Америка тарихнамасы өзінің бастауын хроникалар мен мемуарлардан алады. Америкаға алғаш барған Джон Смит, Уильям Брэдфорд, Джон Уинтронгтер қалдырған деректер отарлаушылардың өмірінен хабар береді.

Америка Ағартушылық кезеңі қоғамдық ойдың қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Ол Солтүстік Америкадағы 13 ағылшын отарларының тəуелсіздік үшін күресімен тығыз байланысты. Америка ағартушылығы 1775-1783 жж. өз континентінде алғашқы буржуазиялық революцияның идеялық алғышарттарын жасады. Революция ұлттық тəуелсіздікті ғана емес, ескірген əлеуметтікэкономикалық, саяси құрылымдарды жою мақсатын қойды, сөйтіп, америка капитализмін дамытуға əсер етті. Американ ағартушылық ойларының қалыптасуына Ш. Монтескьенің, Дж. Мильтонның, Дж.Гаррингтонның еңбектері əсер етті. Егер Европадағы ХVІІХVІІІ ғғ. ағартушылық əлеуметтік теңсіздікке қарсы бағытталса, Солтүстік Америкада американ отарларымен тəуелсіздік соғысына ұласып, Англияның тəуелділігіне қарсы шықты.

Ағартушылық Тəуелсіздік соғыс (немесе оны Америка буржуазиялық революциясы деп те атайды) кезінде шарықтау шегіне жетті. Америка ағартушылары Бенджамин Франклин, Томас Джефферсон, Томас Пейн революцияның идеологтары жəне саяси басшылары болды. Олар тарихи проблемаларды зерттеу мақсатын қойған жоқ. Тарихи тəжірибені игеру үшін қызмет етті. Олар ұлттық америка тарихнамасын қалыптастырды.

Б. Франклин (1706-1790) – америка ағартушысы. Ол адамды таланты мен еңбегіне қарай бағалау керек деді. Франклин – Америка мемлекетін құрушылардың бірі, Англия үстемдігіне қарсы тəуелсіздік соғыстың идеологы, революциясының көрнекті саяси қайраткері. Энциклопедист-ғалым, жаратылыстанушы, экономист, философ, тарихшы.

Ол тарихи прогрестің қозғаушы күші – білім мен моральды жетілдіру деп түсінді. Франклин бір жағынан материалистік бағытты қолдады. Ол адамды – «еңбек құралдарын жасаушы айуан» деуі соның айғағы. «Құл сату туралы» деген (1790) еңбегінде Франклин құлдыққа қарсы шықты. Экономикалық зерттеулерінде ол саяси экономияның негізгі заңын қалыптастырды, құн теориясының негізін салды. Адам еңбегі заттың құнын анықтайтын өлшем деді.

Франклин отарлауға қарсы пікірі «Пенсильвания өкіметі мен конституцияның тарихи очеркі» (1759) еңбегінде Солтүстік Америка отарларының тəуелсіздігі құқығын жақтады. Тəуелсіздік мəселесін көтеріп, жоғары биліктің, яғни мемлекеттің келісім нəтижесінде пайда болғанын мойындады. Бұл еңбегінде американ отарлары туралы құнды деректер келтірілді. Англия мен отар арасындағы қайшылықтар суреттеліп, ірі жер иелері – лордтар мен арендаторлар арасындағы қайшылықтар себептері талданды.

Бұл мəселелер Еуропада танымал идеялар болатын. Сондықтан Б.Франклин өз заманының білімді адамы ретінде ағылшын, француз ағартушыларының еңбектерімен таныс болды, Ол осы жаңаша идеяларды Америка жағдайына қарай икемдеп, шығармашылықпен пайдаланды. Франклин еңбектерінде Американың байырғы халықтары – үндістер туралы мəліметтер берілді: үндістердің өмірі мен тұрмысы, тайпалық одақтары, олардың қоғамдық-саяси құрылымы, демократиялық басқару жүйелері көрсетілді. Сонымен қатар ол үндістердің теңдігі мəселесіне назар аударды.

Томас Джефферсон – Американың тəуелсіздігі үшін соғыс кезіндегі мемлекеттік қайраткері. 1769-1774 жж. Виргиния заң шығару жиналысының депутаты. Ол корреспонденттік комитет құру жөніндегі бастама көтерушілердің бірі. 1775 жылы Джефферсон Солтүстік Америка отарларының Англиядан бөлініп шығуы туралы шешім қабылдаған Құрлықаралық конгрестің депутаты болып сайланды. 1776 жылы Конгресс ол дайындаған Тəуелсіздік декларациясын қабылдады. 1784 жылы ол батыстағы жерді мемлекет құрамына алуды, АҚШ-қа жаңадан қосылатын штаттарда құлдыққа тыйым салуды конгресте ұсынды. 1785-1789 жж. АҚШтың Париждегі елшісі, 1790-1793 жж. Джефферсон Вашингтонның бірінші өкіметінде мемлекеттік хатшы,1796 жылы АҚШ-тың вицепрезиденті, 1800-1804 жж. президент болып сайланды.

1776 жылғы Тəуелсіздік Декларациясының авторы, америка революциясының идеологы Джефферсон өзінің төл еңбегі – Тəуелсіздік декларациясында халық егемендігі идеясын, оның революция жасауға құқығын, жұрттың заң алдында тең құқықтығын, т.б. жариялады. Джефферсон бұл құқықтарды негр-құлдар арасына да таратпақшы болды. Бірақ оны конгресс қолдамады.

Декларация АҚШ-тың пайда болуын жариялап қана қоймай, америка ағартушыларының негізгі принциптері тұжырымдалған құжат болып табылады. Декларацияда отарлар метрополия халықтарының теңдігі, қоғамдық келісім, халықтың тəуелсіздігі мəселелері көтерілді.

Буржуазиялық мемлекеттің қоғамдық жүйесінің негізгі принциптері жарияланған бұл маңызды тарихи құжатта меншік деген сөз «бақытқа ұмтылу» деген сөзбен ауыстырылған. Осының өзі Джефферсонның европалық ағартушылар еңбектерімен жете таныс екендігін аңғартады. Декларацияда революциялардың себептері талданады. Басты себеп – ағылшын королінің солтүстік американдық отарларға зорлығы, Англия мен отарлар арасындағы тең емес экономикалық қатынастар деп көрсетіледі. Жер мəселесінде ол Америкада ұсақ жер иеліктерінің болуына назар аударды, ол болашақ Американы фермерлік республика түрінде қарастырды. Джефферсонның пікірінше, қоғамның дамуы – заң шығарушылар қызметінің нəтижесі, теңсіздік негізі – саяси құрылымдардың кемшілігінде деді.

Джефферсонның тарихи көзқарастарының өзіндік ерекшеліктері болды. Ол қоғам құрылысын демократияландыруға белсене атсалысты. Президенттік міндетін атқарған кезде əртүрлі қоғам топтарының арасында мəмілеге келтіру саясатын жүргізді. Кейбір реакциялық заңдарды жойып, армияны флотты, мемлекеттік аппаратты қысқартты. Луизиана штатын АҚШ-қа қосып алды. Ресеймен дипломатиялық қатынас орнатты. 1809 жылы президенттік қызметінен түскеннен кейін саяси өмірге араласпады.

Ол АҚШ тарихын жазу мақсатын орындай алмады, бірақ тарихи ғылымының дамуына көп көңіл бөлді. 1779 жылы америка тарихын мектептерде оқыту туралы заң қабылдануына ықпал етті.. Томас Пейн (1737-1809) – ағартушылар азаттық қозғалысының жаршысы болды. Томас Пейн – Ұлыбританияның қоғам жəне саяси қайраткері. ХVІІ ғ. ағартушысы, революцияшыл ағымның өкілі. 1774 ж. Солтүстік Америкаға кетті. Мұнда көп кешікпей ағылшын отарларының тəуелсіздігі жолындағы көрнекті күрескердің біріне айналды. Оның еңбектерінде американ отарларының тəуелсіздік құқығы тұжырымдалып, меншік қатынастары талданды. Ол меншікті азаматтық құқыққа жатқызды. Жерге жекеменшік жерді өңдеуден басталатына назар аударды. Мемлекеттің пайда болуының шетелдік жаулап алумен байланыстылығына назар аударды. «Американ дағдарысы», «Ақылды ой» атты еңбектері арқылы Пейннің даңқы шықты.

«Американ дағдарысы» атты еңбегінде республикалық құрылыс мадақталып, тəуелсіздік концепциясы жасақталды. Англияның отарлау саясатының негізінде – ағылшындардың экономикалық мүдделері жатқандығы айтылды. Бұл еңбекте Тəуелсіздік соғысының негізгі əскери жəне саяси оқиғалары да суреттелді. Пейннің осы шығармасы Тəуелсіздік соғысы кезінде (1775-1783) насихат жұмысына пайдаланылып, американ əскерлерінің басшысы Дж. Вашингтон бұйрығымен əскерлерге таратылды. Кейін осы идеялар 1776 жылғы Тəуелсіздік Декларациясына енді. 1777-1779 жылы Т. Пейн – Конгрестің шетелдер ісі жөніндегі комитетінің хатшысы қызметін атқарды. «Адам жəне азамат құқықтары Декларациясының революцияшыл принциптерін қорғады.

Ұлы Француз революциясын қызу қолдады. «Адам құқығы» атты трактат жазды, онда халық егемендігі мен республикалық идеясын дамытты. Протестанттық ілім негізінде Т. Пейн 1794 жылы жазған «Ақыл ғасыры» деген еңбегінде Библияны сынады. 1797 жылы «Аграрлық əділеттілік» атты шығармасында меншікті бөлу жүйесін қатты сынап, мұнда тұңғыш рет құлдықты жою мəселесі көтерілді.

Авторлық сілтеме:
Жұмабаева Ж.К. Дүниежүзілік тарих тарихнамасы (ежелгі замандардан ХХ ғ. дейін). І бөлім. ЖОО тарих мамандығы студенттеріне арналған оқулық. / Алматы: 2014. – 408 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *