Актиномицеттер – бір жасушалы микроағзалар, біраз қасиеттері бойынша олар бактерияларға жақындаса, ал кейбір ерекшеліктері саңырауқұлақтарға ұқсас келеді. Олардың денесі тарамдалған, ұзындығы 600 микронға дейін жететін мицелийден тұрады. Нағыз актиномицеттердің мицелийлері жақсы жетілген, бірақ көлденең перделері болмайды. Сол себептен бір жасушада бірнеше ядро болуы мүмкін.

Актиномицеттер екі жолмен, көбінесе жыныссыз, споралар арқылы көбейеді. Олар пішіні әр түрлі келетін арнайы бұташаларда түзіледі, мицелийлер таяқша немесе дөңгелектеу келген жасушаларға бөлінеді. Бактерияға ұқсас келетін актиномицеттер әуелде тарамдалған жіпше, кейін таяқша немесе шар тәріздес жеке жасушаларға бөлшектенеді. Кейбір актиномицеттер бөлшектенумен бірге бүрлену арқылы да көбейеді. Нағыз актиномицеттерде тері сияқты вегетативті мицелийдің үстінде нәзік ауа мицелийі, ал оның ұшында споралар тізбегі түзіледі. Жынысты жолмен көбейгенде мицелийдің ұшында жеміс денелері — спорангийлер, ал олардың ішінде сұйық ортада талшықтары арқылы белсенді қозғалатын споралар түзіледі. Қолайлы жағдайда олар өніп, тарамдалған мицелийге айналатын бірнеше өскін береді.

Актиномицеттер жасанды қоректік ортада жақсы өседі. Олардың реңінен күн сәулесі спектрінің барлық бояуларын кездестіруге болады. Нағыз актиномицеттердің таза себіндісі тығыз, ал микобактериялардікі — иленген қамыр тәріздес келеді. Актиномицеттер топырақта және шірімеген өсімдік қалдықтарында көп кездеседі. Ферменттік қасиеттері жоғары болғандықтан басқа микроағзалар пайдалана алмайтын өсімдік қалдықтарындағы органикалық заттармен қоректеніп, оларды қарапайым қосылыстарға дейін ыдыратады. Олардан медицина мен мал дәрігерлік салаларында кең қолданылатын стрептомицин, биомицин, тетрациклин және т.б. антибиотиктер алынады. Ертеректе өсімдік ауруларына қарсы қолданылатын полимиксин, касугамин, актидион, фитобактериомицин тәрізді антибиотиктер шығарылды. Кейбір актиномицеттер адам мен жануарлардың және өсімдіктердің ауруларын қоздырады, фитопатогенділері Actinomyces туысына жатады. Олар картоп түйнектері мен қант қызылшасы тамыр-жемістерінің актиномикозды таз қотырының қоздырғышы. Аталған мүшелерде ауру кішірек келген, сүйел тәріздес немесе шытынаған сызаттар ретінде байқалады. Сілтілі топырақты жерлерде және түйнектер мен тамыр-жемістер бунақденелілермен зақымдалғанда жиірек кездеседі. Қоймада сақтау кезінде ауру өршімейді.

Авторлық сілтеме:
Қойшыбаев М., Жанарбекова; Жалпы фитопатология. Аграрлық университеттердің «Өсімдік қорғау және карантин» мамандығы бойынша дайындалатын студенттеріне арналған. //Оқу құралы. — Алматы, ҚазҰАУ, 2013 жыл. — 280 бет. (Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі, профессор А.О. Сағитов).