Артур ШопенгауэрАртур Шопенгауэр — неміс философы. Классикалық философияны, соның ішінде Фихтенің, Шеллингтің, әсіресе, Гегельдің ілімін қатал сынады, тіпті іске алғысыз деп есептеді. Неміс классиктерінің ішінен тек Кантты ғана мойындап, құрметтеген. Шопенгауэрдің өзі атап өткендей, оның философиясындағы құнды идеялар, пікірлер, тұжырымдар Платон мен Канттың ықпалымен пайда болған. Жалпы алғанда, Шопенгауэр сыншыл ойшыл: ол ешкімнің көзқарасын, ілімін сыннан тыс нәрсе деп есептемейді. Кант философиясына да сын көзімен қарап, «Кант философиясын сынау» деген арнаулы еңбек жазады. «Канттың ұлы жетістігі, – деп жазады Шопенгауэр, – оның құбылыстар мен «өзіндік заттың» арасын ажыратқаны; Канттың дұрыс көрсеткеніндей, адамдар мен заттардың арасында әрқашан да интеллект тұрады; сондықтан заттар қандай болса, сол күйінде танылмайды».

Шопенгауэр философиядағы, саясаттанудағы волюнтаризм деп аталатын бағыттың негізін қалады. Сонымен Шопенгауэр ілімінің негізінде ерік (воля) жатыр. Ерік – бұл бастапқы реалдық, адам білетін алғашқы күмән туғызбайтын шындық. Декарт бір кезде өз ілімін «Мен ойлаймын, демек, өмір сүремін» деп, ойлаудан, Меннен бастап еді:. Шопенгауэр мәселені басқаша қояды: «Мен қалаймын (Я желаю, Я хочу), демек, мен өмір сүремін». Егер де адам өзі қаламаса, оны сырттан күштеп, зорлап, ештеңеге үйрете алмайсың, инабаттылыққа, іскерлікке, батылдыққа баули алмайсың. Нақты заттардың бәрі – уақытша, өткінші. Тек ерік қана – мәңгілік. Сондықтан ол – нағыз шындық. Дүниедегі құбылыстардың бәрі де ерік арқылы анықталып, түсіндірілуі керек.

Әрине, Шопенгауэрдің ерік жөніндегі түсінігінде асыра сілтеушілік бар. Кеңес дәуірінде философты осы үшін сынап, идеалист, волюнтарист деп айыптау басым болды. Ол ерікті ақыл-еске, санаға қарсы қояды. Ерік – дүлей күш, бейсаналық ұмтылыс, адамның барлық әрекетінің бастауы. Сонымен бірге Шопенгауэрдің ерік жөнінде құнды пікірлер айтқанын жоққа шығаруға болмайды. Ол ерік ұғымын, осы құбылысты жан-жақты қарастырып, оның адам өмірінде атқаратын рөлін ашып көрсетті. Адам өз атына лайық өмір сүру үшін, өзін-өзі таныту үшін, білімді, ғылымды, өнерді игеру үшін ерік ерекше рөл атқарады. Адам қаншама ақылды, білімді, дарынды болмасын, егер де онда ерік (жігер) болмаса, түк те бітіре алмайды.

Ерік адам бойындағы туабіткен қабілет емес. Еріктілікке, жігерлілікке, талаптылыққа адамды үйрету, тәрбиелеу керек. Және, деп ескертеді Шопенгауэр, адамды белсенділікке, батылдыққа, дербестікке, жауапкершілікке сәби кезінен баулу керек және осының бәрін философ еріктің көрінісі деп біледі. Шопенгауэрдің есімі философияда, мәдениет тарихында орын алатын тағы бір көзқараспен байланысты мәлім болды. Бұл көзқарас – пессимизм: дүниеге, өмірге, адамдарға, болашаққа сенімсіздікпен қарау, өмірдің тек көлеңке, келеңсіз жақтарына ғана назар аудару, үміттен, сенімнен ада болу, түңілу.

Шопенгауэр жас шағында творчестволық қызметке, ғылымға, философияға бірден араласа қойған жоқ. Әкесінің талабымен 17 жаста университетке түсудің орнына сауда үйінде клерк болып орналасады. Тек әкесі дүниеден озғасын 21 жасында материалдық тәуелсіздікке ие болып, Геттинген және Берлин университеттерінде ғылым мен философияны игере бастайды. Берлинде Фихтенің және Шлейермахердің дәрістерін тыңдайды. 1813 жылы докторлық диссертация қорғайды, ал 30 жасында өзінің ең басты іргелі еңбегін жариялайды: «Дүние ерік және елес ретінде» («Мир как воля и представление»). Кейін жарияланған еңбектері осы басты еңбегінің қосымшалары және түсініктемелері болып шықты.

Шопенгауэр ғалым, философ ретінде елінде, Еуропада бірден таныла қойған жоқ. Оның басты еңбегі көзінің тірісінде оқырман қауымының назарына іліккен де жоқ. Тек өмірінің соңғы кезінде өзінің этикалық шығармаларынан: «Этиканың екі негізгі проблемасы»(1841 ж.), «Ерік еркіндігі жөнінде», «Мораль негіздері туралы», «Өмір тағылымының өсиеттері», («Афоризмы житейской мудрости», 1851 ж.) т.б. кейін Шопенгауэрге жұрттың назары ауды. Германияда ғана емес, Еуропаның басқа елдерінде де оның есімі әйгілі болды. Философ өлгеннен кейін ХІХ ғасырдың аяқ кезінде, Гегельді Маркс пен Энгельстен басқалары ұмытқан кезде, Шопенгауэр көпшіліктің сүйіп оқитын авторына айналды. Ғалымдар, философтар, зиялылар ғана емес, қарапайым адамдар да оның шығармаларын, әсіресе, өмір, адам жайлы жазған эссе, әңгімелерін іздеп жүріп оқитын болды.

Жұртшылықтың Шопенгауэрге көбірек көңіл бөлуінің себебі оның шығармаларының түсінікті тілде және әр адамға қатысты тақырыптарға арнап жазылуы болса керек. Шопенгауэр, шынында да, шығармаларын арнаулы ұғымдармен және атаулармен толтырмауға тырысып бақты. Стилі жағынан оның шығармалары басқа неміс классиктерінің еңбектеріне ұқсамайды. Бірақ осыған қарап, Шопенгауэрдің шығармасында тереңдік, дәйектілік жоқ деуге болмайды. «Нағыз философ, – деп жазады ол, – шындығында да, әрқашан да және бар күшімен жеңілдікке және айқындыққа ұмтылады». Ал кейбір философсымақтар, – дейді Шопенгауэр, керісінше, арнаулы сөздерді өз ойларын білдіру үшін пайдаланбайды, өздерінде жасыратын ойдың жоқтығын сездірмеу үшін пайдаланады; сонымен бірге олар өздерінің ілімінің түсініксіз болуына түсінбейтін оқырмандарды кінәлі қылмақ болады.

Өмір – тартыс, өмір – азап, бейнет, деп қайталай береді неміс философы. Бұл арада оған буддизмнің ықпалы болса керек. Өйткені Шопенгауэр осы ілімді дәріптеп, батыс философиясынан да жоғары қояды. Буддизмде, оның ойынша, бұлжымас шындық бар. Өмірден шындықты, ақиқатты, әділеттілікті іздеп әуре болмау керек. Өмір – табиғат сыйлығы емес, үлкен бақытсыздық. Ерік-жігер табысқа жету үшін, көзге көріну үшін ғана керек емес, өмір сүру үшін керек. Ерік-жігер болмаса, адам өмірді талақ етер еді. Мұндай өмірді бастан кешкеннен гөрі өмір сүрмей-ақ қойғаны жақсы деп ойлар еді.

Өмірде орын алатын рахат, ләззат, бақыт дегендер – елес (иллюзия), өзін-өзі алдау. Өмірде адам ананы да, мынаны да керек етеді, анаған да, мынаған да ұмтылады. Адамның қалағанына жетуі – бейнет, күрес. Дегені болған күйде де қуанышы ұзаққа бармайды. Адам жаңа тілектің соңына түседі, тағы бейнетке тап болады. Сонымен бейнет – адамның өмір сүру формасы болып шығады. Бейнетсіз өмір болмайды. Олай болса, адам неге масайрайды, неге мәз болады? Өмір жайлы ойланбағандықтан. Оптимизм Шопенгауэр үшін – теріс көзқарас, адамды келеке қылу. Бір кезде Лейбниц «нақты дүние – мүмкін болатын дүниелердің ішіндегі ең жақсысы» деген анықтама беріп еді. Мұндай оптимистік көзқарасқа қарсы Шопенгауэр «бұл дүние – мүмкін болатын дүниелердің ішіндегі ең жаманы» деп жариялайды. Адамдар, әрине, бірінен соң бірі бұл дүниені талақ етіп тастап кетіп жатқан жоқ. Олар өмір сүруде. Оларды бұл мағынасыз, бейнетке толы өмірді кешуге мүмкіндік беретін не? Ерік – деп жауап береді Шопенгауэр. Сондықтан ерік – өмірдің басты шарты.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, – Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *