Әпсананың жанрлық белгiлерi және оның түрлерi

Ертегi емес халық ауыз прозасы жанр түрлерiнiң ортақ белгiлерi де, бiр-бiрiнен ерекшеленетiн белгiлерi де бар. Халық прозасында ертегiде кездесетiн мифологиялық кейiпкерлер сияқты бейнелер бар. Бiрақ олардың адамдармен қарым-қатынасы ертегiдегi мифологиялық кейiпкерлерден басқа. Олар жай қарапайым адамдарға көрiнбейдi, ерекше сиқырлық, емшiлiк қасиетi бар адамдарға ғана көрiнедi. Әдетте ондай кісілер жекелеген батырлар, бақсы, аңшы, саяткер кісілер болып келеді. Хикая — солардың өз аузынан немесе дәл соның өзiнен естiген екінші бір кісінің баяны. Мұндай  әңгiмелердi халық ауыз прозасының  бір түрін хикая деп атаймыз. Х.Досмұхамедұлы мұндай әңгiмелердi перiлiк хикаялар деп атап, оларға бақсы, албасты, қара, перi, жын, әруақ, жалмауыз кемпiр, жезтырнаққа қатысты хикаяларды жатқызады.Хикая жанрымен терминдік атауы жағынан жақын халық прозасының екінші бір түрі – хикаят. «Хикаят» деген сөз қазақтарда ертеден қолданылған. «Хикаят» деген атау «хикая» сөзінің көпше түрі, бірақ фольклористикадағы термин ретінде басқа мағынаға ие. Хикаят – діни мазмұндағы әңгімелер. Ол ислам дінінің негізгі идеяларын, сарындарын, діни кітаптардың кейіпкерлерін уағыздайды. Хикаяттың мифологиядан айырмашылығы тарихи тұлғалардың (пайғамбарлар және оның сахабалары) басынан кешкен оқиғалары баяндалады. Ал мифология жақындығы – көне мифтік түсініктерге негізделген мотивтер мен сюжеттерді пайдаланады.Қазақ хикаяларындағы кiм-көрiнгеннiң көзiне түсе бермейтiн мифологиялық(демонологиялық) бейнелер — жын, албасты, үббе, жезтырнақ, жалғыз көздi дәу, шайтан, перi, жалмауыз кемпiр, көрбақтар. Қазақ хикаяларын ел аузынан алғаш жазып алған Ш.Уәлиханов, Б.Зелесский, А.Янушкевич, Ә.Диваевтар болды. Әсiресе, Ә.Диваевтың қазақ хикаялары жөнiнде мол мәлiмет қалдырғанын ерекше атаймыз. Ә.Диваев аталған мифологиялық бейнелердiң айтушылардың әңгімелерінің негізінде бiрнеше сыртқы белгілерiн сипаттап жазады. Албасты — әйел жынысты рух. Онымен кездескен кісі көбiне аузына әйел өкпесiн тiстеген түлкi, ұзын емшектерi жер сызған ешкi немесе сиықсыз қаншық түрiнде көрінеді. Үббе – тек қана өзендердiң терең тұстары мен иiрiмдерiнде тiршiлiк ететiн қаскүнем рух. Сыртқы түрi бойынша адамға ұқсас, бiрақ қазанның күйесiндей қап-қара, рабайсыз ұзын қара сақалды және қастары түйiлген болып келедi. Адам өзенге жақындағанда ол оны атымен атап шақыра бастайды. Таң қалған адам дауыстап өз атын етiтедi, бiрақ шақырып тұрған адамды көрмеген соң жорамал жасай бастайды. Ал суға келген адамның шомылғысы келiп, түсуi-ақ мұң екен, тұңғиықта отырған Үббе деген өзiне тартып, батыра бастайды. Үббе деген атаудың өзi тарту, жұту деген етiстiктен шыққан.Шайтандар иығында отын арқалап, айлы түн астында жүрген жас жiгiт бейнесiнде көрген: шайтан жыланға, артынан шатырлап тайғанақ мұзға айналған сәттер де болған.Бiз өз тараһымыздан ел арасында жетек пен көрбаққа байланысты айтылатын хикаяларды қосамыз. Жетек те үббе секiлдi кiсiнiң атын атап шақырады. Үббе суда тiршiлiк етсе, жетек құрғақта елсiз жерде болады. Кiсiнiң атын шақыра отырып, айдалаға апарып, әбден адастырып, шаршатқаннан кейiн буындыра бастайды. Мұндай жағдайға тап болған адам кәлимаға (“бiссiмiла”) тiлiн келтiрсе құтылады. Жетек атауы “жетектеу” естiгiнен шыққан. Үйден сыртқа көп кететiн және аяқ астынан кетiп қалатын адамдарды “Бұның жетегi бар”, Жетек жетектеп кеттi ме? — деп кейидi.Көрбақ бейiттерде, қорымдарда тiршiлiк етедi. Қорымда, бейiтте бейсауыт жүргендердi, келеңсiз iс-әрекет жасағандарды қуатын бойы бiр тұтам, сабалақ жүндi кiсi. Төрт тағандап жүгiредi. Мұндай қаскүнем рухтар қарсы тұратын күштер: бақсы-балгерлер, молда, әулие-әнбилер және мұсылман дiнiнiң аяттары мен сүрелері. Діни мазмұнды баяндайтын хикаяттарға айтушы да, тыңдаушы да сенген. Өйткені хикаяттың мазмұны мұсылмандық діни сенімге негізделген. Тыңдаушы кісілер шығармадағы оқиғалардың, кейіпкерлерлер іс-әрекетінің болғанына еш күмән келтірмейді. Себебі көптеген хикаяттар Библия, Құран кітаптардағы сюжеттерді пайдаланады. Хикаяттардың түп мазмұны Алланың құұдіретінің шексіздігін насихаттау. Алланың жердегі елшісі Мұхаммед пайғамбар арқылы Алланы дәріптеу «Дариға қыз» деген хикаятта бар. «Дариға қыз» хикаятында жер бетіне дінін мұсылман тарату оқиғаларының ізі көрінеді. Әпсана – қазақ фольклорының ертегіге жатпайтын көне жанрларының бірі. “Әпсана “ термині түркі тілдес халықтарының фольклортану ұғымында қолданады. “Афсона “иран тілінен алынған. Ол тілдегі мағынасы “ертегі“ деген ұғымды білдіреді.  Әпсаналардың көркемдік құндылығы аңыздардан жоғары, бірақ тарихи дерек, хабар берер танымдық құндылығы жағынан одан төмен. Ал ертегілерден әпсананың көркемдік құндылығы төмен де, тәрбиелік, тағылымдық маңызы жоғары. Әпсана – аңыздар мен  ертегілердің аралығындағы жанр. А. Байтұрсынұлы әпсананы «ертегісымақ» деген терминмен атауға ұмтылған.Әпсана дегеніміз – көркемдігі біршама дамыған, қиял мен кереметтік элементтерін мол пайдаланатын және кейде бір шындық оқиғаны, кейіпкерді, мекенді қамтитын, бірақ мұсылмандық діни түсінікке негізделмеген ауызекі әңгіме.Әпсаналардың сюжеттік мазмұны бай.  Бірі ертеде өткен оқиғаларды, тарихи тұлғалардың іс — әрекетін сөз етсе, екінші бірі жер – су ( өзен, көл, тау) аттарының тарихын тілге тиек етеді, Келесі бір әпсаналар діни кітаптардан ( Құран, Үнжіл, Тәурет) немесе діни сипаттама жазылған шығарма сюжеттерінен құралған, Сонымен бірге халық прозасында халықтық утопиялық ой – армандары мен түрлі мақсаттағы тәрбиелік мәні бар әпсаналар шоғыры кездеседі.

Көздеген көркемдік мақсаты, сюжеттік құрамына қарай шартты түрде төмендегідей бөлеміз:

  1. Тарихи әпсаналар
  2. Мекендік әпсаналар
  3. Кітаби – діни әпсаналар
  4. Әлеуметтік – утопиялық әпсаналар.
  5. Дидактикалық сарындағы әпсаналар.

Тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы әпсаналар алғашқы тумысында аңыз қалпында дүниеге келіп, уақыт өте келе көпшілікке таныс сюжеттерге айналып, таңғажайыптық сипаты мол әпсанаға айналған. Мысалы, адам баласының өте ертедегі мифтік таным-түсінігінен туған өлiмге дауа iздеу, өлмес өмiрдi көксеген сюжет Қорқыт, Ескендiр, Шыңғыс есiмдерiне таңылған. Тарихи оқиғаларды көркемдеп баяндайтын, тарихи оқиғаның сұлбасы көрінетін, оқиғаның ізі көміскленген әпсаналарды тарихи әпсана деп атаймыз.  Ал жер-су, мекеннің қалай пайда болып, оның атының қайдан шыққанын түсіндіруді мақсат тұтатын әңгімелерді топонимикалық әпсана деп атаймыз. Себебі мұнда себеп-салдарлы (этиологичность) сипат бар, я болмаса санлы түрде көркемдеу бар.Ғалымдар фольклорда әлеуметтік-утопияның негізгі үш сатысы байқалатынын атайды. Бірінші саты — «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заман туралы идея. Онда әлеуметтік утопияның кешіп жатқан өмірге деген наразылықтың бастамасы, алғашқы элементтері бар. Екіншісі-құтты мекен туралы арман. Мұнда әлеуметтік утопия тұрақты жерден, сол қоғамнан қашып, басқа жаққа көшу формасында айтылады. Әлеуметтік утопияның үшінші сатысында өзі өмір сүріп отырған қоғамды өзгерту идеясы ұсынылады Асан Қайғы туралы әңгімелерде қазақ фольклорында байқалатын әлеуметтік утопиялық ойлардың  алғашқы екі сатысына жатқызылады.

Әдістемелік нұсқауы: Әпсана мен аңыз жанрлары арасындағы ерекшеліктерді анық ажырата білу. Халық прозасының жанрлық белгілері туралы жазылған еңбектермен толық танысу. Қазақ әпсаналарынан мысал келтіріп, оны талдауға ұмтылу.Ә. Диваевтың «Тарту» атты жинағынан қазақ хикаялары мен хикаяттарының мәтінімен танысу. С. Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» еңбегіне конспект жасау.

Пайдаланылатын әдебиет:

  1. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. А., 1991.
  2. Досмұхамедұлы Х. Аламан. А., 1991.
  3. Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. А., 1984.
  4. Қасқабасов С. Казахская несказочная проза. А., 1990.
  5. Уәлиханов Ш. Таңдамалы шығармалары. А., 1985.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *