Антика мәдениеті – бұл Жерорта теңізі аймағының мәдениеті, б.з.д. Х-ІХ ғасырлардан б.з. ІV-V ғасырларға дейінгі аралықтағы Ежелгі Грекия мен Римнің мәдениеті. Антика мәдениеті тарихында төмендегідей кезеңдер бар: — гомерлік және ерте архаизмдік кезең (б.з.д. ІХ-ҮІІІ ғғ. – ру тайпалық қоғам тарағанға дейін); — архаизмдік кезең (б.з.д. VІІ-VІ ғғ. – құл иеленуші мемлекеттер – полистердің қалыптасуы); — классикалық кезең (б.з.д. V ғ.-дан ІV ғ. ширегіне дейін – полистердің өркендеуі); — эллинисттік кезең (б.з.д. ІҮ ғ.-дың соңғы ширегінен б.з.д. ІІ ғ.-дың ортасына дейін – полистердің құлдырауы, А.Македонский империясы, эллиндік мемлекеттер); Антика мәдениеті жүйесіндегі адамның алатын орны туралы мәселені оқып үйрену кезінде антикалық дүниетанымды Ежелгі Шығыстың өркениеттеріндегі адам туралы ұғыммен салыстыру қажет. Егер, Ежелгі Шығыстық өркениеттердің кейіпкері өзінің жұмбақтылығымен, жаратылыстан тыс болуымен, аспан әлемімен байланыстылығы арқылы күшті болса, ал Ежелгі Грекияның, Ежелгі Римнің батырлары – бұл нақты адам.

Әлемнің антикалық дәуіріндегі ерекше қабылдау төмендегіше сипатталады: — антика дүниетаным дүниеде жалпыға ортақ үйлесім бар, әлем мәңгілік, ал адам осы әлемнің бір органикалық бөлігі болып табылады деген тұжырымға негізделеді. — антикалық құдайға адамзатқа тән барлық жақсы қасиеттер мен кемшіліктер тән, өйткені адам табиғаттың бөлшегі. Антикалық дәуірде нақты адамның рухани өмірінің ғарышпен салыстырғанда мәні аз болды. — дүниеге Жазмыш үстемдік етеді, бірақ адам өзінің тағдырын білмейді. Сондықтан ол өз дегенімен жүреді. Яғни, адам ерікті. Осыдан келіп, кейіпкерлердің зайырлы наным-сенімі пайда болады. — антикалық өркениет еуропалық мәдениет типін құрайды. Ежелгі Шығыс өркениеттерінен оның ерекшелігі антикалық қоғамда маңызды өзгерістер бір ұрпақтың өмірі бойында жүргізіледі; — антика мифтен ғылымға ауысу арқылы сипатталады. Ғылымдардың қалыптасуы басталады: эвклидтік геометриясы, Архимедттің механикасы. Дүниені түсіндірудің ғылыми нысаны – философия пайда болды. Мифология мен дін руханилықтың жаңа түріне жол береді. Ондағы негізгі мәселе — ақиқат: білім ақиқаттары және болмыс ақиқаттары болып табылады. Антикалық мәдениет жекеменшік қатынастардың дамуына әсер етті, сол кезеңде жекеменшікті қазіргідей түсінікте ұғыну бола қойған жоқ еді. Антикалық әлемде алғаш рет тауар-ақша қатынастарының жүйесі дами бастады: өндіріс нарықтың басымдығына бағытталды; — антикалық кезеңде дамыған мемлекеттердің алуан түрлі нысандары пайда болды: демократия, ақсүйектік республика, ежелгі гректік тирания, империя. Біздің кезеңімізде демократияның теориясы мен практикасы үлкен құндылыққа ие екені белгілі. Антикалық кезеңде заңдардың жиынтығы жасалды. Оны сақтау барлық азаматтар үшін міндетті болды; — антикалык кезеңде әдебиеттің, архитектура мен өнердің, саяси публицистика ғылымдарының негіздері қаланды. Антикалық мәдениет ортағасырлық мәдениетке, әсіресе жаңа еуропалық мәдениетке (Қайта Өрлеу дәуірі) әсер етті.

Антикалық мәдениеттің бесігі Ежелгі Грекия болып табылады. Грек мәдениетінің негізі Таяу Шығыстың, әсіресе Кіші Азия мен Египеттің мәдениетімен тығыз байланысты болған б.з.д. ІІ мыңжылдықтың критомикен мәдениеті болды. Бұл орайда антикалық кезеңде Грекия аумағында біртұтас мемлекет болмағанын есте ұстаған жөн. Негізгі мемлекеттік бірлік полис, яғни қала мемлекет болды. Грекия дербес полистердің жиынтығын құрады. Грек полистерінің ортақ жәйттері көп бола тұрса да, олар бір-бірінен елеулі түрде ерекшеленді: шаруашылық қызметінің басым сипаты (егін шаруашылығы немесе қолөнер және сауда), қоғамдық құрылыс (негізгі өндірушілері болуы мүмкін немесе тәуелді тұрғындардың ерекше санаты – илоттар, немесе ерікті азаматтар және басқа мемлекеттен келгендер – метектер), саяси құрылыс (демократия, аристократтық республика, монархия, тирания). Сонымен Ежелгі Грекияда саяси дамудың әралуан нұсқалары «әрекет етті», олардың кейбірі тарихтың кейінгі кезеңдерінде дамыды.

Ежелгі грек қала-мемлекеттерінің мәнін оқып-үйренген кезде ежелгі шығыс және антика қалалар арасындағы айырмашылықтарға назар аудару керек. Антика қала сол қаланың сыртында жеке меншік жері бар (бірақ полистің шекарасында) жер иеленушілердің орталығы ретінде болды, бірақ негізінен қолөнер және саудамен айналысты. Антика дүниесінде қала және мемлекет ұғымдары «полис» терминімен біріктірілді. Мемлекет еңбекті қоғамдық бөлісу және осының негізінде қоғамдық теңсіздіктің орын алу нәтижесінде пайда болды. Б.з.д. ҮІ ғасырдан бастап Ежелгі Грекия полистерінің басым бөлігінде басқарудың демократиялық нысаны орнады. Ол барлық азаматтардың құқықтарын қорғады, олардан саяси өмірдің саналы және белсенді қатысушыларын жасады. Қаламемлекеттерді олардың ерікті азаматтары ұжымдық түрде басқарды. Екінші жағынан алғанда, гректер меншік адамның ажырама белгісі деп есептеді. Эллин меншік құқығынан айырылумен бірге ерікті адам болудан қалып, өзінің барлық азаматтық және саяси құқықтарыннан ажырады. Бірақ сонымен бір мезгілде байлыққа ұмтылушылық айыпталды.

Ежелгі гректердің өмір салты негізін жарысқа түсушілік құрады – ең озат, бірінші болуға тырысты, бұл орайда оған әділ және ашық күресте қол жеткізетін болды. Сондай-ақ антикалық дүниетаным адамзат ақыл-ойына үлкен мән берді, оның қабілеттілігі өз бетінше дүниені тануға өзгертуге бастады. Гректер үшін ең басты құндылықтар бостандық, ақиқат, сұлулық және ізгілік болды.

Грек дініне де Ежелгі шығыстық дін тәрізді политеизм тән. Бірақ мифологияны қарастыру кезінде ежелгі гректер мен римдіктердің құдайға деген бірегей көзқарасына мән беру керек. Грек мәдениетінде Адам өлетін Құдай, ал Құдай өлмейтін адам ретінде (антропоморфизм) ретінде қарастырылады. Бұл сипаты тек өнерді ғана емес, сонымен қатар философияны, ғылымды, мифологияны, бүкілі дүниетанымды қамтиды. Екінші айырмашылығы – олар өзінше керемет. Құдайлардың әлемінің бәрі адамдардың әлеміне ұқсас. Грек мифологиясы әлем мәдениетінің тарихында айырықша орын алады. Іс жүзінде мистика жоқ. Онда ең бастысы көркемдік бейнелілік және поэтикалық сипат, ойнақы бастау бар. Мифология өнерге жақын. Ежелгі Грекия әдебиетінің ескерткіштері атақты Гомердің «Иллиадасы» және «Одиссеясы», Эзоптың мысалдары, Гесиодтың, Софоклдың, Эсхилдывң және Еврипидтың трагедиясы, Аристофанның комедиясы болып табылады. Ежелгі Грекия еуропалық театрдың отаны болып есептеледі, негізгі театрлық жанрлар — комедия мен трагедия.

Ежелгі Грекияда ойын маңызды орын алды. Мүсіншілер, драматургтер, шешендер, спортшылар құрметті адамдар болды. Ежелгі Грекияда Олимпиялық ойындар пайда болды, бұл кезінде барлық эллиндерді біріктірді, және ХІХ ғасырдың аяғында қайта өрледі. Рухани мәдениеттің барлық салаларында дерлік гректер бірінші болды. Бұл ең алдымен философияға қатысты. Гректер оны дін және мифологиядан бөліп қарады, философияның қазіргі заманғы нысанын құрды, құдайға жүгінбей-ақ дүниенің неден тұратындығын түсіндіре бастады, бұл орайда бастапқы элементтерге сүйеніп, судың, жердің, ауаның, оттың мәнін түсіндірді.

Гректің алғашқы философы және математик Фалес (б.з.д. 625- б.з.д 545 жж.) болды, ол дүниенің алғашқы бастауы су деп есептеді. Ол 585 жылы болған күннің тұтылуын алдын ала айтқан болатын. Ол бірінші болып ”Барлығы деген не?” сұрақты тұжырымдап берді. Анаксимандр (б.з.д. 611- б.з.д 545 жж.). күн сағатты іс жүзіне асырды, Жердің географиялық картасын жасады, онда Еуропа мен Азия бейнеленген. Философия тарихында Гераклиттің, Зенонның, Демокриттың, Сократтың, Платонның, Аристотельдің және т.б. есімдері кеңінен танымал.

Сонымен қатар басқа да ғылымдар саласында: Пифагор, Евклид және Архимед математиканың геометрияның, алгебраның, оптиканың, гидростатиканың негізін қалаушылар болып табылады. Астрономияда Аристарх Самосский гелиоцентризм идеясын бірінші болып айтты. Ежелгі Грекияда медицинаны Гиппократ (қазіргі заманғы емханалық медицинаның негізін салды), Герофил, Эрасистрат(адамның нерв жүйесін зерттеді) дамытты. Феофраст өсімдік әлемін зерттеді. Геродот тарихтың «атасы» деп есептеледі. Сондай-ақ Фукидид, Страбон тәрізді ежелгі грек тарихышыларының есімдері де әйгілі болды. Аристотельдің «Поэтикасы» қазіргі заманғы өнертанудың негізі болып табылады. Оның «Саясатында» мемлекеттің алғашқы теориясы тұжырымдалған. Ғылымды іштей бөлмеген, ғылыми білімдерді сақтаушылар мен пайдаланушылар абыздар болған ежелгі шығыстық өркениеттерге қарағанда гректер ғылымға басқаша қарады.Ежелгі Грекияда барлық ерікті азаматтар сауатты болды, бұған алфавитті меңгерудің қарапайымдылығы әсер етті. Гректер жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің ерекше жүйесін жасады, оның алған қойған мақсаты болашақ азаматтар болатын балаларды жан-жақты дамыту болып табылады, оларды полиске пайда келтіретін қызметке дайындады. Ер балалар жеті жастан бастап мектепке барды, онда оларға жазуды, оқуды және есепті үйретті, олар музыкалық аспаптарда ойнауды және хормен ән айтуды үйренді. Ер бала он екі жастан бастап тағы бір мектепке баратын болды, онда ол гимнастикамен – күреспен, жүгірумен, диск және найза лақтырумен айналысты. Қыз балалар үйде оқыды. Ежелгі Грекияда алғашқы кітапханалар ұйымдастырылды. Грекияда архитектура мен қала құрылысы өркен жайды, ордерлік архитектура пайда болды. Грек скульптурасы өзінің жетілгенімен ерекшеленді.

Ежелгі Грекия мәдениеті өте зайырлы сипат алды және ерікті азаматтық жеке тұлғаға бағытталды. Гректер басқа халықтардан, атап айтқанда, египеттіктерден, вавилондықтардан, көп нәрсені ала тұрса да,олар барлық алғандарын бастапқы материал ретінде пайдаланып, оны классикалық нысанға дейін жеткізіп, түпнұсқасын мүлдем жетілдіріп жіберетін болған.

Ежелгі Рим мәдениетін қалыптастырудың ерекшеліктерін оқыпүйрену кезінде римдік мәдениеттің тағы бір ерекшелігін атап өткен жөн: көптеген полистерден тұратын Грекиядан Рим империясының айырмашылығы – бұл біртұтас орталықтандырылған мемлекет. Бірақ Рим мәдениетін қалыптастыруға көптеген халықтар қатысты: этрустар, гректер, египеттіктер, сириялықтар және т.б. Грекияны жаулап алғаннан кейін Рим империясында екі тіл болды: грек және латын тілдері.

Рим мәдениеті көп жағынан грек мәдениетіне ұқсас, бірақ маңызды ерекшеліктері болды. Ежелгі Рим өркениетінің идеалдары мен құндылықтарының жүйесіне назар аудару керек. Олардың ішінде ең бастысылары: патриотизм, абырой-бедел және қадір-қасиет, азаматтық борышқа адалдық, құдайларды қастерлеу, рим халқының ерекше таңдаулы болуы туралы, Римді жоғары құндылық деп бағалау, заңның күші туралы идея және т.б. Рим мифологиясына көптеген грек құдайлары басқа атаумен енгізілді. Бірақ бұл орайда рим мифологиясында Риммен байланысты мифтер, «рим идеясы», рим халқының ерекше таңдаулы болуы туралы, қалған әлемге Рим билігі мен иелігінің үстем болуы туралы: «Рим – мәңгілік қала», «Рим — әлемнің орталығы», «барлық жолдар Римге әкеледі» деген тәрізді қағидалар ерекше орын алады. Ежелгі кезеңдегі басқа да көптеген халықтар тәрізді рим халқы да көптеген құдайларды жоғарыда деп сенді (Юпитер, Юнона, Веста және т.б), сондай-ақ жер бетіндегі құдайларды (ағаштардың, ормандардың, далалардың және т.б. құдайлары) қастерледі. Сонымен қатар әрбір адамда жеке құдай-жарылқаушы болды. Маңызды оқиғалар алдында (әскери жорық, қаланың негізін салу, консулды сайлау және т.б.) римдіктер сәуегейлік жасады.

Римдіктерде Құдайлардың әрекеті туралы айтатын мифтер болған жоқ. Бірақ олар гректердің мифтерімен танысқаннан кейін оларды өздерінің құдайларына айналдырды, көптеген құдайларды гректерден алынды. Мысалы, Аресті Марс, Афродитті – Венера, Афинаны – Минерва деп атады. Империя кезінде көптеген римдіктер басқа да құдайларды қастер тұтты: египеттік Исида, еврейлік Яхве, ирандық Митра, сондай-ақ Иисус Христос.

Ежелгі Римде рим ойындары және плебейлік ойындар болды. Жылына болатын 76 мейрам күндерінен оларға 30-ы бөлінді. Көрермендердің тамашалауына және ойын-сауыққа мән берілді.

Рим тарихы мен мәдениетінде христиандықтың екі ұдай рөлі болғанын атап өткен жөн. Христиандық б.з. І ғасырында Солтүстік Палестинада – Рим империясының бір провинциясында шеттетілген дін ретінде пайда болды басынан бастап екі ұдай рөл атқарды: ол антик әлемінің рухани құндылықтарын қабылдады және адам дүниетанымының орталығы деп және мойындады, ал екінші жағынан – ол антика құндылықтарын бұзушы ретінде көрінді. Христиандар императорларды Құдайдеп мойындамады және олардың мүсіндеріне табынудан бас тартты. Рим билігі алғашқы христиандарды қуғындады, оларды қалалардан қуды, зынданға тастап, өлім жазасына кесті. Мәселен, император Нерон христиандарды 64 жылы Римге өрт қойды деп айыптады. Бірінші христиандарды крестіге керді, аңның терісімен қаптап тастады, иттердің және жабайы аңдардың талауына берді. Осындай қуғындауға қарамастан христиандар саны тез өсті. 313 жылы император Константин христиандарға ашық түрде ғибадат етуге және храмдар тұрғызуға рұқсат берді. 325 жылы Никее қаласында бірінші Вселенский соборы құрылды, онда барлық Рим империясы үшін бірыңғай шіркеу құру туралы шешім қабылданды.

Римдіктер гректердің жеке адамның бостандығы туралы, қоғамдық заңдарды бұзу мүмкіндігі туралы пікірлерімен санаспады. Керісінше, римдіктер заңның құндылығы мен маңызын, оны сақтау мен сөзсіз құрметтеуге байланысты талаптарды күшейтті. Олар үшін жеке адамның мүддесінен қоғамдық мүдде жоғары түрды. Сонымен қатар рим қоғамында ерікті азамат пен құлдың арасындағы қарама-қайшылық тереңдей түсті. Құл заң бойынша «тілі бар жегілген мал» делінсе, ал олардың балаларын «төл» деп атады. Ерікті азамат үшін қолөнермен айналысу, мүсінші, суретші, актер, драматург болу лайықсыз деп есептелді. Рим азаматы үшін лайықты іс саясат, соғыс, құқықтарды әзірлеу, тарихты түзу, егін шаруашылығы болды. Сонымен қатар Рим империясында сауаттылық кеңінен таралды.

Рим соғыстардың арқасында шағын қаладан зор империяға айналды. Ғылым мен әдебиеттің және шешендік өнердің маңызы артты. Философия мен ғылымда римдер көп жағынан гректерге еліктеді. Бірақ римдіктерді тек теориялық ізденістер мен жаңа білімдерді іздеу ғана қызықтырып қойған жоқ, бұрын болған білімдерді жинақтап, жүйеге келтірді, көптеген том энциклопедиялар шығарды. Мәселен, дәрігер Гален кейіннен жаратылыстануды дамуына үлкен ықпалын тигізген бірыңғай ғылым ретінде антиктік медицинаның білімдерін жүйеге келтірді. Гуманитарлық ғылымдарда Тит Ливий, Тацит, Салюстий, Полибий тәрізді тарихшылардың еңбектері ерекше назар аудартады.

Орасан зор Рим империясының көп этникалық халықтарын біріктірген латын тілінің рөлін ерекше атап өту керек. Империя кезінде әдебиеттің, әсіресе поэзияның дамуы үшін қолайлы жағдай жасалды. Римдіктер гректердің комедиялары мен трагедияларының сюжеттерін пайдалана отырып, гректерден театр қойылымдарын алды. Жазушылар жаңа жанр болып есептелетін романды дүниеге келтірді. Б.з. 1 ғасырында рим философиясының негізгі ағымдары кеңінен таралды, бұл грек ілімдерінің жалғасы болып табылады, бірақ біртіндеп ол өзіндік маңызға ие болды. Мәселен, рим суретшілер грек шығармаларын көшіріп алды десе болады, яғни грек өнерінің көптеген ғажайып туындылары біздің кезеңімізге дейін римдік көшірме түрінде жетті. Бірақ римдіктер өздерінің мүсіндік шығармаларына жеке сипат беріп, адамның ішкі әлемін ашуға үлес қосты. Архитектурада римдіктер діни ғана емес, практикалық маңызға ие құрылыс ғимаратттарын салуда табыстарға қол жеткізді. Архитектураның дамуында сәулетші әрі инженер Витрувий ерекше орын алады.

Студент тақырыпты оқып-үйрене отырып, ежелгі грек мәдениетінің қалыптасуының ерекшеліктерін, оның жетістіктерін және қазіргі заманғы өркениет үшін маңызын білуі тиіс. Студент Рим мәдениетімен таныса отырып, мына сұрақтарға жауап табуы тиіс: Рим өркениет ретінде құндылықтардың өзіндік жүйесін иеленумен дербес маңызға ие бола ма? Бұл құндылықтар қандай? Олар әлемдік мәдениеттің даму үдерісін түсіну үшін қандай маңызға ие?

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. Алтаев Ж., Ғабитов Т. Философия және мәдениеттану. – Алматы, 2004.
2. Античная Греция. В 2-х тт. — М., 1983.
3 Антология культурологической мысли // С.П. Мамонтов, А.С.Мамонтов – М., 1996.
4. Боннар А. Греческая цивилизация. — М., 1992.
5. Винничук Л. Люди, нравы, обычаи Древней Греции и Древнего Рима. — М, 1998.
6. Геродот. История. Пер. и прим. Г. А. Стратановского. -Л., 1972.
7. Ғабитов Т., Мүтәлипов Ж., Кұлсариева А. Мәдениеттану. – Алматы, 2001.
8. Ғабитов Т. Мәдениеттануға кіріспе. – Алматы, 1996.
9. Гомер. Одиссея. — М.,1984.
10. Золотарев А. Родовой строй и первобытная мифология. М., 1964.
11. Кравченко А.И. Культурология: Словарь. — М., 2000.
12. Культурология: Учебное пособие / Под ред. проф. Г.В. Драча. — М., 2003.
13. Культурология. Краткий тематический словарь. — Ростов Н/Д, 2001.
14. Кун. Н.А., Нейхард А.А. Легенды и мифы Древней Греции и Древнего Рима. – СПб.,1999.
15. Лосев А.Ф. Диалектика мифа.//Лосев А.Ф. Философия. Мифология. Культура. – М., 1991.