Ежелгі грек классиктерінің көрнекті өкілі адамзаттың бірінші ұстазы атанған — Аристотель (б.д.д. 384-322 ж.ж). Платонның үміт артқан шәкірті, ұстазы, оны ол «өз мектебінің ақыл-ойы» деп есептеген. Жиырма жылдай Платонның Академиясында білім алады, тәрбиеленеді. Ұстазы дүниеден өткеннен кейін сонда ұстаздық етеді. Бірақ көзқарасы түбегейлі өзгеруіне байланысты бөлініп, өз мектебін – Ликейді құрады (Jykeion – жер аты). Бұл мектепті әдебиетте перипатетиктер мектебі деп те атайды (peripatos – галерея деген сөз). Аристотель шәкірттерін сол галереяда қыдырып жүріп оқытады екен.

Аристотель жалпы мәлімет

Аристотель ұстазымен ол тірі кезінде де айтысып жүрген. Оның идея туралы ілімін тегістей қабылдамайтынын көрсеткен. Платонның айтқаны бар: «Аристотель енесін тебетін құлын сияқты маған тиісе береді» деп. Аристотель кейін бұған былай деп жауап берген: «Amicus Plato, sed magic amica est veritas» – «Платон – менің досым, бірақ ақиқат бәрінен де қымбатырақ». Бұл, сөз жоқ, – ғалымдарға тән ұстаным.

Ақыры Аристотель ұстазының идеалистік жолынан ауытқып, материалистік жолға түседі. Бұған себеп болған нәрсе – Аристотельдің ғылымға көбірек көңіл бөлгені, ғылымға қатысты мәселелермен тиянақты айналысқаны. Ғылым оны идеялар дүниесінен гөрі нақты материалдық дүниеге баса назар аударуға итермеледі. Аристотельдің ойынша, Платон ілімінің ғылыми негізі, дәлелдемесі жетіспейді.

Аристотель философияны ғылым жолына бұрды. Философияға осындай бағыт беру ол кезде қажет болды. Өйткені басқа ғылымдар әлі дамып жетілген жоқ болатын. Олардың функциясын философия атқаруы тиіс болды.

Аристотель мен Платонның идеяға қатысты көзқарасы қарама-қарсы болды.

Аристотель және Платон
Аристотель және Платон

1. Идея, Аристотельдің пікірінше, табиғаттан бұрын өмір сүретін бастау емес, материалдық заттардың санадағы бейнесі. Зат болмаса, зат жөніндегі ұғым болмас еді. Үй болмаса, «үй» деген ұғым қайдан болады?

2. Идея – адамның ойы, тілегі, мұраты. Ал адам – табиғат түлегі, қоғам туындысы. Адам – «саяси жануар». Демек, кез келген идеяда адам өмірі, табиғат, қоғам құбылыстары бейнеленеді. Дүниеде ешбір аналогы жоқ, ешнәрсеге ұқсамайтын идея болмайды.

3. Идея өздігінен жүзеге аспайды. Идеяны дүниеге әкелетін және іске асыратын нақты адам. Идеяны жүзеге асыру үшін материалдық нәрселер керек.

4. Идея мәңгі бақи өмір сүрмейді. Идея – тарихи құбылыс. Зат, құбылыс болмаса, олардың идеясы туралы әңгіме болмайды.

Аристотельдің уәждері де көңілге қонымды. Нақты өмірден, тарихтан туындап жатқан сияқты. Бірақ ол идеяны затпен, дүниеде бар нәрселермен байланыстырып тұр. Бұл тұрғыдан идеяның идеялық қасиеті, яғни өмірді, болмысты басып озатын, оларға жол ашатын қасиеттері тасада қалады. Идея, Платонның пікірінше парадигмалық сипатқа ие (гр. paradeigma – үлгі). Ол нақты заттардың, құбылыстардың үлгісі болып табылады. Сондықтан заттарды жасайтын, пайдаланатын адамдар парадигманы, идеяны бетке ұстауы керек.

Аристотельдің түсінігін тарылтып тұрған нәрсе оның материалистік ұстанымы, ғылымға сүйенуі. Аристотель алғаш рет философия мен ғылымның арақатынасын және айырмашылығын ашып көрсетті. Физика, математика, экономика, тарих, этика – бұлар жеке ғылымдар (частные науки), жекелеген құбылыстарды қарастырады. Ал философия – жалпы ғылым (общая наука), дүниені тұтас күйінде қарастырады.

Осы мәселеге арнап Аристотель өзінің әрі терең, әрі күрделі «Метафизика» деген іргелі еңбегін жазды. Метафизика – физика емес. Физиканың да, басқа ғылымдардың да негізін құрайтын теориялық жүйе, ғылымдардың ғылымы.

Аристотель сол кездегі көптеген бастапқы ғылымдардың негізін қалады. Философияны сипаттап, «Метафизиканы» жазды. «Физика» деген еңбегінде жалпы жаратылыстану ғылымының негізін қалады. «Аспан туралы» деген еңбегінде астрономияның мән-жайын ашып берді. «Жан туралы» деген трактатында психологияның, «Өмір туралы» деген трактатында биологияның, «Жануарлардың тарихы», «Жануарлардың қозғалысы», «Жануарлардың дене құрылысы» деген трактаттарында зоологияның, «Логика», «Топика», «Бірінші және екінші аналитика» деген трактаттарында логиканың негізін қалады. Этикаға арнап «Никомахтың этикасы», «Үлкен этика», «Эвдемнің этикасы» деген трактаттарды, эстетикаға арнап «Риторика», «Поэтика» деген шығармаларды, әлеуметтік-саяси тақырыпта «Саясат» («Политика») деген үлкен шығармасын жазды.

Маркс Аристотельді «ежелгі заманның жан-жақты ғұламасы» деп орынды айтқан. Аристотель философияны ғылым ретінде сипаттай отырып, таным заңдары мен формаларын талдады, ақиқатқа жетудің жолдарын көрсетті. Оның ақиқатқа берген анықтамасы қазір де күшінде: ақиқат, дейді ол, – біздің біліміміздің шындыққа сәйкес келетін мазмұны.

Аристотель Сократтың ізімен таным тәсілдерін қарастырды, осыған орай әдейі «Органон» (гр. құрал, аспап) деген трактат жазды. Аристотель философияда, ғылымда қолданылатын ұғымдарды атап көрсетті, аражігін ашты. Философиялық ұғымдар жанжақты, әмбебап болып келеді: затты да, зат жөніндегі ойды да бейнелейді. Ал жеке ғылымдағы ұғымдар – сыңаржақты: тек дүниедегі заттарды, құбылыстарды бейнелейді. Сондықтан ол философиялық ұғымдарды жеке ғылымдағы ұғымдардан ажырату үшін, оларды «категориялар» деп атады, «Категориялар» деген еңбек жазды. Аристотельден бері философияда «категория» деген ұғым қолданып келеді. Аристотель қарастырған категориялар: «мән», «құбылыс», «себеп», «салдар», «мүмкіндік», «шындық», «форма», «мазмұн», «орын» т.б.

Бұлардың ішіндегі «орын» («место») деген ұғымның философиялық, категориялық статусы кейбіреуімізге күмән тудыруы мүмкін. Ал, шындығында, бұл ұғым философия үшін аса маңызды екен: әр нәрсенің дүниедегі орны туралы. Соның ішінде философия адамның дүниедегі орны туралы үнемі ойланумен болады. «Орын таппай баптанба» деген Абай қандай данышпан десеңізші!

Аристотель ғылым тарихында тұңғыш рет ғылымдардың жіктелуін қарастырды. Теориялық ғылымдарға ол философияны, математиканы, физиканы, практикалық ғылымдарға экономиканы, саясатты, этиканы, ал шығармашылық ғылымдарға поэтиканы, риториканы жатқызады. Көрегендік емес пе?! Осындай ұлан-ғайыр істің бәрін тындырған біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген ойшыл дегенге сену де қиын.

Аристотель талдап, негіздеген материя және форма жөніндегі ілім де осы кезге дейін мәнін жойған жоқ. Кез келген реалды затты материя мен форманың бірлігі деп қарауға болады. Материя өздігінен нақты затты құрамайды, ол – заттың пайда болу мүмкіндігі, заттың пайда болуына қажетті материал, субстрат. Материя болмаса, форма да нақты затқа айнала алмайды. Идеяның дербес күйде өмір сүре алмайтыны сондықтан. Алдымызда тұрған құмыра, дейді ғұлама, – нақты зат. Оның атқаратын қызметі бар. Балшық болмаса (яғни материя болмаса), құмыра пайда болмас еді. Бірақ балшықтың өзі де құмыраны құрамайды. Балшықтан құмыра жасау үшін оған белгілі бір форма беру керек. Мұны істейтін шебер – мүсінші адам. Материя өздігінен – әлсіз, енжар нәрсе. Одан нақты зат пайда болу үшін форма керек. Мына бұрышта жатқан мәрмәр тас өздігінен ескерткіш болмайды. Тек формаға сай мүсінші өңдегеннен кейін мәрмәр тас ескерткішке айналады. Аристотель материя мен форманың арақатынасында белсенді рөлді форма атқарады деп есептейді. Форма – қозғаушы себеп және заттың түпкі мақсаты: зат формасына, идеясына сай келуі керек.

Аристотель ғылым жолымен дамитын философияның алдына болмыстың бастапқы себептерін ашу міндетін де қояды. Ол дүниенің немесе болмыстың төрт негізгі себептерін атап көрсетеді: 1) материалдық себеп (заттың неден пайда болатыны: жоғарыда келтірілген мысалдағы балшық); 2) қозғаушы себеп (заттың қалай пайда болатыны: шебердің қызметі); 3) формалдық себеп (заттың қандай болуы керектігі: формасы); 4) мақсаттық себеп (заттың не үшін жасалғаны: құмыра).

Аристотель философиясын философия тарихындағы алғашқы синтез, яғни ежелгі грек философиясының тұжырымы, биік шыңы деп тануға болады.

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, — Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *