Жоспары:

  1. Федерация құрылғанға дейінгі БАӘ.
  2. БАӘ-нің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы.
  3. ХХ ғасырдың соңындағы Біріккен Араб Әмірлігі.

Екінші дүниежүзілік соғыс Шартты Оманның экономикалық және саяси өміріне үлкен ықпал етеді: шейхтар мен үстем топтың жағдайын әлсіреткен натуральды шаруашылықтың құлдырау және тауар-ақша қатынастарының нығаю процесі тездетілді.

Әмірліктегі 1940-1950 ж.ж. ішкі саяси жағдай ағылшын және американ мұнай компанияларының қарама-қайшылығына байланысты шиеленісті. Бұл кезеңде Сауд Аравиясында өз позициясын нығайтқан АРАМКО Шартты Оманды қоса британ протектораттарында жаңа концессиялар алуға тырысты. 1950 ж.ж. ортасына дейін АРАМКО, «Ирак Петролеум Компани» және «Ройял Датч-Шелл» арасындағы неғұрлым таласты мәселе  — Эль-Бурайманың мұнайлы жерлері болды. Тек 1955 жылы қазан айында ғана Оман және Абу-Дабаның қарулы күштері ағылшындықтардың қолдауымен оазисті иеленеді.

Өзінің экономикалық және әскери-саяси позициясын нығайту және жағдайды тұрақтандыру мақсатымен Лондон Оңтүстік аравиялық княздықтардың федерациясын құру идеясын ұсынады. Алайда бұл жоспарларды Сауд Аравиясы және АҚШ тарапынан болған теріс бағалауларға байланысты жүзеге асыру мүмкін болмайды. Алайда 1960 жылдардың соңында ағылшындықтардың Аденнен кетуі және ЙХДР-ның құрылуынан кейін бірігу туралы мәселе қайтадан көтеріледі. Ол ағылшын әскерлерінің «Суэцтен шығысқа қарайғы» аудандардан шығарылу бағдарламасының құрамдас бөлігі болды. 1968 жылы 16 қаңтарда Ұлыбританияның премьер-министрі Г.Вильсон сөз сөйлеп, Шартты Оман, Бахрейн және Катар елдерін біріктіретін мемлекеттер федерациясын құруды қарастырады.

Бұл бағыттағы алғашқы қадам Абу-Даби шейхы Заид бен Султан мен Дубай шейхы Рашид бен Саидтің кездесуі болды, мұнда осы әмірліктердің федерациясын құру туралы шешім қабылданады. Екі билеуші де Шартты Оман, Бахрейн мен Катардың басқа да шейхтарын аймақтық мәселелерді шешуде және біріккен қимылдарды талдауда шақыруға міндеттенеді.

1968 жылы 25 ақпанда Дубайда жиналған Шартты Оманның, Бахрейн мен Катардың жеті әмірлігінің билеушілері келісімге қол қояды және Араб әмірліктерінің Федерациясының (ФАЭ — АЭФ) құрылғандығын жариялайды. 1968 жылы 30 наурызда күшіне енген келісімде Федерацияның жоғарғы органы  — Жоғарғы кеңестің құрамы анықталды. Оған барлық 9 әмірліктің билеушілері енді. Басқа органдардың құрылуы келесі отырысқа қалдырылды.

1968 жылдан 1971 жылға дейін өздері құрған Федерациядағы өз әмірліктерінің орны мен ролі туралы шейхтар арасындағы қарсылықтарды айқындағын жоғары деңгейдегі бірнеше кездесулер өткізіледі. Күрес барысында екі топ қалыптасады. Оның біреуіне Абу- Даби, Эль-Фуджайра, Шарджа, Умм-эль-Кайвайн, Аджманн әмірліктерінің билеушілері және оларды қолдаған Бахрейн әмірі кірді. Оларға оппозицияны Катар, Дубай және Рас-эль-Хайма альянсының билеушілері құрады. Сонымен қатар Шартты Оманның барлық шейхтары федерация құрамына қуатты экономикасы және саны көп тұрғындары бар Катар мен Бахрейннің қосылуынан қауіптенді. Бұл келспеушіліктер нәтижесінде Бахрейн мен Катардың федерацияға кіруінен бас тартуына және 1971 жылы тәуелсіздіктерінің жариялауына алып келеді.

1971 жылы 2 желтоқсанда Дубайда өткен жеті әмірліктің өкілдерінің конференциясында федеральдық мемлекет  — Біріккен Араб Әмірлігінің құрылғандығы туралы жарияланады. Оған Рас-эль- Хаймадан басқа алты әмірлік кіреді. 1972 жылы 10 ақпанда Рас-эль- Хайма жаңа мемлекеттің жетінші мүшесі болады.

Қазіргі кезге дейін күшін жоймаған 1971 жылғы уақытша конституцияға сәйкес БАӘ өз кезегінде «бірыңғай діні, тілі, тарихы, тағдырымен біріккен ұлы араб отанының құрамдас бөлігі. БАӘ-нің халқы  — араб ұлтының құрамдас бөлігі болып табылатын біртұтас халық». Мемлекеттің жоғарғы билік органдары Әмірлердің жоғарғы кеңесі, Президенттік кеңес, Министрлер кеңесі және Федеральдық ұлттық консультативтік ассамблея (ФНКА). Заң шығарушылық билікті құрамына жеті әмір кіретін Жоғарғы Кеңес және президент пен вице-президенттен тұратын Президенттік Кеңес иеленеді.

БАӘ-нің президенті болып Абу-Даби билеушісі шейх Заид бен Султан аль-Нахайян, вице-президент болып Дубай билеушісі шейх Рашид бен Саид аль-Мактум сайланды. Жаңа президент Ұлыбритания мен БАӘ арасындағы бұрынғы барлық келісімдердің күшін жойған достық туралы келісімге қол қояды. Мемлекеттің уақытша астанасы Абу-Даби қаласы болады. 1971 жылдың соңында БАӘ АЕЛ қабылданады және БҰҰ мүшесі болады.

БАӘ Жоғарғы кеңесі барлық федералдық саясатты дайындауға, декреттер мен халықаралық келісімдерді ратификациялауға жауапты, президент, вице-президент, премьер-министр, Жоғары сот мүшелерінің тағайындауын бекітеді және олардың әрқайсысының отставкаға кетуін қабылдайды.

Президенттік кеңестің мерзімі  — БАӘ-нің тәуелсіздігін жариялағаннан бастап 5 жыл. Президент шейх Заид бен Султан аль- Нахайян және вице-президент шейх Рашид бен Саид аль-Мактум өз қызметерінде 1976, 1981 және 1986 ж.ж. қайта сайланады. Президент Жоғарғы кеңестің отырыстарына жетекшілік етеді және оның кез- келген шешіміне вето жариялауға құқылы. Ол Жоғары кеңеспен қабылданған заңдарға, декреттерге және шешімдерге қол қояды, премьер-министрді, оның орынбасарын және министрлер кеңесін тағайындайды, олардың отставкасын қабылдайды.

Парламент қызметін Федеральдық ұлттық консультативтік ассамблея (ФНКА) атқарады. Ол 40 орыннан: Абу-Даби мен Дубайдан 8 депутаттан, Шарджа мен Рас-эль-Хаймадан — 6, Аджман, Умм-эль-Кайвайн және Эль-Фуджайрадан 4 депутаттан тұратын кеңесуші орган. Әдетте билеушілер уақытының басым көпшілігін өз әмірліктерінде өткізеді және маңызды мәселелерді шешуге ғана жиналады. 1973 жылы желтоқсан айының соңында Министрлер Кеңесін қайта құру барысында премьер-министрдің орынбасары болып Абу-Даби әмірінің ұлы Хамид бен Заид аль Нахайян жарияланады.

Абу-Даби мен Дубай билеушілері арасындағы қарама-қарсылық БАӘ-нің сыртқы саяси жағдайын сипаттайды. Өзінің құрылу кезеңінен бастап БАӘ ресми түрде қосылмаушылар қатарына қосылды. ОПЕК-те әмірлік самарқау позицияны иеленіп келеді. БАӘ басшылығының пікірінше, Таяу Шығыс дағдарысын реттеу мәселелері израиль әскерлері 1967 жылы оккупациялаған территориялардан шығарылу және палестиналықтарға өз тәуелсіз мемлекеттерін құруға құқық беру жағдайында жүзеге асырылуы тиіс.

Аймақтағы ірі мұнай өндіруші мемлекеттердің бірі ретінде (1980 ж.ж. мұнай өндіру орташа деңгейде жылына 60 млн т. құрады, ал оны өңдеуден түскен табыс жылына 13 млрд долларға жуық) БАӘ-нің әлеуметтік-экономикалық жағдайы дәстүрлі түрде тұрақты деп есептеледі. Алайда БАӘ 1987 жылы маусымда алғаш рет ішкі саяси дағдарысқа тап болады: Шарджи әмірлігінің Сұлтан шейхтің үлкен ұлы сарай төңкерісін жасауға әрекеттенеді. Ел президенті шейх Заид бен Султан аль-Нахайян оның билікке ұмтылушылығын қолдайды, ал вице-президент және премьер-министр Рашид бен Саид аль-Мактум өзінің шейх Сұлтанды қолдайтындығын жариялайды. Шиеленіс келісім жолымен шешіледі  — бұрынғы билеуші өз құқықтарын орындауға қайта кіріседі, ал үміткер мұрагер ханзада деп жарияланады.

Елдің мұнай сатудан түскен ауқымды байлығы үкіметке кең көлемді әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыруға және федерация тұрғындарына дүниежүзінде жан басына шаққандағы ең ірі табысты (1985 жылы 19 270 доллар) иеленуге мүмкіндік береді. Мемлекеттің даму қарқыны туралы 1990 жылы қазір «Таяу Шығыс Гонконгы» атанып отырған тек бір ғана Дубай әмірлігінің сауда көлемі 11 млрд.долларды құрағанынан көруге болады.

ХХ ғасырдың соңғы он жылдығы жалпы алғанда ішкі саяси және экономикалық тұрақтылығымен ерекшеленді. Мұнайдан түскен табыс және шетелге капитал салу денсаулық, білім, тұрғын үй құрылысы саласына ауқымды қаржы бөлуге мүмкіндік береді. Жан басына шаққандағы ҰІӨ көрсеткіші бойынша БАӘ Парсы шығанағы ауданында бірінші орын алады.

Ел экономикасы бұрынғысынша мұнай өңдеу өндірісіне негізделген. Мұнай және мұнай өнімдерін экспорттау қарастырылып отырған кезеңде жылына 15 млрд. долларға жуық табыс әкеліп отырған. Ауыл шаруашылығы  — ҰІӨ-нің тек 2-3 пайызын ғана береді. Онда тұрғындардың еңбекке жарамды бөлігінің 5 пайызы еңбек етеді. Өнімдердің қажеттілігі импорт есебінен қанағаттандырылады.

1990 ж.ж. БАӘ Таяу Шығыстың ірі қаржы орталығына айналады. Елде қызмет ететін 60-тан астам коммерциялық банктердің жалпы депозиті 40 млрд.долларды құрады. БАӘ арқылы, және ең алдымен Дубай княздығы арқылы, жыл сайын 170 тоннаға дейін алтын өтеді.

1996 жылы Абу-Даби шейхы Заид бен Султан аль-Нахайян алтыншы мерзімге президенттікке сайланады. Аль-Нахайян рулық қауымы Абу-Даби әмірлігін 20 жылдан астам уақыт бойы басқарып келеді.

Авторлық сілтеме:
Азия және Африка елдерінің қазіргі заман тарихы (ХХ ғ. екінші жартысы — ХХІ ғ. басы): Оқу–әдістемелік құрал / Б.М. Мырзабаева — Орал: М.Өтемісов атындағы БҚМУ Баспа орталығы, 2013. — 340 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *