Дара кәсіпкерлік заңды тұлға құрмаған кәсіпкерлік қызметтің ұйымдық-құқықтық нысаны болып табылады. Заңды тұлға құрмай-ақ жүзеге асырылатын азаматтардың кәсіпкерлік қызметіне заңнамаға сәйкес, коммерциялық ұйым болып табылатын, заңды тұлғалардың қызметін реттейтін ҚР АК ережелері қолданылады. Сәйкесінше, тауар және қызмет нарығы саласында дара кәсіпкер заңды тұлғалармен теңдей түседі (әрине, тек таза заңдық жағынан).

Сонымен қоса, дара кәсіпкер ретіндегі кәсіпкерлік дара кәсіпкерлік қызметінің салықтық және қаржылық есебін көбірек жеңілдетеді, ол бизнес жүргізудің осы нысанының қомақты артықшылығы болып табылады. Дара кәсіпкерде банкте өзіндік есеп айырысу шоты, өзінің тауар белгісі бола алады және сонымен қатар, кәсіпкерлік түрінен түскен табысқа салық салу құны заңды тұлғаларға қарағанда азырақ болады.

ҚР АК-нің 19-бабында заңды тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметпен айналысатын азаматтардың құқықтық мәртебісінің ерекшелігі көрініс тапқан. Мұнда азамат дара кәсіпкер деп аталады. Ол азаматтық айналымға өз атынан түседі және кәсіпкерлік қызметтің борыштары бойынша өзіне тиесілі барлық мүлікпен жауап береді  (ҚР АК 20-б.).

Азамат дара кәсіпкер мәртебесіне ие болуы үшін азаматтық құқық субъектісінің:

  • құқық қабілеттілік (азаматтық құқыққа ие болып, мiндет атқару қабiлетiгіне ие болу);
  • әрекет қабілеттілік (азаматтың өз әрекеттерiмен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзi үшiн азаматтық мiндеттер жасап, оларды орындауға қабiлеттiлiгi – ҚР АК 17-б. 1-т);
  • тұрғылықты жерге ие болу (азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi деп танылады – ҚР АК 16-б. 1-т.) белгілеріне ие болуы қажет.

Кәсіпкердің құқықтық мәртебесінің басты түйіні оның азаматтық құқық субъектілігі болып табылады, ол белгілі бір заттардың, міндетті және айрықша құқық қабілеттіліктің болуын көздейді. Нарықтық айналымға қатыса отырып, шаруашылық субъектісі өзінің азаматтық құқық субъектілігін жан-жақты толық жүзеге асыру үшін құқық субъектісі болады, оның тоқтатылуы еңбектік, әкімшілік және өзге де құқық субъектілігінің тоқтатылуына әкеп соғады.

Заттық құқық қабілеттілік тауар өндірушінің материалдық база қалыптастыруына заңды алғы шарт болып табылады. Заттық құқықтардың болуы кәсіпкер үшін өндіріс саласына, сондай-ақ тауар алмасу саласына жол ашады. Сонымен қатар, оған бекітілген мүліксіз оның қаржылық және еңбектік қызметтері орындалмайды.

Міндеттемелік құқық қабілеттілік мәміле қабілеттіліктен және деликтік қабілеттіліктен тұрады және ол ең алдымен, шарттық қатынастарда жүзеге асырылады. Субъектісі кәсіпкер болатын азаматтық айналым немесе мәмілелердің жиынтығы тауар мен қызмет жүрісі үрдісін негіздейді. Аталмыш субъект шарттық қатынастар орната отырып, еңбек кооперациясында және оның нәтижелерімен алмасуда қатысады.

Кәсіпкердің жеке құқық қабілеттілігі тауар өндірушілердің даралануымен анықталады, онсыз нарықтық қатнастардың болуы мүмкін емес. Жеке құқық қабілеттілік сатып алушыдан алынбаған жеке мүліктік емес құқықтардан қалыптасады. Олардың қатарына:

а) есімге құқық (фирмалық атау);

ә) тауар белгсіне құқық (қызмет көрсеу белгісі);

б)шығармашылық қызмет пәндерімен байланысты құқықтар;

в) ар-намыс, абырой және іскерлік беделін қорғауға құқық кіреді.

Құқық қабілеттілік болашақ кәсіпкердің мүмкін болатын субъективті құқықтары мен заңды міндеттерін белгілейді, алайда, оларға сәйкес ол әрекет қабілеттілік болған кезде ғана жеке дара әрекет ете алады.

ҚР АК 17-б. 1 т. сәйкес, толық азаматтық әрекет қабілеттілік он сегіз жасқа толған кезде ғана пайда болады. Азамат тек 18 жасқа толған кезде кәсіпкерлік құқықпен айналысуға құқығы бар деп негіздеген жағдайда, әдетте, осы бапқа сілтеме жасайды.  Басқа жағдайларда келесі екі ерекшелікті көрсетеді: 1) ҚР АК 17-б. 2-т., заң құжаттарында он сегiз жасқа жеткенге дейiн некелесуге рұқсат етiлетiн жағдайда, он сегiз жасқа толмаған азамат некеге тұрған кезден бастап, толық көлемiнде әрекет қабiлеттiлiгiне ие болуына мүмкіндік береді 2) ҚР АК 22-1-б. 1-т. жасы он алтыға жеткен кәмелетке толмаған адам, егер ол еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін болса немесе ата-анасының, асырап алушыларының немесе қамқоршысының келісімімен кәсіпкерлік қызметпен айналысатын болса, толығымен әрекетке қабілетті деп жариялануына мүмкіндік береді.

Әрекет етуші заңнаманың негізінде кәсіпкерлік қызмет саласында әрекетке қабілетті тұлғалардың жас мөлшері одан аз болуы мүмкін деген көзқарас негізделген. Мысалы, ҚР АК 22-1-б. 1-т. мағынасына үңілетін болсақ, азамат он алты жасында(эмансипация жасы) еңбек шарты бойынша жұмыс істей алады (ҚР ЕК 30-бабына сәйкес, жекелеген еңбек қатынастарына қатысуға 14 жасқа толмаған азаматтарға да жол беріледі) немесе ата-анасының, асырап алушысының немесе қамқоршысының келісімімен кәсіпкерлік қызметпен айналысуына жол беріледі.  ҚР АК 22-б. 1-т. он төрт жастан он сегіз жас жасқа дейінгі кәмілетке толмағандарға өздерінің заңды өкілдерінің (ата-анасы, асырап алушылары немесе қамқоршылары) жазбаша келсімі арқылы мәмілелердің басым көпшілігін жасай алатындығы меңзеліп тұрған сияқты деп болжамдауға болады. Мұндай келісімді (немесе кейінен жазбаша мақұлдауды) алу қажеттілігі мәміле қатысушысының жас ерекшелігімен негізделеді.

Заңды өкілдерінің келісімін алу бойынша заң талабы кәсіпкерлердің дербестігін шектеу ретінде қарастыруға болады. Дегенмен, бұл ерекше  түрдегі шектеу, ол азаматтың өзінің мүддесіне қолданылады. Сонымен қатар, мұндай шектеуге мүліктік айналымдағы дербестігінің тек жекелеген қырлары ғана ұшырайды.

Сонымен қатар, ҚР АК 22-б. 2-т. негізінде он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар өздерiнiң табысына өз бетiнше жоғарыда аталған шектеулерсіз билiк етуге құқылы.

Азаматтың құқық қабілетілігінің жоқтығын кәсіпкерлік саласында оның өкілдері арқылы (мүліктік айналымның басқа салаларында жүргізілетіндей) толықтыруға болмайды. Дегенмен, қатынасқа түсу барысында өкілдерімен бірге кәсіпкердің өзі де қатысуы тиіс.

Осылайша, жеке құқықтық қатынастарда кәсіпкерлердің құқық субъектілігі 14 жастан бастап туындауы мүмкін. Осы жасқа жеткенге дейін кез келген азамат кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тек абстрактілі мүмкіндікке ие болады.

Аталмыш жасқа толғанда азаматта бір уақытта екі заңды маңызы бар қабілеттілік пайда болады:

1) кәсіпкерлік саласында азаматтық құқықтар мен міндеттерге ие болу қабілеттігі;

2) кәсіпкерлік саласында өз әрекеттері арқылы азаматтық құқықтарға ие болу және оны жүзеге асыруға, өзі үшін азаматтық міндеттер жасап, оларды орындауға қабілеттілігі. Олар жиынтығында кәсіпкердің құқық субъектілігін қалыптастырады және оның құқық субъектісі ретінде өмір сүруін қамтамасыз етеді.

Дара кәсіпкерлердің құқық субъектілігін әмбебап ретінде анықтауға болады. Олар заңмен тыйым салынбаған кез келген қызмет саласында азаматтық құқықтарға ие болып және азаматтық міндеттерді атқара алады. Басқа ұстаным Қазақстан Респубикасының Конституциясына қайшы келеді.

Кәсіпкер кең ауқымды қатынастар субъектісі ретінде түседі, оған тұтынушылық, қаржылық нарық және еңбек нарығы қатынастары, сонымен қатар көпшілік-құқық сипатындағы қатанастар да қосылады. Сондықтан кәсіпкерлік құқық субъектілігі (кәсіпкердің құқықтық мәртебесі) өзіне элемент ретінде азаматтық, қаржылық, еңбектік, кәсіби құқық субъектілікті, сонымен қатар көпшілік-құқықтық (әкімшілік) құқық субъектілікті біріктіреді[1].

Заңмен бекітілген жағдайларда азамат құқық қабілеттілікке және әрекет қабілеттілікке ие бола тұра кәсіпкерлік қызметті бастай алмайды. Ол оны жүзеге асыру үшін субъективті құқық алу керек, ол құқық ерекше заңды дерек – мемлекеттік тіркеу дерегі болған кезде ғана пайда болады.

Аталмыш тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмаудың сылбыр міндеті мемлекеттік тіркеуді өтеу міндеттілігінің сырт жағы болып көрінеді. Бұл міндеттілік кәсіпкерлік қызметке құқықпен (құқық қабілеттілік элементі) бірге тікелей заңнан туындайды және жалпы реттелуші құқықтық қатынастардың аясында әрекет етеді. Мұндай міндеттілік, оны бұзу барысында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша қорғаушылық құқықтық қатынастың пайда болуына және оны жасағаны үшін жауапкершіліктің туындауына әкеледі.

Кәсіпкерлік қызметті Қазақстанда жүзеге асыруға ниеттеген жеке тұлға, дара кәсіпкер ретінде шетел мемлекетінде тіркелуі мүмкін. Мұндай жағдайда ҚР АК-нің 1095-бабы негізінде, ондай тұлғаның кәсіпкерлік қызметке субъективті құқығы дара кәсіпкер ретінде тіркелген елдің құқығы бойынша анықталуға тиіс. Тіркелген елі болмаған жағдайда дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын негізгі орнындағы елдің құқығы қолданылады.[2].

Кәсіпкердің кәсіпкерлік қызметке құқығының шектері мен шектеулері болады.

Мұндай құқықтың шектері ретінде оның жүзеге асырылу мақсатын (табыс табу), сонымен қатар, нарықты мемлекеттік реттеу саласында қолданылатын лицензиялар мен өзге де рұқсаттардың әрекет ету мерзімдерін (егер заңнамада лицензияның мерзімсіз әрекет етуі көзделмесе ) есептеуге болады.

Осыған байланысты бизнес жүргізудің нысаны ретінде дара кәсіпкерлік өзіндік артықшылықтар мен кемшіліктерге ие.

Артықшылықтарына келесілерді жатқызуға болады:

1) шаруашылық серіктестіктерге қарағанда, кәсіпкерік қызметке рұқсат алу жеңілдетілген: дара кәсіпкер кәсіпкерлік қызметпен заңды тұлға құрмай-ақ мемлекеттік тіркелген сәттен бастап айналысуға құқылы.

2) салық салу мен есептіліктің оңайлатылған жүйесі қолданылады.

3) жағдайдың өзгеруіне жылдам серпіліс беру, дара кәсіпкерікке икемділік қасиеті тән, яғни мәселелерді жедел түрде шешу мүмкіндігі.

Шаруашылық жүргізу нысаны ретінде дара кәсіпкерліктің кемшіліктеріне:

1) несиелендіру мүмкіндіктерінің шектелуі  (микро-, шағын және орта кәсіпорындар қомақты көлемде несиелер ала алмайды );

2) барлық мүлкімен жауапкершілікке тәуекел етуі;

3) қызмет аясын кеңейту мен дамыту мүмкіндіктернің шектелуі кіреді.

Дара кәсіпкерліктің түрлері өзіндік кәсіпкерлік және бірлескен кәсіпкерлік болып табылады. (жеке кәсіпкерік туралы Заңның 7-б.).

Өзіндік кәсіпкерлікті бір жеке тұлға өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай-ақ мүлікті пайдалануға және (немесе) оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай дербес жүзеге асырады.

Өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асыру барысында жеке тұлға өзіне меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікпен жауап береді, сонымен қатар, ерлі –зайыптылардың ортақ меншігіндегі үлесімен де жауап береді.

Некеде тұратын жеке тұлға жұбайын кәсіпкер ретінде көрсетпей өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асырған кезде жұбайының кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға келісімі талап етілмейді.

Жеке тұлға өзіндік кәсіпкерлікті жүзеге асыру үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін пайдаланған жағдайларда, егер заңдарда немесе неке шартында не ерлі-зайыптылардың арасындағы өзге келісімде өзгеше көзделмесе, мұндай пайдалануға жұбайының келісімі қажет.

Бірлескен кәсіпкерлікті жеке тұлғалар (дара кәсіпкерлер) тобы өздеріне ортақ меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай-ақ мүлікті бірлесіп пайдалануға және (немесе) оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай жүзеге асырады.

Бірлескен кәсіпкерлік кезінде жеке кәсіпкерлікпен байланысты барлық мәмілелер бірлескен кәсіпкерліктің барлық қатысушыларының атынан жасалады, ал құқықтар мен міндеттер олардың атынан алынады және жүзеге асырылады

Бірлескен кәсіпкерліктің нысандары:

1) ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі негізінде жүзеге асырылатын ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлігі;

2) шаруа (фермер) қожалығының ортақ бірлескен меншігі немесе жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ бірлескен меншік негізінде жүзеге асырылатын отбасылық кәсіпкерлік;

3) жеке кәсіпкерлік ортақ үлестік меншік негізінде жүзеге асырылатын жай серіктестік болып табылады (жеке кәсіпкерлік туралы Заңның 7-б.).

Жай серіктестіктің мәртебесі ҚР АК 12-тарауында бекітілген. Аталған тарауда жай серіктестікке қатысты бірнеше түсініктер: «бірлескен қызмет туралы шарт (жай серіктестік шарты)», «жай серіктестік» қарастырылады. Сонымен қатар, АК 228-бабында жай серіктестік бірлескен қызмет туралы шарт негізінде құрылады деп бекітілген. АК 12 тарауының мәтінен жай серіктестік шарты мен бірлескен қызмет турал шарт-бұл бір мағыналас түсініктер екенін анықтауға болады. Жай серіктестік және бірлескен қызмет туралы шарт (жай серіктестік шарты) өзара байланысқан түсініктер ретінде түседі, себебі бірлескен қызмет туралы шарттың (жай серіктестік шарты) негізінде жай серіктестік құрылады.

Бірлескен қызмет туралы шарттың қатысушылары бірдей экономикалық немесе басқада мүддеге ие. Олар бір-біріне қарсыласпайды, себебі оларда ортақ келісілген мақсатқа ие. Қатысушылардың саны екіден кем болмауы тиіс. Бұл көп жақты шарт болып табылады. Бірлескен қызмет туралы шарттың әрбір қатысушысы оның басқада барлық қатысушыларымен бір уақытта өзара қарым қатынаста болады.

Жай серіктестік шартын мердігерлік, жалдау шарты  және де сол сияқты бірқатар сабақтас шарттардан ажырата білу қажет, себебі ең алдымен, бірлескен қызмет туралы шарттан міндеттемелік емес, ал салыстырмалы заттық құқықтық қатынастар туындайды. Мердігерлік шартын орындау барысында, егер мердігер обьектінің иегері болуды көздесе, онда тапсырыс беруші мен мердігердің арасында бірескен қызмет туралы шарт жасалуы мүмкін, ол шарт бойынша бір тарап салым ретінде құрылыстық-жөндеу жұмыстарын, екінші жақ материалдық-техникалық қамтуды салады.

Қазіргі таңда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарты кең таралған, бұл шарт бойынша мердігер тапсырыс берушінің тапсырмасы бойынша инвестор-азаматтармен ұсынылған қаражаттың негізінде тұрғын үйді салуды жүзеге асырады. Кейде бұл шартты бірлескен қызмет туралы шарт деп санайды. Алайда бұл дұрыс емес. Үлестік қатынастардың белгілерін, тек азаматтармен-инвесторлардың арасындағы қатынастарды қарастырсақ қана байқауға болады. Бірақ құрылысқа кеткен шығынмен және сатуға дайын үйлердің жалпы құны арасындағы айырмашылықтан пайда алуды көздейтін тапсырыс берушінің және құрылысты жүзеге асыра отырып пайда табуды көздейтін мердігердің бар екендігін естен шығармау қажет. Бұл азаматтармен инвестицияланатын мердігер шарты табылады. Құрылысқа өз қаражаттарын салатын азаматтардың бірнешеу болатындығын есепке ала отырып, бұл шартты көп жақты инвестициялық контракт деп қарастыру қажет. Сондықтан бірлескен қызмет туралы шартты реттеуші нормалар аталған шартқа қолданылмайды.

Жай серіктестік заңды тұлға болып табылмайды. Бірлескен қызмет туралы шарттың мақсаты заңды тұлға немесе өзгеде субъект құру емес, ал жай серіктестік түріндегі құқық субъектілікке ие емес құқығында бірлестік (ұжымдық бірлестік) құру болып табылады. Осы орайда бірлескен қызмет туралы шартты құрылтай шартынан да ажырата білу қажет.

Аталған екі шартта да өзіндік құқықтық реттеу аумағына ие. Мысалы, бірлескен қызмет туралы шарт консенсуалды шарт болып табылады. Ол екі және одан да көп тұлғалардың табыс табу немесе заңға қайшы келмейтін өзгеде мақсатқа қол жеткізу үшін өз жарналарын біріктіру және заңды тұлға құрмай-ақ бірлесіп әрекет жасау міндеттерін біріктіреді. Құрылтай шартының басты ерекшелігі, оған қол қою заңды тұлғаны құрудың алғы шарты болып табылады. Құрылтай шартының мақсаты – бұл белгілі бір бірлестік құру, құрылтайшылардың өз мүліктерін беру, сонымен қатар құрылтайшылардың заңды тұлғаның қызметіне қатысу тәртібі мен ережелерін бекіту саналады. ҚР АК 41-бабына сәйкес «заңды тұлға өз қызметін жарғы және құрылтай шарты негізінде жүзеге асырады. Құрылтай шартында тараптар (құрылтайшылар) заңды тұлға қруға міндеттенеді, оны құру жөніндегі бірлескен қызмет тәртібін, оның меншігіне (шаруашылық жүргізу құқығына,оралымды басқаруға) өз мүлкін беру және оның қызметіне қатысу ережелерін белгілейді».

Осыған байланысты, бұл екі шарт бір қатар ортақ белгілерге ие. Құрылтай шартта, бірлескен қызмет туралы шартта көп жақты, консенсуалды, қатысушыларды өзара міндеттендіретін және ұйымдық, мүліктік сипаттағы құнды мәмілелер болып табылады. Аталған шарттар бойынша тараптардың мүдделері тікелей қарама-қайшылықта емес, ұқсас болып келеді. Сонымен қатар, олардың мақсаты бірлесіп коммерциялық немесе коммерциялық емес қызмет жүргізу болып танылады. Алайда, бұл шарттардың сыртқы ұқсастығы шартты болып есептеледі, себебі оларға салыстырмалы талдау жасау барысында түбегейлі өзгешеліктер байқалады.

Бірлескен қызмет туралы шартқа қарағанда, құрылтай шартының мақсаты – заңды тұлға құру. Заңды тұлға құрылғаннан кейін ол өз әрекетін тоқтатпайды. Соның негізінде құрылған бірлестік әрекет еткен уақыттың барлық кезеңінде құрылтай құжатта әрекет етеді. Құрылтайшылармен берілген мүліктің меншік иесі болып, пайда болған заңды тұлға табылады. Құрылтайшылар бұл мүлікке қатысты тек міндеттемелік құқыққа ие болса, жай серіктестікте алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін оның қатысушыларымен берілген мүлікке олар ортақ үлестік меншік құқығымен ие болады. Құрылатын кәсіпорынның жарғысын жиналу мен бекіту аралығындағы құрылтайшылардың іс әрекеті тараптардың нақты анықталған ортақ мақсатқа қол жеткізудегі күштері мен ізгі ниеттерін біріктірумен сипатталады. Сонымен қатар, серіктестердің бизнесі қандай да бір уақытта тікелей жай серіктестік нысанында жүзеге асырылып, кейін заңды тұлға құру мақсатын көздеуі әбден ойға қонымды жағдай. Осындай жағдайда серіктестердің іс-әрекеті, олардың күш жігері әуел бастан көрнеу түрде жаңа компания құруға қажетті барлық жағдайларды жасауға бағытталады және аталмыш жағдайлар  үстіртін бір заңды тұлға құруға жасалмайды, ал шынайы нарықтық жағдайлар, клиенттік база қалыптастыруға, сонымен қатар жарғылық капиталдың төменгі мөлшерін қалыптастыру туралы жағдайды сақтау үшін жеткілікті бастапқы капиталды құру ғана емес, сондай-ақ ақшаның жеткілікті ағымын қалыптастыратын бизнесті тиісті деңгейде жүргізуге мүмкіндік беретін бастапқы капиталды қалыптастыру үшін жасалмақ.

Жаңа заңды тұлға құруға бағытталған бірлескен қызмет туралы шарт жасау мүмкіндігі жоққа шығарылмайды, яғни тәжірибеде бар. Дегенмен, заңды тұлғаны құрудың нақты үрдісі құрылтай шартымен реттеледі. Жай серіктестік жаңадан құрылатын заңды тұлғамен белгілі бір уақытта қатарласа әрекет етуі мүмкін. Осы келісім аясында құрылатын заңды тұлғаның жарғылық капиталына кейіннен салым ретінде енгізілетін мүлікті қалыптастыру және ұлғайтуға қатысты мәселелер реттелуі мүмкін.

Осыған байланысты, бірлескен қызмет туралы шарт заттық салыстырмалы құқықтық қатынас туындататын шарттың жеке түрі ретінде қарастырылады. Жай серіктестік бірлескен қызметтің бір түрі саналады, оның айрықша ерекшелігі ортақ үлестік меншікті қалыптастыру болып табылды.

Заңнама бойынша жай серіктестіктің бір түрі ретінде консорциум атты нысан қарастырылады.

Консорциум – бірлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негізінде заңды тұлғалар нақты шаруашылық міндеттерін шешу үшін белгілі бір ресурстарды біріктіріп, күш-жігерді үйлестіретін ерікті түрде тең құқықты уақытша одақ (бірлестік) (АК 233-б. 1-т.).

Консорциум – бұл заңды тұлғалардың бірлесуінің бір нысаны. Дегенмен, өздері заңды тұлға болып табылатын және коммерциялық болуы мүмкін (бірнеше шаруашылық серіктестіктер шаруашылық серіктестік нысанында коммерциялық бірлестік құрады) немесе коммерциялық емес  ассоциация (одақ) нысанында құрылатын бірлестіктермен араластырмау керек. Консорциум заңды тұлға болып табылмайды. Бұл шарттық бірлестік және консорциумға қатысушылардың арасындағы барлық қатынастар бірлескен қызмет туралы шартпен және консорциум мүлкіне қатысты мәселелер ортақ үлестік меншік туралы нормалармен анықталады.

Консорциум қатысушылары заңды тұлғалар болып табылатын, жай серіктестіктің бір түрі. Сондықтан, жай серіктестік туралы барлық ережелер толық көлемде консорциумға да қолданылады. Бұл уақытша бірлестік, себебі консорциум белігілі бір уақытқа немесе белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін құрылады. Дегенмен, кейбір кезде құрылу мақсаты соншалықты анықсыз болғандықтан, консорциум іс жүзінде мерзімсіз болып қалады. Мысалы, балалардың ойын-сауық орталығын салу және оның кейінгі қызметі бойынша консорциум.

Консорциумға қатысты бірлескен қызмет туралы шарт «консорциалдық келісім» деп аталынады. Шарттық құқық теориясында консорциалдық келісім бірлескен қызметті жүзеге асыру белгісі бойынша топтастырылған шарттардың қатарына жатқызылады. Шарттардың аталмыш топтарының ішінде бірлесудің мақсатына қарай ажырату жүргізіледі: не бұл заңды тұлға құру немесе заңды тұлға құрмай-ақ бірлескен шаруашылық қызмет.

Консорциалдық келісімнің мақсаты құқық субъектілігіне ие емес бірлестік құру, міне, бірлестіктің осы нысаны Қазақстанның, сонымен қатар ТМД-ның басқада мемлекеттерінің кәсіпкерлері үшін қызығушылық танытады. Біріншіден, оны құрушыларға заңды тұлға құрып қажет емес және тіркеумен және одан кейін қайта тіркеумен байланысты уақыттық, ұйымдастырушылық және қаржылық шығындар көтерудің де қажеті жоқ. Екіншіден, консорциумда заңды тұлға мәртебесінің жоқтығына қарамастан, соның арқасында істерін оның құрамына кіретін заңды тұлғаның бірі жүргізеді, сәйкесінше, ол заңды тұлғаның барлық белгілеріне және мүмкіндіктеріне ие болады. Үшіншіден, консорциум икемді, себебі оның құрамынан жекелеген қатысушыларының қосымша тіркеу және рұқсат алу үрдістерінсіз тез ену және тез шығумен сипатталады, әрине ол өз кезегінде көптеген кәсіпкерлерді қызықтырады. Төртіншіден, консорциумның артықшылығы оны басқарудың икемділігі мен нұсқамалық сызбасының болуы табылады, консорциумды барлығы емес, ал бірнеше арнайы тағайындалған қатысушылары басқарғанда, «меңгерушілік бойынша»  басқару мүмкіндігіне ие болады, яғни бір қатысушы стратегиялық жоспарлау мен дамытуды «меңгерсе», екінішісі – жарнаманы ұйымдастыруды, үшіншісі- қаржылық қызметті меңгереді. Бесіншіден, консорциум қатысушыларының алдында тұрған өзекті бағыттағы басымдық бағдарламалар мен міндеттерді шешуге капиталдарды бірлестіру әрі шоғырландыру мүмкіндігі  артықшылық болып табылады. Алтыншыдан, консорциумның басты пайдасы өзінің икемділігі шегінде оның қатысушыларының арасында әртүрлі ұйымдық-құқықтық комбинацияларды қолдану мүмкіндігінде, өз кезегінде ол тәуекелді азайтуға мүмкіндік бермек. Мысалы, жекелеген мәмілелерді жасауды шектелген мүліктік жауапкершілік мәртебесіне ие консорциумның қандай да бір қатысушысына тапсыру мүмкіндігінің болуы. Әрине, мұндай жағдайда басқада бір қатар ережелерді сәйкестендіру қажет, алайда, мұндай мүмкіндік жоққа шығарылмайды.

Консорциумның негізігі артықшылықтары осындай, олар аталмыш бірлестік нысанының атағын өсіруге әсерін тигізетіні айдан анық.  Қазақстан Республиасының территориясында құрылған консорциумның айқын мысалы болып, Agip KCO атты халықаралық консорциум танылады, оның қатысушылары – BG Group, ENI, Total, ExxonMobil, Shell, Inpex және ConocoPhillips.

Шаруа (фермер) қожалығының заңдық мәртебесі туралы ережелер ҚР АК 224-225-226-б. және «Шаруа (фермер) қожалығы туралы» Заңда (әрі қарай ШФҚ туралы Заң) көрініс тапқан.

ШФҚ туралы Заңының 1-бабына сәйкес, адамдардың жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыруы ауыл шаруашылығына арналған жерлердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрумен, сондай-ақ осы өнiмдi ұқсатумен және өткiзумен тығыз байланысты отбасылық-еңбек бiрлестiгi шаруа (фермер) қожалығы деп танылады.

Осы баптың нормаларына сәйкес, заңды тұлға құрмай және заңды тұлға белгiлерi болмаған жағдайда кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын жеке тұлғалар шаруа (фермер) қожалығы субъектiлерi болып табылады.

Шаруа (фермер) қожалығының мүшелерi ортақ шаруашылықты бiрлесiп жүргiзетiн жұбайлар, балалар, асырап алынған балалар (қыздар), ата-аналар және басқа да жақын туыстар болып табылады.

Сонымен қатар, ШФҚ туралы заңда ШФҚ мүшелікті тану үшін ортақ шаруашылықты бірлесіп жүргізу айтылып өтеді.

Шаруа (фермер) қожалығы:

  1. кәсiпкерлiк қызмет бiрлескен ортақ меншiк базасына негiзделген отбасылық кәсiпкерлiк нысанында жүзеге асырылатын шаруа қожалығы;
  2. өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыруға негiзделген фермер қожалығы;
  3. бiрлескен шаруашылық қызметi туралы шарт негiзiнде, жалпы үлестiк меншiк базасында жай серiктестiк нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығы сияқты нысандары болуы мүмкін.

Шаруа (фермер) қожалығы ерiктi негiзде құрылады және жер учаскесiне жеке меншік құқығын немесе жер пайдалану құқығын мемлекеттiк тiркеуден өткiзген кезден бастап құрылды деп есептеледi (Қазақстан Республикасының азаматтары үшін).

Шаруа (фермер) қожалығы шаруашылық жүргізу нысаны ретінде Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығының тең құқықтық өндiрiстiк бiрлiгi болып табылады.

Шаруа (фермер) қожалығы өз қызметiнiң бағытын, өндiрiсiнiң құрылымы мен көлемдерiн дербес айқындайды, өнiмдi өсiредi, ұқсатады және сатады, сондай-ақ шаруашылық жүргiзумен байланысты басқа да мәселелердi шешедi.

18 жасқа толған, Қазақстан Республикасының iс-әрекетке қабiлеттi кез келген азаматы шаруа (фермер) қожалығының басшысы бола алады. ШФҚ басшысы ұйымдармен, азаматтармен және мемлекеттiк органдармен қарым-қатынаста оның мүдделерiн бiлдiредi және заңмен тыйым салынбаған азаматтық-құқықтық мәмiлелердi жүзеге асырады.

Шаруа (фермер) қожалығы банк шоттарын ашуға және банктегi өз ақшаларына иелiк етуге құқылы.

Шаруа (фермер) қожалығына салық салу тәртібі мен ережелері, мүшелерінің табысы Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. ШФҚ мүшелерінің табысы және қожалықта шарт бойынша жұмыс істейтін азаматтардың табысы толық көлемде табыстар туралы декларацияда көрсетілуі керек.

ШФҚ туралы Заңның 17 бабына сәйкес, ШФҚ қолданылып жүрген заңдарда белгiленген тәртiп пен ережелер бойынша мүлкiн, жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салып несие алуға құқылы, сонымен қатар ШФҚ сақтандыру туралы қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жалға алынған және жеке меншiк өндiрiс құрал-жабдықтарын, сондай-ақ ауылшаруашылық дақылдарының егiсiн (екпелерiн), көпжылдық екпелердi, шығарған өнiмдерiн, шикiзатты, материалдарды жойылуы немесе зақымдануы жағдайынан сақтандыруды жүзеге асырады.

АК 224-б. 1-т. сәйкес, ШФҚ мүлкі, мүшелерінің бірлескен меншік құқығында тиесілі болады. Дегенмен, бұл жағдайда ШФҚ әртүрлерінің ерекшеліктерін ескеру қажет. ҚР АК 224-б. 1-т. ережелері шаруашылық қожалықтарына қолданылады.

ШФҚ ортақ мүлкін иелену және пайдалану азаматтық заңнаманың жалпы ережелері бойынша жүзеге асырылады. Алайда, қожалықта қызмет атқаруға мүшелік негізде емес, еңбек шартымен немесе басқа да негіздермен тартылған тұлғалар қожалықтың мүлкінің иесі болып табылмайды және меншік иесінің құзыретін атқармайды.

Жалпы ережелермен (212, 220-б.) салыстырғанда, ортақ меншікке билік жүргізудің ерекшелігі болып, оны әдетте қожалық басшысының жүзеге асыруы танылады. Қожалық басшысы басқа құқық субъектілерімен қарым-қатынаста қожалықтың мүддесін білдіреді және заңмен тыйым салынбаған азаматтық-құқықтық мәмілелерді жүзеге асырады.

Шаруа (фермер) қожалығымен ауылшаруашылық қызметін жүргізудің негізі болып жер учаскесі танылады. Жер учаскелерін беру және пайдалану тәртібі ҚР Жер кодексімен және ШФҚ туралы Заңның 2-тарауымен анықталады. Жер учаскелерi шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн — жеке меншiк құқығымен (Қазақстан Республикасының азаматтарына) немесе 10 жылға дейiнгi мерзiмге (шетел азаматтары үшін) уақытша өтеулi жер пайдалану құқығымен берiледi.

ШФҚ тоқтатылған жағдайда, ортақ мүлік ҚР АК 218 және 221-баптарында көзделген ережелер бойынша бөлінуге тиіс, себебі бұл мүліктің бірлескен немесе үлестік меншікте болғаны ескеріледі.

Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің бірі одан шыққан кезде, шаруашылықтың өндіріс құрал-жабдықтары бөлінуге жатпайды. Алайда, қожалықтан шыққан адамның бұл мүлікке ортақ меншіктегі өз үлесіне сәйкес ақшалай өтем алуға құқығы бар.

Қожалық мүлкін бөлген немесе қожалықтан шыққан кезде бірлескен меншік құқығындағы қожалық мүшелерінің, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, қожалық мүлкіне үлестері тең деп танылады.

ШФҚ қызметі:

  1. егер қожалықтың қызметiн жалғастырғысы келетiн бiрде-бiр қожалық мүшесi, мұрагер немесе басқа адам қалмаса;
  2. банкрот болса;
  3. жер учаскесiне жеке меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайларда тоқтатылады.

Шаруа (фермер) қожалығының қызметiн жүзеге асыру нәтижесiнде туатын мүлiктiң, жер даулары мен өзге де даулар сот тәртiбiмен қаралады.

Пайдаланылған әдебиеттер:
А. С. Киздарбекова, Г. Б. Асетова
Кәсіпкерлік құқық: Оқулық. Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2011.- 281 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *