Әлемде кез келген халықтың балалар әдебиетінің басын алар бастауы фольклор мен ауыз әдебиетінде. Талай ғасырдан бері халықтың рухани азығы болып келген халықтық шығармалардан ұрпақ тәрбиелеуге қажетті ұлттық тәлім-тәрбиенің тамаша үлгілерін табамыз. Қай ұлтта болмасын халық ауыз әдебиетінің ең алғаш пайда болған, ең тұңғыш айтылған өлең, жыр, әңгімелер балаларға арналған. Өйткені баланы өз өмірінің жалғасы деп ұққан. Сондықтан халық ауыз әдебиетінің алғашқы пайда болуы, шығуы халықтың өз баласына арналып айтылған өлең, жыр, ертегілерден, әндерден басталады. [1,13 б.]. Халық ауыз әдебиетінің асыл мұраларынан бастау алған балалар әдебиеті ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, С.Торайғыров, С.Көбеев, С.Дөнентаевтардың балалар әдебиетіне қосқан мол мұраларымен байи түсті. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жазба балалар әдебиетінің негізі қаланды.

Қазақ баласының ой-санасына, тәрбиесіне көңіл бөліп, көңіл көкжиегін кеңейту жолында қызмет еткен ағартушылар Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, С.Торайғыров, С.Көбеев, С.Дөнентаевтардың балаларға арнаған шығармалары фольклорлық үлгіде жазылды. Балалар әдебиетінің атасы Ы.Алтынсарин өзінің атақты «Қазақ хрестоматиясын» халқымыздың фольклорлық мол қазынасын пайдалана отырып, педагогика заңдылықтарына сәйкестендіре жазды. Ол қазақтың және басқа халықтардың да фольклорлық шығармаларын өңдеп, аударып, өзі де бала ұғымына сай бірталай шығармалар жазып балалар әдебиетінің үлгілері ретінде ұсынды. «1879 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» алғашқы оқулық ретінде ғана емес жалпы қазақ балаларының рухани дүниесіне назар аударудағы алғашқы бетбұрыс еңбек болғаны белгілі. Бұл еңбек жалпы қазақ әдебиетінің балаларға берер тәрбиелік ықпалының зор екендігін танытумен де бағалы».

Қазақтың ұлттық балалар поэзиясының пайда болуына назар аударған академик С.Қирабаев: «Қазақтың балаларға арналған жазба әдебиеті ХІХ ғасырдың екінші жартысынан, Қазақстанда ағартушылық, демократиялық әдебиеттің тууынан басталады… ХІХ ғасырдың екінші жартысында балаларға арналған әдебиет қағаз бетіне түсіп, кітап болып тарай бастады. Ол қазақ даласында ашылған тұңғыш мектеп үшін құрастырылған оқу құралдары беттерінде қалыптасып, әдеби қалыпқа түседі. Оған орыс және туысқан халықтар әдебиетінің ықпал-әсері де артады. Осы жүйеде көп жұмыс атқарған адам – қазақтың тұңғыш ағартушы педагогы Ыбырай Алтынсарин еді» [54,304 б.]. деп жазды.

Қазақ халқының мол фольклорлық мұрасынан ертеден-ақ қазақ даласына келген орыс саяхатшылары назар аударып, там-тұмдап хатқа түсіре бастаған. Бұл салада көрнекті еңбек еткендер – Ресейлік география қоғамның мүшелері: В. Радлов, И. Березин, А. Васильев, Г. Потанин, Н. Ильминский, А. Харузин, П. Мелиоранский, В. Катаринский, Н. Пантусов болды. Ресейдің алдыңғы қатарлы әдебиетшілері, тарихшылары, ғалымдармен бірге қазақтың зерттеуші ғалымдар Ш. Уалиханов, Ә. Диваев, Ы. Алтынсарин, С.Көбеев, Т. Жомартбаев ел арасынан ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жазып алып қазақ және орыс тілдерінде газет-журналдарға бастарды. Және бұл материалдарды екі тілде кітапша етіп те бастырып шығарды.

Зерттеуші ғалымдардың бұл еңбектерінде ауыз әдебиетінің мол мұраларының ішінде балалар фольклорының да кейбір үлгілері жарияланды. Қазан төңкерісінен кейін бұл игілікті іс жедел қолға алынды. 1924 жылғы қазақ білімпаздарының бірінші съезінде ауыз әдебиетін жинау мәселесі айрықша сөз болды. Бұндай игілікті іске мемлекет тарапынан, мәдениет, халық ағарту саласы тарапынан қамқорлық көрсетілді. Арнайы қаржы бөлініп, ел арасына ғылыми фольклорлық экспедициялар шығару ұйымдастырылады. 20-жылдардың басында М.Әуезов Жетісу бойына келіп Ә.Диваев, І.Жансүгіровтермен бірлесе қазақ-қырғыз елдерін аралай жүріп, 1916 жылғы көтеріліс туралы халық поэзиясын, қырғыздың «Манас» эпосын, басқа да ауыз әдебиеті үлгілерін жинап қайтқан еді.

Ал 20-жылдардың аяғына таман қазақ зерттеуші ғалымдары С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Ғабдуллин, Ө.Тұрманжанов т.б. ауыз әдебиетін сала-салаға бөліп зерттей бастаған болатын. Осы игілікті істі бастаушылардың бірі – Мұхтар Әуезов болды. Ол 30-жылдары жер-жерге шығарылған арнаулы экспидициялардың жұмысына ғылыми кеңес беріп, басшылық етті. Қазақ ауыз әдебиетi үлгiлерiн жинау, бастыру мәселелерiмен одан ертеректе – ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында бiр топ орыс ғалымдары айналысты. Олардың iшiнде Сырдария генерал-губернаторы Н.И.Гродековтың 1884 жылы қазақ, өзбек, қырғыз халқы ауыз әдебиетiн жинауды қолға алып, бұл жұмысты жергiлiктi халықтың тiлiн, салт-дәстүрiн жетiк бiлетiн Орынбор кадет корпусiнiң түлегi Ә.Диваевқа тапсырды.

Ол араб, парсы тiлдерiмен қоса қазақ, өзбек, тәжiк тiлдерiн де жетiк бiлетiн едi. Ә.Диваев белгiлi түркiтанушы В.Н.Наливкинмен, тарихшы, этнограф, филолог А.Н.Вышнеглярскиймен жүздесiп, ақыл-кеңес ала отырып, зерттеу жұмысының жоспарын жасады. Ел аузындағы ертек, аңыз-әңгiме, батырлар жырын жетiк бiлетiн қариялармен пiкiрлесiп, олардың бiлгендерiн жазып алып жiберiп отыратын мұғалiм-молдаларды бұл iске тартты. Өзi жинаған материалдардың бiр тобын Ресей география қоғамының Қазандағы бөлiмшесiне жiберiп отырды. Сондай-ақ 1886 ж. Ташкентте шыға бастаған “Түркiстан уалаяты” газетiнде жариялады. Диваев бiрiншiден қазақ ауыз әдебиетi үлгiлерiн келешек ұрпақ үшiн, тарих үшiн қажеттi дүние деп қараса, екiншiден жиналған материалдарды орыс тiлiне аударып, бастыру арқылы қазақтың көне мәдени мұрасымен орыс, батыс халық өкiлдерiне таныстыруды көздедi. 1896 жылы Қазан университетi жанындағы археология, тарих және этнография қоғамы Ә.Диваевқа хат жолдап, аталған қоғамға мүшелiкке алғанын хабарлайды.

А.Диваев 100-ге тарта ғылыми еңбек қалдырды. Ол жинаған қазақтың батырлар жыры 1922-23 жылдары Ташкентте тұңғыш 9 том болып басылды. 1924 жылы Ташкентте қазақтың тұрмыс-салт өлеңдерiнен құрастырған «Тарту атты жинақ, ал 1926 жылы Қызылордада «Балаларға тарту» жинағы шықты. Ол «Алпамыс», «Қамбар батыр» жырларының бiрнеше варианттарын, «Тазша бала ертегiсiнiң үш нұсқасын салыстыра зерттеп, олардың iшiндегi ең толығын және ең көркем дегендерiн баспа арқылы шығарып отырған.

Диваевтың 1920 жылы Жетiсу, Сырдария бойына ұйымдастырған экспедициясы орасан мол материал әкелген. Олардың iшiнде аңыз да, жұмбақ та тақпақ та, мақал-мәтелдер де, айтыс өлеңдер де бар. Ә.Диваев қазақ ойындары мен ойыншықтарының мән-мағынасына да талдау жасайды. Бар өмiрiн қазақтың мәдени мұрасын жинауға, зерттеуге арнаған Ә.Диваевтың еңбегi туралы кезiнде М.Дулатов, М.Жұмабаевтар өлең, мақала жазып, жоғары бағалаған. Бұл кезеңде балалар әдебиетінің фольклорлық үлгілері де жиналып жарық көрді. Сондай-ақ бұл мәселе зерттеушілердің ғылыми еңбектерінің жазылуына түрткі болды.

Оның көрнекті дәлелін М.Әуезовтің, А.Байтұрсыновтың, С.Сейфуллиннің, М.Жұмабаевтың, Х.Досмұхамедовтің, Ж.Аймауытовтың зерттеу еңбектерінен көреміз. Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеп, көптеген мақалалар жазған М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» (1922), «Қобыланды батыр» (1925), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1927), А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926), С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932), Х.Досмұхамедовтің «Қазақ халық әдебиеті» (1924) (орыс тілінде), Ө.Тұрманжановтың «Қырық өтірігі» (1935), «Қазақ мақал-мәтелдері» (19), Қазақстан Ұлт мәдениеті институты шығарған «Қазақ совет фольклоры» (1935) өз кезінде ғылыми мәні зор, елеулі зерттеулер болды. Мұхтар Әуезовтің қазақ эпосы мен фольклоры тарихын тұтас түрде зерттеуге арналған «Әдебиет тарихы» деген кітабы жазылғанға дейін қазақ фольклорын әдеби әрі тарихи жағынан жүйелі зерттеу ісі жасалмағаны жұртшылыққа мәлім. Осы орайда академик С.Қирабаевтың монографиялық еңбегінде қазақ фольклорын жүйелі зерттеу ісі жеткілікті қолға алынбаған дәуірде «тек М.Әуезов қана 1927 жылы басылған «Әдебиет тарихы» кітабы арқылы ауыз әдебиеті материалдарын тұңғыш рет сала-салаға бөліп зерттеуге талап жасады.

Оларды жанрлық ерекшеліктеріне қарай топтастырады» деп орынды баға бергенін атап өткен жөн. [55, 433б.] М.Әуезов өзінің «Әр жылдар ойлары», «Ертегілер» деген ғылыми еңбектерінде: «Балалар әдебиетінің арғы төркіні халықтық шығармалардан туады», — дей отырып, ауыз әдебиетінің ішінде балалар әдебиеті мұрасына қандай топтар жататын анықтап, көрсетіп береді. Ертегілерге арнайы талдаулар жасай келе М.Әуезов былай дейді: «Балаларға арналған ертегілер – қиял-ғажайып ертегілерінің, тұрмыс-салт және хайуанаттар жайындағы ертегілердің аралас-құралас жиынтығы сияқты. Олар қызғылықты әрі күлкілі болып келеді. Кейде оларды «өтірік» ертегілер деп те атайды.

