Аскомицеттер класы 30 мыңға жуық саңырауқұлақ түрлерін біріктіреді, ал Қазақстанда 500-ден астам түрі кездеседі. Олардың мицелийі тарамдалған, бір немесе көп ядролы, бір-бірінен көлденең перделермен бөлінген жасушалардан тұрады. Тіршілік кезеңінде жыныссыз немесе анаморфа және жынысты, яғни телеморфа жолмен көбейеді. Бұл саңырауқұлақтарды бір класқа біріктіретін негізгі қасиет – аса күрделі жынысты жолмен көбеюдің нәтижесінде жеміс денесінің немесе аскокарптың ішінде түзілетін қалташалар, немесе асклар мен аскоспоралар. Кейбір түрлердің мицелийі оидий немесе хламидоспораларға бөлшектенуі және өсімдік жасушаларынан қоректік зат соратын гаусторий мен апрессорий, сонымен қатар склероций мен өрілген таспа тәріздес жіп-шумақтар түзуі мүмкін. Жынысты кезеңде гаметангия деп аталатын арнайы жасушалар бір-біріне құйылады. Алғаш плазмогамия, демек екі жасуша плазмасының бір-біріне қосылуы, соңынан кариогамия, ядро заттарының бірігуі орын алады. Төменгі сатыдағы аскомицеттердің арнайы жеміс денесі болмайды, қалташалар тікелей мицелий ұшында түзіледі.

Жоғарғы сатыдағы аскомицеттердің жынысты көбеюі кезінде аналық жасуша аскогон, немесе архикарп – аталық жасушаға, яғни антеридийге құйылады, плазмогамия нәтижесінде дикарионды мицелий түзіледі. Жасушамен бірге ядро да екіге бөлінеді. Қалташалар аскогенді мицелийдің жоғарғы жасушасында түзіліп, строма деп аталатын вегетативті мицелиймен торланады. Пішіні жағынан олар дөңгелектеу, сопақ, цилиндр, кейде қапшық тәріздес келеді. Әр қалташада көбінесе 8, кейде 2 немесе 4 аскоспора түзіледі. Қалташа сырты жұқа бір ғана қабықшамен көмкерілсе унитуникатный, екі қабықшамен — битуникатный деп аталады. Аскоспоралар бір немесе көп жасушалы болуы мүмкін, пішіні дөңгелектеу, сопақ, жұмыртқа, цилиндр, кейде жұлдыз тәріздес немесе неше түрлі бұралған. Құрылысы мен пішіні бойынша жеміс денелері 4 түрге бөлінеді, олар клейстотеций, перитеций, апотеций және псевдотеций деп аталады.

Клейстотеций – дөңгелектеу келген, қалташалар ішінде ретсіз орналасқан жабық жеміс дене. Перитеций – пішіні құман немесе алмұрт тәріздес, жоғарғы ұшында споралар шығатын арнайы саңылауы бар, жартылай жабық дене. Топтала түзілген қалташалар бір-бірінен парафиза деп аталатын тығыз өрілген жіпшелермен бөлінген. Апотеций – пішіні табақ тәріздес, жоғарғы жағында аскоспоралар мен парафизалар алмаса орналасқан ашық жеміс дене. Псевдотеций – саңырауқұлақ жіпшелерімен торланған аскоспоралар түзілетін орын немесе арнайы қуыстар.

Аскомицеттердің тіршілік айналымында гаплоидты, диплоидты және дикариотты кезеңдер бір-бірімен алмасады. Гаплоидты немесе жыныссыз көбею, саңырауқұлақтардың тіршілік кезеңінде үстем келеді, мицелий тарамдарында пішіні әр түрлі келетін сағақ-тарда конидиялар түзіледі. Қалталы саңырауқұлақтардың тіршілік айналымында жыныссыз немесе конидия арқылы көбеюдің алатын орны үлкен. Ұзаққа созылмайтын дикариотты, яғни аскогенді мицелийлер және өте қысқа диплоидты кезең — жаңа түзілген қос ядролы қалташалардан тұрады. Саңырауқұлақтардың қалталы, немесе жоғарғы сатысы, көбінесе, қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларында түзіледі.

Аскомицеттер қалташалардың түзілу ерекшеліктеріне байланысты нағыз, жалаңаш және қуыс қалталылар деп аталатын үш класс тармағына жіктеледі. Олардың көптеген түрлері ауылшаруашылық дақылдарының кең таралған және зиянды ауруларының қоздырғыштары ретінде белгілі. Сонымен қатар, біраз түрлері өсімдіктер мен жануарлардың сапрофитті шірінділерінде тіршілік етеді. Тамақ өнеркәсібі үшін де аскомицеттердің біраз маңызы бар. Мәселен, ашытқы саңырауқұлақтары нанмен қатар шарап және сыра өндірістерінде, биоүдеткіштер мен витаминдер алуда кеңінен қолданылады.

Жалаңаш қалталылардың негізгі өкілі – ашытқы саңырауқұлақтары. Мицелийлері тарамдалмайды, сопақтау келген, бүрленген конидия тізбектерінен тұрады. Ашытқы саңырауқұлақтары қантқа бай ортада өсіп-өнеді, бүрлену арқылы жыныссыз көбейеді. Қоректік заттар сарқылуға жақындаған кезде конидиялардың бөлінуі тоқталып, аскоспоралар түзіледі. Олар тамақ және шарап өндірісінде кең қолданылады.

Тафриналылар немесе экзоаскалылар қатарына жататын саңырауқұлақтар сүректі дақылдардың ауруларын қоздырады. Олардың мицелийлері өсімдік жасушаларында таралады, ал залалданған мүшенің үстінде немесе қабықшасының астында қатар-қатар орналасқан аскоспоралар түзіледі. Жынысты жолмен көбейеді, өсу барысында мицелий және қалталы споралану сатылары алмасып отырады.

Авторлық сілтеме:
Қойшыбаев М., Жанарбекова; Жалпы фитопатология. Аграрлық университеттердің «Өсімдік қорғау және карантин» мамандығы бойынша дайындалатын студенттеріне арналған. //Оқу құралы. — Алматы, ҚазҰАУ, 2013 жыл. — 280 бет. (Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі, профессор А.О. Сағитов).