Артериялық қан қысымының қалыптан төмендеуін соңғы кезде гипотония демей (артериялық қан тамырының тонусы төмендеуімен емес), гипотензия (қанның сұйық бөлігінің артерия қабырғасына түсіретін қысымы) деп дәлірек аталатын болды. Артериялық гипотензияның (Аг) Қазақстанда мектеп жасындағы балалар арасында тарау жиілігі 1979 ж. – 3,3% (В.В. Қожанов), 2001 ж. – 9,7% (Қ.Б. Абдрахманов). Статистика бойынша, Аг жиілігі кейінгі жылдарда жиілей түсуде. Ересек адамдар арасындағы гипотензиялар мен олардың асқынулары бала кезінен басталатын Аг салдары екені анық белгілі болып отыр. Нейроциркуляторлық дистония, вегетативтік тамырлық дистонияның гипотониялық түрі деген анықтамалар артериальдық гипотензияның алғашқы сатылары болып есептеледі; кейбір зерттеушілердің көзқарасынша бұл түсініктер жалпы бір мағынаны білдіреді.

Н.С. Молчанов жіктеуі бойынша (1966) Аг 1) физиологиялық; 2) патологиялық деп екіге бөлінеді. Физиологиялық Аг-ның: а) жеке-дара өз басына сай түрі (қалпы); б) жоғары дәрежеде дамыған бұлшыкеттер гипотониясы (спортсмендерге тән); в) адаптациялық (бейімделу) варианты деп үш түрін ажыратады. Патологиялық Аг: а) нейроциркуляторлық (біріншілік) гипотония – тұрақсыз, анық тұрақты (гипотония ауруы), ортостатикалық синдроммен ұштасатын; б) симптоматика-лық (екіншілік) гипотония – жедел ағымды, созылмалы, орнықты ортостатикалық синдроммен жүретін түрлерге бөледі. Симптоматикалық Аг эндокриндік (Адисон ауруы), бүйрек ауруына, іштен біткен жүрек акауларының кейбіреулеріне тән болып келеді.

Этиологиясы мультифакторлық, оның ішінде: 1). тұқымындағы бейімділік (әсіресе анасы жағынан); 2). анасының осы балаға екі қабат кезіндегі Аг-сы және қан қысымының сол кезде көбірек төмендеуі; 3) өзіне тән психосоматикалық депрессиямен ұштасатын ерекшеліктері; 4) вегетативтік нерв жүйесінің реттеу қызметінін бұзылыстары, холинэргиялық әсерлердің белсенділігі; 5) пубертаттық кезеңнің мәселелері, яғни эндогендік этиологиялық факторлар.

Экзогендік факторларға: 1) психикасына жағымсыз әсерлер (ата-анасының алкоголизмі, үйіндегі біреуінің қатты ауруы, өлімі, тұрмысының төмендігі және т.б.); 2) дене қимылының аздығы мен ақпараттың көптігі; 3) инфекция ошақтары, жиі респираторлы-вирустық аурулармен ауыру; 4) күндік режимінің тиімді болмауы, оның әр түрлі жолмен бұзылуы және т.б. жатады. Көбінесе Аг бар балаларда осы факторлардың бірнешесі қатар әсер ететінін анықтауға болады.

Патогенезі. Конституциялық-эндокриндік теория бойынша, Аг бүйрекүсті бездердің кызметі жетіспеушілігінен туатын қантамырлары тонусының төмендеуімен байланысты. Мектеп жасындағы Аг дамыған балаларда бүйрекүсті бездері түзетін глюкокортикоидтар мен минералокортикоидтардың қанда аз мөлшерде табылатыны ауру патогенезіндегі осы теорияның орынды екенін көрсетеді. Вегетативті теория Аг пайда болуын холинергиялық жүйенін белсенділігінің артуы және адренергиялық жүйенің әлсіреуімен дәлелдейді. Қанда ацетилхолин көбірек, ал катехоламиндердің аз болатыны Аг бар балаларда дәлелденген. Нейрогендік теория (кеңес ғалымдары шығарған) Аг дамуын ми ішіндегі қозу мен тежеу процестері тепе-тендігінің бұзылуымен, соған байланысты ми қабаты астындағы қан қысымын, жүрек жұмысын реттейтін орталықтардың неврозы деп санайды және осыны дәлелдейтін деректер бар.

Гуморальдық теорияны қолдайтындар Аг пайда болуын қанда кининдер мен А, Е простагландиндерінің мөлшері жоғары болатынын, ал осылардың шамадан артық мөлшері қан қысымы деңгейін төмендететінін дәлел етеді. Осы кезде біріншілік Аг-ны қантамырларының тарылып-кеңеюін реттейтін орталықтың неврозы, ол шеткі депрессорлық қызметпен бүйрекүсті бездері қызметінің қосымша өзгерістерімен бірге ұштасады деп саналады.

Клиникасы. Біріншілік Аг-ның белгілері көп түрлі және құбылмалы. Негізгі белгі мектеп жасындағы (10 жасқа дейін) балалардың артериялық қан қысымының сынап бағанасы бойынша 90/40 мм-ге тең немесе онан да төмен болуы. Аг-сы бар балалардың негізгі шағымдары бас ауыруы (цефалгия), шаршағыштық пен әлсіздік, ұйқының бұзылуы (немесе ұйқысының қанбауы), ұмытшақтық, зейіннің төмендігі, ашушаңдық, өкпелегіштік, жылауықтық, қорқыныш сезімі, басы айналып, орнынан тұрғанда көзі қарауытуы, жүрек тұсы шаншып ауыруы, тәбеттің төмендеуі, іштін ауыруы, үлкен дәреттің тұрақсыздығы мен іштің қатуы; солармен қатар, буындары мен түтікше сүйектердің сырқырап ауыруы, бұлшыкеттердін ауыруы мен қол-аяқ ұйып, мұздауы, мұрыннан қан ағуы, субфебрилитет, талып қалуы (синкопе). Осы шағымдар мен белгілерді – жастық неврологиялық, церебральдық, жүрек-қантамырлық, асқазан-ішектік белгілері кешені деп топтап, төртке бөледі. Ауа-райы өзгерген кезде бұл шағымдардың көбейетіні байқалады. Бас ауыруы мен басқа да неврологиялық шағымдар мидың қанмен қамтамасыз етілуінін, оның артериялық, веналық бөліктеріндегі өзгерістеріне байланысты.

Клиникалық белгілер бірден-ақ немесе кейінірек вагоинсулярлық немесе аралас жүретін пароксизмдер, криздермен ұштасады. Көбінесе криздер баланың аз уакытқа есінен айырылуы, талып кетулерімен айқындалады. Олардың көрінуіне себепші үрейлену, ашулану сияқты эмоциялар (вазовагальдық немесе рефлекторлық ес жоғалту) немесе қапырық бөлмеде, қатты шаршағанда, орнынан тез тұруға байланысты жағдайлар (ортостатикалық немесе синокаротидтік ес жоғалту). Гипотониялық криздер кей жағдайда басының қатты ауырып, жастықтан басын көтере алмауы, тым әлсіздік байқалады. Сирек жағдайда бас ауыру жүрек айнуымен бірге білініп, тек құсқан соң ғана басылады.

Аг-сы бар балаларда жүрегінің соғуы жиілеуі немесе сиреуі, жүрек тондарының бәсең естілуі, қысқа систолалық шу естілуі жиі кездеседі. Қанның минуттық көлемі жоғарлап, осы кезде шеткі қантамырлардың тарылуы Аг-ның гиперкинетикалық түрінде жиі, ал, керісінше, гипокинетикалық түрінде минуттық көлемнің төмендеуі – сиректеу байқалады. Көздің артқы жағында (түбінде) Аг-ға тән ұсақ артериолалар мен веналардың бірдей кеңейгені көрінеді. Көз түбі артериолаларының тарылуы (ангиоспазм), сонымен қатар, веналардың кеңеюі бас сүйегі ішіндегі гипертензиялық синдромға тән. Соңғы синдром перинатальдық немесе жүре болған ми жарақаттарының қалдықты салдарында, ликвордың қысымы көбейіп немесе азайғанда жиі кездеседі.

Диагнозы мен ажырату диагнозы. Артериялық қан қысымы сынап бағанасы бойынша 40 мм (7-10 жасқа дейінгі балада), немесе одан төмен екеніне қарап, жоғарыда көрсетілген шағымдар мен клиникалық белгілеріне сүйеніп, анамнез (тұқымында, әсіресе анасында Аг бары) жинаумен біріншілік Аг-диагнозын қоюға болады. Диагноз қоюға, әсіресе екіншілік, бас сүйегі ішіндегі гипертензиялық синдромды анықтауға краниограмма (екі проекцияда), электро-, рео-, эхоэнцефалографияның (III-ынша көлемі кеңеюі) деректері жәрдем береді. Екіншілік Аг-ның эндокриндік, бүйрек, бүйрекүсті бездері ауруларында кездесетінін ескеріп, ажырату керек, соған сай тексерулер жүргізуге тура келуі мүмкін. Кризбен білінетін Аг-ны (аз уақытқа естен айырылу, бастың ауыруы үдей түскенде) эпилепсия, жүрек ырғағы бұзылысы мен блокадасынан, ми шеменінен ажырату қажет.

Емі. Дәрі-дәрмексіз ем: а) күн тәртібін жөнге келтіру, тәулігіне 9-10 сағаттай ұйықтау (күндіз ұйықтау), жастықтарды көтеріңкіреп салу, салқын таза ауада тәулігіне сағаттан аса болу; б) ертенгі гимнастика, су процедуралары (салқын сумен жуыну, душқа түсу, шырша-минеральдық ванналар, бірақ су ыстық болмауы керек; в). тағамға ас тұзын жеткілікті (немесе көбірек) косу, шәй, кофе ішкізу; г) дене шынықтыру (жай жүгіру, тез жүгіру, велосипедпен жүру, бірақ ауыр спорт түрлері емес); д) массаж – қолды, желкені уқалау; е) физиотерапия. Магний, кальций, бром-кофеин, мезатонмен электрофорездер, кейде (бас сүйегі ішінің гипертензиясында) эуфиллинмен жасау. Рефлексті ем, лазерлік пунктура, бүйрекүсті безі тұсына индуктотермия пайдалы нәтижелер береді.

Дәрі-дәрмекті ем: 1) өсімдік адаптогендері (пантокрин, элеутерококк, адыраспан, жень-шень, левзея және т.б.), қантамырлар тонусын көтеретін (кофеин, кофетамин, адреналин, кордиамин, ангиотензин, симпатовит, глицерам және т.б.); 2) тыныштандырғыш дәрілер (валериана, бром, назепам, фенибут және т.б. транквилизаторлар); 3) А, С, В тобы витаминдері, жүрекке қуат беретін рибоксин, кокарбоксилаза, инозио, калий оротаты; 4) анаболикалық дәрілер, биогендік стимуляторлар, актовегин, фитин, ноотропты дәрілер, кавинтон және т.б. (әсіресе, бас сүйегі ішінің гипертензиясы болса). Болжамы. Сәтті. Емделмеген жағдайда Аг созылмалы түрге айналып, криздері көбейеді. Ересек адамдарда ишемиялық инсульт, жүректің ишемиялық ауруы, атеросклероз, коллапсқа бейімділік және кенет өліп кету қаупі – бала кезде басталған Аг-ны емдемегеннің салдары. Аг-сы барлардың 1/3-інде кейін гипертония ауруы дамиды.

Алдын алу. Жоғарыда көрсетілген этиологиялық факторларға сай. Тиімді күндік режим, дене шынықтыру, инфекция ошақтарын, басқа да ауруларды тиісті емдеу.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Түсіпқалиев Б. Балалар аурулары. Оқулық. Ақтөбе 2011ж 927 бет.