Мұндай ертегілер адамды кәдімгі ақиқат ортадан құстар мен жәндіктер дүниесіне немесе қиял-ғажайып нәрселердің әлеміне әкетеді» десе, қиял-ғажайып ертегілер тобына жасаған талдауында: «Хайуанаттар жайында балалар үшін айтылатын қазақ ертегілерінің бір алуаны – «Күшік пен мысық», «Қотыр торғай» сияқты кішкене жануарлар жайындағы ертегілер. Ақылсыз күшік, айлакер мысық балаға жәндікті әрі кейіпті танытумен бірге баланың өз мінезіндей ойнақы, кейде күлкілі көңілді әңгімеленді» [56.214 б. ], — дейді. М.Әуезов тек қана хайуанаттар жайындағы ертегілерді ғана емес, кеңес дәуіріндегі ертегілер қатарындағы күлдіргі ертегілердің де балалар әдебиеті мұрасынан кіретінін айтады: «Салт ертегілер қатарындағы алуаны бөлек бір топ – ортақ, тапқыр, күлкіге, қызықты жеңіл түйіндерге құрылған әңгімелер болды. Алдымен, мұндай ертегілердің оқиға ортасында жүретін бас геройларының өзі ерекше.

Оның бар іс-мінезінен бұрын аты-қалпы, кескін ұқсыны да күлкілі әрі оқыс келеді. «Шибұт», «Қағанақ бас, Қылтамақ», «Ұр тоқпақ», «Қаңбақ шал», «Тазшаның қырық өтірігі» деген ертегілердің аты мен адамынан әңгімелерінің ойнақы, күлдіргі жаққа бейім тұрғаны мәлім болады» [56.225 б.], дей отырып, бұлардың әрқайсысына жан-жақты талдаулар жасайды. Тек ертегі емес халықтық шығармалардың ішіндегі балалар фольклорында жұмбақтар да үлкен орын алады. Жұмбақтар баланың ойын өсіруге, тереңірек ойлауға, ақыл-есін дамытуға үлкен көмегін тигізеді. Академик М.Әуезов қазақтың әдет-ғұрпы салтында жұмбақтың орны ерекше екенін айтып келіп: «Кейде бүкіл бір ертек жұмбақтан туады. Әңгіме әсем жыр, дастан атаулының талайының жұмбаққа соғып кететіні болады.

Ертеде ердің даналығын, жүйрігін жұмбақпен сынау машық болған… Біздің уақытымызда жұмбақ өз бағасын жойған жоқ. Жұмбақты мектеп балалары тілге ұста болу үшін оқиды, жаттайды. Жастар ойын-сауық кештерде әлі де ермек етеді. Ата-аналардың жас балаларға беретін тәрбиесінде де баланың ойын тапқырлыққа баулу үшін де жұмбақтың көп пайдасы бар», — дейді [57.145-146], «Бұл жөнінде М.Әуезов – қазақ балалар әдебиетінің бірінші зерттеушісі деуге болады» [1,225].

Халық даналығы тудырған фольклорлық мұраларды жинап, зерттеуге ерекше ден қойған ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» атты еңбегі арқылы «қазақ фольклортану ғылымның негізін қалап, қабырғасын көтерді» [58.70 б.]. Осы еңбегінде автор қазақ ауыз әдебиетінің өзіндік сипаттарын анықтап, оның түрлерін былайша жіктейді: ертегі, ауызекі әңгіме, өтірік өлең, үгіт өлең, толғау, терме, ділмәр сөз, тақпақ, мақал-мәтел, тойбастар, жар-жар, неке қияр, беташар, жоқтау, жарапазан, бата, жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыры. Бұл туралы белгілі ғалым Кенжехан Ісләмжанұлы былай дейді: «Бұл еңбекте өлең», «жұмбақ», «жаңылтпаш», «тақпақ», «жарапазан», «бесік жыры» сияқты терминдер алғаш ғылыми айналысқа түсіп, мағыналық жағынан тиянақталды. Ғалым ауыз әдебиетінің жанрының түрлерін кеңінен саралай отырып, олардың балалар репертуарынан алатын орнына да назар аударып отырды» [53,15 б.]. А.Байтұрсынов ертегі туралы айта келіп, «Балалар әдебиеті жоқ жерде ертегі баланың рухани қиялын тәрбиелеуге көп керегі бар нәрсе, баланы қиялдауға үйретеді», — деп жазады [29, 412 б.].

Қазақ фольклорын арнайы зерттеген С.Сейфуллин «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), «Батырлар» (1933) атты жинақтар жазып шығарды. Ақан серінің, Ақмолланың, Ы.Алтынсаринның өлеңдерін, «ЛәйліМәжнүн» дастанының Ш.Құдайбердиев аударған қазақша нұсқасын бастырды. Оларға алғысөз жазып, таныстырады. Сәкеннің зерттеу еңбектерінің ішіндегі елеулісінің бірі – оның 1932 жылы баспадан шыққан «Қазақ әдебиеті» атты кітабы. «Сәкеннің «Қазақ әдебиеті» атты кітабы – Әуезов еңбегінен кейінгі халықтық ауыз әдебиетінің жүйелі баяндауға арналған екінші талап… …Сәкен кітабының күні бүгінгі шейінгі ауыз әдебиетін зерттеу тарихында елеулі қызмет атқарып келе жатқанын атап өту орынды. Қазақ ауыз әдебиеті саласындағы тұңғыш оқу құралдары болғандықтан автор оған ескі әдебиет нұсқаларын көп кіргізді. Сәкен жарияланған сол әдебиет үлгілері бүгінгі шейін ең беделді әдебиет зерттеулерде пайдаланып келеді» деген С.Қирабаев [55,443]. С.Сейфуллиннің бұл кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге автор ертегілерді, салт өлең жырларын, дін салтынан туған жырларды, мал туралы және «қадірлі жануарлар» туралы әңгіме-өлеңдерді, жастық ойын-күлкі өлеңтақпақтарын кіргізеді.

Зерттеуші мұнда балаларға арналған халық жырларын арнайы топтастырып, бөле-жара қарастырмайды, оны біртұтас халық мұрасының ішкі жанрлық түрлері ретінде таниды. Мәселен, бесік жырларын, беташар, тойбастар, естірту, жоқтау, қоштасу мен өсиет жырларын тұрмыссалт жырларының арнасында сараласа, өтірік өлең, айтыс, балалар тақпақтары мен ойын өлеңдерін, жұмбақ, жаңылтпаштарды жастық ойын күлкі өлеңдерімен айтыс (әзіл айтысы) жұмбақ, жаңылтпаш және жас балалардың ойын үстінде айтатын тақпақтары. …Мал баққан көшпелінің балаларының, жастарының жас күннен алатын тәрбиесінің бір жағы сол жастардың ойындары мен үлкендердің сауық салттарында болған.

Мал баққан көшпелінің балалары оқу жазу білмегендіктен білімді, тіл өнерін жасынан шамасынша жатқа үйрене беретін болған. …Онан соң балаларға үлкен бір сабақ – отбасындағы әңгімелер болған. Малшылар кешке ауылға қайтқанда әңгімені от басында айтады. …Дүзден ауылға қайтқанда, кешке от басында отырып, айнала отырған қатын-қалаш, кемпір-шал ауыл адамдарына көрген-білген уақиғаларына әңгіме қылып айтады. От басы әңгімесіз болмайды. Әңгімені от басындағы көпті көрген қарттан сұрайды. Ол болмаса, қонып отырған қонақтан сұрайды дедік. Ол болмаса, от басында жиналғандардың көбі жастар болса, қыз-келіншек, бозбала болса, әңгімені өзді-өздері кезек-кезек айтысады дедік. Сол күліп-ойнап айтысатын жастардың әңгімелері түрліше болатын. Мысалы: ертек, әңгіме, өлең, жұмбақ, жаңылтпаш. Міне осындай әңгімедүкендері жастарға жаттығу болып, балаларға өз әлінше «сабақ», «өнеге», «оқу» болатын.

Белгілі алашорда қайраткері Х.Досмұхамедов қазақ халқының тәрбиелік даналығы мен тәжірибесі оның ауыз әдебиетінде деп таныған. Фольклоршығалым ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жазып аулмен шұғылданып, олардың негізінде «Мұрат ақын сөздері» (1924), «Аламан» (1926), «Исатай-Махамбет» (1925) атты кітаптарын шығарды. Х.Досмұхамедовтің фольклортану саласындағы еңбектерінің ішіндегі қомақтысы 1928 жылы шыққан «Қазақ халық әдебиеті» атты еңбегі. Бұл көлемді зерттеу еңбекте ауыз әдебиетінің табиғаты, жазба әдебиеттен еркешелігі кеңінен әңгімеленді.

Онда қазақ ауыз әдебиетінің 46 түрі мен жанрларын топтап, сатылап, біршама толық ғылыми жүйеге түсірген. Автор балалар әдебиетіне қатысты тәрбиелік мәні бар бағалы пікір де айтады: «Халық балалар әдебиетін зерттеу бала табиғаты мен тілінің дамуы жөніндегі мәселені анықтауға мол сәуле түсіреді, бұған қазақ педагогтары баса назар аударуы керек. Қазақ баласының шыр етіп жерге түскенінен ер жеткенге дейінгі бар ғұмыры өлеңге толы. Қазақ баласының алғашқы еститіні ана әлдиімен айтылатын бесік жырының әуені. Балалардың ойындарының барлығы дерлік өлеңмен өрнектеліп келсе, бозабалалық шақ негізінен махаббат жырларына толы» деп жазуының үлкен тәрбиелік мәні бар екенін көреміз [60,51 б.]. Халел бұл еңбегінде қазақ халқының тұрмыстық салт-дәстүрлері, оның тәрбиелік мәні туралы жан-жақты баяндаған.

Мұнда ол халқымыздың шаруашылық кәсібі, тұрмыс-тіршілігі, аңшылық өмірі, киіз үйі мен оның барша жиһазы, ұлттық киімдері, әсіресе қыздар тағатын сырға-шолпы, теңге, бес қару мен ер-тұрман, т.б. туралы баяндай келе, олардың жас буынды еңбекке, кәсіпшілдікке, ерлікке, әсемдікке, сыпайылыққа, адамгершілік қасиеттерге баулып, тәрбиелеуде маңызы зор дегенін нақтылы мысалдар келтіре баяндайды. Фольклорлық мұраны жинап бастыру ісінде М.Жұмабаевтың да өзіндік орны бар. Қазақ халқының асыл қазынасын келешек ұрпақ үшін, тарихы үшін қажет дүние деп білген Мағжан былай дейді: «Өткен дәуірдегі теңіздей тұңғиық әдебиетіміздің бізге бұл күнде адасқан ұшқындары, тентіреген тамшылары ғана жетіп отыр. Көбі, көбі болғанда ең сұлулары ұмтылған, желдей ескен жыраулармен бірге топыраққа айналған…

ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы поэзия фольклор дәстүрлерін бойына жинаған, ауыз әдебиетінен алыс кетпеген, фольклорлық үлгіні жаңарта, жаңғырта жырлаған поэзия болды. Бұл кезең әлі де фольклорлық үрдістің қаймағы бұзыла қоймаған кез еді. Сол кезең ақындарының қай-қайсысы болса да жастайынан ауыз әдебиетімен сусындап, оны жаттап, құлағына құя тыңдап өскен-ді. Оның үстіне мол фольклорлық қазыналарды жазып алу, жариялау үрдісі кең етек алған болатын. Бұл кезең ақын-жазушылары І.Жансүгіров, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ж.Аймауытов тағы басқалары өздерінің балаларға арнаған шығармаларын фольклор дәстүрін үлгі-өнеге ете отырып, жаңаша мазмұнда дүниеге келтірді, өз шығармаларына халықтық шығармаларды арқау етті, жаңа түрмен толықтырады. Осы жылдарда қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі І.Жансүгіровтің балалар әдебиеті дейтін әсем әлемге қосқан үлесі аса салмақты. Оның фольклорлық үлгіде жазылған «Балаларға тарту» (1926), «Балаларға базарлық» (1929), «Өтірік» (1927), «Малта» (1929), «Шәутеннің шәркейі» (1929), «Одақ» (1930), «Жұмбақ» (1930) атты бірнеше кітаптары жарық көрді.