероздың дамуын тежейді. Олар жетіспеген күнде зат алмасуы бұзылады.

Минералдық заттар – өсімдіктерде болады, олар әр алуан реттеуші қызмет істеп, фармакологиялық келелі роль атқарады. Өсімдіктер бойындағы мөлшеріне қарай, олар макроэлементтер мен микроэлементтерге бөлінеді. Макроэлементтер – калий, кальций, магний, кремний, фосфор, темір және басқалары өсімдіктерде айтарлықтай көп кездеседі. Әсіресе калийдің маңызы орасан зор: ол барлық дерлік физиологиялық процестерге қатысады. Калийдің тұзы организмнің қышқыл-сілтілік жағдайын реттеп отырады, денедегі басы артық сұйық пен натрий тұзынынан құтылуға көмектеседі. Калийі көп өсімдіктер ісікке, гипертония ауруына, жүрек, бүйрек, бауыр ауруларына арналған емдік тағамдарда кең пайдаланылады. Ондай өсімдіктерге мыналар жатады: татымды хош иістілер – пияз, кресс-салат, салат, ақжелкен, бұрыш, балдыркөк; көкөністер – сәбіз, баклажан, асқабақ, шалғам, шомыр, капуста, томаттар; жемістер –алмұрт.

Кальций фосфор қышқылымен және магниймен қосылып, сүйек қаңқасының құрамына белсенді қатысады, қанның сарысуында болады. Ол калиймен бірге қанның ұюына, нерв жүйесі мен бұлшық еттердің қозуына қатысады, жүрек бұлшық еттерінің тонусын күшейтеді.  Басты және жапырақты салатта, капустада, көк пиязда, порей пиязында, ақжелкенде, шалғамда, шомырда, сәбізде кальцийдің айтарлықтай көп мөлшерде болатыны анықталды. Темір гемоглабиннің жасалуына негіз болып қызмет етеді: ал гемоглобин жеткіліксіз болса, әлсіздік, қаны аздық пайда болады. Адамның организмінде С витамині болған күнде ғана темір бойға дұрыс сіңеді. Темірі бар өсімдіктерді анемия (қаны аздық) кезінде пайдаланған жөн. Темір алмаларда, құлпынайда, қарлығанда, сондай-ақ татымды өсімдіктерде (ақжелкеннің көгінде, балдыркөкте), желкекте, шалғамда, шомырда, пиязда (порей пиязда, басты пиязда), салатта, шпинатта, томаттарда бойға сіңімді түрінде мол болады.

Микроэлементтер – бұларға мыс, марганец, никель, мышьяк, кобальт, молибден, қалайы жатады, олар өсімдіктерде бәсең шоғырланады (әдетте проценттің мыңнан бірі). Ферменттердің, витаминдердің, гормондардың құрамына кіретін микроэлементтер негізінен зат алмасуға, клетка ішіндегі алмасуға, ткань тынысына, қанның жасалуына, бойдың өсуіне әсер етуімен байқалады. Қайсыбір микроэлементтердің әсер күші басқа микроэлементтердің организмде болуына байланысты. Мәселен, кобальт организмде мыс пен қалайы жеткілікті мөлшерде болған күнде ғана жақсы әсер ете алады. Бойында микроэлементтер бар өсімдіктер медицинада макроэлементтер сияқты дәрі-дәрмектер ретінде пайдаланылады, өйткені бірталай аурулар қайсыбір элементтің жетіспеуіне байланысты болады. Соңғы кезде қан ауруын емдеуге кобальт бар өсімдіктен жасалған дәрі-дәрмектерді пайдаланып жүр, оның үстіне кобальт В12 витаминінің құрамына кіреді. Ал қалайы қарын асты безде инсулиннің құралуында маңызды орын алады, ал инсулин қант диабеті ауруларына аса қажет.

Қалайы жетіспеген күнде бой өсуінің тежелуі, терінің кедір –бұдыры, инфекцияларға аса бейімділік, ұйқы басу, депрессияға ұшырау байқалады. Бұршақ тұқымдастарының қабығы аршылған дәні осы микроэлементтің негізгі көзі болып таылады. Ал мыстың жетіспеуінен анемия болады, шаш пен тері депигментацияға ұшырайды, орталық нерв жүйесінің қызметі бұзылады. Мыс бұршақ тұқымдастар мен жаңғақ жемісті өсімдіктерде анағұрлым көп мөлшерде болады.

Тіпті тіршілікке аса маңызды микроэлементтердің тағамда әр түрлі себептерге байланысты (ластанған ортада болуы, қалайы немесе қалайымен қапталған ыдыста сақталуынан) мөлшерден артық болуы адам организміне зиянды әсер ететінін атап айтқан жөн.

Өсімдіктер жөнінде жазғанда басқа да биологиялық белсенді қосындыларды, атап айтқанда, гликозидтерге жататын заттардың үлкен тобын, кумарин туындыларын, сондай-ақ алкалоидтерді де айта кету керек.

Басқа да ұқсас мәліметтер